» » Жаңарған «Жаңажол»

Жаңарған «Жаңажол»

Атақты Дүр Оңғардың атын иемденген ауыл тарихы сонау Төрткүл төбесінен басталады. Кейін колхоздастыру кезінде біріктірілген. Әлгі төбе әлі күнге ауыл сыртында қарайып тұр. Тарихы әріде. Әйткенмен, оны тап басып айту қиын. Айтайын дегеніміз бұл емес. Биыл осындағы шаруашылықтың 90 жылдығы тойланбақшы. Бұған дейін Болатбек Сүлейменовтің кезінде 60 жылдығын атап өткен. Тұтас ауыл елге несібе болған шаруашылықтың шырайын шығарып, мерейін асыруды ойлап отыр.
Кең болсаң, кем болмайсың
Өткен жылдың аяғында осындағы шаруашылықтың екі бірдей отбасына баспана сыйлағанын қуана хабарладық. Естеріңізде болар. Бұл күнде мұндай игі істің сан түрін ойға алып, жоспарға қойыпты. «Ауыл атқа қондырған соң, ел үшін еңбек етеміз» дейді серіктестік директоры. Былтыр күріштің әр гектарынан 69,4 центнер өнім алды. Еңбек майталмандарына 4 авто­кө­ліктің кілтін табыстады. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне де зор еңбек сіңіруде.
– Ең әуелі еңбек адамына жағдай жасау керек. Үйінде шаруашылықта жұмыс іс­тейтін адам болмаса да, әрбір үйге жоңышқа престі 150 теңгеден, қамыс престі 100 теңгеден сатамыз. Базар баға­сынан айырмашылығы үлкен. Ал шаруашылық жұмыс­шы­ларына шөптің екі түрін де 100 теңгеден береміз. Кешегі қыста базарда 500 теңгеге дейін барды. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларына отын-су, көмірін тегін бере­міз. Ақшалай, азық-түлік­тей де қарасып келеміз. Ша­руа­шылық елге қызмет қылу керек. «Елде болса, ерін­ге тиеді» деген сөз бекер ай­тыл­­маса керек-ті. Менің түсі­нігімде осындай. Туған жерді түлетуге еңбек етсек, бір таңғажайып сезімді бастан өткеремін. Әрбір азамат өзінің туған жеріне жанашырлықпен қарау керек, – дейді «Жаңа­жол» ЖШС директоры Орын­басар Төлепов.
Биыл да өткен жылғы қарқын бәсеңдемейді. Шаруа­шылық 3050 гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Жер-Ананың бауыры жібіп, күн күлімдегеннен жұмысқа кіріседі. «Алдыңғы жылы 11 адамды санаторийге жібер­генбіз. Былтыр олардың ын­та-ықыласы артып, еңбекке құл­шы­нысы жоғарылап, ең­бе­гіне қарай 21 адамды жібер­дік» дейді шаруашылық қыз­меткерлерінің талпынысына қуанған директор. Бұйыртса, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауылдан дәрігерлік амбулатория салын­бақшы. Бұл бастаманы да се­ріктестік қолдап отыр.

Тракторшы келіншектер

Кеңестік кезеңде ауыл­дар­да маман тапшылығы бе­лең алды. Елді мекендердің әлеуетін көтеру үшін ерлермен бірге
нәзікжандыларымыз да атқа қонды. Уақытпен де са­наспады. Азаматтармен иық теңестіре еңбек етті. Ауыл «Энгельс» колхозы атанған тұста Үміткүл Қирашова, Орын­күл Қарабаева, Қамила Сей­балиева, Бибігүл Әбішева, Райкүл Жеңсікбаева, Күләнда Байсейітова, Жақсылық Шай­кенова, Малика Қошанова, Гүлзада Жұбанова, Тынымкүл Үріс­темова, Алтынкүл Жа­қып­о­валардың есімдері ауыл та­рихында таңбаланды. Олар­­дың әрбірі бір-бір техни­каны тізгіндеп, ауыл ша­руа­шылығы саласының озық қыз­мет­керлері болды. Көпшілігі 70-жыл­дары халық қалаулысы атанған.
– Бибігүл Әбішеваның шә­кіртімін. Астымда ЮМЗ трак­торы. Таң қылаң бере жұмысты бастаймыз. Жұрт ұйқыдан тұрып жатқанда біз қайтып келе жатамыз. Шөп ордық. Қазір көшеден трактор көр­сем, айдап кеткім келеді, – дейді байырғы тракторшы Жақ­сы­лық Шайкенова.
Тынымкүл Үрістемова да сол уақытта тракторшы қыз­дардың қатарында болды. Су жаңа МТЗ-80 тракторын мінген. Әкесі мен ағасы көп кө­мектесіпті. Оталдыруға әке­сі көмектессе, сыртынан қарап барлығын әп-сәтте үйреніп алған.
– Ағам қабағын түйіп, жа­рысамыз дейді. Рулге жаңа отырған кезім. Әдейілеп қалып қоямын. Сосын ол жөндеп ай­да деп біраз сөйлейтін, – дей­ді сол күндерді еске алған Т.Үрістемова.
Ауыл еңбеккерлерін ұмыт­пайды. Алғашқы тракторшы ке­ліншектердің бірі – Бибі­гүл Әбішева. Қазір бұл кісі­лер – ақ жаулықты әже. Ба­ла­лары мен немерелерін ара­­лап жүрген әжелермен кез­десу қиын-ақ. Серіктестік дирек­­торы «...қазір құжаттар дайын тұр. Аудан әкіміне Бибігүл Әбішеваға ауданның «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасадық. Бұл кісілер сондай құрмет пен марапатқа лайықты» деп сү­йінші хабарымен бөлісті.      

Дәрігер Лена

Дүр Оңғардағы талай жанның кіндік шешесі – Лена дәрігер. Дәлірек айтсақ, Елена Иванова. Бұл тақырып қозғала қалса, ауылдағылар тәтті естеліктерді айтып, сағы­ныштан тамған көз жасын бір сығып алады. Медицинаның аты бар да, сайман атаулы жетіспейтін, тіпті көлік те жоқ кезде ауылды атпен аралайтын көрінеді. Өмірінің соңына дейін елге қызмет істепті...
Сәті түсіп, дәрігердің ұлы Виктор Павлов пен келіні Рабиғамен тілдестік. Кәдімгі қарапайым, қазақы отбасы. Бір қызығы, бұл ауылда Викторды ешкім орыс демейді, тіпті «Виктор қайда тұрады?» деп сұрасаңыз да аңтарылып қалады. Оны ел Бека деп біледі. Осылайша біз ауыл шетінде тұратын Беканың үйіне жеттік.
Ассалаумағалейкүмімізді айт­тық. Ол да қолын кеуде­сіне қойып, қарсы алды. Ес­туімізше, Отан алдындағы бо­рышын Ресейде өтеуге барған Бека бір ауыз орысша білмей, елге қайтып келіпті. Міне, қызық.
Дереу дастарқан жайылып, ас атасы – нан қойылды. Рабиға апайымыз ас мәзіріне кірісіп кетті. Ал біз ара-тұра сөзге тарттық. Елена Иванова ел­ге 1942 жылы анасы, сің­лісі Валентина және інісі Эдуардпен бірге келіпті. Фин соғысынан кейін әуелі Сібірге, сонан соң Қармақшыға, одан Бидайкөл колхозына келген. Көңілі дархан Ахмет әкей сонда өзінің екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, төріне шығарған екен.
– Ахмет әкейдің әрі тұтас елдің жақсылығын апамыз Еле­на өмірінің соңғы күнде­ріне дейін айтып өтті. Елсіз, жерсіз қалғанда құшағын ашып, өзінің қамқорлығын көр­­сетті деп алғысын сәт сайын жаудыратын. Зейнетке шықса да елде басы ауырып, балтыры сыздағанның қасы­нан табылды, – дейді Рабиға Сейітқызы.
Ал Бека тұйықтау көрінді. Сауалымызды қойсақ, жары­на қарайды. Әрі қарай Раби­ға апай әңгімесін заулата жі­береді. Қас-қабақпен жұмыс істейтін қазақы табиғатқа тән ер. Ол уақытта ауыл әр жерде шоғырланған. Мал­шы ауылдар бар. Соның барлы­ғында Беканың анасы айы-күні жеткен әйелдердің жай-күйін жиі біліп отыратын көрінеді.
– Сонау 70-жылдары біз бала болдық. Әлі есімде... Ауылдың талай әйелін осын­да босандырып алып жатты. Көпшілігіміздің кіндік шеше­міз. Жедел жәрдем көлігі жоқ, алыстағы қойшы ауылға кейде жаяу, кейде атпен барады. Баласының өзі биыл зейнетке шықты, – дейді ауыл ардагері Серік Айманов.
Естуімізше, зейнетке шық­қанда той қылып, қуанышына ортақтасқан жерлестері, ба­қилық болғанда да бірге шы­ғарып салыпты.
Иә, ол осы елге еңбегі сің­ген жан ретінде көптің есінде қалды...

Суреттерді түсірген
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ. 

10 наурыз 2020 ж. 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031