» » "Бастау Бизнестегі" жаңалықтар

"Бастау Бизнестегі" жаңалықтар

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен 2017 жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы өз жұмысын бастаған болатын. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясындағы бұл жобаны іске асыру жұмыстары ауданда қарқынды түрде жүргізілуде. Басты мақсат – өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту.
«Бастау Бизнес» жобасы республика көлемінде кең қолдау тауып, оң нәтижелерін беріп келеді. Жалпы халық арасында бұл жобаға қатысуға белсенділік жоғары. Биыл жобаға біршама өзгерістер енгізілді. Бұл туралы кәсіпкерлік саласында ұзақ жылдар қызмет көрсетуші, ауданның осы жоба бойынша бизнес-тренері Арыстан Молыбаевтан сұрап білдік.
– 2020 жылдан бастап елдегі пандемия жағдайына орай білім беру онлайн форматқа ауысты. Яғни, «Бастау Бизнес» жобасы Atameken.co платформасы арқылы жүргізіледі. Жоба аясында білім алуға ниетті үміткерлер аtameken.со онлайн платформасына кіріп, жұмыспен қамту орталығынан алған жолдамасы және жеке куәлігін платформаға жүктеп, өтініш қалдырады. Оқуға тіркелгеннен кейін 25 күн бойы осы платформа арқылы білім алады. Оқу арнайы 12 модульге бөлінген. Идеяны таңдау, оның қаржылық жобасын жасау, нарықты қалай зерттеуге болады, жоспарлау, өнімді тиімді бағамен сату, табысқа шығу бойынша сабақтар жүргізіледі. Қатысушыларға «оқуға қатысқаны» немесе «оқуды аяқтағаны» туралы сертификат беріледі. «Бастау Бизнес» жобасына Ережеге сәйкес 3 жылда бір рет қатысуға болады. Жобаны тәмамдаған әр кәсіпкерге жыл бойы кеңес беріп, қолдау білдіреміз, – дейді ол.
Сонымен қатар бұл жобаға кімдердің нақты қатыса алатынын да нақтыладық. Бизнес-тренердің айтуынша, ауылдық елді мекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар, егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе немесе олардың денсаулығына және басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе, зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар, жас­тар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, қоныс аударушылар мен оралмандар және жаңадан бизнес ашқан азаматтар қатыса алады.
– Айта кеткен жөн, грантты иелену үшін жобаға қатысушы барлық модульді өтіп, кейін бизнес-құрастырушы арқылы жеке жобасын жасайды. Соңында осы сабақтар бойынша арнайы тест тапсырады. Оған тәуелсіз сарапшылар баға береді. Тек 60 проценттен жоғары балл жинаған үміткерлерге сертификаттар табыс етіледі. Жоба біраз еңбектенуді қажет етеді. Тек бір модульді оқып, аяқтап, оның тапсырмаларын орындаған адам ғана келесі модульге өтеді. Дәрістердің барлығын меңгеріп, тиімді бизнес жоспар жазған қатысушылар ғана грантқа үміткер бола алады, – деп түйіндеді бизнес-тренер.
«Бастау бизнесті» аяқтаған кәсіпкерлер 200 АЕК көлемінде берілетін грант конкурсына қатыса алады. Бұл конкурста нақты бір бағытқа басымдылық берілмейді. Грант алуға үміткер арнайы комиссия алдында бизнес жоспарын қорғап, тиімділігіне көз жеткізе білу керек. Биыл бірінші лекте 36, екінші лек бойынша 25 адам білім алған. І лек бойынша 31 адам грант иеленіп, қаржысын алуда. Пандемия кезеңінде елімізде өткен жылдарға қарағанда гранттар саны артқан. Бұл мемлекет кәсіп бастауға ниеттілерді қолдауға қашанда дайын екенінің айғағы.
Расымен қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Осы ретте мұндай жобаның, бизнес-тренердің кәсіп бастаушыға үйретері мол.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығының бірі – «Бастау Бизнес» жобасын аяқтағандар үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан арнайы қаржы ұйымы құрылуда. Мұнда 6 проценттік жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашып, ісін өрге домалатып отырған азаматтар жетерлік. Ал тірлігі тынымды, өнегелі кәсібі бар жандарды газетіміздің әрбір санында өзгеге үлгі етуден жалыққан емеспіз. Себебі адам жасаған дүниені келесі адам да жасай алады. Тек шынайы ниет болса болғаны.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

19 маусым 2021 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031