» » Нұрсұлтан Назарбаев: Қауіпсіз әлемге бірлесе қол жеткізуіміз керек

Нұрсұлтан Назарбаев: Қауіпсіз әлемге бірлесе қол жеткізуіміз керек

Америка Құрама Штаттарының астанасы Нью-Йорк қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынды ашқан Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутер­ришке, Польша Республикасының пре­зиденті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.
– Мүмкіндікті пайдалана отырып, президент Дуданы Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Сонымен бірге, Кот-д’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гвинеяны да биыл Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе же­міс­ті жұмыс істейміз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бекітілген күн тәр­тібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хат­шысы А.Гутерришке берді.
А.Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.
– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бү­гінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қо­ғамдастықтың елімізге және оның бей­бітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азия­ның бірінші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды ор­ганындағы өңір халықтарының «үніне» айналдық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жұмысына өткен жылғы қосқан үлесін атап өтті.
– Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ/ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эритрея жөніндегі комитеттерді басқара оты­рып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Кеңестің бар­лық мүше-мемлекеттеріне берік ынты­мақтастығы үшін ризашылығымды біл­діремін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратынын айтты.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ас­самблея­сының 47-сессиясының мін­берінен Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизмді құруға қол жеткізілді. Бүгінде Азиядағы өзара ықпал­дастық және сенім шаралары кеңесі өңір­дегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде. Ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөз сөйлеп тұрмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сенім шараларын күн тәртібінен түсірмеу қажеттігін айтып, бұған ықпал ететін бірнеше факторды атап өтті.
Қазақстан Президенті Ядролық қару­ды таратпау туралы шартқа негізделген қаруды таратпау режимін нығайту мәсе­лесінде терең ментальды өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдер қажет екенін айтты.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсуге бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.
Соңында Мемлекет басшысы қақты­ғыстарды тиімді шешу үшін әлемдік ядролық державалар арасында өзара тү­сіністік пен өзара сенім орнатудың маңыз­дылығына назар аударды.
– Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көпқырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті, біз құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Кеңес отырысы бары­сында Польша президенті А.Дуда, Кувейт Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед әл-Сабах және Ресей Федерация­сының Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі.
19 қаңтар 2018 ж. 1 292 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031