» » Тағы да Қараман Әлмаханов туралы

Тағы да Қараман Әлмаханов туралы


Осыдан сәл бұрын "Қараман Әлмаханов. Ол туралы кім не біледі?" деген тақырыппен жазған дүниемізде тағдыры қиындау қалыптасқан һәм түсініксіздеу тұлғаның есімін ел жадына салып, ол туралы кімнің не білетінін сұрастырған болатынбыз. Сол мақаладан соң "Ол кісіні көріп едік", "Пәленше, түгеншені нақ сол кісі немістің тұтқынынан босатып жібергені анық. Мұны олар өздері көздерінің тірісінде айтып жүретін еді" және т.т. әңгімелер айтып, хабарласып жатқандар баршылық. Олардың басым көпшілігі әрине, Қармақшы өңірінің азаматтары. Бұл түсінікті де. Бірақ, телефонмен қаншалықты әңгімелесесің. Сондықтан, әлгіндей хабарласып, білгенін бөліскісі келген кісілердің телефондарын қармақшылық жігіттерге бердім. Олар сол әңгімелерді жинастырып жатқанға ұқсайды. Менің бұл жолғы айтпағым басқа.
Қараман Әлмахановтың Қылмыстық ісі қазір Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің Ақпараттандыру және байланыс бөлімінің арнайы мемлекеттік мұрағатында №12 Қор, №151 мұрағатта сақтаулы тұрғаны белгілі еді. Сондықтан да аталған мекемеге тиісті сұрақтар жолдап, Қ.Әлмаханов туралы барынша толық анықтама алуға ұмтылдық. Жауап көп күттірмеді. Ал сол жауаптан не ұқтық, не білдік?
Қайталап айтқандай болсақ та түсінікті болу үшін айта кеткеннің айыбы болмас, Қараман Әлмаханов 1915 жылы Қармақшы ауданы Карл Маркс колхозында, № 9 ауылда туған. 1931 жылы 7 жылдық мектепті бітірген соң 1934 жылға дейін есепші (счетовод) болып істеген.1934-1936 жылдары қазіргі Жамбыл қаласындағы педагогикалық техникумда оқып, бітірген. Техникумды тәмамдаған соң Қызылорда қаласының маңындағы Қызылорақ деп аталатын ауылдағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі, 1938 жылдың күзінде Шиелі ауданының Бәйгеқұм ауылдық кеңесіне қарасты "Ортақшыл" колхозындағы орталау мектептің директоры болған. Осы лауазымда жүргенінде әскерге алынған. 10-армия, 5-корпус, 130-артполкінде взвод командирінің көмекшісі болып қызмет атқарған. 1941 жылғы 13 шілдеде Минск қаласының маңында жау қолына тұтқынға түскен.
Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің Ақпараттандыру және байланыс бөлімінің берген анықтамасына қарағанда Қ.Әлмаханов 1945 жылғы 9 қазанда "СМЕРШ" бөлімі арқылы №365 лагерьде тұтқындалған, оған РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-1 "б" бабы бо­йынша айып тағылған. (58-статья – талай­ларды жазықсыздан жазықсыз "халық жау­ларына" айналдырған бабы екенін уақыт әлдеқашан дәлелдеді – автор). Ал, 58-1 "а" бабы "Отанға опасыздық, яғни, КСРО азаматтарының КСРО әскери күшіне, оның мемлекеттік тәуелсіздігіне немесе қол сұғылмаушылығына нұқсан келтіріп жасаған әрекеттері, мысалы: тыңшылық, әскери немесе мемлекеттік құпияларды беру, жа­­у жағына өту, қашу немесе шетелге ұшу өлім жазасы – барлық мүлкін тәркілеумен ату, ал жеңілдететін мән-жайларда – он жыл мерзімге барлық мүлкін тәркілеу мен бас бостандығынан айыру" деп көрсетілсе, Қ.Әлмаханов айыпталған 58-1"б" бапта" дәл осындай қылмыстарды жасаған әскери қызметкерлерге қылмыстық жазаның ең жо­ғары шарасы – барлық мүлкін тәркілей отырып ату жазасы қолданылатындығы" көрсетілген. Демек, тұтқынға түскенге дейін аға лейтенант, взвод командирінің көмекшісі болған Қ.Әлмаханов айыпталған баптың талабы бойынша ату жазасына кесілуі керек еді. Бірақ ол 1945 жылғы 8 желтоқсандағы 47-Армияның Әскери Трибуналы шығарған Үкім бойынша мүліктері тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 5 жылға құқықтарын шектеу жазасын қолдану арқылы, еңбекпен түзеу колониясына жіберілген. Үкімде "еңбекке тарту мүмкіндігі бар екендігі ескеріліп, жаза тағайындау кезінде 51-баптың басшылыққа алынғаны" көрсетілген.
Анықтамада Қ.Әлмахановтың 1998 жылғы 22 қыркүйекте ісін қайта қараған ҚР Бас Әскери Прокуратурасы бөлімінің әскери прокурорының "ақтауға жатпайды" деген қорытынды бергені де жазылған. Демек өткен мақаламызда "біздің ендігі ақталған болар" деп ойлағанымыз дұрыс емес екен, Қараман Әлмаханов әлі ақталмаған екен.
Анықтаманы алған соң, әрине, сол іспен толық танысып шығу жолын қарастыру керек болды. Мұның соншалықты қиындығы жоқ екен. Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің Ақпараттандыру және байланыс бөлімінің қызметкерлері "Егер ұрпақтарының бірі Сізге сенімхат берсе, келіп, іспен танысуға болады. Дегенмен, кейбір әлі де жария етуге болмайтын тұстары бар екенін алдын ала ескертіп қоямыз деді. Сөйтіп, Қараман Әлмахановтың Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында тұратын қызы Бақыткүл Қараманқызының сенімхатын алып, іспен танысып шықтым.
Іс материалы 90 параққа жуық. Бірақ, қайталау басым. Яғни, бүгін бір тергеуші ертең келіп сол сұрақты қайталап қояды дегендей. Осы іспен танысу барысында тергеушіге берген жауабынан Қараман Әлмахановтың қазақ, орыс тілдеріне қоса неміс және француз тілдерін жақсы білгендігі белгілі болды. Сондай-ақ, ол Қызылордадағы мұғалімдердің екі жылдық курсын сырттай оқып бітіргенін де айтады. Мұны неге жазып отырмын? Біріншіден, Қ.Әлмаханов туралы барынша молырақ мәлімет беру үшін. Екіншіден, өткендегі мақаладан соң пікір білдірушілердің бірі "Кезінде ұстазымыз Көшек Нұрханов ағай "Қараман Әлмаханов Қызылорда пединститутын неміс тілі бойынша алғаш бітірген бес қазақтың бірі " дейтін еді" деп жазған болатын. Сол сөздің жаны бар секілді. "Екі жылдық мұғалімдер курсын сырттай бітірдім" дегені, "неміс тілін жақсы білгені" әлгі пікірді тірілте түседі.
Іс материалдарына қарағанда Қ.Әлма­ханов тұтқынға түскеннен кейін біршама уақыттан соң "Түркістан легионында" болғанын жоққа шығармайды. Бірақ, "үгітші ғана болдым" дейді. Яғни, немістің Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихатын жауынгерлерге түсіндірумен айналысқанын, басқадай әрекеттерге бармағанын, соның ішінде, ұрыс қимылдарына қатыспағанын айтады. Меніңше, бұл жерде ол кісі өзін қорғау мақсатында легиондағы өзіндік орны бар, нақтырақ айтқанда, немістерге сөзі өтімді тұлға болғанын мойындағанды жөн көрмеген секілді. Тіпті, екі куәгердің "Қ.Әлмаханов неміс басшыларымен тікелей сөйлесетін еді" деген куәгерлігін көзбе-көз кездестіргеннің өзінде жоққа шығарады.
1944 жылғы маусымда Вена қаласында Түркістан комитеті антикеңестік Конгресс өткізеді. Бұл Конгреске Қ.Әлмаханов та қатысады. Ол сол Конгреске музыкант ретінде ғана қатысқанын мойындайды. "Делегат емес, шақырылушы ретінде қатыстым" дейді. Музыкант демекші, "ол домбыраны керемет тартатын еді" дейді көзкөргендер.
"Ол легионда жүргенде рота басқарған" дейтін ел арасындағы әңгіме жай ғана алыпқашпа сөз емес екен. Ол немістің қарсы барлау мектебінде оқыған. Сол кезде жай ғана оқушы емес, рота командирі болған. Рота командирі ретінде жеке бөлмеде тұрған тәрізді. Осы жерде "жеке бөлмеде тұрдым. Бірде көкжелкемнен пистолет қадалып "Бүгіннен бастап Кеңес Одағына қызмет істейсің, тапсырма беріледі, орындайсың, әйтпесе, атыласың" деп айтты. Соның айтқанын істедім, тапсырмасын орындадым, бірақ, өзінің кім екенін білмей кеттім" деген ол кісі туралы естіген бір әңгіме еске түсті. Шынында да, егер сондай бір мүмкіндіктер, байланыстар болмаса, ол тұтқында жүрген кейбір кісілерді қалай босатып жібере алатын еді? Ал оның жәрдемімен тұтқыннан босаған адамдардың болғаны анық қой.
Қ.Әлмаханов 1944 жылдың тамыз айында Француз Қарсыласу Қозғалысының партизандарына тұтқынға түседі. Шамасы содан соғыс біткен соң Кеңес жағына өткізіліп, №365-лагерьде болған секілді. Әрбір тұтқын тексеруден өткізілген ғой. Әрине сол кезде Қ.Әлмахановтың "Түркістан легионына" қатысты екені анықталып, қылмыстық іс қозғалады.
Соғыстың біткеніне 76 жыл болды. Қ.Әлмахановтың сотталғанына да 76 жыл өтті. Баяғы КСРО жоқ. Бірақ, Қ.Әлмахановтың әлі күнге дейін ақталмай жатқанына не себеп? Қандай кедергілер болуы мүмкін? Бүгінгі таңда біз негізінен осы сұрақтарға жауап іздегеніміз дұрыс секілді.
Өзіміз танысқан істі қарап шыққанда түсінбестік тудырған екі құжат болды. Мұның бірі "Протокол судебного заседания" деп аталады. Екіншісі, 1945 жылғы 8 желтоқсандағы шығарылған Үкімнің өзі. Осы екі құжатта Қ.Әлмахановқа қатысты сәйкессіздіктер орын алған. Мысалы, "Протоколдың" "Показания подсудимого Алмаханова" деген бөлігінде "Когда союзные воиска подходили к линии нашей оборогы , я снова был направлен в легион, где принимал участие в боях против воиск Союзников, а в конце 1944 года попал в плен к французам" деген Қ.Әлмахановтың атынан айтылған сөздер бар. Ал, Үкімнің өзінде "По оканчании школы разведчиков-пропагандистов, Алмаханов служил в должности командира "Туркестанской роты "СС" , а затем был переведен в "Туркестанский легион", где до августа 1944 года – до момента пленении Союзными воисками служил в качестве пропагандистом" деп жазылған. Үкім нақты түпнұсқа құжат, қолмен жазылған, ал, Протокол машинкаға басылған. Қайсысы сенімді? Әрине, Үкім. Қ.Әлмахановтың француздарға тұтқынға түскен уақытын егер "Протоколда" "1944 жылдың соңында" десе, Үкімде "1944 жылғы тамызда" дейді. Бұл – бір. Екіншіден, бәлкім, ең маңыздысы да сол шығар "Протоколда" "принимал участие в боях против воиск Союзников" деп жазылған болса, Үкімде Қ.Әлмахановтың ұрыс қимылдарына қатысқаны көрсетілмеген. Егер ол ұрыс қимылдарына қатысқан болса, Үкімде міндетті түрде көрсетер еді ғой. Демек, ондай факт болмаған. Ал, кейінннен толтырылған "Протоколда" күйені қалыңдату мақсатында әлгіндей сөзді сотталушының өз аузына салып, сыртынан жазып жіберген десек, күпірлікке ұрынбаймыз. Үкімді қанша дегенмен сотталушы тыңдайды, тыңдады да. Ал, Протоколды оқымайды да, оқыған да жоқ. Сондықтан, Қараман Әлмаханов Кеңес немесе Одақтастар әскерлеріне қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан емес деп айтуға толық қақымыз бар.
Ендігі сұрақ: Қ.Әлмаханов неге осы уақытқа дейін ақталмаған?
Сөздің бас жағында 1998 жылғы 22 қыркүйекте істі қайта қараған әскери прокурордың "ақтауға жатпайды" деген қорытынды бергені туралы айтып өткенбіз. Іс материалында сол Қорытындымен де танысуға мүмкіндік алдық. Істі Ю.Зазулин есімді әскери прокурор қарапты. Ол іс материалдарымен таныса келе "вина Алмаханова К. в измене Родине в форме перехода на сторону врага, помимо его признания, полностью доказана. Его противоправные действия квалифицированы правильно, а наказание назначено в соответствии с действовавшим уголовным законодательством" деген түйін жасайды да, ҚР 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңының 6 бабының " А" тармағына сілтеме жасай отырып, "реабилитации не подлежит" деген қорытынды шығарады. Бұл жерде Ю.Зазулин Қ.Әлмахановты соттаған Әскери трибуналдың оған таққан айыбын "Протокол" жазбасына сүйеніп қараған секілді. Өйткені ол жасаған қорытындыда "Қ.Әлмаханов әскери трибунал арқылы кінәлі" деп табылды деп көрсеткенде, "принимал активное участие в боях против союзных воиск" деген Үкімде жазылмаған, бірақ, "Протоколда" келтірілген айыптауды басшылыққа алғаны байқалады.
Сонымен, сөз түйіні қандай?
Біріншіден, Қараман Әлмаханов жау жағына өз еркімен берілген жоқ. Қоршауға алынды, тұтқынға түсуге мәжбүр болды.
Екіншіден, тұтқынға түскен соң да бірден жау жағына өтіп кеткен жоқ. 1943 жылдың ақпан айына дейін жалпы лагерьде болған.
Үшіншіден, немістердің Кеңес Одағының тылында бүлдіру әрекеттерін жасауды көздеген қарсы барлау (контрразведка) мек­тебінде оқығаны рас. Бірақ, ондай нақты операцияларға қатыспаған.
Төртіншіден, Кеңес немесе одақтастар әскерлеріне де қарсы операцияларға қатысқаны туралы нақты дерек жоқ. "Протоколда" қатысты деген сөзден басқа. Қайталап айтқанда, мұндай әрекеті болғанда, Үкімнің өзінде көрініс табатын еді.
Бесіншіден, 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңының кейбір баптарын қайта қарау керек шығар. Қанша дегенмен бұл Заң қабылданған уақытта Кеңес заманының ызғары кете қоймаған уақыт еді ғой.
Алтыншыдан, қазір елімізде ел Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Жаппай қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау туралы комиссия құ­рылып, жұмыс істеп жатыр. Мұндай комиссия әрбір облыста да құрылған. Сондықтан, Қараман Әлмахановтың туысқандары, ұр­пақтары аталмыш комиссиямен хабарласып, ол кісіні ақтау мәселесін көтерсе, дұрыс болар еді. Комиссия өз төрелігін айтады ғой.
Жетіншіден, егер Комиссия ақтау туралы шешім шығаратын болса, Қараман Әлмахановтың есімін Ұлы Отан соғысына қатысқандар тізіміне қосу салтанатты түрде жүзеге асырылуы керек.
Ауызекі әңгімеде халық әлдеқашан ақтап алған, бірақ, ресми ақталуын күтіп жатқан тұлғалар аз болмауға тиісті. Біз солардың өзіміз білетін біреуін ғана сөз еттік. Қылмыстық іспен танысып шыққанның өзінде "неміс фашистеріне қызмет етті" дейтіндей қылмысқа ұрынғанын байқай алмадық. Рас, Кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізгенін өзі де жоққа шығармайды. Бірақ, Кеңес азаматтарын қинағаны, қорлағаны, оларға қару кезенгені туралы Қылмыстық істе бір де бір сөз жоқ. Ал, немістер жағына өткенін, Түркістан легионында болғанын ақтауға болмайтындай айыпқа санау қаншалықты дұрыс? Өмір мен өлім айқасқа түскенде адам қайсысын таңдайды? Өмірді. Ендеше, Қараман Әлмаханов та тұтқында болған екі-үш жылдан кейін ғана арғы бетке өткен болса, мұны оның Өмір үшін арпалысы деп түсінгеніміз абзал. Басқа ештеңе де емес.

Абдолла ДАСТАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
07 мамыр 2021 ж. 803 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 995

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031