» » Марал баба жайлы не білеміз?

Марал баба жайлы не білеміз?

qarmaqshy-tany.kz Сыр өңірі – бүкіл Алашқа мәлім дүлділ ақын, шайырлар мен батыр, билер мекені ғана емес, ахун, ишан, молда мен мақсым атанған ғұламалар елі. Қармақшы да осындай әулие-әмбиелер, қазақтың небір жақсы мен жайсаңын өмірге әкелген мекен. Сыр еліне ізгілікті ісімен, жақсылық шапағатымен аты кең танылған, халық пір тұтқан тұлғаның бірі – Марал ишан.
Кейінгі кезде әулиелер жайлы, оның кереметі жайлы көптеп айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстамайынша сенбей, көңіл көншімейтініміз де бар ғой. Бәзбіреулер үшін бұл біртүрлі ертегі сияқты көрінуі мүмкін. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» деп жазушы Әбіш Кекілбаевтың ұлағатты сөзін негізге ала отырып, әрине аудандық кітапханаға жол тарттым. Кітапханашы апайлар баба жайында жазылған бірнеше кітапты қолыма ұстатты. Марал бабаның өмір тарихын зерттей келе, өмірінің жартысынан астам уақытын Ислам үшін, қазақ халқының мұң-мұқтажы үшін тәрк еткен кемеңгер бабамыз, пәни дүниеге көшкенімен артында өлмейтұғын өшпес мұра мен небір қасиетті ұрпақ қалдырғандығына көзім жетті. Сондықтан бірыңғай жалаң баяндаудан гөрі, сол әруақтардың өзі не нәрсе екенін, оның шығу көзін, оған соншалықты керемет күш қайдан келетінін білуіміз керек сияқты. Сол әруақты беруші кім? Ол – Құдай. Пайғамбарлардан соң, Алла Тағала әулиелерге айрықша керемет берген. Әулиелердің күнәдан тазалығын көрсету үшін, жақсы көрген пенделеріне берген сыйлығы екен. Сол әруақты адамдар арасынан әулиелер шыққан. Соның ішінде Марал ишанның айрықша ерекшелігі бар. Ол – Орта жүз, Керей руынан шыққан. Әулиелігімен қоса, ондаған жыл ғазауат шайқасын жүргізген және өмір бойы Ислам үшін күресіп, халықтың діни сауатын көтерген адам. Сондықтан да, ол жайлаған жердің «Қырық мешіт» аталуы да тегін емес. Өз тұқымынан талай-талай ғұлама адамдар шыққан. Бұл кез келген әулиенің басында бола бермейтін бақыт.
Марал ишан жөнінде деректі әңгімелер көп. Болмысы бөлек жаратылған жанның өмір жолына тоқталар болсақ, Қызылжардың Обаған өзенінің алқабында «Құсмұрын» атты үлкен көл бар. Қарағай, қайың, көктерек араласа өскен, орманында марал, ұлан, ақбөкен және неше түрлі құсы бар, шоқ-шоқ тоғайлы алқап. Мұны қазір Аманқарағай қорығы деп атайды. Осы ормандағы «Қайран көл» деген жерде Марал ишан 1780 жылы дүниеге келген. Өмірінің көпшілігін ол осы арада өткерген. Кейін ол әулиенің отырған жері болғандықтан да «Әулиекөл» деп аталып кеткен. Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалады. Он үш жасында анасымен бірге Ақмешіт маңына келеді. Негізгі мақсаты – білім іздеу болады. Оған қаржысы жоқ, жоқшылықтың зардабын шегеді. Осы жолы Ақмешіт маңайындағы Құланбай ишанның үйіне келіп қонады. Түнде ишан далаға шықса, бала түнеп жатқан үйдің сықырлауық есігінен көзіне сәуле шалынады. Бажайлап қараса, шешесінің қасында ұйықтап жатқан баланың кіндігінің үстіне тіп-тік болып түсіп тұрған жарық сәулені көреді. Оның тегін бала емес екендігін іші сезеді. Ишан да көзі қарақты кісі болса керек. Оның пірі Жалаңаяқ ишан екен. Өзіне жетерлік байлығы да бар адам болған. Марал сол үйдің жалшылығында болып, малын бағып жүре береді. Байдың малы ұры-қарыдан, ит-құстан аман болады. Өлім-жітім тыйылып, мал басы көбейе бастайды. Үй ішіне береке кіреді.
Бір күні Құланбай түнектегі қойды көре кетейінші деп бұрылса, қараңғы түнде қой ортасындағы алаңдағы жарықты көреді. «Бұл не қылған шам» деп таңырқап келіп қараса екі қолын екі жаққа жіберіп, шалқасынан түсіп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан қойшы бала Маралды, оның үстіне аспаннан түсіп тұрған сәулені көреді. Мал да маужырап, бей-жай тыныш қалыпта.
Баланың қасиетіне көзі анық жеткен ишан ертеңіне боз қасқа шалып, анасымен екеуін шәйі көрпе үстіне отырғызып, дастарқан басында мәслихат айтады.
– Балам, қызым Меңлібикені саған қосып, сені қияметтік бала еткім келіп отыр. Қаласаң пірім Жалаңаяқ ишанға оқытайын, болмаса осы малыңды бағып, үйде жүре берерсің, – дейді.
Анасы бек қабылдап ишанның қамқорлығына тәнті болады. Ол кісіге алғыс сезімін жау- дырады. Әйтсе де, осы арада қысылыңқырап отырған Марал бір әңгіменің ұштығын айтады. Түсінде оған Жалаңаяқ ишан аян бергенін «Маған оқуға кел балам», – дегенін елден сол үшін де осылай қарай сапар шеккендерін, бірақ оқуға баруға қаржы болмай, осы араға кідіру себебін баян етеді.
Қазіргі Өзбекстан Республикасының Қаттақорған қаласынан батысқа қарай 70, ал Бұхар қаласының шығысында 50 шақырым жердегі, осы екі даланың ортасындағы Жам тауының үңгіріндегі мешіт-медресенің ғұламасы, атақты әулие Жалаңаяқ ишанның қарауында 100 шәкірт-қалпесі оқиды екен. 101-ші болып Марал қабылданады. Оқуға зерек және Алла берген қасиетінің арқасында Марал шәкірттер арасында айрықша дараланып көзге түседі. Мұны өзімен қатар жүрген балалар көре алмай, қызғаныш ете бастайды. «Сендер Маралмен таласпаңдар, оның орны бөлек» деп басу айтқан ұстаз сөзіне де іштей қанағаттанбаушылар болады. Осыны сезген жарықтық әулие, бірнеше рет шәкірттерге сынақ жүргізеді. Соның бірді-екілі мысалы мынадай.
Бірде шәкірттерге түнгі жатар алдында «Маған таң намазына тұрарда қайсысың дәрет суымды жылытып бересің?» дейді ұстаз. «Мен» деп тұс-тұстан шулайды олар. «Таласпаңдар, кім бұрын жылытып берсе, сонымен дәрет аламын», – дейді әулие. Кейбіреуі ұйықтап қалды. Бірсыпырасы «ерте тұрдық-ау», – деп «енді су ысытып береміз», – деп қамданып жүргенде, Марал таңғы елең-алаңда «Мінекиіңіз», – деп ишанның қолына құманды ұстата қояды.
Балалар түнімен ұйықтамай, бекерге алаңдап жүргенде, ол су толтырылған жез құманды түнде жылы төсек астында, бауырына басып жатқан екен.
Бір күні Жалаңаяқ ишан шәкірттерін жинап алып:
– Қорғанға көк киімді жау жақындап қалды. Қайсысың басшы болып жаудың бетін қайтаруға барасың? – деп сұраулы көз тастайды.
Сонда Марал тұрып:
– Ұстаз, маған батаңызды беріңіз, мен соған тәуекел етіп көрейін, – дейді.
– Алла Тағаланың рақымы, Пайғамбардың шапағаты жаусын!, – деп Жалаңаяқ ишан батасын беріп, Марал жауға аттанып кетеді.
Бір уақытта Жалаңаяқ ишан шәкірттерін ертіп қорғанның төбесіне шығып қараса, қолдарында бір-бір күрзі ұстаған қара құрым жау қаптап келіп қалған екен. Сол кезде Марал жалғыз өзі жауға қарсы шапқанда, екі қолынан от жарқылдап жан-жаққа шарпылып, жау қаша жөнеледі. Мұны көздерімен көрген шәкірттеріне Жалаңаяқ ишан «Сендер Маралдың талант-қасиетін көре алмаушы едіңдер. Бұл қасиетті оған мен емес, бүкіл ғаламды жаратқан бір Алланың өзі берген. Енді бұған не дейсіңдер?» дегенде шәкірттері ишанның аяғына жығылып кешірім сұрайды.
Бұл тек бірді-екілі аңыз оқиғасын сіздерге жеткізгеніміз. Баба жайында толық бір мақалаға жазу әсте мүмкін емес екені анық. Сонымен, оқуын бітірген Марал Ақмешітке – атасы Құланбай ишанның ауылына келеді. Қалыңдығы Меңлібике жұлма мерез ауруына ұшырап, маңайына адам бара алмайтын жағдайда екен. Атасы оқуынан аман-сау оралған Маралды көріп, құрақ ұшып қуанса, екінші жағынан қызының мүшкіл халін айтып жылай беріпті. Күйеу баласына мұңын шағып:
– Меңлібикені үш келін кезекпен күтіп шаршады. Ауылдың ық жағынан адам жүре алмайды. Осындай халге ұшырадық, балам, – депті. Сонда Марал тұрып онда өз қолымен бір кесе су беріп жіберсін деп, дұға оқып, сол суды өзіне ішкізеді. Сол мезетте Меңлібике дым болмағандай, жарасынан құлан-таза жазылып, адам танымастай құлпырып шыға келіпті. Бұған қуанған Құланбай, қалбалақтап:
– Шырағым-ай! Жұрт қызығып жүрмесін, тым жайнап кетті ғой, – деп, көңіліндегі қаупін жасыра алмапты.
Бірнеше жыл атасының ауылында болған кезінде Маралдың үлкен баласы Қалқай туады. Оның шын аты Қалмұхаммед екен. «Ізімде қалқиып жүрсін» деп оны Қалқай атап кетіпті. Қалқай анасының ізіне еріп жүретін қалқиған бала екен. Атасынан рұқсат алып, Ақмешіттен туған жері Қызылжарға қайтады. Сырдария өзенінің Қараөзек деп аталатын саласы, қазіргі Қараөзек стансасында дариядан бөлініп, Қармақшы тұсында қайтадан өзеннің өзіне келіп құяды. Енсіз әрі өтуге қолайлы осы жерді жергілікті халық «Аша» деп атайды. Жолшыбай келе жатып Қараөзектен өту үшін Марал ишан арғы жағадағы қайықшыларға «Қайық әкеліңдер» деп өтініш етеді. Бірақ, осы кезде Сыр бойының атақты байы Байқадамның асы беріліп, оның қызып жатқан кезі екен. Қайықшылар құлақ аса қоймайды. Олардың анық келмесіне көзі жеткен Марал қасындағы жолдастарына:
– Көздеріңді жұмыңдар да, аттың басын суға қоя беріңдер, – депті.
Әне-міне дегенше буырқанған дарияны бір топ салт атты кешіп өте шығыпты. Су аттарының шашасынан ғана келіпті. Мына таңғажайып оқиғаны көріп тұрған қайықшылар таңғалысып, көзімен көргендерін асқа жиналған ақсақалдарға жеткізеді. Мұның тегін адам еместігін білген ел билеушілері Маралдың алдынан шығып, құрметпен күтіп алады. Барынша сыйлап, қонақасы сыбағасын беріп, ел болып қошемет көрсетеді. Ас тарқаған соң, қариялар жиналып келіп:
– Уа, Марал қош келдіңіз. Сізді бізге Құдай айдап әкелген шығар. Халық Құдайдың бір аты деген. Ел атынан өтініш етіп сұраймыз, біздің ортамызда болыңыз, – депті.
Сол жылы әулие кейін оралып келуге, осы арада халықпен бірге болуға уәде берген екен. Қайда жүрсе де, басқа жерде қаншама қошемет көрсе де, Сыр еліне берген осы сертін ұмытпапты. Қызылжардағы туған жері «Қайран көлге» оралған Марал халқына жан аямай қызмет етеді. Ауру-сырқауларды емдейді, қандай ауру болмасын бір дем салғанда іле-шала тәуірлене бастайды. Табибтік кәсібін көріпкел-сәуегейшілікпен қоса ұштастырып отырады. Барып түнегендер армандарына жетеді. Ұлсыздар – ұлды, қызсыздар – қызды болады. Көп ұзамай Марал әулие деген атағы шартарапқа тарайды. Жұрт оның небір кереметінің куәгері болады. Сонымен бірге ол Қызылжарда бірнеше мешіт салдырып, бала оқытады. Ислам дінін бар ынта-жігерімен уағыздайды. Дінсіздікке, имансыздыққа қарсы күрес жүргізеді. Халықты бұзып жүрген небір алаяқтарды шариғат жолымен жазалап отырады.
Маралдың жаз жайлауы болған «Қайран көлді» халық әулиенің көлі дейтін болыпты. Ақыры ол тарихта «Әулиекөл» атанып қалды. Жанындағы шәкірт-қалпелері арқылы халықты оқу-жазуға, білімге үйретіп отырған әулие өз балалары мен ағайындарының ұрпақтарын да Шығыстың мәдени-ғылыми орталықтарына ұзақ мерзімге оқуға аттандырып отырған. Бір баласы Есмұхамбет Бұқарда білім алса, Қалқай (Қалмұхаммед) Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәннен шатырхат (диплом) алған.
Марал ишан сонау жылдардағы Сыр бойы халқының өзіне деген бар ықылас-ниетін адал жүрекпен «Ортамызда болыңыз» деп қиылып айтқан өтініш-тілектері есіне түсіп, «Қайта оралып соғамын. Құдай қаласа, өмір бақи сіздермен бірге боламын. Уағда осы болсын» деген еді. Берген уәдесін орындамау, оны мүлдем ұмытып кету – мұсылманша үлкен күнә болатындығын және ойлап, қатты күйзеледі. Ол жалғыз бір адамға ғана бере салған уәде емес. Бүкіл халық алдында айтылған серт емес пе еді?! Әулиенің сөзіне көпшілік шын ниетімен иланып еді. «Халық – Құдайдың бір аты» деген, «Қой, сырбойылықтардың сенімін ақтайын, қалған өмірімді солармен бірге өткізейін» деген тұжырымға келген Марал ишан өзімен бірге көшіп барған Керей ағайындарына жай-жапсарды жақсылап түсіндірді де, Сыр өңіріне қоныс аударды. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағының терістік шығысындағы «Қарабдал» мекеніне көш басын тіреді. Жезқазған, Қарсақбай бағытына баратын пошта жолы – үлкен қара жол осы арамен өтетін. Халық қошеметпен қарсы алған Марал әулеті осы төңірекке жайғасып, біржолата орнығады.
Сыр бойына келген соң жергілікті халықты діни Ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы Қараөзектен тарайтын «Сасық өзектің» бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Марал салдырған 7 мешіт-медресе бар. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намазын оқып, Аллаға құлшылық, ғибадатын жасаса, екінші жағынан жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп медресенің де қызметін атқарған.
Қазіргідей аурухана, дәрігер, дәрі-дәрмектің жоқ кезі болатын. Марал ишан, кейін ол кісінің балалары мен немерелері, елдегі талай ауруларды емдеп жазған. Әулиелерге Алланың берген сыйы сол – оларды керемет қасиеттің иесі еткен, оларға өзін қорғап жүретін және пайдаланатын әруақ берген, сонымен бірге ол кісілердің тілегін, лепесін қабыл еткен. Жаратушы иемізге ісімен, мінез-құлқымен ұнаған адамдар олар. Марал ишанға жан-жақтан ағылып келіп жатқандардың ішінде баласыз мүсәпірлер де болыпты. Әулиенің басына түнегендер перзентті болып, тілектерін Алла қабыл етіпті. Марал ишан жайлы әңгімелер өте көп. Оның көзі тірі кезіндегі және пәни дүниеге көшкеннен кейінгі көрсеткен кереметтері туралы білмейтін жан кемде-кем. Сөйтіп, Марал ишан 1841 жылы 61 жасында дүние салған. Қазақ ақын-жазушыларының ішінде Марал және ұрпақтары жайлы көбірек жазған Сәбит Мұқанов. Ол «Мөлдір махаббат» және «Аққан жұлдыз» романдарында ол кісілер жайлы біраз жағдайларды баян еткен. Ұрпақтары Марал ишанды «Баба» деп атайды. Қалқай ишанды «Кіші баба» дейді. Біздің өлкемізде халық арасында етене айтылатыны «Марал баба». Бұл құрметпен айтылатын қастерлі есім. Жұрт осылайша сүйсініп айтқанда өте бір биік, қасиетті тұлғаны көз алдыңызға елестетесіз.
Қорытындылай келгенде, осы дүниенің ыстық-суығы мен бейнет-зейнетін көріп, айналдырған 60 жыл өмірінің жартысынан астамын Ислам үшін, қазақ халқының мұң-мұқтажы үшін тәрк еткен кемеңгер бабамыз, пәни дүниеге көшкенімен артында өлмейтұғын өшпес мұра мен жолын жалғар ұрпағын қалдырды. Марал баба дүниеден қайтқаннан кейін оның балалары пірлік еткен. Әулиелік қасиет немере, шөберелеріне дейін жалғасқан.
Баршагүл САХИЕВА, аудандық
тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
17 қараша 2022 ж. 1 967 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031