Қорқыт пен қобыз – егіз ұғым
qarmaqshy-tany.kz Қобыз – қазақ халқының көнеден қалған музыкалық аспабы, ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Қоңыр үнді қобыз VIII ғасырдан, яғни Қорқыт ата заманынан бастап ғасырлар сырын жетелейтін қазақ халқы үшін киелі аспаптардың бірі. «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды қазақтың кие тұтуының өзіндік мәні бар.
Ежелден қобыз аспабын кие дарыған адамдар ғана ойнай алған. Екінің бірі ойнап кете алмайтын сыр мен қыры мол аспапты жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар ғана қолданған. Халқымызда қобыз аспабын музыкалық инструмент емес, көбінесе бақсы-шамандардың құралы деген пікір қалыптасқан. Қобыздың тағдыры бақсылардың тағдырымен бірге. Бұл жөнінде әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның былай деп жазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ –ХІХғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид ад – Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады. Бақсылар қобызды тойда және тағы басқа жиын-кештерде пайдалануға мүлде тыйым салған. Олар қобызды халық музыкасының бір аспабы ретінде пайдалануына қарсы болды. Бақсылар қобызды халықтан жасырып құпиялы да құдіретті күш ретінде өз қара басының пайдасына пайдаланды. Аспапты сілкігенде, оның ұшындағы сақина теңгешелер сылдырлап, қосымша дыбыс береді. Бақсылар сылдырмақ үнін күшейту арқылы жұртты қорқыту үшін де пайдаланған.
Қазақ даласына VШ ғасырда-ақ тарай бастаған ислам дінінің ең алғашқы қарсыласы да қобыз аспабы болыпты деген болжам бар. Себебі, сол кездегі қобыз- Тәңірлік діннің өкілі, бақсылардың ажырамас аспабы еді. Бел алған ислам дінінің өкілдері ең алдымен Тәңірдің жердегі елшісі-бақсыларды қудалаған.
Қобыз аспабы Кеңес дәуірі тұсында да көптеген қудалаушылық көрген, бақсы аспабы деп, ойнауға тыйым салынған аспап. Дегенмен де өнер адамдарының, халықтың арқасында ХХ ғасырдың 70 жылдарында қайтадан жаңғырған.
Қобыздың музыкалық аспап ретінде касиетін жан-жақты суреттейтін қызықты еңбектердің бірі ХІҮ-ХҮ ғасырларда бұрынғы қазақ тілінде жазылған. Бұл еңбек Ахмадидің «Музыкалық аспаптар айтысы» деп аталады. Қазір «Музыкалық аспаптар айтысы» қолжазба күйінде Британ музейінде сақтаулы тұр.
Қоңыр дауысты сазды аспаптың үні табиғатқа өте жақын. Оның даусы қасқырдың ұлығанын, адамның даусын, желдің ысқырғанын, жебенің нысанаға тық етіп тигенін, аққу қанатының қағысын, судың сыңғырын бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбыстарын айна қатесіз бере алатын бұл аспаптың ғалымдар үшін әлі күнге дейін жұмбағы көп.
Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы жөнінде мынадай аңыз бар: «Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай., не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» – деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін
Шанақ қылған, қобызым.
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған, қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған, қобызым.
Құлағыңды бұрайын
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын,- деп қобызды қолына алған кезде, аспап боздап қоя беріпті. Қорқыт ата тұлғасына қатысты сұрақтар қаншалықты көп болса, қобыздың да адамзат баласына беймәлім сырлары жетерлік. Аңыздарда жаңа жасалған аспапта Қорқыт ата күй тарта бастағанда, бүкіл дүние күңіреніп, әлемнің астаң-кестеңі шыққандығы айтылады. Көкте ұшқан құс пен жерде жүгірген аңды да күйінің сиқырлы үнімен арбай алған абыз атаның қасиетті қобызының үні шыққанда, бүкіл даланың топырағын төңкерген дауыл тұрып, аспанды күркіреген қою қара бұлт шалған.
Жалпы қобыз аспабының бірнеше түрлері кездеседі. Соның ішінде бүгінде қылқобыз жұртшылыққа әбден көз таныс болған, өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Қылқобыз - ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нарқобыз», «жезқобыз» деп аталатын түрлері де бар. Қылқобыздың ішегі жылқы қылынан жасалады. Сондықтан бұл аспап халық арасында қылқобыз атауымен танымал. Ал одан дыбыс ысқыш арқылы шығады және сол себепті қылқобыз ыспалы аспаптар тобына жатады.
Қазақ халқы қобыздың ерекше үнімен қоса, пішініне де зор мән берген. Әсіресе, қасиетті аспапты аққу құсына ұқсата жасаудың өзіндік бір өзгешелігі бар. Қазақтар аққуды қастерлеп, кие тұтып, өздерінің тотемі еткені белгілі. Академик Әлкей Марғұлан да қобыз бейнесін аққуға ұқсата жасаудың негізгі себептерінің бірін осы құстың киелілігімен байланыстырған. Осындай аққу бейнесі салынған қобыз аспабының бірі 2012 жылдан бері «Қорқыт ата» мемориалды музейі»қорында сақтаулы.
Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор.
Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ә.Ибраев пен физик-акустик С.И.Исатаевтың жобасымен басталған.
Сонымен қатар, Түгел түркі жұрты ортақ тұлға Қорқыт атаның құрметіне түрғызылған мемориалды кешен белгілі архитектор Бек Ибраевтың жобасы бойынша жоғарыдан қарағанда қобыздың бейнесін бейнелейді. Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталығында 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.
Бүгінгі күнде Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызған қасиетті орын.
Қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық өнерді күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші мұра болып саналатын қобыз аспабы ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жалғасары анық.
Қобызды айтқанда, оны алғаш жасаушы мен кейінгі тартушыларды да ой-пікіріміздің арқауы етуіміз керек. Олар –біртуар таланттар, ғұлама өнер иелері, өз туындылары арқылы өз дәуірінің тарихын музыка тілімен жеткізген ақындар мен күйшілер. Солардың бірі әрі бірегейі, күй атасы Қорқыт.