Ғарышкерлер астанасы
qarmaqshy-tany.kz 1961 жыл, 12-сәуір. Бұл күн адамзат тарихындағы ең ерекше күн. Киелі Сыр өңірінің қасиетті топырағынан адамзат баласының ғарышқа қанат қаққан күні.
Ғарыш тарихына үңілсек, 1957 жылы Кеңестік ғалымдар ғарышқа «Спутник-1» жер серігін ұшырса, 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес азаматы Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен 1 сағат 48 минут бойы жер шарын бірнеше мәрте айналып, жерге қайта табан тіреді. Бұл тарихи оқиға қазақ жері «Байқоңыр» ғарыш айлағында іске асты.
Содан бергі 65 жыл уақыт ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қаншама ғарыш аппараты және оның модификациялары, континентаралық баллистикалық ракета ғарышқа ұшырылды десеңізші.
Ендігі кезекте тарихқа шегініс жасасақ, 1955 жылы құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізу үшін әскери полигон салу туралы қаулы шығарған Кеңестер Одағы үкіметі тарапынан арнайы құрылған комиссия құрылысты салатын алаң іздеді. Сол мақсатта ғарыш полигоны орнына Дағыстан, Астрахань облысы, Марий Эл аймағы және Қызылорда облысы таңдалған-ды. Үкімет мұндай жерді таңдауда бірінші кезекте құрылыстың тоғыз жолдың торабында орналасу керектігін назарға алды. Әрине, бұл ретте Қызылорда аймағы барлық таңдалған жерден артық болып шықты. Оның ішінде Қызылорданың жер кіңдігі екені орасан рөл ойнады. Байқоңыр өңірінде бос жатқан жер көп. Маңайында мүлде ел жоқ. Полигонды салуға керек 7 мың шаршы шақырым жер де дайын еді. 1955 жылдың 2 маусымында КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабы Байқоңырды ресми түрде әскери полигон деп мойындап, бұл өңірге 11284 әскери бөлімін орналастыру туралы бұйрық шығарды. Содан кейін аталмыш құжатта әскери полигон деп жазылған құпия нысан пайда болды. Оның құпиялылығы соншалықты мұны ешқандай адам білмеуі керек болатын. Енді осы полигонды салмас бұрын Кеңес әскері Қарағанды облысы маңынан ағаштан арнайы қалашық салды. Өйткені маңызды әскери нысанды жат көзден, әсіресе шетел тыңшыларынан жасырын ұстау керек болды. Оны тіпті «өтірік полигон» деп атаған. 1961 жылға дейін Байқоңырдың бар екенін ешкім білмеді. Ол полигонды халық Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан соң ғана «Байқоңыр» атты айлақ барын білді. Содан бастап ресми түрде айлақты «Байқоңыр» деп атап кетті.
Кеңес үкіметі Байқоңырды барынша жасырын ұстады. Керек десеңіз алып құрылыс салған құрылысшылардың өзі «Бұл жерде үлкен стадион салып жатырмыз» деген ойда болған. Ал әскери офицерлердің өздері де шекараны қорғау үшін «Әскери база салып жатырмыз» деп түсініпті-мыс. Тіпті құрылысшыларға полигонды көрсетпес үшін құрылыстың жан-жағында сарбаздарды жұмысқа салған. Байқоңыр ғарыш алаңында түрлі апаттар болып тұрды. Оның ішінде ең үлкені 1960 жылы болған. «Р-16» құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшырмақ болған сәтте қозғалтқышының біреуі қосылып кетіп, сұйық отын құйылған бак жарылып, бүкіл аумаққа шашырайды. Содан сынақ алаңында өрт болып, 74 адам жанып кетеді. Бейресми дерекке сүйенер болсақ қаза болған адамдардың саны 92 не 126. Бірақ Кеңес үкіметі бұл қайғылы оқиғаны жасырып үлгереді. Бұл оқиға 1989 жылы ғана ашылды.
Байқоңырдан алғашқы зымыран 1957 жылы 15 мамырда ұшырылды. «Р-7» баллистикалық зымыраны жоғары көтерілген соң оның бір қозғалтқышы істен шығып, 400 метр жерге құлап, жарылып кетеді. Ал 1957 жылы 4 қазанда ғарышқа алғаш рет жасанды Жер серігі ұшырылады. Бұдан кейін ғарышқа Белка мен Стрелка атты иттер космосқа аттанды. 1960 жылы 19 тамызда «Спутник-5» атты зымыран иттерді отырғызып, Жерді 17 рет айналып, Байқоңырға қайта қонады. Сондай-ақ ғарыш айлағынан «Р-9», «Р-36», «УР- 200», «УР-100» баллистикалық зымыранының түрлі буыны, «Р-7» базасында құрылған «Восток», «Молния», «Восход», «Союз», «Циклон», «Протон», айға қонған «Н-1», «Зенит», «Энергия» және «Прогресс» сынды зымыран тасығыштар ғарышқа ұшырылды. 1988 жылы «Боран» атты ғарыш кемесін тиеп «Энергия» зымыран тасығышы космосқа аттанды. Жер маңы орбитасына барып «Боранды» босатты.
Боран – тарихта ең алғаш ғарышқа аттанған кеме. Ол жерді экипажсыз екі рет айналып, айлаққа қайтып келіп өзін қондырған кеме. Одан кейін кеме орбитаға ұшырылған емес. Қазақстандық «KazSat» ғарыш спутниктері де 2006 жылдан бастап Байқоңырдан ұшырыла бастаған.
Ал қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында алғаш рет жерге қонбай, ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаса, 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алақандай алаңына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен қондырды. Ол бір сөзінде «Мен ғарыштан Қазақстанды зерттедім. Үкіметтен тапсырма солай болды. Әсіресе мен Арал теңізіне көп назар аудардым және Теміртаудағы металлургия комбинатының табиғатқа тигізіп отырған зияны қандай екеніне көңіл бөлдім. Елге келген соң құзырлы орындарға Теміртау металлургия комбинатының түтінін Тынық мұхитынан табасыздар» дедім. Иә, ғарыштан корабль иллюминаторынан жерге қарағанда мұхитқа дейін ұшқан түтіннің үзік-үзік жолын көрдім. Аралдан көтерілетін тұз да солай екен. Түтін мен тұзы қоршаған ортаға сұмдық зиянын тигізуде» деген еді ғарыштық зерттеуін негізге алып.
Ал қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшу сапарында қазақ халқының болашағы үшін үлкен ерліктің үлгісін көрсетті. Нақтысын айтқанда, 1998 жылғы ғарышқа ұшу сапарында ол «Мир» орбиталық стансасын апаттан құтқарып қалса, 2001 жылы американдық миллионер Денис Титоны ғарышқа апарып келді. Ол өзіне артылған сенімді ақтап шықты. Оның ғарыш кеңістігінде халықаралық «Азия дауысы» фестиваліне қатысушыларды құттықтауы, Ұлы Абайдың өлеңін жатқа айтуы ұмытылмас сәттер болды. Ол өзімен бірге ғарышқа қасиетті Құран кітабын алып ұшты. Атеистік қоғамда өмір сүрген қос азаматымыз ғарышқа ұшқаннан кейін дінге деген көзқарастары да өзгерді десек болады. Талғат Мұсабаев орыстілді басылымдарға берген сұқбаттарында ғарышта бір тылсым күштің барын сезінгенін айтады.
2015 жылы қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарыш кеңістігіне көтеріліп, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев сынды қазақ батырларының салған сара жолын жалғастырды. «Ғарышқа ұшқанда қорқыныш болмаса да қобалжу болғаны рас. Талай рет ұшу-жаттығулардан өтіп, бойымдағы қорқынышымды жеңдім деп ойлаушы едім. Десе де «Союз ТМА-18М» кемесіне мінген соң алып машина от алғанда қобалжыдым. Олай болатыны 200 миллион аттың күші бар алып зымыран жерден көтерілгенде кімді болса да қобалжытары рас. Жер-Ананың шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ғарыш кемесінің иллюминаторынан қарағанда жер шарын аялаудың қаншалықты маңызы зор екенін түсінесің. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгеріс болды» деді Айдын Айымбетов ғарыштан оралғаннан кейін студенттерге берген бір сұқбатында.
Осы ретте бар саналы өмірін Байқоңыр ғарыш айлағында өткізген байқоңырлық еңбек ардагері, 40 жылдық еңбек өтілінің 36 жылын айлақта дәнекерлеуші болып істеген Кетебай Жаңқасқаев естелігінде: «Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы бұл үлкен тарих. Ғарыш айлағын салу үшін КСРО аумағынан 4 нүктені белгілеген орыстар ұзақ талқылаудан кейін Қызылорда облысын таңдаған. Содан 1955 жылдың 12 ақпанында КСРО Министрлер Кеңесі құрлықаралық баллистикалық зымырандардың сынақ полигонын құру туралы қаулы қабылдайды. Ғарыш айлағына айналатын жер біріншіден, экваторға жақын орналасуы тиіс. Екіншіден, оның қасында суы мол өзен болуы керек. Ондай мол сулы өзен Сырдария болатын. Сондай-ақ, ғарыш алаңына теміржол өтіп, солтүстік-батыс шалғайда кең жазық дала жатуы тиісті еді. Байқоңырдың табиғаты осы шарттарға сай келді. «Жастау кезім болатын, көптеген адам «Нефтеразведка» деген желеумен әр жерге қада қадап, нөмірлеп жүрді. Кейін білгеніміздей, олар мұнай емес зымыран полигонын салу үшін қолайлы жер іздеп жүр екен. Орыстардың құпия барлау жүргізуі кезінде олармен болған жалғыз қазақ азаматы есімде қалыпты. Ұмытпасам, оның есімі – Мұрат Ниязов болу керек. Ғарыш алаңының құрылуына қатысы бар ағамыз 90 жасқа дейін өмір сүрді. Сол кездері орыстармен аралас-құралас бірге көптеген қандас замандастарым еңбек етті. Олардың барлығы сол уақытта зымырандарды көкке самғату жолындағы әр салада тер төге еңбек еткен азаматтар. Офицерлер мен солдаттар қиын жағдайда, қытымыр аяз бен аптап ыстықта жұмыс істеді. Кейіннен сол құпияға толы алаң туралы халық 1961 жылы 12 сәуірде алғаш ғарышқа сапар шеккен Юрий Гагариннен кейін білді. Бұған дейін онда жұмыс істеген әрбір азамат үшін құпия саналатын. Содан кейін ғарышқа аттанған алғашқы қазақ Тоқтар Әубәкіров болса, кейіннен Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды азаматтарымыз ғарышқа саяхаттады. Сөйтіп әлемге танылған ғарыш айлағының жанынан бой көтерген Ленинск қаласы, кейіннен көпке дейін сырын аша қоймаған әскерилер қаласы 1995 жылдан Байқоңыр деп атала бастады» деп сөзін аяқтады Байқоңыр қаласының құрметті ақсақалы Кетебай Жанқасқаев.
Байқоңыр қазаққа космонавтикасымен ғана танымал емес, өңірімізде туризм саласының Отаны десек те болады. Нақты айтсақ, жыл өткен сайын Байқоңыр ғарыш айлағын көргісі келетін шетелдік туристер саны күнен-күнге артуда. Әр жылы ғарыш айлағына мыңнан астам шетелдік турист келіп, ғарыш кемелерінің көкке көтерілген сәтін тамашалайды. Байқоңырды көргісі келетін туристер үшін Қорқыт ата кесенесі мен ғарыш айлағында туристік агенттіктер жұмыс істеуде. Шет елден келген туристер үшін ғарыш кемесінің көкке көтерілгенін тамашалау – бұл адам өміріндегі ең ұмытылмас сәттің бірі. Барша мұсылман қауымының абызы Қорқыт баба да Байқоңыр аймағын жер кіндігі деп білген. Міне содан бері арада қаншама уақыт өтті. Адамзат баласы ғарыш кеңістігін бағындырды, аңыз ақиқатқа айналды. Қазақ қауымының кең байтақ даласынан орын алған Байқоңырдан қазақтың үш азаматы ғарыш кеңістігіне сәтті сапар жасады. Бұл қазақ халқының жетістігі.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ