Латын әліпбиіне көшудің алғышарттары
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» - деп айтқан еді.

Еліміздің латын әліпбиіне көшуге қадам жасауы ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, байлықтың бірінші тұғыры - жер, екіншісі - тіл, үшіншісі- мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы- тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу, сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды.
Латын графикасы қазіргі замандағы жаңа технологиялық ортаның , коммуникация, білім мен ғылымның ерекшелігіне айналған. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Әлемде ақпараттың басым пайызы ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп болады деп сенемін. Сондай-ақ бұл өзгеріс тіліміздің лексикология лық және терминологиялық жағынан дамуына бірден- бір кепіл бола алады.
Латын әліпбиіне көшу- жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылжығымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты болып тұр.
Латын қарпіне көшу – бұл әлемдік білім саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Әлемдік деңгейде қазақ жастарының биік белесте болуы үшін және әлем жастарымен тіл табыса алатын деңгейде болуы үшін де латын графикасына ауысуымыз өте маңызды болып табылады. Бұл жерде негізгі мақсат, кез келген ақпаратты, ғаламдық өзгерісті балалар түпнұсқадан алып, оқи алатын болады. Тарихқа көз жүгіртсек, латын әліпбиі қазаққа жат емес. Бұл халқымыздың ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнерін, қазақ әдебиетінің қайталанбас асыл мұраларын әлемге танытудың үлгісі деп санауға болады.
Бұл арада әліпби мен тілді шатастырмау қажет. Латын әліпбиі дегеніміз бұл ағылшын тілі емес. Ағылшын тілі осы әліпбиде таңбаланатын жүздеген тілдердің бірі ғана. Оның бер жағында латын әліпбиі қазіргі кезеңде белгілі бір тілдің немесе төл әліпбиі емес. Латын тіліндегі терминдер болмаса, ешкімде латынша сөйлемейді. Салыстыра айтсақ, кирилл әліпбиі 300 млн-мға жуық славян халықтарының төл әліпбиі. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілінің кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуі міндетті түрде отарсызданудың ең басты кепілдігінің бірегейі болмақ.
Біздің мектебімізде де латын әліпбиіне көшу үшін дайындық жұмыстары басталып кетті.Соның бір айғағы өзім сабақ беретін 9-сынып оқушыларына латын әліпбиін жаттатып, сабақта латынша жазуды қолға алып жатырмын. Қазіргі таңда оқушыларым біршама меңгеріп қалды десем де болады.
«Тіл жоқ жерде ұлт жоқ»-деп қаһарман Бауыржан атамыз айтқандай, тілімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дінімізді ұмытпайық! Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында көк туымыз желбірей берсін, тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, тұғырлы ел болайық!
Айнагүл Жүсіпбекова
№153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі