» » Ғылым биігінде

Ғылым биігінде

ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ БОЛЫП ТУҒАЛЫ БЕРІ ОНЫҢ ТҰРМЫС ТІРШІЛІГІ МАЛМЕН ЕТЕНЕ БАЙЛАНЫС­ТЫ. ІШСЕ СУСЫН, КИСЕ КИІМ, ТҰТЫНСА ТАҒАМ БОЛАТЫН ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІН СОЛ СЕБЕПТІ ҚАЗАҚТАН АСЫП ЕШКІМ ТҮСІНЕ АЛМАС. СУСАҒАНДА ШҰБАТЫ МЕН ҚЫМЫЗЫ, АЙРАНЫ МЕН АШЫТПАСЫ ЖАН САРАЙЫҢДЫ РАҚАТҚА БӨЛЕСЕ, ҚАЗЫ МЕН ҚАРТАСЫНА, ЖАЛ МЕН ЖАЯСЫНА ЖЕР БЕТІНДЕ БАЛАМА БОЛАР АЗЫҚ БАР МЕ ЕКЕН, СІРӘ. БҰЛ ТАҒАМДАРДЫҢ ҚҰНДЫ САНАЛУЫ – ОНЫҢ ТАБИҒИ БОЛУЫНДА. ДЕГЕНМЕН, ҚАЗІР ХХІ ҒАСЫР. ӘР КЕЗЕҢНІҢ ӨЗІНЕ ТӘН ТАЛАП, СҰРАНЫСЫ БОЛАДЫ. БҰЛ – ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯ МЕН ДАМЫҒАН ИННОВАЦИЯНЫҢ УАҚЫТЫ. ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕК ҚОЛЫН ТҮРЛІ ҚҰРЫЛҒЫ МЕН ЖАБДЫҚ АУЫСТЫРҒАН КЕЗЕҢ. МҰНДАЙДА ӘЛБЕТТЕ, БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ЖҮГІНЕТІНІМІЗ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ ҒОЙ. ОСЫНДАЙ ИНЕМЕН ҚҰДЫҚ ҚАЗҒАН ТЕРЕҢ ІЗДЕНІСТІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ҒЫЛЫМДА БІЗДІҢ ҒАЛЫМДАРЫМЫЗДЫҢ АТҚАРЫП ЖАТҚАН ЕҢБЕГІ ҰШАН-ТЕҢІЗ. ИӘ, ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ «ТАМАҚ ӨНІМДЕРІНІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ» КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ, РФ ЖӘНЕ ҚР ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, «КСРО- ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕРТАПҚЫШЫ ЖӘНЕ ӨНЕРТАБЫС АВТОРЫ», ҚР ЕТ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ АРДАГЕРІ, СОНДАЙ-АҚ 760-ТАН АСТАМ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТІҢ АВТОРЫ, ЖЕРЛЕСІМІЗ ЯСИН МӘЛІКҰЛЫНЫҢ ЕСІМІН ҚҰРМЕТПЕН АТАУЫМЫЗ ЗАҢДЫЛЫҚ.
Ғалымның еңбек жолы 1973 жылы Шым­кенттегі Қазақ химия-технология инс­титутынан «Автоматтандыру және тех­но­логиялық үдерістерді кешенді механикаландыру» мамандығы бойынша үздік бітірген соң Алматы ет консервілеу комбинатынан басталады. Алғашында екі ойлы болған жас маманның комбинаттағы әрбір жұмыс күні оны біртіндеп баурап алады. Қызыққаны сондай, Семей қаласындағы Ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтынан «Ет және ет өнімдерінің технологиясы» мамандығын қосымша тағы да алады.
Ясин Ұзақов бір сұқбатында бұл жа­йында: «Бас кезінде технолог болғаныма ренжігенім бар. Бірақ кейінірек бұл қызмет мені кәдімгідей қызықтырды. Тіпті ұнағаны сол, мен ет өнімдерін өңдеу технологиясын тереңірек зерттеп білуге құмарттым. Сөйтіп, екінші мәрте ет өнімдері технологиясының инженер-технологы мамандығын алдым. Бұл менің өмірімдегі мамандық таңдаудағы түбегейлі бетбұрысым болды» деген еді.
Ғылым мен білімге иек артқан инженердің бұдан кейінгі еңбек жолы көптеген жетістікке толы. Оның алдында үлкен мақсат тұрған болатын. Ол – Қазақстанда ет және ет өнімдерінің технологиялық жаңа түрлерін іске қосып, сапалы өнім шығару. Осы мұраты оны өмірлік бағытында әркез жігерлендіріп, алға жетелеп отырды. Осынау Отанға деген патириоттық сезім ғалымның еңбектегі аға технолог, цех бастығы, Қазақ КСР Ет және сүт өнеркәсібі министрлігінің бас технологы, Алматы ет өнеркәсібі өндірістік бірлестігіне қарасты Консерві зауытының директоры қызметтерінде абыройлы болуына септігін тигізіп қана қоймай, сатылап өсуіне де ықпал етті. 1985-1994 жылдар аралығында Алматы ет өнеркәсібі өндірістік бірлестігінің ет өңдеу зауытының директоры, 1994-1997 жылдары аталған бірлестіктің бас инженері – бірінші вице президенті лауазымына дейін көтеріледі. Ет өңдеу саласындағы ғылыми ізденістің нәтижесінде Я.Ұзақов 1986 жылы «КСРО-ның Еңбек сіңірген өнертапқышы және өнертабыс авторы» атағына лайық деп танылады.
Өндіріс пен ғылымды бірге үйлестіре білген белгілі ғалым «Алматы – ет» акцио­нерлік қоғамының президенті, «АФ Қайнар» ЖШС бас директоры, басқарма төрағасы болып та жауапты қызметтер істейді.
Ясин Мәлікұлы көптеген шет мемлекеттерде болып, ғылыми тәжірибе алмасады. Тың тақырыптағы баяндамалар жасап, жаңалықтарының өндіріске енуіне аянбай тер төгеді. Ол жергілікті шикізаттан ақуыз қоспаларын қолдану арқылы функционалды ет өнімдерін әзірлеу, ет-өсімдік шикізаты негізінде құрама ет өнімдерін жетілдіру, ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қалыптастыру, жаңа түрлерін жобалау, ет шикізатының сапасы мен қасиеттерін қалыптастырудың әдістерін зерттеп, тыңнан жол салады. Сондай-ақ, ол ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың кешенді жүйесін ұйымдастыру, ет шикізатын кешенді қайта өңдеуге байланысты іргелі зерттеулер жүргізу мен емдік-профилактикалық мақсаттағы жоғары сапалы ет өнімдерін өндіруді қамтамасыз етіп, тұтынушылар үшін олардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін, соның ішінде физикалық өңдеу әдістерін пайдалану арқылы ет шикізатын қайта өңдеудің технологиялық процестерінің режимдерін ғылыми негіздеуді зерттеп шыққан ғалым.
Ясин Мәлікұлының ерекшелігі, өндірістік қызмет мен ғылыми-педагогикалық жұмыс­та­рын бірге алып жүруі. Халықаралық дә­ре­жедегі ғалымға 2002 жылы Алматы тех­нологиялық университетінің профессоры атағы берілсе, 2006 жылы техника ғылымдарының докторы диссертациясын сәтті қорғап шығады. Мәскеуде РФ Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттес­таттау комиссиясының шешімімен «Техника ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін берген. Мұнан бөлек, ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және РФ Азық-түлік қауіпсіздігі академиясының академигі атағын алған. Жерлесіміздің саналы ғұмырында бас-аяғы 760-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 16 монография, 18 оқулық пен оқу құралы және 52 ҚР патентінің иегері екенін ескерсек, оның салаға қосқан маңдай терін аңғару қиын емес.
Ғалым ағамыз 2002 жылдан бастап қазірге дейін Алматы технологиялық университетінің «Тамақ өнімдерінің технологиясы» кафедрасында жас ізденушілерді ғылымға баулып келеді. Саналы өмірінің 30 жылы ғылыми-педагогикалық жұмысқа бағытталған ғалымның марапаттары да көп жайдан хабар бергендей. Ет өнеркәсібінің көрнекті маманы саланың дамуына қосқан еңбегі үшін КСРО Ет және сүт өнеркәсібі министрлігінің 6 мәрте, Қазақ ет және сүт өнеркәсібі министрлігінің 10 мәрте құрмет грамотасымен марапатталса, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде «алтын медальға» ие болған. Өнертапқыштың 140-тан аса жаңалығы өндіріске енгізілсе, IFFA-1995 шұжық өнім­дерінің жоғары сапасы үшін Франкфурт қаласында (ГФР) Дүниежүзілік көр­ме­де «Хрусталь кубокті» жеңіп алып, Қа­зақстанның мерейін көкке көтерген. Ал 2016 жылы «Ұлытау» пісірілген-ысталған тұтас бұлшықет өнімінің инновациялық технологиясын әзірлегені үшін ол Бүкіләлемдік көрменің сапа конкурсында «алтын медаль­ді» елге әкелді.
Танымал ғалымның ғылым биігіндегі табысы мұнымен шектелмек емес. 2010-2012 жылдары еліміздегі ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендияның иегері атанды. Ұстаздық жолында 2 РФ техника ғылымдарының, 6 РhD докторын және 45 техника ғылымдарының кандидаты мен магистрін даярлап шыққан. Бір айта кетерлігі, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» жүргізген дәйексөздің қазақстандық базасында 2008-2012 жылдары жарияланған белсенділігі жоғары Қазақстан ғалымдарының тізіміне (140 орынның арасынан) ғалым ағамыз 11 орынға тұрақтаған.
Қазіргі уақытта Ясин Ұзақов «Ет және ет өнімдері» халықаралық техникалық комитетінің (Мәскеу) және «Органикалық өндіріс технологиясы» мемлекетаралық техникалық комитетінің сарапшысы әрі «Ет индустриясы» ғылыми-өндірістік журналы редакциялық коллегиясының мүшесі (Мәскеу) болып табылады. Ғалым-ұстаз қазіргі кезде де «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр, магис­трант, PhD докторанттарға бағыт-бағдар беріп, оларға жетекшілік етуде.
Профессорды шәкірттерімен бірлесе жұмыс істеу әркез шабыттандырады. Сонымен қоса, оларды инновациялық технология бойынша ет өнімдерінің жаңа түрлерін жасап, халықаралық форумдар мен көрмелерге қатыстырады. Мысалы, жыл сайын Мәскеуде өтетін «Ет индустриясы» халықаралық форумында 20 «алтын медаль» және 3 «күміс медальді» жеңіп алса, 2008-2019 жылдары Ресейде өткен «Алтын күз» агроөнеркәсіптік көрмесінде де 23 "алтын-күмісті" олжалап қайтқан.
Ясин Ұзақов әріптестері арасында жоғары беделге ие. Оның ізденімпаздығы, еліміздің ғылым саласындағы атқарған қызметі аңыз секілді айтылып жүреді. Соның бірі Алматы технологиялық университетінің «Тағам технологиялары» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Ізтаев былайша сыр тартады.
– Біздер Ясин Мәлікұлымен бір салада қызмет етіп келеміз. Өте ізденімпаз, еңбекқор. Кез келген оқытушыға бұйыра бермейтін жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік үздік мұғалімі дәрежесі ол кісіге бекер берілмесе керек. Оның ғылыми мақалалары көптеген алыс-жақын шетелдерде жарық көріп, әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған. Сондай еңбегінің жемісі – қазіргі кезде хирша саны 8-ге жетіп отыр. Оны ет өндірісіндегі шетел ғалымдары жақсы біледі. Халықаралық дәрежедегі сарапшы, ҚР Ұлттық ғылыми кеңесінің тағам және қайта өңдеу саласындағы мүшесі. Жүздеген студенттер мен жас ғалымдардың тәлімгері саналады. Ясин Ұзақов ет технологиясы саласындағы белгілі ғалым, Қазақ елінің 30 жылдық тарихында егеменді ел болып қалыптасуында өз саласы бойынша теңдессіз еңбек еткен ғалым десек, артық емес. Оны Қазақ елінің мықты патриот азаматы ретінде бағалаймын, – дейді ол риясыз көңілмен.
Ұстаз деген – ұлық ұғым. Мына дүниеде жақсылыққа жетіп жатқан адамдардың әңгімесін тыңдағанда жіптің ұшы әркез ұстазға келіп тіреледі. Академик ағамыздың да ұстазына деген көңілі риясыз.
Кейде ойлаймыз, осы біз мамандықты өзіміз таңдаймыз деп. Бірақ Ясин ағамыздың өмір жолына қарап, кейбірде керісінше бізді мамандық таңдайтын секілді. Оған Ұстаз деген ұлы ұғым қосылса, болашақтың да жарқырап шыға келеріне күмән жоқтай.
– Институтты бітіріп келгенімде Алматы ет өнеркәсібі бірлестігінің бас инженері Авдеев Александр атты (ұлты мордвин) өте білімді маман мені тәрбиелеп, қызметте өсуіме көп көмегін тигізді. Білгенін, өмірден түйгенін айтудан жалықпайтын. Менің келешек ғылым даңғылына түсуіме осы кісінің әсері мол болды. Ол әрқашанда менің құрметті ұстазым болып қалады. Ал шәкірттерімді саусақпен санап жеткізе алмаспын. Мәселен, өндірісте зауыттың бас технологы Людмила Яновская, цех басшылары Роза Жұмабайқызы, Нұртаза Шүленбаев, Үмітжан Әлікенова, өнертапқыш инженер Қожабек Төлешевті ізбасарларым десем, ғылымға қанаттандырып ұшырған ғылым докторлары Айгүл Таева, Мәдина Қожахиева, Әсел Бұланбаева, Мәдина Қалдарбекова, Мира Серікқызы, Қадыржан Мақанғали, тағы басқалары бүгінде танымал ғалымдар. Жалпы өмірде әрбір адамның өз ұстанымы болады. Менің де ұстанған қағидам, әсіресе өсіп келе жатқан жастарға айтарым – әуелі таңдаған мамандығыңды құрметте, бүгін бітіретін шаруаны ертеңге қалдырмаңдар. Әрқашан ізденісте болып біліміңді дамыта беруден тартынбаңдар. Қайырымдылық деген ізгілікті жол. Сол жолда «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, айналаңдағы көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беріп, қол созудан қашпаңдар дегім келеді. Осы кезге дейін тек қана алға ұмтылдым. Әлі де солай. Ол елін, жерін шексіз сүйетін әрбір қазақтың өмірінің мәні. Тәуелсіз Қазақ елінің, туған жерім – Қармақшының өсіп-өркендеуіне үлес қосу, балаларымның және шәкірттерімнің жетістігіне қуану мен үшін үлкен ғанибет. Ал ендігі мақсат-мұрат – қазақтың төрт түлік малы: жылқы, түйе, қой, сиыр етінен жасаған қазақтың ұлттық тағам түрлерінің технологиясын әрі қарай дамыту, оның адам ағзасына пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеу. Ең үлкен мақсат – қазақтың ұлттық тағамын дүниежүзі халқының сүйікті тағамының қатарына қосу, – дейді кейіпкеріміз.
Академик Ясин Ұзақовтың Қазақстан ғылымының өркендеуіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегімен таныса отырып, «Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі» деген Қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы, әйгілі геолог Қаныш Сәтбаевтың сөзі еріксіз ойға оралады.


Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

23 қазан 2021 ж. 1 317 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031