» » » Ғасыр анасы атанған Сәлима Жұмабекованың 85 жылдығына арналған конференция өткізілді

Ғасыр анасы атанған Сәлима Жұмабекованың 85 жылдығына арналған конференция өткізілді


Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова батыр ана, Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекованың 85 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.
Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Уалихан Бишімбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Фатимабибі Дәулет, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, Қазақстанның Еңбек ері, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті Абзал Ералиев, мемлекет және қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев және еңбек озаттары, ғалымдар мен жазушылар қатысты. Конференцияны облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов жүргізіп, еңбектің шыңын бағындырған Сәлима Жұмабекованың қайраткерлігі мен еңбек жолын қозғады.
Конференцияда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еңбектен бақытын тапқан Сыр елінің батыр анасы Сәлима Жұмабекованың елдің ырыс-несібесін молайтудағы елеулі еңбегін атап өтіп, қарапайымдылықты ту еткен өмірлік ұстанымын сөз етті.
«Тағдырдың талай тауқыметіне қазақ әйеліне тән қайсарлықпен, төзімділікпен қарсы тұрған «Ғасырдың Батыр Анасы» талай сынақты басынан өткерді. Сауыншы да, бақташы болды. Алайда, еңбегінің мәнін күріш алқабынан тапты. Бірақ, ең қиыны, өмірлік серігін де күріш алқабында мәңгіге жоғалтты. Ерінің жұмыс кезінде қайғылы қазаға душар болғанына қарамастан, отырып қалмай, бір қолымен сәбиін, бір қолымен Сыр маржанын қорғаштап, ерлермен бірдей иық тірестіре еңбек етті.
Ұрпағымен бірге көркейіп, төккен тердің, еткен еңбектің, зейнетін көрді. Ел мен жерге жасаған қалтқысыз еңбегі өзін ұшар биікке көтерді, шексіз алғысқа бөледі. Сөйтіп, халқымыздың мақтан тұтар аяулы аналарының біріне, тіпті бірегейіне айналды»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Конференцияда батыр ананың бейнесі, қайраткерлік жолы, қайраткер әйел бейнесі мен абзал ананың ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымы жан-жақты айтылды. Техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов қайраткер тұлғаның өмірлік жолдағы жанкешті еңбегін сөз етсе, педагогика ғылымдарының докторы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаев «Ерлікке толы ғұмыр» тақырыбында ой қозғады. Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы Фатимабибі Дәулет қазақ фольклорындағы ананы жоқтау өлеңдерінің стильдік ерекшеліктеріне тоқталды.
Конференцияда құрметті қонақтар Уалихан Бишімбаев, Абзал Ералиев, Рзақұл Нұртаев, Нұржан Прмантаев абзал ананың ғибратты ғұмыр жолындғы ерекше естеліктерімен бөлісті.
Айта кетейік, бүгін Сыр анасы Сәлима Жұмабекованың 85 жылдығына орай оның есімін ұрпақ жадында сақтау мақсатында өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып, мұражай-бөлмесі ашылды.
Ел ырысын еселеген Сәлима Жұмабекованың есімі республиканың, облыстың «Алтын кітаптарына» енгізілген. «Социалистік Еңбек Ері», екі мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ардақты ана» медалімен марапатталған.
2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы» құрметті атағы, 2005 жылы 70 жасқа толуына орай «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Ал, 80 жылдық мерейтойында Ыбырай Жақаев атындағы “Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институы” қатал ауа-райына, қоршаған ортаға төзімді, әрі мол өнім беруге қауқарлы күріштің жаңа сортына «Сәлима» деп атау берілген.

27 наурыз 2021 ж. 1 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 130

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 284

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930