Цифрландыру мемлекеттік қызметтің сапасын көтереді
Мемлекеттік қызметтің басты тұтынушысы – халық. Сондықтан мемлекетімізде қабылданған кез келген заңның түпкі мақсаты – адам құқығын мінсіз қорғаумен айқындалса, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағдары – азаматтарға жедел, сапалы, кедергісіз қызмет көрсетуді көздейді. Тәуелсіздік алған кезден бастап отандық заңнамалар жасақталып, мемлекеттік қызметтің сапасы айтарлықтай жақсарды. Қазіргі жағдайды бұрынғы көзбен салыстыру мүмкін емес.
Айталық бұрын бір анықтама алу үшін бірнеше мемлекеттік мекеменің есігін тоздыруға тура келетін. Бір құжат үшін бірнеше анықтама жинау қалыпты жағдай еді. Сол үшін азаматтар қаншама уақытын жоғалтып, бітпейтін кезекте тұрып, жүйкесінен, қаржысынанайырылатын. Қызмет ұсынудағы мұндай қолдан жасалған қиындықтардың зардабы аз емес. Соның кесірінен,жұмысын таныс арқылы әуре-сарсаңсыз бітіргісі келетіндер қатарының көбейіп, бұл мемлекеттік жемқорлықтың кең етек жаюына алып келген шындық. Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жылдар бойы жүргізілген реформалардың нәтижесінде осы кемшіліктер рет-ретімен шешімін тапты. Қазір азаматтардың қажетті қызмет алуы жеңіл әрі оңай.
Мемлекеттік қызметті күн өткен сайын жаңартып, жаңғыртудың арқасында жер учаскісін алу кезекке тұру да автоматты түрде, қашықтан жүзеге асырылатын болды. Бүгінде барлық қызметті онлайн алуға жол ашылған. Азаматтарға уақытын жоғалтып, қаржысын шығарып мемлекеттік мекемелерге арайы барудың қажеті жоқ. Анықтамаларды шығарып алу өте жеңіл. Осының бәрі «Цифрлылық Қазақстан» мемлекеттік баңдарламасы бойынша атқарылған кешенді жұмыстардың жемісі.
Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, төрешілдік тосқауылдарды жояды, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз етіп, азаматтардың уақытын және қаражатын үнемдейді, сот жүйесінің жариялылығы мен қолжетімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Сот кабинеті» сервисіне тіркелу үшін алдымен, халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлық қолтаңба алуы қажет. «Сот кабинеті» сервисіне тіркелген әрбір тұлға электронды құжаттарды беру жүйесін пайдаланушы болып саналады.
«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлы қолтаңбасы бар азамат тұтына алады.
Ақпараттық технологиялар сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін айқындайтын, халық пен соттардың арасына жол салатын көпір болып табылады десек, қателеспейміз.
Қармақшы аудандық сотының бас маманы Қ.Есханов