» » Ауылдағы «Doner house»

Ауылдағы «Doner house»


Бұрын қалада ғана дәм тататын түрлі жеңіл-желпі тағам қазір бізге де келді. Анда-санда қалта қомпайғанда тапсырыс беріп, жеткізу қызметімен үйден шықпай-ақ ұртымызды томпайтамыз. Бірақ кейде өзің қалаған фаст-фуд түрін таба алмай жататын кездер де болады. Ондайда «бізде неге үнемі осылай?» деп іштей күбірлейтініміз бар. Қош. Аудан орталығы былай тұрсын, ауылдағы фаст-фуд «house-ты» естіп пе едіңіз?
Іс сапармен Ақтөбе ауылына жолымыз түсті. Әдеттегі қалпымызбен жаңалыққа асықтық. Осыдан бірнеше ай бұрын кәсібін бастап, оны дөңгелетіп отырған келіншек барын естіп, үйіне аттандық. Арнайы тағамдар әзірлеуге арналған асханасы мұнтаздай таза. Қайнап жатқан тіршілік. Амандық-саулық сұрасқан соң аңқылдай сөйлеген ол бізді үстел басына жайғастырды. Ауылдың қарапайым келіншегі. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» дейтін бе еді? Сол теңеу осы келіншектің бойына құйып қойғандай. Жолдың «ұрып» тастаған шаршаңқы күйінен соң бұл кездесу бір рахат сезімге бөлегені жасырын емес. Айтылған ашық әңгіме, әзіл-қалжыңды орағытып, жауап бере жүріп екі қолымен тарсылдата ас әзірлеуі бізді тәнті қылмай қоймады. Ол – 30 жастағы ауыл мативаторы Айзат Шамшатова еді. Бұрыннан-ақ үйде отырып кондитерлік өнімдер пісіріп, «тәтті-пәттісіне» тапсырыс алған ол сол кезден-ақ кәсіп ашуға деген ынтасы артқан. Уақыт өте Шымкентке оқуға аттанады. Онда бір айлық курстан өтіп, нағыз тез әзірленетін тағамдардың мастері атанған. Солай ерте жастан тәуекел еткен ол осыдан 4 ай бұрын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша грант жеңіп алады. Бүгінде ауыл ішінде нан өнімдерінен бөлек, донер, КФС, пиццаларды тегін жеткізу қызметімен жіберіп отыр. Ең қызығы, жапонның тағамы сушидың түр-түрін әзірлейді.
– Неге ашпасқа? Неге аз да болса талпынып көрмеске? Адамға алдымен тәуекел керек. Одан соң соған бейімі, ынтасы, жігері ұштасса қай кәсіпті болса да дөңгелетіп әкетеді. Ойлана келе, ауылда не жоқ деген сауалға жауап іздедім. Енді міне, нәтижесі өздеріңіз көргендей. Қазір тұрақты тұтынушыларымның қатары артты. Түнгі 00.00-ге дейін тапсырыс қабылдаған соң үлгермеймін. Осындайда қасымда жұбайым көмектеседі, әрі 1 адамды жұмыспен қамтыған жайымыз бар, – дейді жас кәсіпкер Айзат Сәбитқызы.
Талапты жастың алға қойған мақсаты көп. Ендігі нысананы дөп басса, бастаған кәсібін одан әрі көркейтіп, дамытпақ ниетте. Ал ауылға ауыздан дәмі кетпес өнімдерді ұсынған келіншекке тұрақты тұтынушылары да дән риза.
– Тапсырыс қабылдау басталғалы тұрақты клиент болдық. Тағамдары дәмді. Құдды қаладан алып жегендейсің. Ауылдан осындай кәсіп ашып, тұрғындарға дәмді ас ұсынып отырған аспазымызға рақметімізді айтамыз. Бағасы да қалтаға қонымды, асы да асқазанға сіңімді, – дейді ауыл тұрғыны Гауһар Құлмырзаева.
Жақсы әңгімеге ойысқан сұқбатымыз осымен тәмам. Жаңа әзірленген донерінен ыстық күйінде ауыз тиіп, жөнімізбен кеттік. Сондағы ойға оралған жалғыз сөз, «Ауылдағы «doner house» барлық жерге де керек-ақ».
Айнұр ӘЛИ
06 наурыз 2021 ж. 796 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930