Тағдыр тауқыметін тартқан тұлға
qarmaqshy-tany.kz Бұл мақаланың жазылуына мына жағдай түрткі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында шыққан «Саяси қуғынсүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес, Атырау облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрамында 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық тұтқындарды, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі» жұмыс тобының Атырау облысы бойынша жетекшісі ретінде аталған мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына жиі мақалалар жазып тұратын едім. Зерттеу бағыты мен тақырыбына қатысты «Егемен Қазақстан» газетіне «Түркістан комитетіндегі қазақтар» (22.11.2023 ж.) атты мақалам жарияланған болатын. Осы мақаланы оқыған Әділ Үсенұлы ұялы телефонмен хабарласқаны. Мақаладағы кейіпкер Үсен Қошалақовтың ұрпағы екендігін айтқанда абдырып қалғаным рас. Мен ол кісінің лагерьден елге аманесен келгені жөнінде білмеуші едім.
Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі.
Сондай тұлғалардың бірі – сонау екінші дүниежүзілік соғыстың тұтқыны, «аты шулы» Түркістан Ұлттық комитетінде қызмет еткен Үсен Қошалақов туралы 2006 жылы алғаш рет «Алмагүл» мөлтек ауданында көрші үйде тұратын ақсақал Ғайпен Бейісовтен естіген едім. Ғайпен ақсақал 1954 жылы Жезқазған лагерінде Үсен ағамызбен бірге жазасын өтеген. Ғ.Бейісов те екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Түркістан легионының қатарында болған. Ақсақалдың әңгімесін тыңдау үшін жұмыстан кейін кешкі уақытта үйіне барып тұратынмын. Көп қиыншылықты бастан кешірген қарияның есте сақтау жадысына таңғалмасқа болмайтын. Легион, Түркістан комитеті, онда қызмет еткен тұлғалар туралы әңгімелерін естіп, түртіп алып жүрдім.
Соғыстан оралған соң НКВД-ның құрығына ілініп, «сатқын» атағын иемденіп сотталған. Кеңестік лагерьде қандай жайсаң азаматтар азап шегіп, о дүниелік болды деп өкініп отырушы еді жарықтық. Сондай кешкі бір әңгіме үстінде мен саған өзіммен бірге азап лагерінде қапаста отырған азаматтар туралы айтып берейін деді. Көп күрсінткен күрең жылдар Ғайпекеңнің жадынан қалай өшсін?
Соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шеккендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Сондай тұтқындардың бірі соғыс жылдарында Түркістан легионы қатарында болған атыраулық Ғайпен Бейісов болатын.
Ғайпен Бейісов 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидаттықа қабылданып, Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы Қызыл армия қатарына алынып, 15 қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймыққан неміс-фашистері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған Ғ.Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1-б бабына сәйкес «сатқын» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прокуратурасының №12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қорытындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінде сақталған 1941 жылы соғыс алдында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні бақиға озды.
Ендігі кезекте Ғайпекеңнің кейіпкеріне тоқталсақ.
Үсен Қошалақовтың 1967 жылдың 5 мамыр күні өз қолымен толтырған автобиографиясынан қанық болатынымыз. Бұл құжат баласы, Қармақшы ауданы мәслихатының төрағасы Әділ Қошалақовтың қолында.
Қарапайым шаруа жанұясында 1917 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №1 ауыл Кентүпте дүниеге келген. 1936 жылы орта мектепті бітіріп, Абай атындағы ҚазПИдің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Елде кадр тапшылығына байланысты 1939 жылдың қазан айында Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариатының шешімімен соңғы курс студенті, жас маманды Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласындағы педагогикалық училищесіне директор етіп тағайындайды. 1940 жылы тамыз айында мемлекеттік емтихандарды тапсырып, дипломын алып, жұмысын жалғастырады. Қарашада Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясы (РККА) қатарына шақырылды. Соғыс басталар алдында саяси жетекшілер курсында оқыды. 1941 жылдың қыркүйегінде қоршауда қалып, немісфашистерінің тұтқынына түскен. 1945 жылы маусым айында Қызыл армия қатарына қайта алынып, сол жылдың 25 қазан айында армия қатарынан босап, елге оралады. 1946 жылдың 1 ақпаны мен 16 шілде аралығында Қармақшы поселкесіндегі Молотов атындағы қазақ орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 16 шілде күні Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МГБ) тарапынан тұтқынға алынып, 25 жылға сотталғанын жазған. 1955 жылдың 17 қыркүйегіндегі КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезінде басқыншылармен қарым-қатынаста болған кеңес азаматтарына рақымшылық жасау жөніндегі» қаулысына сәйкес 1956 жылдың наурызында лагерьден босатылып, 39 жасында елге оралған. 1956 жылдың тамызынан 1966 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қармақшыдағы жұмысшы жастардың кешкі мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. Қыркүйек айынан №105 М.Калинин атындағы қазақ орта мектебінде мамандығы бойынша жұмыс жасап жатқандығын, жанұясында 4 баласы барын, үлкені 8 жаста, ең кішісі 6 айлық екендігін атап өтеді.
...РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-1- бабы «Отанын сатқан сатқын» тармағымен сотталған, соғыстан кейін тағдырлары талайлы екі азаматты өмір жолы тағы да кездестіреді. Кездескен лагері – КСРО көлеміндегі мың сан лагерьлердің ішінде аты аталғанда үрей туғызатын ең қандысы, қорқыныштысы «Степлаг» («Дала лагері»). Оның бөлімшесі «Рудник-Жезқазған» лагері болатын. Үш жылдан артық Сібір лагерінде жазасын өтеп, айдаумен келген Ғ.Бейісов Үсен Қошалақовпен лагерьде алғашқы кездескенін былайша әңгімелейді.
«...Берлиндегі Түркістан комитетінде бірге істеген Үсен Қошалақов пен Артур Қалдыбаев мені демалыс күні іздеп келді. Ү.Қошалақов білімі жоғары, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының түлегі. Өзінің негізі қызылордалық. Үсен ағаймен Берлинде жүргенде ағалы-інілі болып жүрсек, бұл жерде туыстардай болып кеттік» деп еске алды.
...Немістер 1942 жылдың сәуір айынан бастап, бүкіл Германия жеріндегі орналасқан концлагерьлерден соғыс тұтқындарын Берлинге жинақтады. Оларды екі айдай карантиннен өткізіп, сұрыпталып шыққасын екі топқа бөлді. Бір тобына әскери лауазым беріп офицерлер формасын киіндірді. Ал екінші топты цебиль (азаматтық) күйінде қалдырды. Ол топта Үсен Қошалақов, Қарыс Қанатбаев, Мәулекеш Қайбалдин, Мәжит Айтбаев, Оразаев, Саттар Алмамбетов болды. Осы кезеңде Ү.Қошалақов Берлиндегі Түркістан Ұлттық комитетінде қызмет атқарады.
Соғыс жылдарында Германияда құрылған «Алаш» отрядының командирі Ә.Ағаевтың күнделігінде «1943 жылдың наурыз айында төмендегі мазмұндағы талап материалдар жасақталды: Қазақ легиондары мен олардың газеттері мен журналдарын сондай-ақ олардың комитетін Түркістан комитетінен бөлу мәселесі. Сонымен қатар, «Өзбектер мен қазақтардың тілдері, психологиясы, әдет-ғұрыптары екі жыл ішінде біртұтас болып қайта құрылуы керек» деген сұрақтар бойынша қарсы сын жазылды, ол мүмкін емес нәрселер – бос «қиял». Осы материалдардың нәтижелерін білу үшін маусым айында мен Берлин қаласына бардым және неміс армиясының Бас қолбасшысымен осы мәселе бойынша әңгіме болды, бірақ соңғысы келіспеді. Мен осыдан кейін Шығыс істері министрімен сөйлесуді көздедім, оны сыртқы істер министрлігінде екі күн күттім, ол іс сапарға бір жерге кеткен болып шықты. Осыдан кейін, үш күн бойы Түркістан Президенті Вели Каюмханмен әңгімелестім, ол да аталған мәселеге қарсы болды. Сондайақ, Каюмханның алдына Түркістан комитеті аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлерді, қазақ зиялылары – Қарыс Қанатбаевты, Үсен Қошалақовты, Мәжит Айтбаевты, Хакім Тыныбековті, Мәулекеш Қайбалдиндерді кемсіту туралы мәселе қойылды. Алайда, Каюмхан жоғарыда аталған қызметкерлерді кемсітіп, қорлауды жоққа шығарды. Осы әңгіме нәтижесінде Каюмхан барлық қажетті жағдайларды жасаймын деп уәде беріп, газеттер мен журналдардың 80 пайызын қазақ тілінде шығаруға уәде берді» деп жазды.
Кейін Каюмханның жүргізген саясатына келіспеген қазақтардың «өтініші» бойынша Берлинде неміс басшылығының қолдауымен «Түркістан Ұлттық комиссия комитеті» құрылды. Кезінде Түркістанның ІІ комитеті оның қалай құрылуы туралы сол комитеттің насихат бөлімін басқарған, Берлиннен таныс Үсен Қошалақтан естідім деді Ғайпекең.
Құрылған «Түркістан Ұлттық комиссия комитетінің» жеті кісіден құрамы белгіленді.
Олар:
1. Президент Қарыс Қанатбаев – ұлты қазақ, кеңес офицері, кәсібі – тау-кен инженері.
2. Ахмет Әмірханов – Президент орынбасары, ұлты қазақ.
3. Бақыт Әбитов – ұлты қазақ, Әскери бөлімнің бастығы.
4. Бұрханов – ұлты қазақ, Бас хатшы.
5. Үсен Қошалақов – ұлты қазақ, Насихат бөлімі, кәсібі – оқытушы.
6. Тоқтанаров – ұлты қырғыз, комитет мүшесі.
7. Қырым татары Ұлттар бөлімінің бастығы. Ғ.Бейісов бұл кісінің аты-жөнін есіне түсіре алмады.
Үсен Қошалақов 1946 жылы тұтқындалып, бір жылдан артық Алматы қаласындағы ішкі түрмесінде жатқан. Түркістан комитетінің 49 қызметкеріне Түркістан әскери округінің трибуналы он күн сот процесін жүргізді. Алматыдағы Қазақ КСР КГБ үйінде. Сот процесінде 49 кісінің 11-іне ату үкімі шығарылды, 4-еуіне 25 жыл, 25-іне 20 жылдан, қалған 9-ына 10-15 жылдан үкім шығарылды. Атылуға кесілген 11 адамның ішінде Үсен Қошалақов та бар болатын. 1947 жылдың маусымында КСРО Жоғары Кеңесінің «Атылу жазасы барлық Одақ бойынша тоқтатылсын» деген Жарлығы шығарылып, атуды 25 жылға ауыстырды. Атылуға бұйырылған Артур Қалдыбаев та, Үсен Қошалақов та, Хакім Тыныбеков те, Нұрқан Сейітов те – шын мәнінде легионда болған жігіттердің арасында неміске қарсы іріткі жүргізді. Осылардың үгітінің арқасында 1-інші, 2-інші, 3-інші, 7-інші, Түркістан легионы батальондардың көптеген адамдары Кеңес жағына өтіп кетті. Бұл сол 49- дың бірі, жазушы Хамза Абдуллиннің естелігі.
«Степлагта» жүріп Үсен Қошалақовтың бұл процесс туралы Ғайпекеңдерге айтқаны: «Адам өз кінәсін мойындап, өзін кінәлімін деп тапса, өз мойынына алып төзу керек екендігін түсінсе, ату да, асу да әсер ете алмайды. Оның шет жағасын сен бала басқадан гөрі жақсы білесің, – деп маған қарады. Мен КГБ-нің ату жазасын күтіп жатсам. Сен «СС» гестапосының ату жазасын күтіп жаттың. Оны мен білемін. Сенің сол азабыңды тергеушіге өткізе алдың ба, ол жағы белгісіз. Ай, өткізе алмаған боларсың. Егер өткізген болсаң сотталмауға тиісті едің. Сенімен бірге атуда отырған ақын Хамза Абдуллин тергеушіге тыңдата алмады. Ол сотта айтып көріп еді. «Протоколда жоқ» деп сөйлетпей тастағанның куәсі болдым. Егер сот алдында, тергеуші алдында өз жауапкершілігіңді түсінсең бойыңда қажырқайратың сомдалып сені сақтай алады. Өйткені сен «үрейге» берілмейсің. Өзіңді тергеушіден жоғары санайсың. Мен сот процесі кезінде өзіме қараған жоқпын. Сотталып жатқан Түркістан жігіттеріне қарап байқаумен отырдым. Ешқайсысы қайғырған, мойыған түрлерін байқатқан жоқ. Осалдық көрсетпеу жағын ойлап отырғандарын байқатты. Ешқайсысының бетінен мұң, кейістік, қорғансыздық байқай алмадым. Мен осыған разы болдым. 49-дың сот процесі Түркістан түріктерінің ұлттық күресін баяндап бер десе, тап осы процестей ешкім айтып суреттеп бере алмаған болар еді. Сот ашамыз деп жүріп трибунал Кеңестің өмір бойы халықтан жасырып келе жатқан құпиясын айнадай ашып берді. Түркістан қозғалысы, оның көсемі Мұстафа бек Шоқай құпия болудан қалды. Жалпы әлемге ашық әшкере болып шықты. Бұл ашылуды кеңес өзі білген емес. Білсе ашық процесс жасамаған болар еді. Мен бұл процесті жеңіліс емес, жеңіс деп түсінемін. Біз жеңдік, бұдан былай Түркістан ұлттық күресін құпиялықтан әлем аренасына шықты деп есептеймін. Сіздер білу үшін мен сіздерге 49-дың кімдер екенін таныстырып кетейін. 49-дың ішінде комитетшіктер небәры 4-5 кісі. Қалғандары көшеден ұстап әкелген сияқты еш уақытта комитетте болмағандар. Тіпті саясаттан хабарсыз, жай легионерлер. Көшеден ұстап әкеліп 49-ға толтыруды мақсат етіп, тергеушілер тағы бір рет ең қауіпті Түркістанның ұясын таптық деп үкіметті алдады. Көсеміміз Мұстафа бек Шоқай өз күресін біздерге эстафета ретінде тапсырып кеткен. Біздер де жаман орындаған жоқпыз, көсеміміздің еңбегін ақтадық дегім келеді. Мен сол эстафетаны кейінгі жастардың басы, басшысы саған тапсырып кетем. Сол үшін сенің миыңа білгенімді құя берем. Сен кімге тапсырасың оны өзің білесің». Неге мен саған айтып кетемін, оған түсінуге тиістісің. Менің срогімнің бітуіне 23 жыл бар. Оған дейін мен боламын ба, болмаймын ба?.. Болсам ешкімге керексіз қария болып, қолымнан еш нәрсе келмейтін боламын. Ал сен болсаң жассың, оның үстіне срогіңнің жартысына жақынын отырып тастадың. Сенің бостандыққа шығатын мүмкіндігің бар. Сол уақытта сендер сияқтылар Мұстафа бектің эстафетасын жалғастыратын боласыңдар».
Кейін бұл әңгіме туралы Ғайпен Бейісов мен осынау каторжниктің жыртық бушлатының ішінде соғып тұрған қажымаған қайсар жүректің барына күмәнім болмады деп жазды. Біздің қосарымыз 49-дің процесі туралы құжаттар архив қорында күні бүгінге дейін «өте құпия» грифі алынбай, сақталуда.
Кететін уақыттары жақындап қалды. Әңгіме қысқарсын деп Түркістан комитетінің ақыны Қази Қазыбековтің есімде қалған өлеңінен үзіндісін оқып бердім. Үсен ағай өлеңді есіткенде өзгерді де кетті.
– Қази ақынды білемін, білгенде жақсы білемін. Мен оны әскери стратег деп естіп едім. Оның ақын екенін білмейтін едім. Соңғы жылдары «Институт гемайншафтыда» «СС» полковнигі формасында көрдім. Қанатбаевқа келіп-кетіп жүретінін көретінмін. Сен өзің Түркістанның ОКВ-дағы насихатшысы едің. Шынында насихатшы екенсің ғой. Мен сенің тап осындай екеніңді білмеуші едім. Бұл сенің өзіңнің өлеңің болмаса да қазір керек жерінде айтылып тұр. Мен өлі жан едім, өлген адам едім. Менің жүйеме қан құйдың. Түркістан ұлттық қанын құйдың. Мен тірілдім, маған жан бітірдің, осынау үш ауыз өлеңнің құдіретін түсінейікші. Сағынған сағыныштың, қан жұтқан қасіреттің, қайсар батылдықтың, қайтпас төзімділіктің, күрескер ерліктің, күтілген үміттің жуан кіндігі. Өлең-ұран, өлеңтрибун? – деп бір заматта бұтарлады да тастады.
Артур ағай таңданғанын жасырмады: – Батыр-ау, Үсеке! Сыншылдығың да бар екен ғой, – деді. Үсекең Ғайпен інісінің Берлинде тірі қалуына қандай себептер болғандығы туралы әңгімесін былайша өрбіткен:
«Гестапо бұл төртеуді (Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев – А.А.) Түркістан комитетіне хабарлаған болса керек. Хабарламаса Вели Каюмхан араласпайды ғой. Баймұрза Һайт пен Вели Каюмхан қолын қойған төртеудің атылуына келісімін берген құжат гестапоға жөнелтіліпті деген хабарды әуелі Мәжит Айтбаев естіп дабыл қағады. Ол Хакім Тыныбековке, Мәулекеш Қайбалдинге хабарлайды. Үшеуі қолынан келгенше бар тірліктерін көрсетіп бағады. Вели Каюмханның ғылыми хатшысы Фрау Людерзинге барып сұрайды. Фрау Людерзин құжаттың кеткенін растайды. Осы кезде Түркістанның екінші комитеті «Түркістан ұлттық комиссиясы» атанып жұмыс жасап жатқан мезгілі екен. Президент Қарес Қанатбаевқа барады. Таңертеңгі мезгіл еді. Мен Қанатбаевтың бөлмесінде отыр едім. Комитеттің үгіт-насихат радио торабының бөлім меңгерушісі едім. Мәжит, Мәулекеш, Хакім үшеуі кіріп келді. Жүрістері суыт, өздері үрейлі көрінді. Келген шаруаларын менен құпия қылып жасырған жоқ. Өзіміздің адамымыз деп санады. Мен де оларға қосылып кеттім. Біздер енді төртеу болдық. Қанатбаев Вели Каюмхан емес қой бірден іске кірісіп кетті. Сол жерде құжат жазып, қол қойып, гестапоға жолдады. Хатта «атылмасын, дереу комитеттің қарауына жіберілсін» деген құжат жіберіледі. Трибунал үкімі шығып болғаннан кейін, гестапо түрмесінен ату жазасын алғандарды босатып жіберу мүмкін емес. Меніңше, төртеуіңнің тірі қалуларыңа Қанатбаевтың хатының көмегі тиген болар» деп қорытындылады дейді Ғайпен ақсақал.
Тағдырдың қатал тауқыметін тартқан тұлға Үсен Қошалақов 1989 жылы 72 жасында қайтыс болды.
Адам көтермес азапты бастан кешіп лагерьден оралған Үсен ағамыз Мәдина Толыбековамен (анамыз Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, атақты экономист, э.ғ.д., профессор С.Е.Толыбековтың қарындасы) бас қосып, өмірге Шәміл (1959), Нәдір (1961), Темір (1965), Әділ (1966), Қадір (1969) атты ұлдар келді. Өмір жалғасын тапты. Мәдина анамыз мектепте ұстаздық қызмет етіп, алтын асықтай ұлдарына ұлағатты тәлімтәрбие беріп, 2009 жылы фәниден бақиға аттанды.
Азап лагерінде жүріп туыстай болып кеткен Үсен ағасының орнын 2004 жылы Ғайпекең іздеп барып, қабіріне барып, дұға қылған. Бейіт басында ақсақал көз жасына ерік беріп, егілген екен. Сонау сұрапыл жылдары өзін өлім ауызынан алып қалған азаматпен көзі тірісінде кездесе алмай, оның алдындағы азаматтық парызын осылайша білдірді ме екен?!... Ол тек бір Аллаға ғана, қала берді Ғайпекеңе ғана аян...
Үсен ақсақалдың ұрпағы, Қармақшы аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ бауырымыздың алдағы арманы әкесінің ақталғаны жөніндегі құжат алу. Ол әзірше орындалмас арманға айналып тұрғаны өкінішті-ақ...
Түйін. Өмірі азапты күндер мен қайғылы түндерді бастан кешіріп, болаттай берік, қорғасындай мықтылықта, таусылмас төзімділікте өткен Түркістан легионерлерінің бірі – қайтпас қайсар тұлға Үсен Қошалақов туралы естелік міне осындай еді.
Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен Кеңес жауынгерлері өмірі мен ерен ерліктерін, мұңы мен қайғы-қасіреттерін, жан күйзелістері мен үміт-армандарын өздерімен бақиға ала кетті. Олардың көпшілігі өлеөлгенше өз елдерінде майдангер ретінде ардақталмай, бұйығы өмір кешіп, өмірден озды. Кейінгі ұрпақ оларға мәңгілік қарыздар екендігін естен шығармай, олардың ауыр тағдырына мінәжат етіп, бастарын иіп өтсе, азаматтық парыздарын өтегендік болған болар еді-ау.
ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шеккен тұтқындарын саяси ақтайтын мезгіл жетті.
Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың көбі мына дүниеде жоқ. Оларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, қазақ халқының тұтастығы үшін, болашақ үшін керек.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік Ел»
ғылымизерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор