» » Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Қызылордада 4038 отбасы қуғынға ұшыраған

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Қызылордада 4038 отбасы қуғынға ұшыраған




Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті. Жиынға өңірлік комиссия және облыстық жұмысшы тобының мүшелері, онлайн форматта қала және аудандық жұмысшы топ мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Өңірлік комиссия және жұмысшы топ мүшелерімен облыс көлеміндегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар жерленген жерлерді анықтау, жазықсыз сотталған және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары туралы облыстық мәслихат хатшысы, республикалық комиссия мүшесі Наурызбай Байқадамов баяндап берді. Ал, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, өңірлік комиссия хатшысы Мира Қазбекова тізбектеді.
Аймақ басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында біршама жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етіп, алдағы міндеттерді айқындады.
«Қазақ халқының асылдарын қынадай қырған нәубет – саяси қуғын-сүргін Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі біршама жұмыстар жүргізілді, осы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табуы қажет», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Наурызбай Байқадамов баяндамасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тобы бүгінде құпия қорлармен жұмыс істеп, көптеген материалдарға қол жеткізгенін атап өтіп, ғалымдар мен зерттеушілердің пайым-пікірлері негізінде ортақ ойды ортаға салды. Мәселен, Қызылорда облысының Полиция департаменті мұрағатында жалпы саны 3 қор бойынша 4669 тұлғаға қатысты, 3016 дана қылмыстық іс бар, сақтау бірлігі 6058 дананы құрайды.
Жұмыс барысында ХХ ғасырдың өң бойында өткен ұлт-азаттық қозғалыс және саяси қуғын-сүргін құрбандарын, күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылар бойынша құжаттарды анықтау, соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындар қатарынан құрылған Түркістан легионы сарбаздарының істері негізінде ақталмаған азаматтарды ақтау бойынша ұсыныстар әзірленуде.
Басқарма басшысы Мира Қазбекованың айтуынша, бүгінге дейін өңірлік комиссия және жұмысшы топтың 4 отырысы өткізілген. Қазіргі таңда комиссия және жұмысшы топ құрамына енгізілген ғалымдар бекітілген кестеге сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелер мен облыстық архивте әр сәрсенбі және бейсенбі күндері мұрағаттарда сақтаулы тұрған құпия құжаттармен айналысуда.
Жұмысшы топ мүшелерінің, ғалымдардың тиімді әрі нәтижелі жұмыс жүргізуі үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығы жанынан және облыс орталығындағы мұрағаттарда, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың базасында арнайы жұмыс бөлмелері белгіленген.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын жандандыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасына бірқатар тапсырма жүктеді.
«Республикалық комиссия тарапынан енгізілген ұсыныстар хаттамалық тапсырмаға енгізілсін және облыстық жұмысшы топ мүшелерінің зерттеген материалдары мен тың жазбалары туралы жинақ шығаруға қажетті қаржы ұсыныстарын берсін. 2022 жылға арналған жұмысшы топ құрамын қайта қарап, мәдениет, архив және музей саласының мамандарын қосуды қамтамасыз ету қажет. Саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы тобының жұмыстарын 2022 жылы ақпараттандыруға арналған кешенді медиа-жоспар әзірлеп, бекітуге ұсыныңыздар», – деді Г.Әбдіқалықова.
Сонымен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына облыс көлеміндегі архивтердегі саяси қуғын-сүргін құрбандар туралы құжаттарға қосымша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық жұмысшы тобымен бірлесіп талдау тапсырылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жаппай жерленген жерлеріне белгі қою, саяси қуғын-сүргін кезіндегі халық үшін күрескен батырлар мен қоғам қайраткерлері туралы арнайы ақпараттық кітапшалар әзірлеу міндеттелді.
Ал, облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер департаментіне саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жабық архив қорларындағы құжаттарды жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал жасау жүктелді.
Жиын соңында облыс әкімі қала және аудан әкімдіктері аудандық жұмысшы топтардың атқарған жұмыстары туралы ақпараттарды 2021 жылдың желтоқсан айының 15-не дейін облыстық ішкі саясат басқармасына енгізіп, Қала және аудан көлемінде жаппай жерленген жерлерге белгі қою жұмыстарын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, ұсыныстар беруді тапсырды.


25 қараша 2021 ж. 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031