» » Мұса Қалдарбеков: Баға негізсіз өспеуі тиіс

Мұса Қалдарбеков: Баға негізсіз өспеуі тиіс


Тұрғынға не керек? Жайлы өмір, тыныш ғұмыр керек. Сондай-ақ, күнделікті тұтынатын коммуналдық қажеттілік пен азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы мен айналаның санитарлық тазалығы қажет. "Қонақ аз отырып, көп сынайды". Сырттан келетін қонақ әуелі келген жерінің тарихына, сонан соң келбетіне қарап бағасын береді. Келбеті дегенде тұрғын үй, кәсіпкерлік нысанның әдемілігі, көшенің тазалығына қарайды. "Барған жерімнен" деп базарлық алуға базарға келеді. Дұрыс болса – мақұл, болмаса ше?
Сенбіде аудан әкімі Мұса Қалдарбеков өңір халқының әлеуметтік әлеуетін нығайту мақсатында Жосалы кентіндегі азық-түлік бағасының тұрақты болуын бақылау, оның негізсіз өсуіне жол бермеу, сауда орталығы мен дүкендердің сыртқы келбетінің жай-күйімен танысу, кент көшелеріндегі тазалықты тағы бір пысықтау үшін бірқатар нысанды аралады.
Аудан басшысы алдымен жергілікті тұрғынның денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп отырған кент орталығындағы дәріханаларға маңдай тіреді. №27 орта мектеп маңындағы «Аңсар» дәріханалар жүйесінің аудандағы филиалы мен Қорқыт ата көшесіндегі №26 дәріханада болып, нысанның жұмыс уақыты мен ондағы дәрі-дәрмек бағасымен танысты. Олардың бірі – кешкі 21.00-ге дейін қызмет көрсетсе, бірінің уақыты 19.00-ге белгілеген. Ал орталық Абай көшесіндегі жеке кәсіпкер Тұрсынай Кенебаеваның «36.6» дәріханасы тәулік бойы жұмыс істеуде. "Ауру айтып келмейді" демекші, түн мезгілінде де дәрі-дәрмекке сұраныс туып жатса, мұндай тәуліктік дәріхананың науқасқа пайдасы зор болмақ.
Тазалық – тек денсаулық кепілі емес, сонымен қатар әрбір адамның туған елі мен жеріне, қоршаған ортасы мен табиғатына деген жылы көзқарасы, мәдениеті мен құрметі де. Осы тұрғыда орталық көшелердің маңызы ерекше. Әсіресе кенттің келбетіне шырай беретін басты көшелердің айнадай жарқырап тұруы – өзгеге де, өзімізге де қуаныш емес пе?! Орталық көшенің бірі – Абай көшесінің тазалығына көз жүгірткен Мұса Оспанұлы аталған көшеде кәсіппен айналысып, халықтың қажетін өтеп отырған бірқатар дүкеннің сыртқы келбеті мен маңдайшадағы жазуына көңіл толмастығын білдіріп, олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.
Мұнан әрі әкім «Алатау» сауда орталығына ат басын бұрды. Заманауи үлгіде салынған сауда орталығы жеке кәсіпкер Бақытжан Өмірзақованың иелігінде. Әрине, қай заттың болмасын бағасының өскені ешкімге тиімді емес. Әсіресе азық-түліктің. Оның ішінде күнделікті қолданатын әлеуметтік тауар бағасының тұрақсыздығы – кімге болмасын реніш тудырады. Бұл орайда өңір басшысы нан бағасына байланысты жағымды жаңалығымен бөлісті.
Бүгінде "ЖК Жаппасбаев" өңірлік тұрақтандыру қорымен келісім-шартқа отырып, 20 тонна "Ажар" ұнын алдыруда. Осы арзан бағадағы ұннан пісірілген өнім нан бағасының қазіргіден 5, 10 теңгеге төмендеуіне септігін тигізбек. Сонымен қатар, Жосалы кенті бойынша "ЖК Жаппасбаев", Ақайдан "ЖК Күзембаев", Төретам кентінен "ЖК Қазиев" аталған қормен шарт жүргізіп, осы айға 47 тонна І сортты әлеуметтік ұнға тапсырыс беріп отыр.

Бүгінде кенттің 17810 абонентін «Октябрь» топтық су құбыры ауыз сумен қамтиды. 100-ге жуық адам жұмыс істейтін филиалды Сақтапберген Медеуов басқарады. Мекеме басшысы аудан әкіміне су құбырына қарасты бас тоғанның І-ІІ су көтеру насос стансасының техникалық және магистралды су құбырының сызбаларымен таныстырып, атқарып жатқан жұмыс жапсарын мәлім етті.
«Дендросаябақ» осы кәсіпорынға қабырғалас жатқан алаң. Өкінішке орай, кезінде елдің игілігіне берілгенімен, қазір қараусыз тұр. Саябақты көркейтуді қолға алған аудан әкімдігі қайта жаңғыртудың жолын қарастыруда. Саябақ іші күзгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалықтың 2 айлығы барысында тазартылып, жыңғыл, жантағы шабылып, ретке келтірілді. Енді атшаптырым алаңға жерсінетін түрлі жеміс-жидек пен ағаш отырғызу күн тәртібінде. «Саябақты қалайда қалпына келтіруіміз керек. Себебі ол үлкен мен кішінің демалатын, шаршағанын басатын жасыл желекке айналуы тиіс» деп өз ойын жеткізген Мұса Оспанұлы "Октябрь" топтық су құбыры мекемесінен бақты гүлдендіруге қандай да бір ұсыныс болса, оны қолдайтынын айтты.
Кенттегі 2006 жылы жұмысын бастаған «КазРосИмпэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кезінде 142 адамға штаттық жұмыс берген. Бірақ белгілі себепке орай зауыт 2014 жылы қызметін тоқтатқан. «Петролиум» компаниясына қарайтын серіктестікте осы күні небәрі 5 адам жұмыс істеуде. 27 гектар аумағы бар филиалдың 8 шақырымнан аса кірме темір жолы бар. Консервацияда тұрған мекеме жүк тиеуге арналған тұрақ ретінде ғана пайдаға асуда. Осы жерде аз-кем аялдаған аудан басшысы «АНК – Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудандық электр торабын тарату мекемесінде болды.
Елге жарық беретін мекеменің ғимараты біраздан бері жөндеу көрмеген еді. Оның реті енді келгендей. Электр торабын таратушы мекеменің басшысы Руслан Еспембетовтың айтуынша, тораптың ішкі бөлігіне заманауи жөндеу жүргізілуде. Ғимараттың сырты да жаңарып, ауласы қоршалатын күн де алыс емес.
Қоңыр күздің соңғы айы өтіп, қылышын сүйреткен қыстың да босағадан аттайтын күні таяу. Бірнеше айға созылатын қаһарлы қыс – суыққа қам қылмаған тұрғынды бүйірден қыспай қоймайды. Әрине дайындық дегеннен шығады. Дайындық – ол қатты отын.
Осы орайда әкім жеке кәсіпкерлердің көмір қоймасына барып, қатты отын бағасын негізсіз өсірмеуге және оның халыққа жеткілікті түрде қолжетімді болуын тапсырды. Көпшілік байқаса, күн салқындағалы бері көмір бағасы тұрақты. Ағаш көмір – 16 мың теңгені құраса, тас көмір – 13 мың теңге көлемінде айналуда. Жалпы, көмірдің бағасын бір қалыпта ұстап тұруға жергілікті кәсіпкерлермен меморандум бекітілген.
Одан әрі аудан басшысы орталық "Таңсықбай", "Бибінұр" базарында болып, жай-күйіне қанықты.
Аудан әкімі Мұса Қалдарбеков нысандарды аралау жұмысының нәтижесі бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Оның орындалуы басты назарда болмақ.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
18 қараша 2019 ж. 1 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031