САҢЛАҚ ШОПАН САХИ
Сәкең алғаш жайлаған «Оңғарбай бұлағы» батыс жағы Қызылдың ірге құмы, Суықбетке қараған беті майда құмақ, түстік беті жазық жалтақа болып келетін, 3 отар қойға жарайтын жайылымы бар жайлы жер еді. Диаметрі 200-дік трубадан атқылаған судың екпінінен алдында адам шыдап тұра алмайтын. Өткен жылдары қазылған жер астының мол суы алдындағы терең ойды толтырғанына місе тұтпай, жылғалар арқылы ауысып, екінші ойды, одан әрі үшінші ойды толтырып жатыр екен сол жылдары. Су жиналған көлдердің ыңғайлы біреуін тоғытпа жасап, ферма малының күзем жүнін алатын қырқым пункті де жасалып еді.
Күзге салым батыс беттегі ірге құмның ішінен бұлақтар қазыла бастап, осы жерлерді Сәкең тұрақты күздеу етті. Осыған орай, бұл жерлер «Сақи бұлақ -1», «Сақи бұлақ -2» атанып кетті де, осы аумақты жайлап, күздеген ол қыс кезінде Қаратереңге жақын жердегі ықтасыны мол, шөбі шүйгін «Әліп тамын» қыстап шығатын.
Қызылқұмның аптап ыстықтарында күндіз көл жиегінің сабатты жерлерінде тынықтырып, малды түнекке жаю, жайылымды күн райына қарай ауыстыра отырып, жерді тың сақтауға дағдылану, судың тереңіне суарып, жаз айларында отардағы малға мұздай су ішкізуге тырысу Сәкеңнің жұмыс тәжірибесінде берік қағидаға айналған. Мал бағудағы осындай жүйелі әрекеттер нәтижесінде қой күйекке күйлі түседі. «Шелді мал – төлді» дегендей, көктемгі өнімнің негізі – күзгі малдың күйінен.
Мал күтімінің жайын зерделей жүріп, Сәкең Қарақұм мен Қызылқұмда мал бағудың басты ерекшеліктерін де саралап қояды. Қарақұмның түні салқын. Шыбын, сона жоқ. Түнімен жайлы жатқан мал ертеңгісін ауылдан көп ұзамай-ақ тойып қалады да, суға ерте қайтады. Қанша таяз дегенмен малды құдықтан қауғамен суарудың өз қиындығы бар. Екіншіден, ылғалы жақын болғасын жайылымда шығатын түр шөптердің молдығы малды тез семіртеді. Алайда терісіне сыймаған майлы құйрық жырылып, құрттап кету жайы жиі кездеседі. Оның үстіне қой қырқымы кезінде қырықтықты дұрыс салмағаннан кесілген тері де шыбын шақырады. Күн сайын түс мезгілінде керолин ұстап мал құрттау шопан отбасының бала-шағасына дейін тындырмайтын жұмыс түрі. Үшіншіден қой жарықтықтың дәмді еті аш қасқырдың тәбетін ашып, шопанның түнгі мал күзетіндегі жұмысы ерекше сақтық шараларын қажет етеді. Қарақұм бетте қасқыр көп, тіпті қоймен жағаласып жүреді десе де болады.
Ал Қызылқұмда жер астынан өз екпінімен ағып, астаудан асып төгіліп жатқан кәріз суы шопандарды қауға тартудан құтқарды. Аса семіз болмаған соң малдың құрттауы да сирек. Бірақ жердің оты Қарақұмдағыдай болмаған соң мал күніне он-он бес шақырым жерді түске дейін және түстен кейін екі мезгіл шарлап қайтады. Малды түнекке жаюдың қажеттігі осыдан туындайды. Яғни, Қызылқұм жайылымында малды жайып семіртудің елеулі қиындықтары бар сияқты.
Осы сияқты жайларды салыстыра келе жағдайдан шығудың жан-жақты жолдарын іздестіре жүретін Сәкең малды аман өсірудің де, одан мол өнім алудың да жөнін тапты. Тәжірибелі шопандар Әбілда Төртбаев, Дәуренбек Оспанов, елуінші жылдардың аяғында журналистер «Дала академигі» атандырып жіберген өз әкесі Ибрай Тоқпанов ақсақалдардың ақыл-кеңесін, өзінің еңбек жолындағы тәжірибесін жадында ұстап, күнделікті тіршілігінде басшылыққа алып отырды.
***
Табиғат тылсымының сырына жастай үңіліп, дала шежіресін әліппесінен жаттап өскен Сәкең үшін жылдың төрт мезгілі төрт бөлек роман. Роман болғанда, қайталап оқыған сайын жаңа қыры ашыла беретін, өте шебер жазушы жазып кеткен иірімдері терең роман. Үздіксіз оқи бермесең болмайтын күрделі роман. Және бір-бірімен тұтаса, сабақтаса жалғасып жатқан сыры терең, тұңғиық роман. Бұл романдардың біреуін оқып, екіншісін оқымаған адам малды жайып семіртудің сырын толық меңгердім деп айтпаса да болады. Себебі табиғат сырын ұғынып, жыл мезгілдерінің райына сай өз жұмысын үйлестіре алмаған малшы нәтижелі өнім көрсете алмасы хақ.
Қой шаруашылығын өркендету ісінің тағдыры ең алдымен отарлардағы шопан кадрлардың қолында. Істің нәтижелі болуы солардың біліктілігі мен тәжірибесіне, еңбекшілдігіне, ең бастысы төзімділігіне тікелей байланысты. Осыны терең түсінген Сәкең әлгі романдардан оқығанын өзінше түйіндеп, қысқаша мазмұнын көкейіне кәніспектілеп те қойған:
«Емшек сүті сатулы» дегендей, жер құнарын, жайылым мәселесін әсте естен шығаруға болмайды. Қыстан қысылып шыққан мал көктемгі мажырасын шақта ерте піскен дәмбілшеге мұрнын тыққан баладай ессіз жайылады. Өткен жылдан қалған шүйгін шөптер қар суымен былбырап, жана шығып келе жатқан балғын шөппен араласып, жақсы құнар береді. Мұның өзі саулықтың ішіндегі өсіп келе жатқан төлінің ертеңгі күні сапалы қаракөл болуына, тірі сақталғандарының тез жетіліп, түрлі аурулар мен індеттерге төзімді болуына негіз қалайды. Бұны бір деңіз.
Жазғытұрым әлі пісіп жетілмеген тұзсыз шөптерге қосымша малға тұз жалатып отыру керек. Тұз жалатпаған мал, әсіресе жас төлдер күл, топырақ жалап маңқасы шығып, не болмаса жеңіл желпі ауруларға қол бергіш болады. Алдағы жаздың ыстық күндеріне шыдас бермей, тез беріліп, қоңынан айырылып қалады. Бұл – екі.
Жаз жайлы мезгіл дегенімізбен күннің ыстығында малдың қоң жинауы оңай емес. Жайылым мезгілі мен өріс жайын күн сайын ауа райының ыңғайына қарай белгілей білу керек. Түс мезгілінде бұлақ суынан жиналған көлдердің жағасынан жайлы, сабат жер қарастырып, соған жатқызып үйрету керек.
Күз айы малды жайып семіртуде ең қолайлы мезгіл боп есептеледі. Жер бетіне шыққан шөптердің бәрі піскен уақыт бұл. Бұл мезгілде жайылымды жұрыс ұйымдастырудың мәні зор. Қай жерде сораң, ермене жусан сияқты ащы шөп бар, қай жерде тұщы шөп мол, сол жерлерге кезектестіре қақпалай жайып отыру малдың тез қоңдануына әкеледі.
Қыстың алғашқы суықтарында семіз қойларды жабық бастырыққа қамау – ыстық қорада еті бусанып малдың қышынуына әкеп соғады. Сондықтан ашық қора мен жабық бастырмаларды қалай пайдалануды күн райына қарай шопан өзі реттеп отыруы керек.
Осы сияқты мезгіл сырын ұғыну арқылы малды жұтатпай бір мезгілден келесі мезгілге өтіп отыруды тиімді ұйымдастыру жақсы нәтижеге жеткізерін түсінген ол малды уақытылы қырқу, жаз айларында уақытылы тоғытпадан өткізіп отыру сияқты жұмыстарға аса мән беріп, ұқыппен қарады.
Нәтиже жаман болған жоқ. Қызылды игерудің үшінші жылында, яғни 1967 жылы қарамағындағы саулықтың әр жүзінен 175-тен төл келтіремін деген міндеттемесін асыра орындап, 180-нен төл алды. Бұл әрине қаракөл қойы өнімінің ең жоғарғы көрсеткіші еді.
Ал 1968 жылғы әр жүз аналықтан 182-ден төл келтіріп, 1974 жылға дейін осы көрсеткішті жыл сайын 175-180 аралығында үздіксіз ұстап тұруы облыс бойынша ешкім қол жеткізе алмаған үздік жетістік болды.
Тәжірибелі шопанның осындай ерен еңбегі ескеріліп, 1970 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері» атағына ие болды. Москва қаласындағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, көрменің күміс медалін тақты. Әр жылдарда алған мемлекеттік медальдарынан бөлек 1971 және 1974 жылдары Еңбек Қызыл Ту орденін екі рет иеленді. Ауданда жыл сайын өтетін малшылар слетінің төрінен орын алып, слетке қатысушылардың құрметі мен ілтипатына бөленіп жүрді.
Қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, оның бірсыпырасын айтып та қойған сияқтымыз. 1940 жылдың басында Дауылкөл жерінде дүниеге келген. Сталин колхозындағы жетіжылдық мектепте оқып, білім алған. 1957 жылы әке таяғын қабылдап, шопан болардың алдында мал шаруашылығы кадрларын даярлаудың 1 айлық курсында оқығаны бар. Бары осы. Қалған білімді өмір мектебінен алды десек, қателеспеспіз.
«Көршінің қызы керемет еді» деп түйекеш Төребай ақсақалдың өзімен қатар Кенжегүл атты қызына ықыласы ауды. Жас сұлудың да ниеті бөлек емес екен, бұл шаруа оңынан бітіп, 19 жасында отау көтерді. Әке таяғына да иелік етті.
Ұлы Нағымедулла-Нәкебай мен келіні Данагүлден Бекарыс, Ақарыс, Бекмырза, Ақділда сияқты немерелер көріп, барлығының ат-есімдерін өзі қойды. Жеңгеміз Кенжегүлдің сәл ертерек кеткені болмаса, ұрпағымен бақытты өмір сүрді. Сексеннің сеңгірі көрінгенше «еңбек» деп аталатын аса мәртебелі ұғымды ұрпақ бойына сіңіруге жұмыс жасады. Немерелерінің ат жалын тартып мінгенін қуаныш етті. Шөберенің алақанынан су ішті. Өзі барлық басы жұмыр пенделерше Алланың қалауымен, ата-аналары кеткен ізге түсіп, арамыздан алыстап барады.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі