» » Күнмен арайланған алтын шапақ

Күнмен арайланған алтын шапақ

Ауа райының ыстығы. Өкпек жел. Судың тапшылығы. Диқан қауымға қанша қиындық келтіргенмен мол өнім алуға кедергі келтіре алмады. Ерте көктемнен техникасын сайлап, жер жыртуды бастап кететін дала еңбеккерлерінің еңбегі әрдайым жемісті. Соның бір дәлелі – биылғы  жиын-терімнің облыстағы қорытындысында ауданымыз «Үздік аудан» атанып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Осындай елеулі еңбекте  Ақжар ауылындағы «Ақжар» шаруа қожалығы диқандарының да өзіндік қолтаңбасы бар.  


Жылдан-жылға жұмысы жанданып келе жатқан қожалық 682 гектар жерге күріштің Лидер сортын еккен. Одан бөлек, 150 гектарға мақсары, осындай жер көлеміне жоңышқа орналастырған. «Мақсарының гектарына 5 центнерден өнім жинасақ, Сыр салысының әр гектары 70 центнерден айналып отыр» дейді шаруашылық төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қомшабаев.
Шаруашылықты 2019 жылдан бері басқаратын төрағаның айтуынша егіске дайындық ерте көктемнен басталады. Жұмысшылар мен техникалар жарақталып, алдын ала пысықталады. Бүгінде қожалық  заманауи техникалармен толығып келеді. Жалпы егін жұмысына керекті барлық техниканың түрі қожалықта қамтылған. 
Өнімді жұмысты қай кезде де білікті маман жүргізеді дегендей, шаруашылық басшысы да бірқатар еңбек сатысынан өткен өз ісінің шебері.
– Еңбек жолымды егіс бригадасының есепшісі болып бастадым. Әртүрлі жұмыс істедім. Бірақ сыртқа кеткенім жоқ, ауылдан ұзамадым. Техника қауіпсіздігі маманы, шөп бригадасының бригадирі, жанар-жағар май қоймасының меңгерушісі сияқты жұмыстар атқардым. Егіс бригадирі де болдым. «Ақжар» шауа қожалығына төраға болып келгеніме 2 жылдан асып барады. Ұжымда 70 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Басты ұранымыз – ауызбіршілік. Еңбеккерлердің жалақысы уақытында төленеді. Жұмыстың жеңілі болмайды демекші, осы жылы жалғыз бізде емес, аймақ бойынша судың тапшылығы айтарлықтай сезілді. Осы мәселеде қиналғанымызды жасыра алмаймын. Дегенмен, ауданның сушаруашылығы мекемесіне көптен-көп рақмет. Нағыз керек кезінде суымызды беріп, мәселеміздің күрмеуін шешті. Судың қамтылуы мен білікті мамандарымыздың арқасында егініміз бітік шығып, жақсы нәтиже көрсеттік, – дейді Нұрлан Жәмитұлы бізбен әңгімесінде.
Егіс атыздарын қызу еңбекке айналдырған шауашылық диқандары Сыр салысының бір түйір дәнін де төкпей-шашпай, күзгі науқанда жинап алды. Гектарына 70 центнерден өнім алып, жылды жеңісті аяқтады. 3 бригадада жұмыс істеген жігіттер бұрынғы ізбен  ұйымшылдық көрсете білді. Атап айтқанда, бригадирлер Қанат Төралиев, Азамат Қойбағаров, Иманғали Таубавтар осы істе әріптестеріне үлгі десек, артық болмас. Озаттар қатарынан гектарына 82 центнерден ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген сушы Үсен Ұзақов пен комбайнер Нұрлыбек Жәміловтің есімін құрметпен атауға болады.  Екеуі де бесаспап. Нұрлыбек көктемде трактормен жер жыртуға қатысса, жазда күріш егеді. Ал, күзде комбайн айдап, ақмаржан күрішті жинауға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы маман. Сондай-ақ, механизатор Мұрат Қаражанов пен Бақтияр Рсалдиев те еңбегімен танылып жүрген озаттар.
Негізі, нәтижелі жұмысқа жету үшін, әрине жұмысшыларға жақсы жағдай жасалуы керек. Науқан кезінде айлап үй көрмейтін диқанның жағдайы болып тұрса, олардың да еңбекке деген ынта-жігер жоғарылай түспек.
Бұл жөнінде төрағадан сұрағанымызда ол: «Еңбеккерлер көктемгі-жазғы дала қосынында тамақпен қамтылады. Жаздай күрішшілер егіннің басында болатындықтан оларға күнделікті тамағын алып беріп отырамыз» дейді ол.
Айта кеткен жөн, әрбір еңбеккерді ынталандыруда қожалықтың талап-шарттары қалыптасқан. Мысалы, сушы гектарына 70 центнерден өнім алса, оған бір миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Ал одан артық орындағанға центнеріне байланысты проценті көбейеді. Ал, 75-80-нен алған жағдайда жеңіл автомобиль бәйгеге тігіледі. Озат механизаторлар да осындай сыйақыға ие бола алады. «Жылына 2 автокөлік тігеміз, биыл үшінші жыл. Алдыңғы жылы Қанат Төралиев пен Қайрат Бекеев көлікке ие болса, былтыр Алтынбай Тұрмағамбетов пен Қалмұрат Ибраевқа көліктің кілті табысталды. Осы жылы бұйырса, Нұрлыбек Жәмілов пен Үсен Ұзақов алады деп есептеп отырмыз» дейді халық қалаулысы.  
Қожалық қашан да қайырымды іс істеуде көпшілікке өнеге. Әсіресе ұжым қызметкерлеріне қандай да бір көмек керек болғанда қол ұшын созуға кең пейіл. Баспана тұрғызуға немесе жаңалауға  жұмыскердің айлығынан бөлек, қаржылай қолдау білдіреді. Ауылдағы әлеуметтік әлжуаз отбасыларға азық-түлікпен көмектеседі. Күзде отынын түсірсе, қарт кісілерге күрішпен қолқабыстық етеді. Шөп түсіріп беру де назардан тыс қалмайды.
– Өзіміздің қызметкерлерге ай сайын тегін күріш таратылады. Мысалы бір үйде 4 адам жұмыс істесе, 4 қап береміз. Мал санына қарай  400 пресс ала ма, әлде 700 пресс бола ма, барлығы тегін. Ауылдың ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарына да 150 дана прес шөбі тегін қарастырғанбыз. Қазір жұмысшылардың айлығы 100 мыңның көлемінде. Механизаторлар көктемгі науқанда жұмыс жоспарының орындалуына қарай 400-500 мың теңгеге дейін айлық ала алады. Науқан біткесін механизаторлар басқа жұмыстар істейді. Олардың айлығы 150 мыңнан, жұмысшылардыкі 100 мыңнан төмен түспейді. Қысқа дейін жұмыс болады. Қаңтар айында ғана демалады. Ақпанда қайтадан жұмысқа қозғаймыз. Қамыс шабу, басқа да шаруалар жетіп артылады.
Алда жоспарымыз көп. Көктемде су жақсы болып жатса, егіс көлемін  1000 гектарға дейін көбейтсек дейміз. Жер көлемінің азайғаны шаруаға тиімді емес. Жұмыссыздыққа әкеледі. Жұмысы жоқ адамның тұрмысының қандай болатыны белгілі ғой. Егіске су келмегесін біртіндеп ол жерлер қуаңшылыққа айналады. Сондай да кедергілері бар, – дейді Нұрлан Жәмитұлы.
Көркейту мен көгалдандыру – уақыт талабы. Елді мекендердің жасыл желекке бөленуі бір жағынан денсаулыққа пайдалы болса, бір жағынан сол елді мекеннің бет ажарын аша түседі. Яғни әсемдігімен көз тартуға септігі мол. «Ақжар» шаруа қожалығы бұл мақсатта ауылдың кіреберісіндегі асфальт жолдың екі бетіне терек талын отырғызған.  Қожалықтың жаңадан салынып жатқан еңселі кеңсесі де ауыл қақпасынан менмұндалайды. 
Айта кетерлігі, шаруашылықтағы жастардың ынтасы мен еңбек әулеттерінің көптігі көңіл қуантады.
Егін шаруашылығына жастардың қызығушылығы бізді де бей-жай қалдырмады. «Бізде ұжымның 40-45 процентін жастар құрайды. Еңбек әулеттері де бар. Қайрат, Самат Бекеевтер ағайынды жігіттер. Ғалым, Үсен Ұзақовтар әулетімен жұмыс істеуде. Оған себеп – қожалық тарапынан уақытымен айлықтың төленуі, түрлі ынталандыру деп ойлаймын. Шаруашылықтың әлеуеті жақсарған сайын жастардың да жұмысқа тұрақтауы, келуі жақсаруда. Техника тізгіндеп, күріш егуге пейілді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылдастарыма ризашылығымды білдіремін. Бізге келемін дейтіндер болса, жұмысқа шақырамын» дейді іскер азамат.

Сәрсенкүл АҚКІСІ 
27 қазан 2021 ж. 299 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031