» » Аспазшылар алғысқа бөленді

Аспазшылар алғысқа бөленді

Жалпы өмірде қыр-сыры өз алдына бөлек мамандықтар бар. Соның бірі – аспазшы. Онымен күнделікті ас әзірлейтін маман айналысатынын білгенімізбен қоғамда алар орыны мен еңбегі жайында көп сөз етіле бермейді. Атаулы кәсіп ертеден келе жатқан көне мамандық болғандықтан кез келген жерде сұранысы жоғары. Бұрын тамақ дайындаумен ошақ иелері ғана айналысса, қазір оның сырын игеру үшін бірнеше жыл білім алып, тәжірибе жинақтайды. Олар жәй ғана ас әзірлеп қоймайды. Адамға естен кетпейтіндей, аузында дәмі қалардай әсер сыйлайды. Сондықтан «Ас адамның арқауы» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Осыған орай 20 қазан – бүкіл әлем бойынша аспазшылар күні етіп белгіленді. Ал мерейлі күнді атап өтуді аудан да қалыс қалдырмады.
Өткен аптада жеке кәсіпкер «Бек», басшысы Айшолпан Жұмабекова алғаш рет ауданда атаулы күнде мерекелік іс-шара ұйымдастырып, аспазшыларды құттықтады. Қызметі көпке елене бермейтін сала мамандарына ерекше көңіл күй сыйлап, мәртебе көрсетті. Жасыратыны жоқ үлкен тойханалар мен асханаға барсақ дастарқанда гүлдендірілген түрлі ас мәзіріне тамсанып, тәтті дәміне сүйсініп жатамыз. Алайда осының барлығы аспазшының қолынан дайындалған тағам екенін ескеріп, бағалай бермейміз. Ал өткен мерейлі мереке күні ас үйде ошақ басынан шықпайтын, 40 градусқа жақын ыстық жерде ас әзірлеп, халықтың көңілінен шығу үшін бар өнерін салып жүрген аспаз мамандардың еңбегі ұмыт қалмай, ескеріп еленді.
– Биыл атаулы күнді атап өтуді ерекше күттім. Себебі басқа мерекелер секілді елімізде бұл мейрамды тойлай бермейді. Тіпті бұрын-соңды ауданымызда да атаулы күн мерекелік іс-шара ретінде өтпеген. Қазіргі күні ұжымымыз өте үлкен. Олар аудандағы мектепте балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етсе, кенттегі мейрамханамызда да қызмет етіп жүрген аспазшыларымыз бар. Сырт көзге жұмысы білінбегенмен олардың еңбегі ерекше. Кешегі пандемия кезінде де ауруханаға түскен науқастарды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Одан бөлек, қоғамдық тамақтану кезінде де қызмет көрсетеді. Міне осының барлығын елеп ескеріп, мереке күні сый-құрмет жасауды жөн көрдім. Алдағы уақытта дәл осылай жалғасын табады, – дейді ұжым басшысы Айшолпан Қалауқызы.           
Әдетте ас үйден шықпай, келушілерді дәмді тағамымен таңқалдырып, тамсандыру үшін жұмыс істейтін бұл жандар мерекеде өздері қонақ есебінде болды. Жиын барысында барлық аспазшы марапатқа ие болып, сыйға бөленді.

Тағамынан дәм кетпеген

Тіршілікте адал еңбек етіп, өз несібесін түрлі салада алып жүрген қарапайым жандар көп. Соның ішінде жаны сүйген мамандықтан ләззат алып, оны шынайы сезіну бір бақыт. Әңгімемізге арқау еткелі отырған кейіпкерлеріміз Дәрігүл Төребаева мен Гүлмира Демесова бүгінде аспаз саласында жүріп, талайды тәтті дәмдерімен тамсандырған нәзікжандылар. Бүгінде олар аудандағы №121 орта мектептің асханасында қызмет істейді. Оқушыларды күнделікті ыстық тамақпен қамтып, олардың алғаусыз алғысына бөленіп жүргендеріне көп болған.
– Аспазшы болуыма марқұм жолдасымның көп ықпалы тиді. Шынымды айтсам әулетке келін болып түскенде ақсаусақ болдым. Күйеуім тамақты дәмді әзірлейтін. Маған сол үйретті. Осыдан кейін менің қызығушылығым артты. Уақыт өте аспазшының оқуын оқыдым. Сөйтіп 2007 жылы №121 мектепке оқыған мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Қарап отырсам осы салада қол үзбей жүргеніме 15 жылдан асыпты. Қазір бас аспазбын. Мектепте ыстық тамақпен қамтылған 200 оқушы болса түске дейін 100, түстен кейін 100 балаға ас әзірлеймін. Бәрін баламдай қабылдаймын. Олардың тойып жегені, айтқан алғысы бізді қуантып, көңілімізді көтереді. Тағы да қосымша тамақ сұраса, қолын қайтармай салып беремін. Жалпы аспазшы жинақы, таза болу керек. Халықты жақсы көру керек. Олар дәміңе сүйсінердей бар өнеріңді салып, тамсанатындай әсер қалдырып ас әзірлеу кез келген аспазшының міндеті деп ойлаймын. Сонда ғана сені сыйлап, еңбегіңді бағалап,  алғысын айтып тұрады, – дейді ол.
Дәрігүл апамыз бүгінде келіндеріне үлгі болған қадірлі ене. Жұмыста оқушыларға дәмді ас әзірлесе, ал үйде келінінің тәтті тамағын күтетінін жасырмады. «Олар тіпті менен де асырып дәмді етіп жасайды» деді күліп.
Ал Гүлмира Баянқызының аспазшы саласында жүргеніне 17 жыл. Бүгінде ол бас аспаздың көмекшісі. «Тағам дайындау – мамандық емес, өнер» дейді ол сөз арасында. Бұл саланы бала кезден бағалап, жанына серік еткен. Қызметінің сырын бізбен былай бөлісті.
– Көпшілікке ас әзірлеп, дәм ұсыну ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі өзгеге тамақ дайындау кезінде өз отбасыңа ас әзірлегендей сезінуің керек. Мейманның алдына келген дәм мінсіз әрі дәмді болу керек. Ол кісіні екінші қайтара тамағыңды іздеп келетіндей әсерде қалдырсаң міне, ол сенің абыройың мен еңбегіңнің бағаланғаны. Ал егер қызметіңе жеңіл желпі, атүсті қарайтын болсаң, онда өзіңді аспазшымын деп санаудың қажеті жоқ. Өйткені дәм татуға келген адам сенен жаңашылдықпен ерекше ас мәзірін күтеді, – дейді өз ісінің шебері.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
27 қазан 2021 ж. 2 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031