» » Ескерілмеген ерлік

Ескерілмеген ерлік

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ CӘУІР АЙЫНЫҢ СОҢЫНА ҚАРАЙ АҚТАУДАН ГҮЛМАЙРА МӘМЕТОВА ЕСІМДІ АЗАМАТША СЕРІК БІЛІСБАЕВТЫҢ БЕЙІТІН ІЗДЕП КЕЛІП, ҚҰРАН БАҒЫШТАҒАН. ҚАСЫНДА МАРҚҰМ СЕРІК БІЛІСБАЕВТЫҢ СЫНЫПТАСЫ, 1971 ЖЫЛЫ ТУҒАН НҰРЛАН МӘТЖАНОВ БАР ДЕГЕН ХАБАР ЕСТІДІК.
Көпшіліктің көкейінде «Бұл қыз кім? Қайдан жүр? Серік Білісбаев кім? Оны неге іздеп жүр?» деген сан сұрақтың болғаны рас. Көп ұзамай бұл сұрақтарымызға жауап алдық.
Гүлмайраның зерттеу жұмыстары­мен жүр екен. Нәтижесінде оның туған ағасы атыраулық Мұрат Мәметов және Қазалы ауданының Құмжиек ауылынан Әмірбек Рүстемұлы, Қармақшы ауданының бұрынғы Чапаев атындағы ұжшардың тұрғыны, жерлесіміз Серік Білісбаев үшеуі Чехословакияда ерлікпен қаза тапқанын білдік.
Серік Ұзақбайұлы Білісбаев 1971 жылы қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1978-1988 жылдары ауыл орталығындағы №109 орта мектебінде білім алды. Серік мектепте алғыр, үздік оқушы болды. Спортқа бейім еді, кімге де болса қолұшын беруге даяр тұратын.
1989 жылы Қармақшы ауданының әскери комиссариатының шақыруы бо­йынша Чехословакия мемлекетіне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Серік танкист болды. Қарапайым ауыл баласы шетелде жүріп ерекше көзге түсті. Полкте танкис­тер арасында болған сайыста І орынды иеленіп, жа­уынгерлер құрметіне бөленді.
1991 жылы 9 қаңтар күні әскери-оқу жаттығу өткізу үшін танк колоннасы Богосудов қаласының орталық көшелерімен кетіп бара жатып, кенеттен Серік жүргізіп келе жатқан танкіден өрт шыққанын байқайды. Чехословакия мемлекетінің Богосудов қаласын, халқын аман сақтап қалу үшін снаряд толы танкіні қала сыртына алып шығады. Өмір мен өлім ортасы. Жойқын жарылыстан 3 офицер, 14 солдат, барлығы 17 адам қаза табады. Өз басын өлімге тіккен жауынгерлер осылайша қала халқын аман алып қалады. Бұл жауынгерлердің ерлігін жоғары бағалаған қала халқы Богосудов Крупка қаласында 17 жауынгерге ескерткіш қойып, жыл сайын тағзым етеді. 1991 жылы 22 сәуірде қаза тапқан 17 адам «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Өкініштісі Серік Ұзақбайұлының өшпес ерлігі облыс, аудан, ауыл көлемінде еске алынбады. Арада 30 жыл өткенде Гүлмайра Мәметова ағасымен бірге қаза тапқан үш қазақ жігітінің ерлігін елге жеткізді. Гүлмайра қызымыз Чехия мемлекетіне барып, сол әскери полкте болып, болған оқиғаға көз жеткізеді. Серіктің сыныптастары 1971 жылы туған азаматтар қазір 50 жасқа толып отыр. Серікке ауыл орталығындағы саябақтан ескерткіш орнатсақ деп ізденіп жатыр.
Ауыл жастарына, өскелең ұрпаққа Серік Білісбаевтің ерлігін насихаттау арқылы өз Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелейтініміз сөзсіз. Өз басын өлімге тігіп, халықты сақтап қалған Серіктің жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын. Ағасымен бірге қаза тапқан қазақ жігіттерінің мекен-жа­йын, туған-туыстарын іздеген Гүлмайра қызымызға Алланың нұры жаусын.
Игі бастаманы қолға алып, са­уапты істі жасаған №109 мектептің түлектері, менің шәкірттеріме мың алғыс. Олар қазір немере сүйген ата-әже болып, өмірден өз орындарын тапқан, халықтың ықыласына бөленген азаматтар. 1 сыныптан бастап мектеп бітіргенше сынып жетекші болдым. Мұндай оқиғалар педагогика саласында сирек кездесетін жағдай. Шәкірттеріме шексіз ризамын. Отбастары аман, дендеріне саулық, істеріне Алла береке берсін деп тілеймін. Бұл бастамаларына ауылдастары дән риза, ақсақалдар батасын беріп, қолдап отыр.
Серіктің әкесі Ұзақбай Білісбаев шаруашылықта еңбек еткен жан, ал анасы Күлпаршын мектепте қызмет атқарды. Мектеп залында интернационалист жауынгерлерге арналған тақтада Серіктің суреті тұратын. Анасы Күлпаршын апа тақта алдына келіп, жауынгерлердің, Серіктің суретін орамалымен сүртіп тұрушы еді. Өтіп бара жатқан ұстаздарға «Қыздар-ау, Серік әскерден келгенде тойдан қалмай келіңдер» деп шақырушы еді. Күлпаршын апа бұл тойға жете алмай, Серіктің елге қайтуына аз қалғанда қаралы хабары мен табытын алды. Ата-анасы мен бауырларына, құрбы-құрдас ауылдастарына бұл жағдай ауыр тиді. Ата-анасы бұл қазаны көтере алмай ерте қайтыс болды. Тағдырға көнбеске шара бар ма?!
Серіктің бауырлары Алматы қаласында тұрады. Серікті еске алуға байланысты іс-шараларды ұйымдастыруды Серіктің сыныптастарына, оның ішінде Дәулет Байғараев баламызға сеніп тапсырды.
Бейбіт заманда қатерге қарамай миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалған 17 жауынгердің, оның ішінде біздің жерлесіміз, шәкіртім Серік Білісбаевтың ерлігі ешқашан өшпейді. Сол кезде 20-ға жаңа толған Серіктің есімі 30 жыл өткенде қайта жаңғырып, ел есінде мәңгілік сақталады.
Қарлығаш ЕРМАҒАНБЕТОВА,
ардагер ұстаз
12 маусым 2021 ж. 616 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031