» » Татулық пен келісімді ту еткен елміз

Татулық пен келісімді ту еткен елміз

Әлемнің алпауыт елдерінің арасында соңғы жылдары Қазақстанның абыройы асқақтай түскен. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан енді асса да, өзгенің түсіне де кірмеген талай белесті бағындырып, биік шыңға шықты. Биылдан бастап Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атыраптың иесі Қазақия Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы өкілеттігін мойынға артты. Бұған дейін халықаралық ұйымдардың бірнешеуін басқарып келген елдің бұл жолғысы әлемді аузына қаратып отыр.
Құшағын 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдеріне айқара ашқан Қазақ елі сасқанға сая, асқанға тосқан, ұлысқа ұран, ұрпаққа ұстаз болып кешегі өткен батыр-баһадүрлердің ұлы еңбегін кейінгі ұрпаққа мирас етіп келеді. Досына ұлпадай мамық, дұшпанға беріспес қайсар ел қашаннан достық туын көтерген. Осыған дейін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткен еді. Мұнда да әлемде басына іс түскен талай елге құлағанда қолдау, сүрінгенде сүйеніш болуды көксеген саясатты берік ұстандық. Посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып халықаралық ұйымның тізгінін тарттық. Сайып келгенде дүние жүзінде Қазақстан Орталық Азияның көшбасшы мемлекеті ретінде, һәм Еуроодақтың осы құрлықтағы шешуші әріптесі ретінде танымал. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен сәттерде еліміз Орта Азия мемлекеттерін әлемдік стандарттар мен дәстүрге баулу, әлемнің батысы мен шығысының арасындағы берік байланысты нығайту, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстан, Ирак елдеріндегі ахуалдарды қалыпқа келтіруде аянбай тер төкті. Мұның барлығында да әлемдік деңгейдегі саяси болжамдар мен маңызды оқиғаларды қалт жібермей, өзінің бітімгершілік саясатын қолданып отыратын Қазақ елінің қарекеті ескерусіз қалмады.
Ә дегеннен Қазақстан бітімгершілік жолындағы миссиясын тәуелсіздік алған сәттен бастап жариялаған. Бұл бастаманы мәселенің ау-жайына қаныққан бірнеше мемлекет түйсіне қолдап, әлемдегі достық пен келісімнің дамуына ықпал етті. Ел Президенті өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да осы мақсатпен үндес жалпылама бағытты көрсеткен еді.
– Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады. Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс. Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес. Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, сая­си партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі, – деді Елбасы.
Бұл төңіректегі мәселелермен енді Қазақстан ел ішінде ғана емес, әлем бойынша ауқымды қамтитын болады. Өйткені, мұндай сипаттағы түйіндер әлемнің барлық елінде белең алып отыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сондай-ақ тұрақты емес мүшелері Кот-д’Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің тулары алғаш рет тігілген ресми шара өткізілді. Мұның өзі ел Президенті Н.Назарбаевтың достық саясатын айқын аңғартып тұрған тәрізді.
Қазақстан Президенті жыл басында-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тізгінін ала бере АҚШ-қа сапарлады. Әлбетте, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселесі алдыңғы орында. АҚШ Президенті Дональд Трамп өз кезегінде алғысын да жеткізген еді.
– Сіздің осында келгеніңізге қуа­ныш­ты­мын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз, – деді ол.
Қазақстан аз ғана уақыт ішінде Есілдің бойына ел қондырып, Еуразияның жүрегіне ел астанасын орналастырды. Сарыарқа төсіндегі самалды өлкеге келген әрбір шетелдік таңдай қаға тамсанады. Соңғы жылдары беделі артып, мәртебесі биіктеген елдің әлемдегі орны айшықталды. Елде ЕҚЫҰ-ның саммиті өткізілді, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Мұнан бөлек әуел бастан жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқаны бар. Сайып келгенде, мейлі әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттерге де, бауырлас елдердің басына іс түссе, дүние жүзімен бірге мұңайып та, қуанып та отыр. Ел қазынасынан сан мәрте қаржылай да көмегін аянып қалған Қазақстан жоқ. Тіпті Сириядағы жанжалды шешу үшін де өз алаңын ұсынған елдің мерейі бітімгершілік миссиясын мойынға алғаннан артпаса, түспейтіні белгілі.
Бұл үдеде Қазақстан аталған бағытты табысты қолдап келеді. Елдің бұл тұрғыдағы үлесі де аз емес. Қазақстанның әлем көгінен қарап, Халықаралық ұйымдардың бір емес бірнешеуін басқарып келуі – осының айғағы. Өйткені, хан Абылай үш жүздің басын қосқан тәуелсіз ел сырт көзден «Достық мекені» деген лайықты бағасын алған.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
21 ақпан 2018 ж. 1 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031