» » Көнеден жеткен Алтын асар

Көнеден жеткен Алтын асар

Ескерткіштер - әрбір халықтың өшпес қазынасы, кең мағынада халықтың, елдің мұрасының жалпылама атауы. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштер төмендегідей бөлінеді: олар археологиялық, тарихи, сәулет өнер, монументтік (мүсін) өнер құрылысы, ансамбльдер мен кешендер, киелі объектілер. Археологиялық ескерткіштерге қалашықтар мен қалалар, ежелгі қоныстар қалдықтары, обалар мен салт-дәстүрлік құрылыстар, тасқа, үңгірге қашалған жазулар, тағы басқалар жатады.
Алтын асар – Қазақстандағы көне қорған-қалалардың орны. Әлемдік деңгейдегі Жетіасар мәдениетіне жататын Алтынасар қалашығы еліміздегі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Алғаш рет 1948 жылы Хорезм этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.Толстов) зерттеген. Ежелгі аты белгісіз. Шамамен біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтың соңы – біздің заманымыздың IV-V ғасырларына жатады.
Археологиялық зерттеулер бойынша қалашық 17 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда негізі тұрғын үйлер көп болған деседі. Қала тұрғындары егін, мал шаруашылығымен айналысқан. Алтын асар маңында елуден астам қорым бар, олар әдетте әр кезеңдегі қорғандарды қамтиды. Қалашық С.Толстовтың жетіасарлық ескерткіштерді жіктеуіндегі үшінші топқа жататын мықты бекіністі, бірнеше құрылысы бар ірі нысан болып табылады.
Алтын асар – қисық трапеция пішіндес, төрт қорғаннан тұратын кешен. Аталған төрт қорғанның «үлкен үй» спираль пішіндес, жоспарлы болып келеді. Көлемі – 165х165 метр, биіктігі 15 метр, мұндай жоспармен салынған қорған қамал жетіасардан тыс, басқа ескерткіштерде әзірге кездеспейді. Осы кешендегі «кіші үйдің» құрылысы цилиндр пішіндес: биіктігі 10 метр, диамертрі шамамен 30 метрді құрайды. Шамамен 6 метр биіктікте ғимаратты айналдыра жіңішке дәліз-пандус салынған. Алтын асардан табылған көптеген заттар шаруашылықтың түрлерін, үйдегі әртүрлі қолөнердің дамуын аңғаруға мүмкіндік береді. Диірмен тастары мен дән үккіштердің көп болуы ұн тартып, нан пісірілгендігін көрсетеді. Мал түліктерінен сиыр, жылқы, түйе, ұсақ малдарды ұстаған.
Сыр бойының халқымыздың тарихындағы орны жөнінде тебірене сөз маржандарын терген филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбеков «Қазақ ұлт болып осы өлкеде ұйысты. Скиф, сақ дәуірінен кешегі хандық заманына дейінгі қалаларымыздың, астана-ордаларымыздың құт-мекені» деп тұжырымдайды. Ғасырлар қойнауынан жеткен, бүтін халықтар мен мемлекеттердің гүлденуі мен құлдырау кезеңдерін басынан өткерген, тарихтың бізге беймәлім сырлары тұнған бұл мұралар, өткен шақтың тілсіз куәгерлері болып қала бермек.
Г.БАЙКУБЕКОВА,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар
үйінің ескерткіштер маманы
21 қаңтар 2024 ж. 2 302 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 188

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 145

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 305

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930