» » Мәдірайым ишан

Мәдірайым ишан

qarmaqshy-tany.kz Ауданға қарасты бұрынғы Ленин атындағы кеңшардың маңындағы «Ақтайлақ» деген жерде, руы жағынан Бақсайыс қожа Сойырғасұлы Құлмағанбет деген кісі өмір сүреді. Ол кісі 1840 жылы туып, 1911 жылы қайтыс болған.
Құлмағанбет мұсылманша діни оқуды көп оқыған, өте сауатты, адам емдеп, дәрігерлікпен айналысқан, мешіт ұстап, бала оқытқан. Сондықтан, осы төңіректегі жұртшылықтың арасында өте беделді болып, халық қатты қадірлеген кісі екен. Ол төре руының қызына үйленеді. Сөйтіп, сол әйелінен 1860 жылы ұл балалы болып, оның атын Мәдірайым деп қояды.
Мәдірайым есін біле бастағаннан ерекше қабілет танытып, өзінің зеректігімен, ақылдылығымен бүкіл елге, көрші-қолаңға белгілі бола бастайды. Баласының осындай қабілетіне сүйсінген әке іштей риза болып, сол кезде-ақ өзінің «Мәдірайымым үлкен ишан болады» деп ой түйген.
Мәдірайым он жастың шамасында әкесінен:
– Көке, оқимын, мені оқытыңызшы, – деп айтумен болады.
Құлмағанбет зерек баласының оқығанын құп көргенімен, қолынан шығаруға қимайды.
Бірақ Мәдірайым да ауыл молдасынан арабша сауат ашып, хат танып алғаннан кейін Бұхарадағы медресеге барып, діни оқуды жалғастыруды армандауды қоймайды.
Құлмағанбет ақсақал қонақжайлы кісі болғандықтан сол кездегі ескі жолмен жүретін Бұқара-Ресей арасындағы жүргіншілер, әртүрлі саудагерлер оның үйіне қонып, түстеніп кететін болған.
Мәдірайым отбасын, әке-шешесін мазалап оқимын, Бұқараға кетемін деп жүргенде жасы он екіге келеді. Енді ол өз арманын жүзеге асыруға бел буа кіріседі. Сөйтіп жүргенде бір күні ауыл арқылы өткен керуенге ілесіп үйінен жасырынып оқу іздеп, Бұқараға қашып кеткен.
Жалғыз ұлынан із-түзсіз айырылған Құлмағанбет баласын іздемеген жері қалмай ақыры күдер үзіп, оны өлдіге санап қояды.
Мәдірайым сол кеткеннен Бұқараға жетіп, өзінің ерекше қабілеттігінің арқасында діни медресеге мұсылманша оқуға түсіп, әртүрлі салада үзбестен он екі жыл оқиды. Сөйтіп, үйімен хабарласпай он екі жыл бойына білім алуға беріле кіріскен жас жігіт оқуды өте жақсы деген бағамен тәмамдап, мұсылманша мұғалім, дәрігер, жағрафияшы деген шатырхат алып, Бұқарада өзімен бірге оқыған балалармен Сыр бойына қайта оралады.
Елден өте жас кеткен Мәдірайым «Ақтайлақтағы» өз ауылын бірден таба алмайды. Ел жағалап келе жатқанда Қараөзектің Сырдариядан бөлініп шығар сағасында отырған ұлы жүздің Жалайыр руының ауылына келеді.
Мәдірайым ауылда бір-екі күн аялдап, қонақ болып жүргенде сол елде бір ас өткізіліп соған барады. Ас таратылып жатқанда Мәдірайым сол елдің адамдарымен табақтас болады. Дастарқан басында отырған жасы алпыстар шамасындағы бір ақсақал қасындағылардан:
– Мынау қай бала? – деп сұрайды.
Мәдірайым өзінің Бұқарадан діни оқу оқып келе жатқанын айтып, ақсақалға жағдайын қысқаша таныстырады.
Дастарқанға төрдегі ақсақал бата беріп:
– Құран оқудың жолын мына жас молдаға беріп көрейік, – деп Мәдірайымды нұсқайды.
Ол тізерлеп отыра қалып, Құран оқи бастайды. Оның Құран оқу мақамы ерекше еді.
Сондықтан дастарқан басындағы қариялар оған қатты риза болады. Енді олар көздерін жас Мәдірайымнан алмай қарап қалады. Сонда ас қайтарған әлгі ақсақал Мәдірайымға:
– Балам, мұнда кел, қалған әңгімені біздің үйге барғасын айтасың, – деп оны өз үйіне ертіп келеді.
Ол кісі ауыл ақсақалдарын шақырып, жас та болса Мәдірайымға мал сойып, қонақасы береді. Сол жерде үй егесі де, ауыл ақсақалдары да Мәдірайыммен жақсылап танысып, оның қайдан шыққанынан хабардар болады. Ертесіне үй иесі оған:
– Мәдірайымжан, сен еліңе асықпа. Мен аманшылық болса, сенің еліңді тауып алуыңа көмектесемін. Сенің ерекше білімдарлығың маған да, ауыл ақсақалдарына да ұнап қалды. Сондықтан біздің елде аялдай тұр. Қаласаң саған арнап мешіт салдырып, өзіңді сол мешітке еге етейін. Осында елдің балалары оқысын, сауатын ашсын, – деп қолқа салады.
Бұған Мәдірайым:
– Әке, ойланайын, маған екі-үш күн мұрсат беріңіз, – дейді.
Шын ниетімен үй иесі де, ауыл ақсақалдары да өтінгесін Мәдірайым ақыры осы елде қалып, бала оқытуға келіседі. Сөйтіп, ауыл ақсақалдары оны өзіне өкіл бала қылып алады. Бір жыл ішінде бүкіл ел болып жабылып мешіт салып, соған молда болады.
Мешітте бала оқытуды, ауылда молда болуды ойдағыдай атқарған Мәдірайым елдің ойынан шығады. Сөйтіп, жас молда өз қызметімен халықтың құрметіне бөленеді. Ол сонымен қатар алдына келген көптеген науқастарды емдеп жазады. Сондықтан мешітке халық жанжақтан ағылып келіп, одан ақыл-кеңес, дәрідәрмек алып тұрады. Жас емшінің аты жақын жердегі Ақмешіт қаласының тұрғындарына да мәлім болып, оған келушілер көбейе түседі. Оның үстіне, Мәдірайымның бала оқытудағы ыждағатты жұмысы да ел ішінде елеусіз қалмайды. Ол оқытқан балалар тез сауаттанып, бір жылдың ішінде қара танып, кітап оқу дәрежесіне жетеді.
Күндердің бір күнінде ұлынан айырылғанына он екі жыл болды дегенде Құлмағанбет ақсақалдың үйіне алыстан бір жолаушы келіп қонады. Жолаушыдан жөн сұрасып болғаннан соң Құлмағанбет ақсақал оған өз мұңын айтады. Баласынан айырылғанына он екі жыл болғанын есіткенде жөн-жобаны түсінетін жолаушы кісі ақсақалдың бет әлпетіне қарап отырып былай дейді:
– Мен осыдан бірнеше күн бұрын Қараөзектің Сырдариядан бөлініп шығатын сағасында отырған бір байдың ауылына қондым. Бай, жомарт, сыйлы кісі екен. Өзінің жиырма төрт, жиырма бестер шамасындағы ұлы бар көрінеді. Соған арнап мешіт салдырыпты. Баласы молда болып сол мешітке ауыл балаларын оқытады. Байдың руы Жалайыр болып шықты. Ас ішіліп, түнгі әңгімеге көшкен кезде бай өз сырын ортаға салып, мына мешіттегі имам болып жүрген баланы асырап алғанмын. Өзі Бұқарадан оқып келе жатыр екен. Осы ауылдың сонда оқыған бір баласына еріп келіпті. Өзі ауылынан он екі жасында кеткен екен. Туған ауылын таба алмай елден сұрастырып жүргенде маған кездесіп қалды. Сөйтіп, ол өзінің өзгелерден ерекше керемет қасиеті, адамгершілігі және сауаттылығымен мені қатты баурап алды. Мен оған түбі атаанаңды тауып қауыштырайын дедім. Бұған ол келісе кетті. Қазір ол мешітте имам болғанмен өзінің дәрігерлік, мұсылманша дәріс беретін молдалық, әулиешілік қасиеттерімен аты елге кеңінен тарай бастады. Менің бұл балаға арнап мешіт салдыру себебім осы, – деп бай сөзін аяқтады, – деді әңгімесін жолаушы.
Ол Құлмағанбет ақсақалдың көзін алмай біраз ойланып отырып:
– Сол баланың түрі сізден айнымайды, – дегенде жүрегі сезгендей болған Құлекең атамыз орнынан еріксіз бірнеше рет ұшып түрегелген екен.
Құлекең сол жақсы хабарды жеткізген жолаушыға жақсылап қонақасы беріп, шапан жауып, шығарып салады. Ертесіне қасына біраз жігіттерді алып, ол сілтеген Қараөзек өңіріндегі Жалайыр ауылына тартып отырады.
Бұл күз мезгілі болатын. Күн суық. Жүрегі алып ұшқан Құлмағанбет ақсақал аталған бай ауылына таң бозара жеткен екен. Ауылға жақындағанда мешітте таң намазы оқылып жатса керек. Жас ишанның қырағатты дауысы Құлмағанбет ақсақалдың жанын ерекше сезімге бөлейді. Ол жас имамды көргенше асықты. Ауылға қонақ келді деп мешіттегі байға хабар берілді. Содан кейін таң намазын оқып болған бай үйіне келіп, қонақтарын қарсы алады. Сусын ішіп, шамалы демалғасын сабырлы бай келген қонақтарынан жөн сұрайды. Құлмағанбет ақсақал байдың бұл сұрағына:
– Байеке, жоқ іздеп жүрмін, Қармақшы жағындағы төменгі ауылдан келемін, – дейді.
Қонағынан көзін алмай тесіле қарап отырған бай:
– Ақсақал, ол іздеген жоғыңыз табылғалы тұр деген кезде Құлмағанбет ақсақал қуанғанынан үй иесін құшақтай алыпты. Сол мезетте бай бір қызметшісіне:
– Бар, Мәдірайымжанды шақырып кел, – дегенде он екі жыл бойы зарығып іздеген баласының атын естіген Құлмағанбет ақсақал есікке тұра ұмтылып барып қайта отырыпты.
Аз уақыттан кейін әкелі-балалы екеуі есіктің босағасында құшақтасып табысқан екен. Әбден баласын сағынысып көрісіп, мауқын басқаннан кейін Құлмағанбет ақсақал байға былай деп сұрақ қойған екен.
– Байеке, сіз менің жоғымның табылғалы тұрғанын қалай сездіңіз? Сонда бай:
– Мен өмірімде сіздердей әкелі-балалы кісілердің мұндай ұқсастығын бірінші көруім, – депті.
Сол күні бай бүкіл елін шақырып, Мәдірайымның әкесімен табысқанына арнап той жасапты. Біраз күндерден кейін Құлмағанбет ақсақал еліне қайтпақшы болады. Бай үйінің төрінде отырған Құлекеңе жұрттың көзінше баласы:
– Әке, мына өкіл әкем мені қияметтік бала қылып алып, мен үшін мешіт салдырды. Мен мешіт табалдырығында жылатып тастап кетпеймін. Сізді де, түсінемін, егер рұқсат етсеңіз енді бір жыл осы өкіл әкеме, бүкіл ауыл жұртшылығына да қызмет етейін, – дегенде Құлмағанбет ақсақал:
– Жаным, ақылыңнан айналайын, мақұл, – деп басқа сөзге келместен серіктерін ертіп еліне қайтып кеткен екен.
Содан тура бір жыл өткенде, яғни келесі күзде бай Мәдірайымға енші беріп, қасына қызметшілер қосып «Ақтайлақтағы» әкесіне жеткізіп салыпты.
Еліне келгеннен бастап Мәдірайым өз білімін халыққа қалтқысыз қызмет етуге бірыңғай арнайды. Оның атағы енді Сыр бойына белгілі бола бастайды. Сондықтан асқан білімдарлығы үшін ол ишан деген діни атақ алады. Мұндай жоғары атақ одан бұрын Марал, Қалқай ишандарға ғана берілгенін еске алсақ, мұның өзі Мәдірайым ишанның халық арасында қандай абыройға ие болғанын айқын аңғартады.
Сөйтіп жүргенде Мәдірайымның туған шешесі ауырып дүние салып, Құлмағанбет ақсақал екінші рет үйленеді. Бұл әйелінен Ахмет, Әбдімәлік, Әбжәли есімді үш баласы болады.
Кіші ұлы Әбжәли екі жасқа келгенде Құлмағанбет ақсақал да ауырып, қайтыс болып, «Ақтайлақ» өңіріне жерленеді. Әкесі өлгеннен кейін ел ішінен дінге қарсы ишан, молдаларға қарсы ретсіз сөз сөйлеушілер шыға бастағасын Мәдірайым үш інісін, шешесін және балалары мен әйелін алып Сырдария бойындағы қазіргі «Жаңажол» жеріне көшіп келеді. Сол кезде Сыр бойындағы қазақтарға билік жүргізген Елкей ханның баласы Үсен осы төңіректі басқарып отыр екен.
Мәдірайым көшіп келеді дегесін Үсен төре оның алдынан шығып, өзінің «Тар түбек» деген дария бойындағы шағын жерін сыйға тартқан екен.
Мәдірайым «Ақтайлаққа» барғаннан кейін төре руынан шыққан қызға үйленіп, одан Патыма, Раунақ, Әбділда, Сағат, Сәкен деген балалары дүниеге келген.
Сонымен үш жас інілері және өзінің балалары Мәдірайым ишанның тәрбиесінде болып, барлығы бір үйде тұрады. Ишан оларға жақсы тәлім, тәрбие беріп өсіруге барлық күшін жұмсайды. Патыма мен Раунақ бойжеткесін сол жердегі төре руына ұзатылады. Қазіргі уақытта олардан тараған немере, шөберелері бар.
Ишанның үлкен ұлы Әбілда әкесінің жолын қуып, Бұқарадағы «Көкелташ» медресесін бітіріп келіп, мешітке орналасады. Ол әкесіне көмекші ретінде бала оқытады және тәуіптік кәсіп жасайды. Сөйтіп, мақсұм деген діни атақ алады.
Өміржан ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
19 мамыр 2023 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930