» » ҚАРМАҚШЫЛЫҚ СТАХАНОВШЫ

ҚАРМАҚШЫЛЫҚ СТАХАНОВШЫ

Қазақ халқы талай дүрбелеңді басынан өткерген ұлт. Қазақ жерінде хандық дәуірді алғаш құрған Керей мен Жәнібектің, халқына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды сыйлаған Тәуке ханның, талай жыл қазақ халқын шапқан жоңғар шапқыншылығына нүкте қойған Абылайдың есімі бүгінгі ұрпаққа ұлық. Сонымен бірге кешегі азамат соғысы мен Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ даласында жүргізілген ашаршылық, ұжымдастыру сынды зұлмат кезеңде ел мүддесін қорғауда «Алаштап» ұрандатқан Міржақып, Әлихан, Сәкен, Ахмет сынды ұлт арыстарының, Ұлы Отан соғысында кеудесін жау оғына тосқан Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлының өнегелі ісі ел есінде мәңгі сақталып қалды.
Міне, сондай ұлт алыптарының өнегелі өмірінен үлгі алып, халқының болашағы үшін тер төге еңбек еткен киелі Қармақшы өңірінің алғашқы көлік жүргізушілерінің бірі – Сәбихан Бөлтіріков.
Өткен ғасырдың басында шаруа отбасында дүниеге келген Сәбиханның балалық шағы ауыр болғанымен, ол өсе келе елімізде Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін жаңа өмір талабына сай өмір сүруге бет бұрды. Жиырмасыншы жылдың аяғында аудан орталығында Қар­сақпай мыс комбинаты жанынан облыста алғашқы боп ашылған көлік жүргізушілер курсында білімін жетілдірген Әлихан Бәйтереков, Ілияс Әбдиев, Бәкір Балғабаев, Мақаш Боранқұлов, Бектібай Тоқмағанбетов сынды жосалылық жалынды жастармен бірге білім алды. Кейін Қар­сақпай мыс комбинаты мен Жосалы ме­ха­никалық зауыты аралығына қа­тынайтын көлік жүргізушісі болып қызметке орналасты.
Жас маман әріптестерімен бір­ге, Жосалыдан Қарсақпайға, ол жа­қ­тан Жосалы механикалық зауытына қажетті түрлі бөлшектер тасыды. Күндіз-түні тынбай еткен еселі еңбегінің арқасында сол жылдары Кеңес жастары арасында ұйымдастырылған «Стахановшы­лар қозғалысының» белсенді мүшесі атанды. Тіпті, Қармақшыдағы ал­ғаш­қы «стахановшы» деген атаққа да ие болды. Аудан жастары арасында оның өнегелі ісі үлгі ретінде насихатталып, түрлі шарада мінберден орын алды.
Міне, өз ісінің білгірі атанған стахановшы Сәби­хан Бөлтіріков Алматы, Мәскеу қала­ларында өткен алқалы жиындарға қатысып, құрмет төрінен көрінді. Түрлі дәрежедегі мадақтамаға да ие болды. Сондай мадақтың бірі – Алматы қаласында стахановшылар қозғалысының үлкен жиынында алған «Стахановшыларға – 15 жыл» төсбелгісі.
Сәбихан Бөлтіріков Ұлы Отан соғысына дейінгі өмірін Жосалы механикалық зауыты мен Қарсақпай мыс комбинаты аралығындағы халық ауызында жатталып қалған атақты «Қарсақпай жолында» көлік жүргізуші болып өткізді. Қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі – Қаныш Сәтбаевты талай рет өзі жүргізген көлікпен Қарсақбайдан Жосалыға тасыған сенімді серігі. Тіпті ғалым­ның өзі Сәбиханға үлкен сенім артқан деген де әңгіме бар. Оған көптеген көнекөз қарияның мына бір әңгімесі дәлел.
Қыстың қаһарлы күндерінің бірінде Қарсақпай маңындағы кен орнында еңбек етіп жатқан жұ­мысшылардың жатақханасын жы­­лыту мақсатында Жосалыдан же­дел паровоз оттығын жеткізу керек болады. Алайда, басшылық тарапынан оны қалай жеткіземіз деген сұрақ туындайды. Осы кезде академик Қаныш Сәтбаев қажетті тауарды арнайы шанаға орналастырып, оны автокөлікке жегу арқылы Қарсақпайға жеткізуді білікті жүр­гізуші Сәбихан Бөлтіріковке тап­сыру керегін айтады. Зауыт басшылығы бұл ұсынысты құп кө­ріп, оны орындауды жерлесімізге жүктейді. Басшылықтан осындай тапсырма алған қазақтың қай­сар жігіті Сәбихан көп ойланбай мамандарға темірден арнайы шана істетіп, манағы оттықты қыстың қаһарлы да аязды суығына, әсіресе Арқаның боранды желіне қарамай, Қарсақпай маңындағы кен орнына жеткізеді.
Міне, еңбектің осындай ер­ен үлгісін көрсеткен Сәбихан Бөлтіріковтың елеулі еңбегі жер­гілікті биліктің де назарынан тыс қалмай, ол алғашында аудандық, одан кейінгі жылдарда облыстық партия комитетінде нұсқаушылық қызметті абыроймен атқарды. Ал, 1941-1945 жылдар аралығында неміс фашистерінің Кеңес Одағын басып алудағы арам ниетімен ұйымдастырылған Ұлы Отан соғы­сының алғашқы жылында-ақ ол өз еркімен майданға сұранып, №17 артеллериялық дивизиясының №212 полкінде жүргізуші-жауынгер ретінде жауға қарсы соғысты. Жү­ректі де тәжірибелі жауынгер майдан даласында көлігімен ұр­ыс жүргізіліп жатқан шептерге оқ­-дәрі тасып, Украинаның Белгород, Харьков, Полтава, Кировоград, Звеноград, Умань сынды қалалары мен Румыния, Венгрия, Чехославакия, Австрияны жаудан азат етуге қатысты. Отан қорғаудағы ерлігі үшін «Жауынгерлік қызметі үшін», «Ерлігі үшін», «Будапешт қаласын алғаны үшін» және «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.
Неміс фашистері мен Кеңес Одағы арасындағы төрт жылға созылған соғыстың жеңісін Австрия жерінде қарсы алған майдангер Сәбихан Бөлтіріков туған елге оралған соң, өзінің бала жасынан саналы өмірін арнаған Жосалы механикалық за­уы­тының жұмысшылары оны қуа­на қарсы алып, бірауыздан пар­­тия ұйымының хатшылығына сай­­лайды. Осы лауазымда он жыл бо­йы абыройлы қызмет еткен Сәбихан Бөлтіріков зауыттың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, жұмысшылардың әлеуетінің артуына аянбай еңбек етеді. Ал, кейіннен зауыт басшысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарған жылдары да майталман маман өзіне сеніп тапсырылған қызметті ыждахаттылықпен ат­қар­ды.
«Еңбек – ерді елге танытады», – деп дана халқымыз айтқандай, бар саналы өмірін туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған Сәбихан Бөлтіріковтің елге еткен ерен еңбегін халқы жоғары бағалап, бірнеше рет Жосалы қыстағының депутаттығына сайлайды.
Бірнеше рет аудандық, облыстық, тіпті республикалық, одақтық сала­лық басшылықтың Құрмет грамотасымен марапатталады.
Еңбек жолында серік болып, өмірін жалғастырған жары Сәр­сенкүлмен бірге бес ұл-қыз тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын таубына аянбай еңбек сіңірді.
Алайда, «Тумақ бар жерде өлмек те бар», – демекші, өзінің өнегелі өмірімен ел құрметтісі атанған Сәбихан Бөлтіріков 1984 жылы 78 жасында өмірден өтті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
04 наурыз 2019 ж. 958 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 173

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 144

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 296

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930