» » ДАИШ сұмдығынан жат ағымдағылар сабақ алды ма?

ДАИШ сұмдығынан жат ағымдағылар сабақ алды ма?

Шетел асып, өмірі сергелдеңге түскендер. Жұмақ іздеп барып, өз еліне жылап келгендер. Қателіктен өзегі өртенген жандар. Нан қадірін білмей, шөп пен кебек жеп қайтқандар. Адам болып барып, содырларға құл болып қайтқандар. Күйеуі өліп, зар еңіреп қалған әйелдер. Әкесі өліп, жетім қалған балалар. Бұл — Сириядан қайтқан азаматтардың бастан кешкен жағдайлары.
Иә, жат ағымның жетегіне еріп,  Шам елінде бүлік шығарған террорлық ұйым ДАИШ-тың (ҚР тыйым салынған ұйым) құрамына кіріп адасқан жандардың тағдыры кімге де болса сабақ болуы керек. Елбасының шешімімен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясына сәйкес ұйымдастырылған «Жусан» операциясының арқасында Сириядан 600-ге жуық қандасымыз қанды қырғыннан елге оралды, олардың 407-сі – балалар. Олардың қалыпты жағдайға оралуы үшін, әсіресе балаларға ең кем дегенде үш жыл қажет дейді психолог мамандар.
«Өмір тек сол ортамен шектелген. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер бала 3, 5, 8 жыл бойы сол арада өмір сүрсе, бала болып бір қызық көріп үлгеруі мүмкін бе? Жоқ, әрине, түк қызық көрген жоқ. Сондықтан біз қазір оларды театрларға, кинотеатрларға, музейлерге апарып, басқа да балаларға арналған түрлі шараларды ұйымдастыруға барынша тырысып жатырмыз. Мұның бәрі олар үшін тың дүние», — дейді «Шанс» аймақтық оңалту орталықтарының жетекшісі Ольга Рыл БАҚ-қа берген сұхбатында.
Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты  сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшыраған. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені әлі де жағадан алып тұр. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, елдің тәуелсіздігі жолында қызмет атқаруымыз қажет. Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті дін жоқ. Кім қандай сенім-нанымды ұстанғысы келсе өз еркінде. Бірақ ұстанған наным-сенімі елдің арасында бүлік шығармауы керек. Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып, «мәселе» туындатып отырған жат ағымдар аз  емес. Кейбір келеңсіз істер қоғамдық мәселелерді өршітіп отыр. Халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан деструктивті діни ағымдар көбінесе жастар арасында белең алуы ойланарлық жәйт. Қазіргі жат ағымдардың соңында кеткен бауырларымыз адасушылықта. Олардың дені бүгінгісін ғана ойлап, ақиқаттан шеттегендер.
«Жалпы қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді күн тәртібінен түсіруге болмайды. Әсіресе тұрғындардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын арттыру, ақпараттандыру және түсіндіру, сондай-ақ, дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тұтастығымызды нығайту қажет. Радикалды идеялардың таралуының алдын алу және азаматтардың бойында жат діни идеяларға төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар әлі де атқарылу тиіс» — дейді сарапшы Жанбота Қарашолақов.
Сарапшы Жанбота Қарашолақовтың пайымдауынша, 2016 және 2017 жылға дейін ДАИШ (ҚР тыйым салынған ұйым) террористік ұйымының қанқұйлы әрекеттері әлемге әйгілі болғаннан кейін радикалды азаматтардың ел асып, жалған жиһадқа кетуіне кедергі болды дейді. Сонымен қатар, салафилік ағымның қазақстандық уағызшыларын шетелге кеткен жерінен ҚР заңдарымен елге алдыртып, сотқа тартып,  олардың тиісті жазаларының алуы теріс діни ағымның жетегінде жүрген қазақстандық азаматтардың дұрыс жолға түсуіне өз ықпалын тигізді деп санайды. Ал «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің магистранты, теолог Жандәулет Сүлейменов: 
«Сирия жеріндегі «жалған жиһадқа» бару осыдан бірнеше жыл бұрын әсіредіншілдер арасында белең алған еді. Ол жақта біршамасы қаза тапқаны да белгілі. Ал отбасы бала-шағасымен кеткендер тоз-тозы шығып, көптеген қиыншылықтарға тап болды. Олардың көрген білгендерін «Жусан» гуманитарлы операциясы арқылы елге келгендердің өз ауыздарынан естіп, біліп отырмыз. Осындай «соқыр жиһадтық» вирус әлі де болса, қоғамда кейбір әсіредіншілдер арасында бар екені көрініп отыр. Бұл жерде мәселені 2 топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, сол жаққа кетуге әрекет жасауға бел буса, ал екіншілері, себептерге байлану салдарынан тек қана бұл «соқыр жиһадты» қолдап, ол жолда қаза тапқандарды шейітке санап, олар үшін дұға қылады. Демек, бұл бағытта әлі де болса жасалар жұмыстың маңызды екендігін көрсетеді»  — дейді.
Мемлекеттің дін саласында жүргізіліп отырған саясаты мен нақты жұмыс нәтижесіз емес. Радикализм мен экстремизмге қарсы күрес әлі де жүргізілетін болса, онда елдің ішінде жүрген деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген азаматтарда ойланар деген ойдамыз. Өткен айда өткен Қазақстан дінтанушыларының ІХ форумында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин «Қазақстанда деструктивті діни ағымдардың жетегінде 20 мыңнан астам адам жүр. Олардың басым бөлігі Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматыда қалаларында тұрады», — деген болатын. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінге қайта оралатынын айтқан болатын. Деструктивті діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтарымызды теріс діни ағымдардың жетегінен арашалау үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсалып жатыр. Біз де арам ниеттілерден сезіктенгендіктен қарлығаштың қанатымен су сепкендей басайық деген ниеттеміз. Тек жастарымыз жат ағымдардың тұзағына түспесін!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ


12 желтоқсан 2019 ж. 584 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031