ҚАЙТА ОРАЛҒАН РУХ
Қармақшы ата 1630-1710 жылдары өмір сүрген. Бұл кісінің шын есімі Жүсіп болса керек дейді. Бір деректерде Дәулен делінеді. Ал, қармақшылық Уақытбек Сұңғатов есімді зерттеуші Қармақшының өз аты Нұрмағанбет екен деген болжам келтіреді. Қалай десек те, Қармақшы есімі халық қойған ат, біз де осы есіммен атай береміз. «Е, оның есімі Мәулен еді ғой» деп тағы бір қате пікірге ұрынғаннан құлаққа сіңісті халық қойған атымен атай беру ең дұрыс нұсқа болмақ. «Мұны жазған адамның атын білме, сөзін біл» дейді ғұлама Абай. Біз үшін де Қармақшының азан шақырып қойған аты емес, тарихи тұлғасы, рухани мұрасы маңызды. «Тарихи тұлғасы деген түсінікті сөз, ал, рухани мұрасы дегенде не айтпақсыз? Ол артына жыр-терме не ән-күй қалдырған кісі емес еді ғой» дейтініңізді түсініп отырмын. Рухани мұраның мәнісі мынада: Әулие атауы араб тілінен аударғанда желеп-жебеуші мағынасын береді. Яғни, ол уәли сөзінің көпше түрі. Хадистерде бұл сөз жақын болу деген мағынада, Аллаға жақын, Алланың мейірі түскен дейтін ұғымды білдіреді. Қазақта «қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бір уәлі» деген сөз бар. Демек, мұнан әулиелік әркімге бұйыра бермейді дегенді түсінуге болады. Ерекше діндарлығымен, дін жолындағы кіршіксіз қызметімен халық сеніміне кірген қасиетті кісілерді әулие дейді. Бұл – әулие сөзінің анықтамасы.
Әулиелік қонған кісілер тірісінде елді рухани тура жолға бастаса, қайтыс болған соң да оның қадір-қасиеті арта түскен. Олардың қабіріне кесене тұрғызылып, мұсылмандардың зиярат ететін киелі мекеніне айналуы осының айғағы.
Мәселен, Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстанбаб, Ысқақ баба, Иасауи, Бекет ата, Нақышбанд, Масат ата, Укаша ата, Оқшы ата, Есабыз ата әулиелердің сағаналарына халық әлі күнге дейін зиярат жасап, тәу етеді.
Қармақшы ата да осы қатардағы тұлға. Оның рухани мұрасы – ұрпағына Алла хикметімен жебеуші болуы.
Хакім Термези былай депті: «Пайғамбар тек Аллаға ғана емес, әулиенің демеуіне де иек артады. Себебі әулие пайғамбардан төмен болғанымен, оның сайрап тұрған қызыл тілі ұдайы Алла тағаланы еске түсіруге қызмет етеді, ал, лүпілдеген жүрегі Алланың нұрымен нұрланған».
Термезидің сөзі қаншалықты ақиқат, оны бір Алла біледі. Біздің білетініміз, мына сөзге қарағанда әулие дәрежесінің тым биік екені байқалады. Бізге жаңа ғана Баба түкті Шашты Әзізден бастап атын атаған әулиелердің көрсеткен кереметтері, халыққа жасаған қызметтері хатқа түскен күйде белгілі. Мысалы, Арыстанбабтың төрт жүз жыл бойы Пайғамбардың аманатын сақтауы, Нақышбандтың аса таяғын жерге қадап, күні бүгінге дейін көктеп тұрған талға айналдыруы, Оқшы атаның бидайдың дәнін жауының жүрегіне қадауы секілді мұғжизаларды көзі қарақты, құлағы түрік кісінің бәрі біледі. Ал, Қармақшы әулие туралы елдің бәрі білетін осындай оқиғалар аз, жоқтың қасы. Мүмкін іздеушісі болмаған, мүмкін әулиенің өзі үш жүз жыл құпия күйде қалуды қалаған болар.
Мүлде іздеушісі болмаған деуге болмайды, әрине. Әулиенің басына мазарат салынып, оған әр кезде тәу етушілердің болғаны ақиқат.
Іздеушісі табылды. Қазір Астанада тұратын Тәжібек қажы балалары – Арман, Аймен, Ардақ есімді жас өскіндерге мұнан бірнеше жыл бұрын Қармақшы ата аян арқылы «Осы балаларға батамды бердім. Маған тілеухана салатын да осылар болады» деп қызылордалық Күлпар емшінің түсіне еніпті.
Қазір Жосалы орталығынан бой көтеріп, күмбезі күнге шағылысқан Қармақшы ата мешіті осы ниетпен салынған.
Біраздан бері сол мешітті көруге көңілім ауды. Әдетте әулие-әмбие, аруақ туралы жазғанда олардың мәңгілік байыз тапқан топырағына барып, рухына дұға бағыштамайынша жаным тыншымай, жазуым да жүрмей кібіртіктей беретінім бар.
Қармақшы қайдасың деп қасқа жолда келе жатып осыған дейін бойымды қорғасындай салмақпен басып жүрген осы бір сезімнен арылып, бір серігіп қалатынымды ойлағанда жүрегімді қуаныш кернеді.
Міне, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағына келіп кірдік. Жолбасшым – Нағашыбек аға.
Әлі бітпеген мешіт тіке көшенің бойымен бір шақырымға жуық қашықтан көзге шалынды. Әттең, күмбезі бітпеген, әйтпесе алыстан асқақтап-ақ тұрады екен.
«Бісмилла» деп көліктен аяғым жерге тиісімен біраз таңырқап тұрып қалдым. Әлі бітпеген мешіттің мына әсемдігінің өзі көңіл толқытарлық. Күн жауып тұрды, жаңбыр жауып тұр дегеннен гөрі нұр жауып тұр дегенге келеді. Жанға жайлы бір мөлдір тамшылар.
Құрылыс жүріп жатқан жер дейтін емес. Тап-таза, жұтқан ауаң кеудеңді керіп, аяғыңды жерден көтеріп әкететін сияқты. Мұны қандай тылсымға балауға болады. Әлде, қайта оралған Қармақшы әулиенің рухы қауызынан рәуіш атып, ұрпақтарына ризалық танытып жатыр ма? Солай шығар дедім.
Бізді пәкене бойлы, жылы жүзді қараторы жігіт ағасы қарсы алды. Аты-жөні Жұмабай Әбәділдаев екен.
Әуелі ықтияттап қоршалған ескі қорымның ішіне кірдік.
– Әркім әртүрлі айтады. Бірақ үлкен кісілердің біразы Қармақшы атаның жамбасы жерге тиген топырақ осы деп көрсетеді. Көпшіліктің айтқаны тегін емес, – деп Жұмабай қалың өскен бұта-сексеуілдің ортасында қабырғалары құлап, үйіндіге айналған бейітті көрсетті.
Жүгіне кетіп құран оқыдық.
Бейіт басына гранит тасқа қашаған белгі орнатылыпты. Онда: «Қазақстан республикасы. Қармақшы ата кесенесі ХІХ ғасырдың соңы. Ескерткіш мемлекет қарауында» деп жазылған.
Кесененің кезінде еңселі болғаны байқалады. Мұнан әріректе тағы бір қамкесектен тұрғызылған қабырғалары жартылай құлап, босағасы сақталған кесене бар екен. Жұмабай мұны Қармақшы ата намазханасы деп таныстырды. Айтса айтқандай, бұл өзі іші кең, бір қауым кісінің кіріп-шығуына арналған орын екені байқалып тұр. Мұнда екі белгі қойылған. Біріншісінде дәл әлгі жазулар қайталанған, айырмасы мұнда кесене емес, намазхана делінген. Екіншісінде «Қармақшы баба. Белгі қоюшы Қарлығаш ана әулеті» деген жазу бар.
Біздің білетініміз, Қармақшы ата ХVІІ ғасырда өмір сүрген тұлға. Ал, мына белгілерді қоюшылар «ХІХ ғасырдың соңы» деп нені меңзеген? Ол бізге түсініксіз, белгілердің тәуелсіз ел болған кезеңімізде қойылғаны ақиқат. Бірақ оларға түзету енгізетін біреудің болмағаны ма, әлде ешкімге айтпай өз білгенімен жасалған іс пе? Қалай дегенде шын ниеттен туған жұмыс қой, сондықтан біз оның төркінін қаза бермей-ақ қоялық. Қате болса, жөнделер кезге енді жеттік.
Ал, Қарлығаш ана кім? Ол жайында менің жанымдағы екі кісі де ештеңе білмейтіндіктерін айтты. Оны анықтауды біз кейінгі күндердің еншісіне қалдырдық.
Намазхана мен кесене арасы қырық қадам екен. Қырық деген де кездейсоқ емес, киелі сан.
Демек, Қармақшы атаның мәңгілік мекені белгілі болды.
Қорымнан шығарда мен ішімнен күбірлеп тағы да дұға еттім.
“Е, әуелі, ақыры жоқ, хикметі көп Алла, Қармақшы бабамның мәңгілік жайын жұмақтан ете гөр. Уа, Қармақшы баба, тілегіңді жүрегіне салып, ел-халық ғибадат ететін имандылық үйін тұрғызып жатқан ізгі ниетті зәузаттарың – Баймолданың, Әліарыстанның балаларын өлмес рухыңмен желеп-жебе...”
Мешіт күмбезін алтын түсті қымбат қаңылтырмен өрнектеп жатқан кентаулық ұсталар екен. Мен қызығушылық таныттым.
-Бұл қар, жаңбырдан тот баспайтын, күнге қақталып өңін бермейтін өте шыдамды материал. Мұнымен қапталған күмбез алыстан жарқырап ел-жұртты тазалық пен мейірім мекеніне шақырып тұрады, – деді ұсталардың үлкені Нұрмахан деген жігіт. Оюланған қызыл табиғи тастардан жасалған брусчатка төселген мешіт ауласы да ерекше сәнді. Дөңгелек пішінді әсем гүлдер мен қысы-жазы көгеріп тұратын қылқан жапырақты ағаштар егіліпті.
Мен Жұмабайдан әуелі өзін таныстырып, мешіт құрылысы жөнінде толығырақ айтып беруін өтіндім.
Жұмабай Астанадағы Рахымжан Иманбердиев басқаратын “Аль – Арқақұрылыс” серіктестігінде құрылыс прорабы болып қызмет етеді екен. Өзі де найманның Балықшы тармағынан болып шықты, яғни, тікелей Қармақшы бабасына қызмет етіп жатқан азамат.
-Біз бұл жерге биылғы жазғытұрым, 2015 жылдың 21 мамырында келдік. 12 сотықтай жер аумағының қамыс өскен, тұрмыс қалдықтары тасталған, керексіз болып қалған жер болғанымен егелері бар екен. Екі бөлмелі ескі үй де осы аумаққа кіріп тұрған. Әуелі осы жер сатып алынған.
Мешіттің тұрған жері көпшілікке де өте қолайлы. Орталық, оның үстінде мынау ұзыннан-ұзақ жатқан Қайнарбаев көшесі мен баба есімі берілген Қармақшы ата көшесінің қиылысы.
Сөйтіп, 25-ші мамыр күні бисмилла деп іске кірістік. Жердің қамыс, бұтасын тамырынан қыршып тазаладық. Осы жерден шыққан қоқыс 60 жүк көлігіне тиелді. Сосын 40 жүк көлігімен таза топырақ төседік. Істің басында Рахымжан да, Арман да, Ардақ та, Бауыржан да – бәріміз жүрдік. Кейін бұл істі бірыңғай маған табыстады. Әуелгіде, мешіттің тастұғырын құярда 15 кісіге дейін жергілікті азаматтар жұмыс жасады. Кейіндеу өрілді, сыланды. Газбен күйдірілген сапалы кірпішпен өріп, Шымкенттен әкелінген керамогранитпен каптадық. Жобамен 100 тонна цемент, 80 мың кірпіш кеткен болар.
Ал, мешіт ішіне төселетін кілемдер мен күмбезді қаптайтын материал Қытайдан алынды. Жалпы, мешіттің бас күмбезінен бөлек мұнда үш бұрышында үш дөңгелек күмбез болады. Азан мұнарасының биіктігі 17 метр. Мешітке екі жүз адам еркін сияды, ішкі көлемі 11,5х14,5 метр. Едені астынан жылытылады. Жағармаймен жұмыс істейтін оңтүстіккореялық пеш мұздай күнде мешіт ішін жаздай қылып тұрады.
Ауланың төр тұсынан үш қазан асылатын ошақ ойылды. Осы жерге келіп мал шалып, дұға бағыштаймын деген кісілерге де жағдай бар.
Мешіттің негізгі ғимаратына қоса шағын қонақ үйі де салынған, ауызғы бөлмесі асхана. Бұл алыстан келіп, қона жатамын деген кісілерге арналған. Ерлер мен әйелдерге бөлек әжетханасы, дәрет алатын орны бар. Суы орталық жүйеге қосылған.
Негізі бұл мешіттің эскизін Әліарыстан атамыздың немересі Ғалымжанұлы Елжас сызған. Оның мамандығы жобалаушы. Елжастың мешіт үйінің көрнекілігіне ерекше көңіл бөлгені көрініп тұр. Қасбетін рухтар отанына қарата беріп, ұзын көшенің сонау басынан көзге түсуін де ойлаған.
Ал, мешіт ауласын абаттандыруға Қызылордадағы “Зеленстрой” директоры Әжібек бар ынтасын салды.
Енді Қармақшы атаның өзі жайында өзіңнің білетініңнен артық ештеңе айта алмаймын. Біз құрылыстың адамымыз ғой, сөздің емес, – деп Жұмабай әңгімесінің аяғына жеткенін аңғартты.
-Жұмеке, айтқаныңа түсінем. Әйткенмен, сөз де сол құрылысқа ұқсайды. Егер құрылысыңның керекті шикізаты түгел болмаса, оны қалай соғасың? Онда ол игілікке асатын ғимарат не үй болып бой көтермес те еді. Сөз түгел болмаса да солай. Онда жазғаның кімге керек, қай игілікке асады,-дедім мен.
Осы кезде мешіт құрылысы басталғалы жұмыс барысын фотосуретке түсіріп, осы істің басы-қасында тілеуқор болып жүрген “Алтын ғасыр” газетінің меншікті тілшісі Мұхит есімді жігіт келді. Әңгіме әрленіп кетті. Әрі-беріден соң Иерусалимде тоғыз жыл патшалық құрған Кетбұқадан бері оның Найманның төрт баласына таңба бөліп бергені туралы тарихнамаға қарай кеттік.
Менің әңгімені берірек, Қармақшы атаға жақындатпақ болып отырғанымды сезген Мұхит мына сөздерді айтты:
-Бір үлкен кісінің әңгімесі есіме түсіп отыр. “1975 жылға дейін Қармақшы ата туралы егжей-тегжейлі білетіндер көп еді. Кеңес өкіметі тұсында біз не білдік. Сол шалдармен сөйлесіп, керек болар деп бір өсиет сақтамаған ұрпақ болып өстік.
Тіпті, Қармақшы ата жайында білетіндердің соңы осыдан бес жыл бұрын ғана о дүниелік болды” деп сол кісі өкініш білдірген, – деді Мұхит. – Осы мешітті салып жатқан хабарды естігенде “Бір ру емес, осы іске бүкіл найман күш біріктірсе де артық болмас еді” – дегендерді де естідім.
Мен де Қармақшы атаны тек Балықшылар емес, күллі найман қадірлесе де жарасар еді дегенге келісемін.
Себебі, Қармақшы өзі өмірден өткен соң үш ғасырға жуық уақыттан кейін халқына қайта оралған рух қой. Бұл Алланың қалауымен болып жатқан игілік. Әйтпесе, қанша аталарымыз тумағандай, өмір сүрмегендей із-түзсіз өшті емес пе?..
Мұхит та мұнан артыққа бара алмады.
Енді біз мешіттің қонақүйіндегі дастарханға жайғастық. Клара есімді келіншектің пісірген дәмді палауына тойып, тағы да бата қайырдық.
-Найманның жиеніне рахмет жаусын, – деп Нәкең орнынан көңілді көтерілді.
“Икарус” деп аталатын үлкен жол кемесіне отырдық. Жайлы екен. Көзім ілініп кетіпті.
Түсіме шал кірді, ұзын етекті әдіптелген шапаны бар. Басында бөркі бар-ау дедім. Көзіміз түйіскен жоқ. “Дұға бағыштағаның дұрыс болды, әумин!” деді шал бір қырындау тұрып.
Оянып кеттім, қалаға жақындап қалыппыз. “Енді қаламым жүретін болды” деп қуандым.
Бірақ, түсім туралы жанымда отырған Нәкеңе тіс жармадым, сенбестік танытып жүрер дедім. Оның үстіне өз түсімді өзім-ақ жорып қойдым ғой.
Осы тылсымда Қармақшы ата рухының күші бар екеніне анық сендім.
Р.Дүйсенұлы