» » Адам тауып екі мың салатын бар...

Адам тауып екі мың салатын бар...

– 2 мың теңге беріп өзің қалаған көрпеше, соңғы үлгідегі ыдысты ала аласың. Ғажап қой! – деді Әминаның құрбысы.
– Бұл бір жақсы нәрсе екен. Мұндай сомаға қазір ештеңе түспейді ғой, – деп таңданысын жасырмады келіншек.
Айлықтың уақыты да емес. Төлейтін коммуналдық шығыннан бөлек несиесі тағы бар. Әйтеуір ебін тауып, бауырынан сұрап екі мыңды әлгі затқа қиып берді.
Топқа тіркелгені кеше болса да белсенділік көрсеткен Әмина артынан тағы екі адамды тіркеді. Олар екі-екеуден қосып жатты. Солай бірнеше күннен соң өзі алғысы келген ыдысына қолы жетіп, қуанышы қойнына сыймап еді. Бір күні өзінің ізінен ерген келіншектер назын айта бастады. Айтқанда да сол, ақша аударған соң әлгі тегін дүниені ала алмапты. Қоймадағы зат таусылса керек. Солай бірінен соң бірі жалғанған «үшбұрыштың» күні бітіп, ақшасын кері қайтаруды талап еткен еді. Бірақ кері қайтсын ба?
2 мың теңге қайда кетпей жатыр дейміз ғой. Бірақ ол бірнеше адамнан жиналса әжептәуір қаржы құралады. Ал оны ұйымдастырғандар өтпей тұрған затын өткізіп, бір байып қалатыны бар. Жо-жоқ, көпке топырақ шашты демеңіз. Тек бізге жайын айтып келетіндердің осыған алданғаны көптеп кездесті. Мәселен, Тоғжан есімді келіншек екі баланың анасы. Жасы 26-да. Өткенде ғана осы ойынға қатысып, алданып қалыпты.
– Әпкем ватсап желісінен көрпешені екі мың теңгеге алып, мәз болып жатқан видеолар жіберді. Өзі де алғанын айтып, артынан тіркелуімді сұрады. Кенжемнің ай сайынғы көмек ақшасы шотыма түскен. Сол қаржыны солайымен әлгілерге аударып жібердім. Әрине, бастапқыда бір емес, бірнеше көрпешені берген сомаға алатынымды жеткізген. Солай әпкем өзі ұнатқан затты алды. Ал мен ұзақ күттім. Ақыры әлгі затты ала алмай, сан соғып қалдым. Бұл кезде ватсаптағы топ тарап кеткен еді. Ешқандай жауабын да берген емес, – дейді ызалы келіншек.
Осыдан бірнеше апта бұрын желідегі жарнамалар желдей ескен еді. Осы ыдыс-аяқ пен құрақ көрпешелер хит болды. Жұрт бұл хабарламаны әлемжеліде біріне-бірі жіберіп, бірін-бірі үшбұрышқа құрады. Бізге де келді мұндай жазба. Онда бір келіншектің анасы расымен сол заттарға қолы жетіп, мәз болып жатқаны айтылады. Біз де көрмекке бекіндік. Өйткені көруіміз, көз жеткізуіміз қажет болатын. Сілтеме арқылы өтіп, топқа тіркелдік. Жарна – 2 мың теңге. Артымыздан тағы екі мыңнан беретін екі адам тіркеуің керексің. Тіркедік. Суреттен көрсеткен түрлі ыдыс-аяқтың біреуін таңдадық. Қосқан үлес 6 мың теңге болса да көз құрғыр қымбатына жүгіріп тұр. Таңдадық. Күттік. Бірнеше күн өтті. Соңына дейін рас болар-ау деп үміттендік. Бірақ содан бері 2 айға жуық уақыт өтті. Хат-хабарсыз кете барды. Иә, алса алғандай-ақ бар шығар. Ол тек бастапқы тіркелгендер ғана. Одан кейінгілері қанша тырысқанымен жауапсыз саудаға тап болды. Бұл – нақ пирамиданың өзі дерсіз. Өйткені бастап ақша салған адам үшбұрыштың басында тұрады. Одан кейін екі-екіден тіркелгендер пирамиданың пішінін бейнелейді. Бірақ қаржылық пирамида емес, өтпеген затты тез әрі жылдам өткізуге арналған құйтырқы пирамида.
Аспаннан ақша жауа ма? Жо-жоқ. Тегін дүние қолға қона ма? Қайдан болсын. Ескермей жатамыз, иә? Қиялға шомып, ауадан пайда көруге құмармыз. Асыл болғымыз келмейді. Маңдай термен нәпақа табуға масылдығымыз басым. Қазіргі нарық мұндай олжаны көтермейді. Сол үшін сауаттылықты өсірген жөн болар.
Түйін
«Қазір біреуге-біреу сенетін заман емес» дейді. Онда неге жақынымызға емес, әдемі сөйлегенге сенеміз? Аңқаумыз ба? Мүмкін сенгіш шығармыз? Бір үзім нанға жиған ақшаны бала-шағаның аузынан жырып алып қалайша «далаға» тастай саламыз? Санымызды сан рет соқсақ та қазылған орға қайтадан неге құлай кетеміз? Ескеріңіз, сіз іздеген батпан құйрық, айдалада жатқан жоқ.
Айнұр ӘЛИ
08 маусым 2021 ж. 661 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031