БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

Алғашқы қоныстанушылар Сержан Жұмыров, Тұрмахан Орданов, Айдынбай Айқынбаев, Ұзақ Жетпісбаев, Орынбасар Қазиев, Есеналы Еспембетов, Ордабай Қазиев, Қуатбай Серекешов, Кенжебай Дүрғазиев, Жүніс Амандықов, Сағат Амандықов, Әлібек Ералиев, Алтынбай Қошантаев, Өтеміс Жақсылықов, Жұмахмет Мусаев, Жақсылық Нұрмаханов, Жақсыбай Нұрмаханов, Мырзағали Сеңгірбаев, Қаршыға Үсентаев, Күнтілеу Омаров, Жалғас Абауов, Темір Жүрсінбаев, Білімжан Бермағамбетов, Әлімжан, Жәнібек Ибраев, Боқан Жүрсінбаев, құрылыс, егіншілік, механикаландыру саласында әртүрлі жұмыстар атқарып және жоғарыда аттары аталған ағаларымыз, жаңадан ашылған ауылда еңбек етіп, ауылдың алғашқы кезеңіндегі орнығуына, шаруашылық өндірісінің қалыптасуына қажымай-талмай өз үлестерін айрықша қосқанын айта кеткен жөн.
1969 жылдың маусым айында орта мектепті бітіріп, қолыма аттестатымды алып шықтым. Мектеп бітірер алдында көкем «қандай оқуға барасың?» деп сұрады, мен шофер боламын деп жауап беріппін. Себебі сол уақыттарда мамандық таңдау жайлы жиындар, басқосып пікір алмасуды білген жоқпыз. Бірақ әкелеріміз Қосылған құрдасым-досым екеумізді, қасымызға жездеміз Байдос Қабақов ағайды қосып, Алматы политехникалық институтына жіберді. Институтқа барып (МЦ) түрлі-түсті металлургия деген факультетке құжат тапсырдық. Алайда бір орынға 7 баладан келуіне байланысты жүрексініп, ауылға қайтып кеттік. Көкем екеуміз сол келген беттен пойыздан Қазалы стансасынан түсіп, сондағы ауылшаруашылық техникумының бухгалтерлік есеп бөліміне құжат тапсырып, ауылға келдім. Қабылдау емтиханын белгіленген уақытында тапсырып, техникумға қабылдандым. Бұрынғыдай ауылға апта сайын қатынау азайды, тек үлкен мейрамдарда, сессия біткесін берілетін демалыстарда, жазғы каникулда келіп, қатар балалармен кездесіп, шұрқырасып табысып, кештер ұйымдастыратын болдық. Кештерді достарымыз Жайлыбай, Сайлыбай Кенжебаевтардың үйінде үнемі өткіземіз, «Иманы саламат болсын!» шешеміз Мәрия әже қабақ шытпайтын, кеңпейілді ана болғанын айтпауға болмайды. 1970 жылы шілде, тамыз айларында студенттер, мектеп бітіріп оқуға бармаған балалар, оқушылар Қоңырбай, Қуандық, Жайлыбай, Сайлыбай, Қуаныш Жалбыров және үлкеніміз тұрақты жұмысшы Құрманғали Әбілдаев (Әйтен) бірігіп, екі ай құрылысқа сылақ жүргізуге самосвал машинаға күрекпен топырақ тиедік. Құрманғали ағамыз өте қарулы, қандай жұмыс болса да тартынбай жұмыс істейтін, өте белді жігіт болды және ауылдың дамуына өз үлесін қосты.
ЕҢБЕК ЖОЛЫМНЫҢ БАСТАЛУЫ, ШАРУАШЫЛЫҚҚА АРАЛАСУЫМ
1971 жылы маусым айында Қазалы ауылшаруашылығы техникумының бухгалтерлік есеп бөлімін бітіріп, «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» деген мамандықпен дипломды толтырып, жұмысқа орналасқаннан кейін алатын болып ауылға келдім. 1971 жылдың 19 шілде күні 19 жасқа бір айдан кейін толатын баламын. «Жосалы» қой совхозына, совхоз директорының бұйрығымен автогараж бухгалтері болып қызметке тұрдым, алғашқы еңбек жолым осылай басталды. Кеңсе клубтың екінші басында орналасқан. Қабылдау бөлмесінде Дина Рахымбаева жеңгеміз хатшы-машинистка, бір жағында совхоз директоры Орныққан Қазиев әкеміздің кабинеті, екінші жағында партия ұйымының хатшысы Тәжімұрат Сариков ағайдың кабинеті орналасқан. Коридордың екінші жағында касса онда Мақпал Ешмұратова апай кассир, жалпы бухгалтерияда қыста практикаға келгенімде Ахат Жаңабаев, Амангелді Есқалиев ағайлар және Райхан Тасқараева апай отыратын. Бас бухгалтер Сәду Сәрсенов әкеміз жеке кабинетте, одан кейінгі кабинетте кадр бөлімі маманы Құдайберген Жұбатыров әкем, бас агроном, кәсіподақ, комсомол ұйымы кабинеті болып есептеледі екен. Түпкі бөлме бас экономист Әлмағамбет Есқалиев ағайдың жұмыс кабинеті болды. Ал клуб жағында кіргеннен кейінгі бірінші кабинет аға прораб-құрылыс бөлімінің бастығы Пахреддин Байшораев әкеміздің кабинеті, төр жағында кітапхана орналасып Кенішкүл Смханова апамыз кітапхана меңгерушісі болып жұмыс атқарды. Айта кету керек, барлық адамдар жасына қарамай кітап, газет, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын оқуға өте құмар болатын. Қызық кітаптарды бірінен-бірі сұрап алып, оқығанша асығатын, жарық болмаған кездері таң атқанша май шаммен кітап оқыған уақыттарым болды. Кеңсе үйін қарауылдаған Сәтжан Қазанғапов әкемнің, тазалап, от жағатын әжеміз Бибіхатша Оразымбетованың еңбектерін айтпай елеусіз қалдыруға болмайды.
Тамыз айында күзгі егін жинау науқаны жақындап қалды, үгіт-насихат жұмыстары үшін қызыл матаға ұрандар, жиналатын астықтың, социалистік жарыс межелері, 1 гектардан алатын астық мөлшері жазылып, дала қостарына, көрнекі жерлерге «Қызыл керуенге» қатысатын автокөліктерге ілініп, барлық жұмысшы-қызметкерлер сол жазулардан атқаратын жұмыстары жайлы мағлұмат алатын. Еңбекшілерді уақытпен санаспай, аянбай еңбек етуге шақырған, саяси көрнекі құрал болып есептелетін. Менен бұрын ол жұмысты белді механизатор Асылбек Тілегенов амалсыздан түнгі мезгілде жазады екен. Партия ұйымының хатшысы Тәжімұрат Сариков ағай басшыммен келісіп, түнгі мезгілде жазуға міндеттеді. Бірнеше жыл лозунг жазумен айналысып, (1 май, 9 май, 7 ноябрь, 5 декбарь, Урожай – 72-73 г.) бұл мейрамдарға атсалысқан қоғамдық жұмысым болды.
1971 жылғы күріш жинау науқанына «Сақыптың ақ төмпегі» деп аталып кеткен жердегі каналдың арғы бетіндегі күріш аңызынан тегістеліп, астық қырманы дайындалып, көкем май қоймасы цистерналармен және қоғамдық тамақ таратушы болып, азық-түлік сақтайтын жеркепе дайындалып, қырман басына жеңіл үймен көшіп бардық. Мені де екі жұмыс болуына байланысты көмек беруге көкем рұқсат алып, қырман басында болдым. Сол жылы шамамен 2 бригада 500 гектар шамасында күріш дақылы егіліп, жиналды. Бригада басына киіз үйлер тігіліп, жеркепе қазылып, оқушылар сонда жатады. Егістік әр жерде орналасуына байланысты типтік жобамен дала қосы салынбаған, Төретам кентіндегі №11 мектептен Қуандық Игенбаев ағай бірнеше мұғалімдер мен оқушыларды алып келіп, күріш жинауға көмек беріп жүрді. Қырман басына вагон қойылып «штаб» деп аталып, директордың жеңіл машинасының жүргізушісі Айжарық Нөсеров ағай, жұбайы Насиха Қожахметова жеңгеміз аспазшы болып, жылма-жыл жас балдарымен, күздегі керелеген жаудай масаның ортасында, киіз үйде астық жиналып болғанша отыратын. Штабта совхоз директоры Орныққан Қазиев, аудандық тұрақты өкіл Қаппар Қайназаров әкелеріміз жатса, егін жинау барысын бақылап келген басшылар, мамандар, шаруашылық мамандары тамақтанатын, демалатын. Қырман меңгерушісі әрі таразышы Алмағамбет Есқалиев ағай аласапыран дауыл, көк ала шаңның арасында, егіс басынан трактор тіркемесімен келген астықты қабылдап, Ленинск қаласынан келген ТУ-8 студенттерін, сол қаланың мекеме адамдарымен жұмысты ұйымдастырып, қырманда ОВП-20 агрегатымен астық тазалап, ЗПС5 агрегатымен тазаланған астықты тиеп, аудан орталығындағы «Астық қабылдау мекемесіне» автомашиналармен күні-түні астық тасылып жатады. Сол кездердегі астық тасымалдайтын Нұрлыбек Рахметов ағай айдаған ГАЗ-93 өзі аударатын автокөлік, кузовтың барлық жағын ағашпен биіктетіп, ішін кенеппен дән ақпайтындай қаптап, күрішті үстінде адам тұрып нығыздап тиегенде 2720 кг күріш салысы тиелгенін, сол кезеңде техниканың жетілмегенін көзбен көрдім. Тасымалдау жолы тарам-тарам, борпылдақ топырақ, осы жолдармен қашан тасжол салынғанша, шаруашылық көліктерімен, автокөлік мекемелерінің күшімен астық тасылды. Егін жинау науқаны «еңбек майданы» деп айтатын қанатты сөзге сәйкес келетін, нағыз майдан болатын.
Сол жылдары жеке меншік малға беретін шөп дайындауға шабындық болған жоқ, егіс алқаптары тың жер, сусыз боз дала болуынан қамыс өсе бермейтін. Жантақ, бозаң шөптері күріш аңыздарына шығады, егін жинау алдында жаткамен орып, дестеге салып дайындап қойылатын. Егін жинау барысында жас механизатор жігіттер, менімен қатарлас балалар түнімен бірігіп шөптерін тасып, тасуға шамасы келмейтін көрші-көлемге көмектесіп, азанда жұмыс басында болып, мал азығын дайындаудың ың-шыңсыз аяқталуына араластық.
Егін жинау жүріп жатыр, қазан айынан бастап, тоғыз айлық бухгалтерлік есеп тапсырылатын болғандықтан негізгі жұмысыма оралдым. Қыс айларына дайындық бұл да жауапты науқан, егін жинау аяқталғаннан кейін трактор, автокөлік әр отбасына ақылы негізде беріліп, сексеуіл тасу басталады, әр үйдің отынына кемі төрт адам барады, біздерді демалыс күндері немесе жұмысымыздан сұрап алып жіберетін. Бұндай қарапайым тұрмыстық тіршіліктер сол замандағы елдің ауызбірлігінің арқасында атқарылып, айына көмекке кемі он шақты үйге баруға тура келетін.
1972 жылы көктем шыққасын сәуір айынан бастап дала жұмыстары қызу басталды. Шаруашылықтың басты өндірісі, суды тұрақты көп мөлшерде қажет ететін дақыл күрішке, механикалық жолмен «Қостөбе», «Жосалы» каналдарына дарияға әрқайсысына 10-12 дана СНП500/10 дизель насостары қойылып суландырылатын. Насос құру жұмыстарына жұмыс қолы тапшы болғандықтан кеңседегі қызметкерлерден жасақтап, көмекке жылда барады екен. Бұл жылы да Әлмағамбет Есқалиев, Көпберген Ниязбаев, Ордабай Қазиев ағайлар және мен өз көліктерімізбен барып, насостар толық құрылып, каналға су айдағанша жұмыс істедік, қалай атқарылатынын көрдік. Насос мотористері болып әр жылдары Әбілхан Төбетбаев, Құлияр Тебериков, Орынбек Тебериков, Аппаз Шалов, Нұрке Әбішов, Асау Тайбағаров, Жүсіп Жалбыров, Жорықбаев деген кісілер бірнеше адамның атымен қостанып жатып, жұмыс істеп, үзіліссіз су айдайтын. Сол жылы күзде егін жинауға, дала қырманына таразышы болып бекітілдім. Қырман меңгерушісі Мусағали Кәрібаев әкеміз. Біздің үй қырман басына көшіп барды. Темір дөңгелекті 10 тонналық таразы, дөңгелектерін шұқырға орналастырғанда жерден 60-70 см биік тұрады, екі жағында түсіп шығатын траптары бар. Таразышы отыратын гарбыль тақтайдан ықпана жасалып, төбесі шиферланған екен, циферплатының қақпағы жазу столы, отыратын орындық, платформа жақ алды ашық болды. Алаңды астық түскенше тазалап, су сеуіп барынша тәртіпке келтірді. Сол жерде қырманға түскен астықты аяқтап болғанша жұмыс істедім. Сол уақыттарда қырман басы шаң болады, кейде әсіресе түнгі мезгілде таразышы отыратын жаққа көліктер соғып, қашып шығып жүрдім. Тракторшы Төлеміс Жұмыров таразыға түсуге түнде жарыққа көзі шағылысатын болғасын маған тракторын таразыға салуды сұрайтын.
Бір рет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, толық ірі денелі, ақ шашты, аққұбаша кісі, аяғына шегірен етік киген Ахметжан Жанпейісов келіп, қанша астық түскенін сұрады, мен кітабымды ашып есептеймін дегенше қырманды аралап кетіп қалды. Күнделікті астық есебін азанда совхоз директоры өзі жазып алатын, оперативтік есепті ешкім сұрап қажет етпейтін. Барлық келген-кеткен астық есебін папкаға салып, қолтықтап жүрдім, ауылға келгесін бір жеті отырып есебін жасап бас бухгалтерге тапсырып, таразышы қызметін аяқтадым. Мамандығыма сәйкес сабақ алдым. Кейінгі жылдары оперативтік есеп жолға қойылып, кіріс, шығыс астық есебі екі сағат сайын ауданға ақпар берілетін болды. Келесі жылдары ауыл тұрғындары әрбір отбасы мотоцикл алып, тұрмыстары оңалып үйірлі жылқы ұстап, кейбір отбасылар «Жигули», «Москвич-412» жеңіл автокөліктерін алды. Бұл елдің әл-ауқатының көтерілгенін, тұрмысының жақсарғанын білдіретін.
Сол кездегі атау бойынша елді мекен «Жосалы» қой совхозы «Иіркөл» ауылдық кеңесінің қарамағында болды. Айына бір рет ауылдық кеңес төрағасы Ермаш Ахметов, кейіннен Тұрымбет Смағұлов, хатшысы Асан Төлегенов халықпен кездесіп, басты міндеттері халықтан ет жинау, тиісті азаматтық хал актілерін тіркеу құжаттарын беріп тұратын. Ал дайындау кеңсесінің қабылдаушысы Жұмағали Сүйінбаев мал терісі, жүн, қағаз қалдықтары, тағы басқа қайта өңдеу заттарын қабылдайтын. Сол жылдары «Шұрықтың тақыры», «Бүйен қақтың тақыры», «Есентөбе», «Шағаттың жалы» деген аумақтарда табынымен ақбөкен көп болатын. Халықтың несібесіне жаралған аң ауланып тұратын, оны қорғап, аңшыларды ұстаған сақшыларды көргеніміз жоқ. Сол кездері күрішшілер егіс басына киіз үймен көшіп барып, малдарын да апарып, жаздай жайлауда ауыл-ауыл болып отыратын. Бие байлап, қымыз ашытып, қымыз мұрындыққа шақырып, қазақтың берекелі өмірін жалғастырғанын көрдік. Совхоз директоры, парторг күрішті аралаудан қолы босамай, кеңсеге күндізгі уақытта, жаз бойына сирек келетін.
1975 жылы облыста қуаңшылық болып, аудан шаруашылықтары егілген күріштен толық көлемде астық жинай алмады. Шілде айының ішінде ауылға обкомның екінші хатшысы С.Сәрсенбаев вертолетпен ұшып келді, түскен бойдан күтіп тұрған ауатком төрағасы Н.Ысқақовқа, совхоз директоры О.Қазиевқа ашуланып кейістік білдіріп жатты. 150 метр жердегі біздің киіз үйге сусын ішуге келіп, қайтадан ұшып кетті. Ол кісі Қазалы ауданына су жетпеуіне байланысты жүр екен. Ал біздің басшылар суды жақсы алып жатқанын көрсетуге, милицияның қарауылдап отырғанына қарамастан, келісіп барлық насосты қостырып қойған. Сол жылы егілген күріш көлемі толық жиналып, мол астық өндірілді.
1976 жылы МТМ-ға таяу орналасқан, бұрынғы балабақша болған ғимарат, совхоз кеңсе үйі болып жөнделді. Барлық бас мамандарға жеке кабинеттер бөлінді, шағын жиналыс бөлмесі болды. Жаңа сапасыздау мебельдер қойылып, есіктеріне тақтайшалар ілініп, төсеніштер төселіп, перделер ұсталып, кеңсе жаңарып, мамандар желпініп қалды. Бұрынғы кеңсе үйі ауылдық кеңеске берілді. 1977 жылы Орныққан әкеміз обкомның 1 хатшысы И.Әбдікәрімов «директорлар кең үй салыңдар, қонаққа барамыз деген» тапсырмасын жиналыста айтып, ауыл ұсталары үй салуды бастап, келесі жылы аяқтады.
ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ЭКОНОМИКАСЫН КӨТЕРІП, ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТАТЫН КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛУІ
1971 жылғы басты жаңалық күз айларынан бастап ауылға жоғарғы вольтты электр желісі тартылып, «Жосалы» совхозына «коммунизм» толық орнады, халықтың қуанышында шек болмады. Тұрғындардың телевизор, магнитафон, радиола, тоқөтек, тоңазытқыш сияқты басқа да тұрмыстық заттар алып пайдалануына жол ашылды. Халықтың өркениетке қол жеткізіп, дүниетанымы кеңейіп өмір сүруіне мүмкіндігі артты. Ауылдағы әрбір отбасы телевизор алып, биік антенналар орнатып, ауылдың «Ленинск» қаласына жақын орналасуына байланысты таза көрсететін теледидар тамашалау жүзеге асты. Айта кеткен жөн, сол жылдары «Көктемнің он жетінші сәті» деген кино берілді, ол үзіліссіз көрсетіліп, жарнама деген болмайтын. Кино кешкі мал жайлап, сиыр сауатын уақытта басталатын және ең қызық, қиын жеріне келіп аяқталатын болды. Әжем, апам қызығып амал жоқ көруге мәжбүр болып, жұмыстарын уақытылы орындай алмай қиналды, ертең жаңа сериясы басталғанша киноны көрген адамдар талқылап, тілі келмеген қарттар қазақша атаумен «Шештрнаш» деп басталуын асыға күтетін. Жол қатынасының қиындығын ауыл тұрғындары он шақты жыл түгел көрді. Жап-жақын жер болса да 50-60 шақырым ала бас айналып, тарам-тарам, ойлы-қырлы, борпылдақ жолмен ауылға қатынайтын, түнгі мезгілде кейде адасып кететін. Барлық уақытта жағармай, су таситын, жүк тиеген көлік, трактор болсын, жолаушылар дарияның пантон көпірінен өтіп, ауыл жақ бетіндегі шидің арасы көлік күтетін мекеннен ауылға жүретін көліктің үстіне мініп, елге жететін еді. Сол кездері ГАЗ-53 бензавоз көлігін айдаған, аптасына алты күн Қармақшыға үздіксіз қатынайтын Кенжебай Дүрғазиев ағам тұрғындардың аудан орталығынан қажетті заттарын әкелетін базаршысы және адамдарды қалаға апарып, әкелетін автобустың міндетін толық атқарды, цистернаның екі жағында ұстайтын жер болса болды жанына тұрып, кабина мен цистернаның ортасына да тік тұрып, шаңшаң болған адамдарды аман-сау жеткізіп, алғысын алатын. Жолдың қиындықтарын халық қиындық деп есептеген жоқ, көңілді, әзілдесіп мініп жататын, адамдардың еңсесі түсіп ренжігенін байқамадық, баламыз бізде «адам таситын арнайы көліктің жолаушысы болып» талай қатынадық. Заманына қарай адамы да өте төзімді болатын.
1975 жылы күзде жолдың құрылысы әскери бөлімдердің атқаруымен топырақ үйіліп басталып, 1976 жылдың аяғына дейін жүргізіліп, тас төселіп пайдалануға берілді. 24 шақырымдық тасжол біткен кезде, қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын бергендей жаңалық болып, шаруашылықтың экономикалық тиімділігі артуына, елдің еңсесі көтерілуіне зор ықпал етті. 1970 жылдардан бастап совхоз өнім өндіру көлеміне байланысты төменгі категорияда болса да «Қызылорда ауылқұрылысы» тресінің №1602 жылжымалы механикалық колоннасы, жұмыс атқарушы болып типтік жобамен құрылыс ғимараттарын бірнеше жыл салып пайдалануға берді. Олар 300 тонналық тұқым қоймасы, техниканы жөндеу шеберханасы автотұрағымен, 20 орындық монша, 25 орындық балабақша болатын. Техниканы жөндеу шеберханасы соңғы үлгідегі жүк көтергіш телфермен, пневматикалық балғамен, токарь станогымен жарақтандырылған. Автотұрақта бірнеше көлік тұратын орын және қосалқы бөлшек қоймасы болатын. Айналасы қоршалған, сыртқы есігі электр мотормен ашылып жабылатын. Айта кету керек, бұндай жөндеу шеберханасы аудан шаруашылықтарында болған жоқ. Кейбір ауылдарда одақ тарағанша салынбады. Сол сияқты балабақша құрылысы ерте пайдалануға берілді. Бұл құрылыстар елдің толық орнығуына, шаруашылықтың дамуына зор әсер етті.
(БАСЫ ӨТКЕН САНДА. Жалғасы бар)
Қоңырбай ДӘУМЕНОВ,
еңбек ардагер