» » Қазақстан ұсынған қағида – соғыссыз әлем құру

Қазақстан ұсынған қағида – соғыссыз әлем құру

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, жаһанның ең биік мінберінен Елбасының төрелік айтуы – еліміздің және әлемнің жылнамасындағы тарихи оқиға. «Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау: сенім шаралары» тақырыбын ту еткен отырыс барысында ядролық қарудан бас тарту, терроризммен күрес мәселесі кеңінен талқыланды. 
Халықаралық түйткілдердің түйінін тарқату жолында әрекет етіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі – әлемдегі бейбітшіліктің бесігі болуға тиіс, күрделі күрмеудің, қиын теңдеудің жауабын табар бірегей орган. Ғаламдық проблемаларды шешіп, әлем елдерінің ой-пікірін бір арнаға тоғыс­тыру әсте оңай іс емес. Қазақстан бұл міндетті асқан абыроймен атқарып отыр. 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіп­­сіздік кеңесінің тұрақты емес мү­шесі болып сайланғалы бері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылы­ғымен еліміз іргелі істердің іргетасын қалады. Жалпы, Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесі бар. Олар – Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіп шыққан Қытай, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Франция мемлекеттері. Сонымен қатар тұрақты емес мүшелікке екі жыл мерзімге 10 мемлекет сайлана алады. Бұл айдағы төрағалықтың тізгін-шылбыры Қазақстанның қолына тиді.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық міндетіне ресми түрде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірісті. 2 қаңтарда БҰҰ ҚК мүше елдері қаңтар айына ар­налған төрағалық бағдарламасын бекітті. 4 қаңтарда алдағы екі жылда кеңестің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланысты,
Кот-д’Ивуар, Кувейт, Нидерланды, Перу, Польша, Экваторлық Гвинея елдерінің тулары салтанатты түрде орнатылды. 19 қаңтарда «Қауіп­сіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбын­дағы Сыртқы істер министрлерінің пікірталасы өткізілді. Сонымен қатар 25 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше елдер деңгейіндегі Таяу Шығыс пен Палестина тақырыбын тал­қылайтын отырыс өтеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіп­сіздік кеңесіне төраға болудың үлкен халықаралық мәртебесі бар. Бұл ретте Қауіпсіздік кеңесі экономикалық санк­циялар, ұжымдық әскери іс-қимыл шара­ларына қатысты шешім қабылдай алады. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес Қауіпсіздік кеңесі халықаралық қауіпсіздік пен татулықты қолдау жауап­кер­шілігін мойнына алады және оның шешімдеріне ұйымға мүше елдердің бар­лығы бағынуы тиіс. 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алда күткен жауапкершілікке толы жылдарды халықаралық қатынас­тардағы күрделі кезең болады» деп сипат­таған еді. Расын­да, әлемдегі не бітпейтін, не қоймайтын дау-дамай мен жанжалдар, бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайды шиеле­ністіре түскен. Сол кезде Президент «біз жаһандық проблемаларды шешудің жол­дарын іздестіруге сүбелі үлес қосамыз» деген. Сол уақыттан бері Қазақстан ша­шетектен келетін шаруа­ларды реттеп, өзіне берілген бірегей мүмкіндікті пайда­лануға тырысып бақты. Әлемдік қауым­дастықтың назарын Қазақстанның көкейтесті бастамаларына аудара алды. Қазақстанның негізгі мақ­саты – ядролық қару мен соғыс вирус­тары және жанжалдан азат әлем құруға бағытталған.
Біз ұстанған жеті басымдық
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде жеті басымдыққа мән беріп отыр.
Ядролық қарусыздандыруға қол жеткізу;
Жаһандық соғыс қаупін жою және өңірлік қақтығыстарды реттеу;
Өңірлік ынтамақтастық пен қауіпсіздікті нығайта түсу мақсатында Орталық Азияның қызығушылықтарын алға тарту;
Терроризмге қарсы күрес;
Африкадағы қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелері;
Қауіпсіздік пен тұрақты дамудың арасында мызғымас байланысты қамтамасыз ету;
Қауіпсіздік кеңесі мен БҰҰ-ның барлық жүйесін XXI ғасырдағы жаңа қауіп-қатерлерге бейімдеу.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент сенім шаралары жаһандық қауіпсіздік қолдаудың, бейбітшілікті нығайтудың маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуі тиіс деді. Сөзін нақты мысалдармен айқындаған Елбасы, маңызды дәйектерді де келтірді. Ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебе­мізді заңмен бекіттік деген Президент, бұл күндері ядролық қауіпсіздік сала­сын­дағы барлық халықаралық келісімдердің қатысушысы болып отырғанымызды ха­барлады. Бұл ретте Елбасы ынтымақтас­тықты жарастыру үшін МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі ашылға­нын, сол арқылы ядролық қаруды тарат­пау режимін нығайту үшін үлес қосқанын атап өтті. Қазақстан осылайша, ха­лықаралық беделін бекемдеп, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепіл­дігін де алған. Нұрсұлтан Назарбаев қазір күллі әлемді оқтай зулаған зы­мыран­дарымен, ядролық қырып-жою қару­ларымен қорқытып отырған Сол­түстік Кореяны Қазақстанның ізімен жүруге шақырды. Осы орайда Президент Иран­ның ядролық келісімін мысал етеді. Иран Ислам Республикасы 2015 жылы қабылданған келісім бойынша, арнайы ядролық келісімді орындауға міндетті. Олай болмаған жағдайда АҚШ және Еуропа елдері тарапынан эконо­микалық, басқа да санкциялық шаралар қысымы жасалуы мүмкін.
– Кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туын­даған қиындықтарға қарамастан іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар одан ары табысты іске асады деп сенемін. Бұл мәселені біз АҚШ пре­зидентімен бірге талқыладық. Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяға қатысты ядролық проблеманы реттеуде де қолдануға болады деп ойлаймыз. Корей түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін біл­діреді. Осыған орай, мүдделі тараптарды Солтүс­тік Корея мәселесін жылдам әрі конс­труктивті жолмен шешуге шақы­рамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Пхеньянды келіссөз үстеліне ша­қыр­ған Президент бұл орайда Қазақстанның мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін де жеткізді. Со­нымен қатар Елбасы ядролық азат аймақ­тар құру тиімділігін, әскери және ақпарат­тық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейту қажеттігін де қаперден шығармау керек­тігін айтты. Көтеріліп отырған мәселеге байланысты отырысқа қатысушы дела­гация басшы­лары да еркін пікірлерін білдірді.
– Ең маңызды тақырып төңірегінде осы отырысты ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына, осы отырысқа шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысымды айтқым келеді. Бұл мәселені Қазақстан бірнеше жылдан бері талқылап, ұсынып келе жатыр. Сіз­дер үлкен ядролық қарудан бас тартқан аз мемлекеттің бірісіздер. Біз Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі міндетіне кірісе отырып, бұл тақырыптың өзекті­лігін түсіне отырып, оның орындалуы мен қырып-жою қаруының таралмауына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – деді Польша Республикасының президенті Анджей Дуда.
Отырыс барысында Ұлыбритания, Кувейт, Перу, Франция елдерінің өкілдері де сөз сөйлеп, ойларын жеткізді. Жиын соңында Елбасы ғаламдық апатты бол­дырмас үшін адамзатқа үлкен міндет жүктелгенін, бұл ретте ірі ядролық держа­валар ядросыз қарудан азат әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде бо­луы керек екенін батырып айтты. «Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуы тиіс дегенді білдірмейді. Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады» деді. Осылайша, Елбасы ядросыз әлем құру­дың салмағы бүкіл әлем елдеріне тү­сетінін жалғыз ауыз сөзбен сездірткендей болды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
22 қаңтар 2018 ж. 1 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031