» » ЕЛ ІРГЕСІН БЕКЕМДЕГЕН АУЫЛ

ЕЛ ІРГЕСІН БЕКЕМДЕГЕН АУЫЛ

АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ КСРО
үкіметінің Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз деген шешіміне орай 1964 жылы Қармақшы ауданында 3 кеңшар құрылды. Олар Қуаңдария, Жаңақала және Жосалы кеңшарлары. Алдыңғы екеуі Ақжар мен Ленин кеңшарынан малшыларымен және малға тиесілі техникаларымен бөлінгендіктен шаруаларын қиындықсыз жүргізіп кетті. Ал Жосалы сол кездегі ұйымдастырудан кеткен қателіктердің себебінен көп жыл бойы қой қабылдауға мүмкіншілігі болмай, ақыры 1975 жылы механикалық негізде дариядан су көтеріп, күріш егетін кеңшар болып қайта құрылды. Алдымен шаруашылықты ұйымдастыруда қандай қателіктерге жол берілді, соған тоқталсақ.
Қандай да бір жаңадан ұйымдастырылған шаруашылықтың орталығын белгілеуде басшы­­лыққа алатын бірнеше ғылыми тұжырымдама бар. Ол қоныстанатын адамдарға алдымен ауыз су мәселесін шешу. Ол үшін шаруашылықтың орналасатын жеріне гидро-геологиялық зерттеу жүргізіп, суының тереңдігі мен адамның ішуіне жарамды-жарамсыздығын анықтау. Егер жерасты суының жоғарғы қабаттағы суы ішуге жарамаса, артезиан суының тереңдігімен оның жарамдылығы тексерістен өтуі керек еді. Алайда мұндай жұмыстар жүргізілмеген. Сондай-ақ болашақ қой шаруашылығын өркендетуге жем-шөп базасы қажет емес пе? Осы орайда шаруашылыққа бөлінген жерлерде аяқ судың келуі ескерілмеген және орталықты орналастыруда қате кеткен. Болашақ кеңшар орталығы Октябрь әскери кеңшары жеріне орналастырылған. Оған дәлел, мен 1979 жылы Орекеңнің орнына келіп отырғанда, сейфтен Қазақ ССР министрлер кеңесінің сол кездегі төрағасы болып қызмет істеген Бейсебаевтың Жосалы кеңшарының орталығы үшін Октябрь кеңшарынан 5 гектар жер беруді өтінген хатын оқыдым. Болса да Октябрь әскери кеңшарының жеріне орналасуды сұрапты, дегенмен Қызылжарма каналының бойына орталықты орналастырғанда ауызсу, аяқсуы да жеткілікті болар еді. Мұндай қателіктердің жіберілуі Кеңестік әкімгершілік тоталитарлық жүйенің басқарудағы кемшіліктері. Осындай жағдай біздің кеңшардың орталығын орналастыруда орын алған. Естуімізше, аудан басқарушылары бір топ ақсақалмен келіп, кеңшарды осы ойға орналастыруға ұйғарым жасаған делінеді. Шаруашылықты орналастыруда жіберілген қателіктердің тауқыметін біздің ауылдың тұрғындары 60 жылдан бері тартып келеді.
Жоғарыда айтылғандай, кеңшар шаруашылығын ұйымдастыру ешқандай шаруашылық жүргізудің мүмкіндік көздеріне негізделмеген. Бәрі қазық қағумен нөлден басталған. Алдымен директордың, одан кейін екі-үш бас маманның үй құрылысынан басталып, өндірістік объектілер, әлеуметтік инфрақұрылым құрылыстары және болашақ кеңшар жұмысшыларына тұрғын үйлер салуға жұмысшылар тартыла бастаған. Басында кеңшар аппараты қызметіне орналасқан қызметкерлермен құрылыс салуға барған жұмысшылардың туғантуысқандары есебінен жанбасы көбейіп, бастапқыда кеңес зауыттарынан өндірілген СНП-500/10 су көтергіш насостармен Сырдария өзенінен су көтеріп, күріш еге бастады. Алайда шаруашылық жүргізуге кеңшарға берілген жер өзеннен 15 шақырымнан бастап 57 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан болатын. Ал өзеннің өне бойындағы Ұзақ мешітіне дейінгі жерлер Октябрь әскери кеңшарының жері болатын. Енді кеңшардың халқы өзіне бөлінген жерге өзгенің жерінің үстінен арық қазып, болмаса дарияға жақын жерлерге егін еге алмайтын жағдайға душар болды. Соған қарамастан бірнеше жыл (1975 жылға дейін) Октябрь кеңшарымен жасырын келісіп, «Қостөбе» каналының бойындағы «85» Жосалы каналының сағасындағы жерлер, «Күләйша», «Домбыра» секілді жерлерге әрі кетсе 100 гектар шамасында ондаған су көтергіш насостар орнатып, күріш егіп, күн көре бастаған. Ал енді жанар-жағар майы, екі ауысымда моторисі бар қанша шығын жұмсай отырып, суды дариядан алысқа айдау нағыз шаруа жүргізуді білмегендік болар еді. Бірақ жаңадан отырған кеңшардың директоры Орекеңнің басқа таңдауы болған жоқ. Себебі кеңшарға бөлініп берілген жер дариядан қашық еді. Кеңшардың орналасуынан кеткен қателік, шаруашылыққа бөлініп берілген жердің дариядан алыс болуы, ауызсу мен аяқ судың болмауы, Жосалының Қуаңдария мен Жаңақала кеңшарлары секілді қойы бар шаруашылықтардан бөлінбегендігі, оның қазықтан басталуы, тағы басқа обьективті, субьективті кедергілердің нәтижесінде қойды қабылдай алмай, 1975 жылы өзінің өндірістік бағытын өзгертіп, механизм күшімен су көтеріп, күріш егетін кеңшарға айналды. Сондықтан да осы кезеңнен бастап инженерлік жүйемен жер тегістеліп, Чехословакия мемлекетінен шыққан ауылға қуатты насос бөлінді. Міне, осыдан бастап іс оңғарыла бастады.
ШАРЫҚТАУ КЕЗЕҢІ
1979 жылы осы елді мен басқаруға келгенде ауылдың еңсесі көтеріліп, күріш егудің қырсырын игеріп, болашаққа елдің сенімі қалыптаса бастаған кез болатын. Ол кезеңдерде кеңшардың директорларын тағайындау рәсімдері біршама қиындау болатын. Мен Чапаев атындағы колхоздың партия комитетінің хатшысы болып жүргенімде күз айында сол кездегі Қармақшы аудандық партия комитетінің І хатшысы Елеу Көшербаев шақырып алып, «Жосалы совхозының директорының қайтыс болғанын білесің, сені сол кеңшарға директорлыққа ұсынайық деп отырмыз, қалай қарайсың?» деді. Бірден-ақ келіскім келмей, келіспеуге жүрегім дауаламай жанұяммен ақылдасайын деп уақыт сұрадым. «Мен саған көп уақыт бере алмаймын, ертең азанғы 9.00-де жауабын бер» деді ол. Сондағы ойым келініңіз келіспей жатыр деп бас тарту болатын. Сонымен үйге келіп, Любаға айттым. Ол «ия» немесе «жоқ» деп те айтпады. Таң атысымен Көшербаевтың кабинетіне кіріп, «келініңіз келісім бермей жатыр» деп міңгірлеп сөзді бастай беріп едім, «Әй, сен өзі не деп тұрсың? Анау қалтаңдағы қызыл билетті үстелдің үстіне қой да, кете бер» деді. Содан белгілі ғой, сүмірейіп директорлыққа бекуге әрмен қарай жолға шықтым.
Алдымен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мүшелерінің, барлық облыстық партия комитеті бюро мүшелерінің келісімін алып, Алматыға жүріп кеттім. Ауылшаруашылығы министрі алқа мүшелері, министрдің өзінің қабылдауында болып, Қазақстан орталық комитеті ауылшаруашылығын басқаратын ІІ хатшы Тимофеев дегеннің қабылдауынан өтіп, ауылшаруашылығы министрінің қолынан бұйрығын, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бұйрығын алып, 1979 жылдың қараша айында сол кездегі аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы Елтай Тыныштықбаев келіп, Жосалы кеңшарының кеңсесінде барлық аппарат мамандарын жинап, Орекеңнің орнына отырғызып кетті. Расын айтайын, мен келгенде ауызбіршілігі мол, 600-ден астам халқы, елге бағыт-бағдар беріп отыратын қазыналы қариялары мен бипатыма аналары бар, білікті, өндірістің барлық саласында маманы бар, аудан шаруашылықтарының ішінде ерекше мекенге басшы болдым.
Кеңшарды қабылдап алғанымда құрамында республикада біренсаран кездесетін экипажында 15 адам жұмыс істейтін, 3 трубасын қосқанда секундына 15 м3 су айдайтын чех насос, кеңес үкіметі шығаратын 30-ға жуық СНП500/10 су насосы, 40-тан аса комбайн, жатка, 50-ден аса доңғалақты және шынжыр табанды трактор, 1500 гектардан астам инженерлік жүйемен тегістелген жер, 3 көше толған үй, орталық машина-трактор шеберханасы, астық қоймасы, тұрғын үй есебінен салынған 10 жылдық мектеп, типтік дәрежеде салынған балабақша, 137 бас ірі қара малы болды.
Осы жылы кеңшар 700 гектардан астам күріш еккен. Мен басшылық еткен тұста кеңшардың 1979 жылғы табыстары үшін Қазақстан компартиясы, Қазақстан министрлер кеңесі, ВЦСПС және Қазақстан ЛКСМның ауыспалы қызыл туы тұрды. Бұл кеңшар ұйымдастырудағы орын алған қиындықтарға қарамастан ауыл еңбеккерлерінің жанкешті ерлікпен қол жеткізген еңбегінің нәтижесі.
Алдымда ауылды басқаруда осы кезге дейінгі кеңшардың қолы жеткен табыстарын жоғалтпай, өндірісті одан әрі дамыту, ол үшін сырттан жұмыс қолын тарту, кадр мәселесін шешуде ішкі мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану, ауылдағы орта мектеп базасында, жастардың арасында мамандық таңдау жиналысын өткізіп, мектеп бітіруші жастарды 2 жыл өндіріске тартып, оларды ынталандыру, басқарудың экономикалық түрін өндіріске енгізу, күрішшілердің күріш өндірудегі білімін көтеру үшін агро оқуды жолға қою, механикаландырылған күріш звеноларын ұйымдастыру, егіншілік мәдениетін көтеру, еңбек өнімін арттыру, жұмысшыларға жағдай жасау, ең бірінші ауыз су мәселесін шешу, тағы басқа көптеген міндет тұрды.
Алдымен ауызсу мәселесін шешуге бағытталған жұмыстарға тоқталайын. 1979 жылдары ауылда 600-ден аса тұрғын, 75 үй, сәйкесінше бұлардың малдары болды. Осының бәріне 2 водовоз, қашықтығы 30 шақырым жер Октябрь ауылынан күніне бірнеше рейс су тасылып тұрды. Кейбір үйде өзіне арналған құдық болса, кейбірі 2-3 үйден қосылып су құятын резервуар жасап алған. Октябрь ауылы бізге су беріп тұруға міндетті емес. Кейде бермей қалған кездерінде, Дүр Оңғар ауылынан 50 шақырым қашықтықтан тасыған кездеріміз болды. Ауызсудың мұндай қиындығы Қазақстанның басқа жерінде, соның ішінде Қызылорда өңірінде бізден басқа жерінде болған емес. Уақыт өте келе бұл қиындықтан шығудың жолдарын іздестіре бастадық. Ауыл маңында ішуге жарамды су іздеу мақсатында 20 скважина қазылған. Судың тұздылығын тексеру үшін сынама алып, оны Москваға апарып су тұщытатын мекемемен жолығып, олардың агрегатының әлі келетінкелмейтінін біліп, агрегатын әкеліп орналастырдық. Алайда пайдасын үш-төрт жыл ғана көрдік. Бір кездері оның да проблемасы шыға бастады. Су тұщығанда мембраналардың арасынан өтіп, оның тұзы тұрып қалады екен. Бір агрегатта шамамен 5000-нан аса мембрана бар, олар екі-үш ай өткенде жарамай қалды. Әлгі қажетті затты Москвадан келіп ауыстыру қымбатқа соға бастады. Сондықтан бұл бөлшекті өзіміз іздей бастадық. Сөйтсек совет өкіметі бойынша тек Иркутск қаласында шығады екен. Бірекі рет сол жақтан алдырғанмен, оның мәнісі қаша бастады. Қайтадан баяғы қалпымызбен Октябрьден су таси бастадық. Бір күні облыстық ауылшаруашылығы басқарамасынан телефон соғып, біздің ауылға ауызсуды зерттеу үшін скважина қазуға бұрғылайтын агрегат жіберілгенін хабарлады. Скважинаны осы кездегі Төлегеннің қасындағы құмшауытқа құрып, қазу кезінде судың шығуына қарай тұздылығын бақылап отыруды өтіндім. Бірнеше күннен кейін 40 метр тереңдік шамасында тұщы су шыққанын хабарлады. Суды зертханаға жіберіп тексерткенімізде, 1 литр судың құрамында 1,75 мг тұз бар екендігі анықталды. Бұл адам тұтынуға болатын тұздың шамасынан 0,25 мг артық деген сөз. Лаж жоқ осы суды екі-үш жыл пайдаландық.
Бірде аудандық партия комитетінің бюросы өтіп, онда облыстық комиссияның қатысуымен елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Осы бюрода облыстан келген комиссия мүшелерінің біреуі баяндама жасады. Сол баяндама бойынша Ленин, Ақжар, Чапаев, ІІІ Интернационал, Энгельс және Октябрь елді мекендері біріккен Октябрь су торабына қосылып, біздің ауыл мен Қармақшы ауылын «Локалды» бөлек өз алдына ауызсумен қамтуды межелегендігін айтты. Жиында мен сөз алып, ауылдың суының ащы екендігін, жақында ғана зертханалық анықтауда судың тұздылығының 1,75 мг болғандығын айттым. Осыдан кейін барып біздің ауылды Октябрь су торабына қосып, ұзындығы 57 шақырым жерден ауылға ауызсу әкелу мәселесін шешті. Осы шешімнің аясында құны 2,5 млн тұратын су құбыры ауылға тартылып, құрылысы 1991 жылы бітті. Өкінішке орай бұл құрылыс социалистік қоғамның нарықтық жағдайға өтуі кезінде өткізуге жауапты мердігерлік ПМК-30 мекемесінің жабылып кетуі салдарынан ұстағанның қолында, тістегеннің аузына түсіп, кәдеге жарамай қалды. Енді ауызсу мәселесін қайтадан көтеруге тура келді. Әрбір басшылармен кездесуде осы мәселені көтере бастадық. Сол кездегі көзі тірі, от ауызды, орақ тілді ақсақалдарымыз Мырзағали Кәрібаев, Мырзағали Сеңгірбаев, Тұрсынбек Сәрсенов, Әкімтай Сержановтар жиналыста елді ауызсумен қамтамасыз етуді, болмаса ауызсуы бар елді мекенге көшіру жөнінде мәселені төтесінен қойды. Осындай ауыл халқының талап етуі нәтижесінде 2003 жылы бұрынғы істеліп кеткен құрылысты тастап, жаңадан су құбырларын тартып, ауылға ауызсу әкелінді. Қазіргі таңда ауылымызда бұл мәселесі толығымен шешілген.
1979 жылы күз және қыс айларында келер жылғы егіс егуге дайындықты бастап та кеттік. 1980 жылы күріш көлемін 700 гектардан 1200 гектарға жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда 500 гектар артық ектік. Сол жылы күріштің әр гектарынан 50 центнерден артық өнім жинасақ, 1982 жылы күріштің көлемін 1600 гектарға ұлғайтып, әр гектардан 58 центнерден өнім алдық. Сөйтіп күріш жинауды ауданда бірінші болып аяқтадық. Осы жылы аудан бойынша өткен сабан той біздің ауылда жоғары дәрежеде тойланды. Жылдың қорытындысымен №2 бригаданың бригадирі Нұрлыбек Рахметовтің еңбегі аудан бойынша жоғары бағаланып, «Волга» жеңіл автокөлігін сыйға алды.
1982 жылы социалистік жарыста ауданның күріш өндіру жөніндегі алыбы ІІІ Интернационал колхозымен (колхоз председателі Цай Ден Хак) жарысқа түсіп, олар 2500 гектар күріш егіп, 100 центнерден мемлекетке сатса, біз 1600 гектар егіп 86 центнерден күріш өткізіп, міндеттемені артығымен орындадық.
Кеңшарда барлық уақытта да жұмысшы қолы жетіспей келді. Күріш егісінің көлемі артуымен бірге бүкіл ауданға берілген көкөніс көлемін, жерлерің тың деген сылтаумен біздің ауылға берді. 1980 жылдан бастап жылына 50-60 гектар көкөніс, 50-60 гектарға дейін бақша егуді аудан басшылығы бізге жүктеді. 1 гектар көкөніске 1 адам, 2 гектар қауынға 1 адам деп есептегенде көкөніс пен бақшаға 90-100 адам керек болды. Облыс басшылығына шығып көкөніс егуге қосымша 200 гектар жерді батыс жағымыздан тегістеттік. Оның ортасында типтік үлгіде балаларға арналған дала қосын салып, еңбек демалысына жабдықтап, 10-15 гектарға дейін көкөніс дақылын мектептің өндіріс бригадасына бекітіп бердік. Алайда ол кезде көкөніс дақылдары өнімін сатып алатын нарық жоқ болды. Егілген 60 гектар көкөністің гектарынан 10 тоннадан жоспарлы өнім жиналғанда, 600 тонна болады.
(Жалғасы келесі санда)
Жақсылық ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері
15 тамыз 2025 ж. 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 261
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031