» » ТАРИХТА ҚАЛҒАН КӘСІПОРЫН

ТАРИХТА ҚАЛҒАН КӘСІПОРЫН

Кешегі тарихқа қанмен жазылып қалған Ұлы Отан со­ғы­сы­ның Жеңіспен аяқталғанына жетпіс төрт жыл уақыт өтсе де, оның халқымызға келтірген өлшеусіз зияны мен қисапсыз шығыны әлі ел жадынан өшкен жоқ. Өшпек те емес. Отан қорғау жолында сұм соғыста алапат ұрыстар жүріп жат­қанда, елде қалған қарт, әйел, бала-шаға да өндірісте тынымсыз ең­бек етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Соның ішінде – Жосалы механикалық зауытының орны ерекше аталады.
Елімізде Кеңес одағы үкіметінің билік құрған тұсында жүргізілген негізгі саясаттың бірі – елді индустрияландыру еді. Айтулы зауыт сол кезеңде ең ірі өндіріс орнының бірегейі болғаны анық. «Қармақшы аудандық архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Жосалы механикалық зауытының 1939-1988 жылдар аралығындағы тұрақты сақталатын 337 және 1942-2002 жыл­дардағы 364 жеке құрам бойынша құжаттары сақталған. Зауыттың қор ісінде құрылған жылы «ҚазССР халық комиссариатының бұйрығымен 1939 жылдың 16 маусымы» деп көрсетілген.
Кеңес одағы үкіметі тұсында еліміз­де ауыр өнеркәсіпті дамыту бағытында Жосалы механикалық зауыты ғасырға жуық өмір сүріп, көптеген ұлттың басын біріктірген ірі өндіріс орны болатын. Міне, сол механикалық зауыттың тарихы Жезқазған өңіріндегі мыс, жез өндіру кезеңінен басталады. Сол жылдары Жезқазғанда мыс пен жез өндіру үшін арнаулы зауыт салу қажеттілігі туындап, аталмыш зауытқа қажетті материалдарды дайындау мақсатында Жосалы темір жол стансасы жанынан мыс қабылдап, оны тиейтін қойма салынды. Себебі, Жосалы стансасы Қарсақбайға ең жақын орналасқан станса. Жалпы Жосалы мен Жезқазған арасындағы жүк тасымалдайтын 430 шақырымға 18 бекет орналасты. Алғашқы кезде осы екі аралықта жүк керуені 7 күн жүретін. Осындай қиындықты жеңу мақсатында үкімет осы аралықтағы теміржол бойына руда тасу үшін ірі автобаза салу мәселесін көтерді. Жосалы механикалық зауыты осы автобаза негізінде құрылды десе де болады. Сонымен қатар, Жосалы бұрғылау құрал-саймандарын шы­ғаратын зауыт ұйымдастырылды. Алғашқы кезде зауытта құю, меха­ни­калық цехтары жұмыс істесе, кейіннен зауыттың өзінің электростансасы мен бу қазандықтары жұмыс істей бастады. Содан соң кәсіпорын бұрғылау құрал-сайманын, шахтадан су тартатын насос шығаруды жолға қойды. Ал, бірер жылдан кейін зауыт жанынан ФЗУ ашылып, токарь мамандығына оқушылар қабылданды.
1939-1940 жылдары зауыт «КА-300», «КА-500» деп аталатын станок шығарып, жабдықтың 78 түрін игерді. Осы кезде үкіметтің арнайы тапсырмасымен механикалық зауыттың алдына геологиялық барлау қызметі үшін техникалық база ретінде құрал түрлерін игеру, механикалық цехты ұлғайту міндеті қойылды. Міне, осындай үлкен міндеттерді орындап, ел экономикасын нығайтуға өзіндік үлесін қосып, бойын тіктей бастаған сәтте Ұлы Отан соғысы бұрқ ете түсті.
Иә, бүкіл Кеңес одағына емес, барша әлем халқына ауыртпашылық әкелген 1941-1945 жылдардағы зұлмат соғыс Жосалы механикалық зауытының жұмысын басқа арнаға бұрып, зауыт жұмысшылары 1942 жылғы КСРО Қорғаныс комитетінің қаулысымен соғыс үшін 82 мм-лік мина шығара бас­тады. Барлық жұмыс соғыс жағдайына бейімделді. Туған елін жаудан азат етуге аттанған аға-әкелердің орнын қарттар, аналар, 14-15 жастағы жасөспірім басты. Зауыт цехтары күндіз-түні тынбай жұмыс істеді. Жұмысшылар социалистік жарысқа түсіп, өздеріне міндеттелген норманы 100 проценттен асыра орындап отырды. Сол секілді, майданға аттанған адамдардың орнын толтыру үшін 1944 жылдың өзінде ФЗУ түрлі сала бойынша 200 маман дайындап шығарды. Әлем жұртшылығының зарыға күткен соғысы да аяқталып, халық қайта бейбіт өмір кешті. Майданнан қайтқан жауынгерлер әскери кителін жұмысшы киіміне ауыстырып, зауыт өміріне жаңалық әкелді.
Соғыстан кейінгі жылдары аудан орталығынан зауыт жұмысшылары үшін 390 шаршы метр тұрғын үй, монша, су тартатын және айдайтын станса салынды. Зауыт цехтарында өндірілген өнімдер дүниежүзі мемлекеттеріне таратылып, ол әлемге әйгіленді. Нақты айтқанда, зауыт өнімі Кеңес одағы мен дүниежүзінің 400-ден астам кәсіпорыны мен геологиялық басқармаларына жөнелтілді. Мысалға, бұл зауыттың өнімдерін Куба, Ауғанстан, Иран, Вьетнам, Аргентина, Сирия, Тунис елдері пайдаланды.
2000 жылдың басына дейін Сыр бойы өңіріндегі өнеркәсіптердің көшбасшысы болды. Жосалы кенті халқының тең жартысы осы зауытта және зауыт жанындағы асхана, балабақша, монша мен сауда орнында жұмыс істеді. Тарихы тереңге бойлаған аталған кәсіпорынның жұ­мыс­шыларын азық-түлікпен қам­тамасыз ету мақсатында алдымен аудан орталығынан
«ОРС-НОД» сауда мекемесі жұмыс істеді. Тағы бір айта кетерлігі – зауыттың өз зертханасы, кітапханасы жұмысшыларға қызмет көрсетті. Сондай-ақ, зауыт ауданның әлеуметтік мәдени-ағарту саласында да зор еңбек сіңірді. Сол уақыттары ауданда өткізілген мәдени іс-шаралар, партия конференциялары зауыттың клубында өтетін. Жартысы жертөле, ал қалғаны жер бетінде қаланған зауыт клубы сол кездегі жас­тар үшін патша сарайынан артық болатын. Оның өз волейбол командасы болды. Команда мүшелері талай мәрте аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлделі орыннан көріне білді. Клуб жанынан үрмелі аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Ол да өз кезегінде ауданның көптеген мәдени шарасының сәнін кіргізді. Мұнымен қоса, қазіргі аға буын өкіліне етене таныс болған зауыт алаңындағы жазғы бақта би алаңы сол кездегі жастардың бас қосатын, демалатын орны болғаны рас.
Иә, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғында өз жұмысын бастаған Жосалы механикалық зауытының тарихы бүгінгі ұрпаққа ертегі болғанымен, орта және аға буын өкілі үшін өте ыстық. Расында да, көптеген ұлттың басын қосқан зауыт Кеңес одағы үкіметі тараған соң оның бұрынғы байланыстары ыдырап, жұмысы тоқтады. Жоғарыда айтқанымыздай, тарихы тереңде жатқан айтулы зауытында Ұлы Отан соғысынан кейін, яғни 1950-1953 жылдары Иван Кузьмин, 1953-1958 жылдары Павел Бородин, 1958-1961 жылдары Владимир Шматов, 1961-1967 жылдары Анатолий Пушкарь, 1967-1976 жылдары Михаил Кобышев, 1976-1987 жылдары Әнуарбек Көсепов, 1987-1992 жылдары Аппаз Қанатбаев, 1992-1996 жылдары Айназар Бекшебаев басшылық етсе, 1996 жылдан 1999 жылға дейін Бақберген Нақыпов, ал одан соң 2002 жылға дейін, яғни зауыт тарағанға дейін Кетебай Жабағиев директор қызметін атқарды.
Өндіріс жұмысының ыстық-суығын мойнымен көтеріп, адал еңбек еткен азаматтар мен түрлі ұлт өкілінен құралған еңбек әулеті де болды. Олардың қатарынан Әлімбай Ақпанов 35 жыл, Бекетай Әлжанов, Ли Дмитрий 40 жыл, Вахид Губанов 1944 жылдан бас­тап зауыт тарағанша, Асқар Томанов 1973 жылдан бастап мекеме тарағанша цехта слесары болып жұмыс істеді. Сөйтіп, аудандағы түрлі өнеркәсіп арасында қаншама жыл көшбасшы болған Жосалы механикалық зауыты өкінішке қарай, нарық заманында тоқтап қалды.
«Өткенге – құрмет, ертеңге – қызмет», – деп Елбасы айтқандай, еліміздің кешегісін естен шығармай, ертеңіне қалтқысыз қызмет ету бүгінгі ұрпақтың борышы. Тарихсыз ел болмайды. Тұңғыш Президентіміз осы тұрғыда ел тарихын өскелең ұрпақ жадында сақтау үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын дүниеге әкелді. Сонымен қоса, оны жүзе асыру бағытында үкімет алдына нақты тапсырма қойды. Мұның бәрі туған халқымыздың келешегі үшін екенін біз есте ұстағанымыз жөн.

Гүлжанат ӘБИЕВА,
аудандық архивтің архив
19 мамыр 2019 ж. 1 290 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031