» » ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ дүлдүлі

ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ дүлдүлі

Қали ақын 1928 жылы Қармақшы ауданының Молотов кеңшарында Айдынәлі ақсақалдың отбасында дүниеге келген.
Ұрпаққа көп қой менің берешегім,
Өздеріңсің ертеңім – келешегім.
Баласы Айдынәлі атым Қали,
Мендағы тексіз адам емес едім.
Тұлпарын мінбесемде жырдың жүйрік,
Мәз болып мініп келем көк есегін, – деп ақының өзі әзілдейді.

Бала күннен ән-жырға құлақ түріп өскен ол ауыл үлкендерінің соңына еріп «Сыр сүлейлерінің» дәмді жырларынан сусындады.Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Қос Жүсіп т.б. жыр алыптарының айтқандарын жаттай өсіп, домбыра шертуді үйреніп, ыңылдап ән айта бастаған. Осы әуен оны мектеп, университет қабырғасында жүргенде де, төбесінен айнала ұшқан аққу-қаздай, ұзап кеткен жоқ. Қали ақын атанды. Ұстаздық етіп жүріп жергілікті басылымдарға өлеңдерін шығарған жас ақынның 1969 жылы «Жас керуен» жинағына топтама өлеңдері шықты.
Ақын әсіресе сатира жанырына ден қойды. Ауылда жүріп өз биігін танытқан Қали туралы жазушы Г.Бельгер Қалидың «Орыс тілі саба­ғында» деген сықағын Астанада өткен ғылыми конференцияда қазақша оқып беріп, жоғары бағалаған еді.
1975 жылы сықақ-сатиралық өлеңдерін «Бетпе-бет», 1986 жылы «Ошаған» жинақтары жарық көрді.
Әдебиетке әр ақын, әр жазушы өз сүрлеуі­мен келеді. Қ.Шыңғысов талантты жан-жақ­ты ашылған азамат ақын. Өзі түйген ой-мар­жандарын тізілдірген сұлу моншақтай лириканы да әдемілеп жазды. 1976 жылы «Қызыл қа­нат» өлеңіне қармаққа түскен қызыл балық суреттеледі.
Балықтың қос қалашы мойнындағы.
Көрінді Қызыл ала галстуктей, – деп келе:
Суға оны қоя бердім сол заматта,
Өзіннің еркін өскен қолқанатша,
Бір жалау қадап алып арқасына.
Ал, «Ақын» толғауы,Т.Ізтілеуовке арнал­ған «Дүр ақын» поэмасы өлеңін құлаш ұрған ақын қарымын танытқандай болады.
Қали ақын проза жанрына да зор үлес қосқан жазушы. Оның 1977 жылы «Арлан ішік», 1982 жылы «Ашылған бейіт» повестері оқырманынан өз бағасын алды. Профессор Темірбек Қожакеев- «Сатиралық жанрлар» деген кітабында «Қазақ әдебиетінде лирико-сатираны, жылы юморды молайтты», – деген еді.
Қазақ фольклорын, оның алтын қазынасы – айтыс өнерін Сыр бойында дамытуға ат салысқан от ауызды, орақ тілді Қ.Шыңғысов тағы бір қы­рымен танылды. Бірнеше дүркін обылыстық айтыстың жүлдегері атанып Мүтәліп, Мырзағали, Есіркеп, Мұхаметқали, Жамила, Есенжол сынды замандастарымен тізе қағысты. Айтыста заманды, халықтың әл-ауқатын, мәдени өсу дәуірі арқау болады. Бірде жалағаштық ақын М.Ақжолов кезекті бір айтыста былай дейді:
Тәртіпсіз екен сенің шопырларың,
Жаға ұстап әлі есімде шошынғаным
Тұсында Третийдің Гай-ге соқты,
Жарамас қол қусырып отырғаның.
Ленин совхозында қотыр сиыр
Сауысқан қояр емес шоқып жанын,
Тағыда айта берсем табылады
Мұнына Қали інім қосылмадым, – деді.
Сонда Қали ақын былай деп жауап қайтарған еді:
Ағамыз бар қылмысты тізіп кепті,
Күдерін Қармақшыдан үзіп кепті,
Айттыңыз шопыр жайлы бір әңгіме
Гай біздікі машина сіздікі соғып кетті,
Атыз-жап тұра берсе сай құрайды,
Оған сіз куә етесіз қай құдайды
Ағажан көре көзге жала жаппа,
Мінезің мас шопырдан айнымайды
Ленин совхозының сиырлары:
Қалайша алдыңызда жиылғаны,
Жалағаш Қармақшымен көрші аудан
Келетін сондай бұрын-дағы
Ағамыз өз сиырын өзі танымай,
О несі інісіне ұрынғаны.
Жүйелі сөз жүйесін табады деген осы. Бұл 1982 жылы СССР-дің құрылғанына 60 жыл толуына арналған айтыс еді. Қали ақын жүлделі оралды. Ал, 1988 жылы Ұлы Октябрьдің 70 жылдығына арналған айтыста Шиелі ауданынан келген М.Тұрсыновпен сынға түсті.Сонда құрғақ сөзбен мақтанған ақынды мәдениеттілікпен соңына дейін күткен Қали ақын былай деп тоқтатқан еді:
О, Мұқа орынсыз ғой мақтанғаның,
Өтірік ойдан құрап тапқандарың,
Қауіп ойлап менен қорқып отырсың- ау,
Асылды олда дұрыс сақтанғаның,
Айтысты Шолпанмен білесіз бе?
Белгілі сонда қосқан үлесінде.
Әрине ұмтылмас ол есінде,
Е, Мұқа осы жерің өкінішті
Қояр ем шәкірт болсаң екілікті
Жолдас боп Замадинмен көп жүруші ең
Әлде одан үйрендің бе өтірікті, – деп бұл тартыстан жеңіс тұғырына көтерілді.
Сыр сүлейлерінің бет қаратпас татымды ойларын жатқа білетін айтыскер ақын Қ.Шыңғысов туралы көп адам, өнер саңлағы толымды пікір айтады. Жазушы, ақын Бекділда Алдамжаров:
Қалеке танылады сан қырларың,
Мейірімді қабылдағыш алғыр жаның.
Өзіне ұқсатсам деп шын тілеймін,
Туылған Сыр бойының әрбір жанын,
Өсиет өлең болып естіледі,
Сөзінің жұрнақтасам әр жұрнағын, – деп өлеңмен ой білдіреді.
Қазтуған жырау төгілткен терме сөзіндей, талаптың тағы бір, бағы ашылған термешілігінде. Ол шырқаған Нартай, ой жайқалтқан Тұр­мағамбет, Жүсіп Базар т.б. Сыр сүлейлерінің мақамдары өз бояуын тауып тыңдаушы құлағын қандырады, әсіресе Нартайдың «Мен Нартаймын, Нартаймын» Тұрмағамбеттің «Назым», Тұрмағамбеттің "Ешнияз сал" термелері өз әуенін тауып жүре береді.
Қали ақын сонымен бірге әнге сөз жазатын, өзі де тамылжытып ән салатын өнерпаз жан еді. Жергілікті сазгерлермен достығы айта берсе бір төбе. Әсіресе, сазгер Бейбіт Ахметовпен оннан астам әнге сөз жазып, қазір «Қармақшым», «Комбайыншы қыз», «Қармақшы тесіле», т.б. әндер республика, облыс халқының сүйіп айтатын шығармаларына айналды. Республикалық «Ауыл кеші көңілді» ән кітабына енгізді. Ал, Қали ақынның әншілігін естігеніңіз бар ма? Үндінің «420 мырза», тәжіктің әсем саздарын Қали ақын орындағанда бітімі бөлек сұлу мүсіндей жан тербейді .
Азат басын болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл, – деп Абай айтқандай, бүкіл ғұмырын тек өнерге, әдебиетке арнаған атпал азамат, тарлан талант Қали Шыңғысов үлгілі ұл мен қыз тәрбиелеген, асқақ парасатты, ұлағатты әке. Халқы үшін қаймықпай көтерер жүк болса Қали атамыз иығын тосудан жалыққан емес. 1990 жылы Базар жыраудың 150 жылдық торқалы тойы қарсаңында «Қармақшы Қарақалпақстан» өнер экспедициясының басшысы болып, ұлы жырау басына барып, әруағына бас иіп қайтқан еді.
Сыр сүлейлерінің танымал ізбасары, ақындық пен жыраулықтың кәнігі шебері Қали Шыңғысов Қармақшының қадірменді ұлы.Ол «кісі болу – дегеніміз күрескер болу» деп түсінген адам, толысқан тарлан талант.

Баршагүл САХИЕВА,
аудандық-тарихи өлкетану
музейінің экскурсоводы.
08 қаңтар 2019 ж. 2 822 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 999

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031