» » Жүз адамды жұмыспен қамтыды

Жүз адамды жұмыспен қамтыды

Кәсіп етіп, өзіңді-өзің жұмыспен қамту – бүгінгі заман талабы. Ал оны одан әрі дамытып, бір емес, бірнеше кәсіп игеру – көкжиектің нағыз кеңейген шағы. Қос қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп шарқ ұрған жандар талаптанса, тәуекел етсе алмайтын қамалы жоқ.
Аудан кәсіпкерлері тек егін егіп, мал өсірумен шектеліп жатқан жоқ. Түрлі отандық өнім өндіріп, тың идеясын жүзеге асырып жүр. Ниет, ынта, жігер. Міне кәсіп ашып, нәсіп қыламын деген адамға керекті дүниелер осы. Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы да берекелі болады.
Жақында Ақай ауылында теплица мен құс шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің барын естідік. Естіп телефон арқылы байланыстық. Ерлан Жаппасбаевпен өрбіген сұқбат нағыз мотивацияға толы. Себебі ол бір емес, бірнеше кәсіптің көкжиегін кеңейтіп отыр.
– Теплица, база жұмыстарын өз қаражатыма бастадым. Теплица «Солнечный вегетария» тәсілімен салынған. Ішінде қызанақ, қияр, айсберг салаты секілді өнімдер бар. Оны өзімнің екі супермаркетімдегі сөреге қойып, сатылымға шығарып отырмыз. Қызанақ голлондиялық жаңа технологиямен, салаттар гидропоникада өсіп тұр. Жұмысты негізі өзім істеймін. Қасымда базада 3 адам қызмет етеді. Бір адам макулатура, яки картон, плас­тик жинайды. Соны престеп Шымкентке өткіземіз. Теплицадан бөлек, құс шаруашылығы да дамып келеді. Мұнда Қостанайдан келген Ломан Браун құсы бар. Қазір оның 3-еуі қалған. Ал одан 300-ге жуық балапан шығып, тағы 500-і инкубаторда тұр, – дейді кәсіпкер.
Ерлан Бердібекұлы Байқоңыр қаласында туып-өскен. Ол 1998 жылы алғаш «Болашақ» тұшпара цехын ашып, 12 келіншекті жұмыспен қамтиды. Сол уақыттан бастап кәсіпке, маңдай термен табатын нәсіпке етене араласады. Бастапқыда кәсіпте кезіккен түрлі қиындыққа қарамастан оны одан әрі дамытып, өрісін кеңейтеді. Солай ол наубайхана, жартылай да­й­ын тағам шығаратын цех, супермаркет, одан бөлек түрлі тың идеялы бизнестері секілді 15-ке жуық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бүгінде жалпы 100-ден астам адамды жұмыспен қамтуда. Мұнша кәсіпті игеріп отырған жанның осыншалықты идеясы мен жігері қандай дерсіз. Жолдас коммерсанттар арасында «Мотиватор» лақап атымен белгілі ол бастысы сараң болмау керегін айтады.


– Наубайхана ашқанда оған жауапты қызметкерді қойдым. Бар жұмысты өзіне тапсырдым. Айлығын табыстадым да кетіп қалдым. Ол жерге жоламаймын. Супермаркет аштым. Директор қойдым. Есеп-қисабын реттестім. Оған да жоламаймын. Тек 3 айда бір рет барып тұрамын. Екінші супермаркет те, теплица да сондай. Қысқасы, сараңдық етпей, әр жердің өз қызметіне сай өз маманы жұмыс істеген жөн. Мендегі принцип сол, жұмыс ашу, орнына адам қойып, оны үйрету, сосын өзі игеріп әкетеді. Ал өзім келесі жобаны әзірлеуге тынық мимен жұмыс істей беремін. Сіздердің көріп отырғандарыңыз тек кәсіптің бір бұрышы ғой. Біршама кәсіп қолға алынды, аяқталмағаны бар, жоспарда тұрғаны да, ойда жүргені де бар. Егер кәсіп ашқысы келетіндер болса, алдымен ашар орынды жан-жақты зерттеп, кәсібі мығым болса сол үшін тәуекел ете білу керек. Айтайын, бір адамнан ешнәрсе өнбейді. Бастысы – ұжым, қасыңдағы адамдар шын жүрегімен адал еңбек етсе, барлығы ойдағыдай болады, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпкер Байқоңыр, Төретам, Ақайды тазартылған, витаминді сумен қамтамасыз етіп,  күніне 5-6 тонна су өткізеді. Жаңа технология бойынша гидропоника, минералды суды қолға алған ол сиырдың тезегінен газ шығаратын құрылғыларды жинақтап, одан газ, субстрат, тыңайтқыш шығарып отыр. Яки «жабық цикл» дейді кәсіпкердің өзі.  Бір қызығы ол сырттан келетін электр тоғын пайдаланбайды. Арнайы күн көзімен қуаттайтын 15 киловаттық электр станциясын қолданып отыр. Негізі құрылғы 30 киловатқа тұр. Биыл Ақайға осы арқылы жарық беріледі. Техникалық шарттар жасалынған. Ендігі бір қадамнан соң халық тұтынатын электр станциясы дайын. Тіпті мінген көлігі де тоқпен жүреді. Ал кәсіпкердің өзі әлеуметтік желілерде белсенді. Тәжірибесін оқырмандарымен бөлісіп отырады. «Қармақшыда бұйырса менің жобам бойынша үлкен жылыжай бой көтермек» дейді ол сөз арасында.
Айнұр ӘЛИ
22 маусым 2021 ж. 897 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 256

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 356

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930