» » Нардың жүгін ерлерше арқалаған

Нардың жүгін ерлерше арқалаған

Бір бума газет тігіндісі мен бір қалта ескі суреттерді арқалаған апаның бір бұйымтайы бары белгілі еді. Есіктен ене сала тілшімен сөйлессем деді. Көптен ойда жүрген шаруасы бар сыңайлы. Редакцияға келудің сәті енді түсті деп жайғасып отырды да әңгімені әріден бастады. Әжем жайлы сыр шертсем дегеннен-ақ айтпағы тегін адам емесін сезініп дыбысжазғышты қоса қойдық.
Өткен заманға шегініс жасасақ қазақ әйелдері ешқашан қызметке араласпаған. 1920 жылдары әйелдерді сауаттандыру, билікке араластыру керек деген үндеу тарайды. Осы мәселеге байланысты қазіргі Ақжар ауылында жиналыс өтеді. Ауыл тұрғыны Әділ әкеміз бұл хабарды естіп, өзінің сұлу келіншегі Жұмагүлге «нәзік жандарды қызметке қабылдайтын көрінеді, сен сол жиналысқа қатысып көрсең» деп ұсыныс білдіріпті. Жолдасының қызғаншақтығы басым екенін білетін апамыз жиналысқа барса әлі бастала қоймаған. Көптің көзіне түспей кеңсенің жанындағы үйге кіріп, күте тұрмақшы болады. Бұл үйде де кіл ер азаматтар, сырттан келген қонақтар жайғасқан. Тізесін бүгіп отыра бергенде жас шамасы 30-дағы келіншек әлгі ұйымдастырушыларға «4 балам бар, қатыса алмаймын, қызмет етуге мүмкіндігімнің аз екенін ескертіп кетуге келдім» деп қайта шығып кетеді. Маңызды жиынның басталуына аз уақыт қалған. Бірақ қатысатын бір де бір әйел жоқ. Сонда біреуінің көзі босағада отырған Жұмагүлге түсіп, «Әділдің әйелі отыр екен ғой. Осы келіншекті жазыңдар» дейді. Содан Жұмагүл шешеміз Әділова деген текпен жазылып кетеді. Ойда жоқта ауылдастардың шешімімен, қолдауымен, зор сенімімен қарапайым, 20-ға да жетпеген жас келіншек бір күнде ауылдық кеңестің төрайымы болып шыға келеді. Бірақ, көзі ашық, еті тірі.
Жұмагүл әженің өмір жолы бүгінгі дәулетті де сәулетті еліміздің даму тарихымен тығыз байланысты. Ол 1899 жылы №8 ауылда дүниеге келген. 1929-1931 жылдар аралығында Бүкілодақтық атқару комитетіне мүше болған алғашқы қазақ әйелдерінің бірі. Байлардың мал мүлкін конфискілеу, кедей шаруаларды серіктіктерге ұйымдастыру сияқты маңызды жұмыстар жүріп жатқан-ды. Ол осы жұмыстарға белсене араласқан. Сөйтіп жаңа заманды орнатуға белсене қатысқан. 1929 жылы Дауылкөл ауылдық атқару комитетінің төрайымы болып сайланады. Таудай талап қанаттандырған Ж.Әділова өз білімін жетілдіруді мұрат етіп, 1931 жылдан бастап Мәскеуде партия қызметкерлерін даярлайтын екі жылдық курста оқиды. Оқу – өмір талабы. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ қыздарының елден жырақ кетіп, білім жолына түсуі аса таңданарлық жәйт болатын. Соған қарамастан ол Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға түсті. Мұның өзі оны бітіріп келгеннен кейін қоғамдық өмірге белсене араласуына, ауыл қыз-келіншектерін өз қатарына тартуға көмектесті. Сондағы шәкірттерінің көбі жер-жерде партия, кеңес және шаруашылық органдарының белді де басшы қызметкері болды. Оны бітіргеннен кейін Тереңөзек аудандық партия комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Өзге де партия органдарында жауапты қызметтер атқарады.
1982 жылы желтоқсан айында Мәскеуге барған сапары айрықша есте. Араға жарты ғасыр салып ол КСР-дің құрылғанына 60 жыл толу құрметіне арналған мәртебелі мерекеге Қазақстан делегациясының құрамында қатысқан. Сол съезде қазақтан бір адам сөйлеу керек болады. Ортаға Жұмагүл Әділованы шығарады. Сонда Дзержинскийдің өзі қазақ қызының қолын алып, кітап сыйлайды. Ол кітапта сол съезге қатысқандардың еңбегі, Жұмагүл Әділованың суреті мен сөйлеген сөзі жазылған екен.
1967 жылы 29 шілдедегі «Коммунизм шамшырағы» газетінде «Мен көпті көрген қарт анамын. Кешегі бай манаптар мен шонжар билеген заманда мен де сіздердей жас болғанмын. Ол кез тұңғиыққа батты. Сәулетті Октябрь таңы атты. Міне, менің де, мен сияқты қазақ әйелдерінің де көзін ашқан, оқытып білім берген, ел қатарына қосқан осы Октябрь революциясы. Мен осы өзіміздің бас қосқан жиынымызда Октябрь таңы берген шаттық өмірді айтып жеткізуге қиналып тұрмын. Әрине, мұның бәрі қуаныш пен бақыттың белгісі» деген естелігі жарық көрсе, облыстық «Ленин жолы» газетінде «Кейбіреулер өткен күннің белгісі жоқ дейді. Ол тек алтын уақытын мән-мағынасыз өткізгендер сөзі ғой деп есептеймін. Күні кешегі бүгінгі осы бақытты күндеріміз үшін күрес ондағы таңғы меруерт шақтай мөлдір сезімдер біздің есімізден ешуақытта шықпақ емес. Мен жастықтың жалын жігерімен еліміздегі алғашқы бесжылдықтар құрылысына қатысқанымды, ондағы Кеңес үкіметінің қиын-қыстау күндерін, сол қиындыққа етене араласқан кезімді есіме алсам, кейінгі ұрпақ алдындағы сый-құрметке бөленуімнің сырын айқынырақ ұғынғандай боламын. Мен Октябрь жеңісінен соң-ақ социалистік құрылыстың іргесін қалаушылар қатарына қосылдым. Қолдан келгенді аянған жоқпын. Коммунистерге артылған ауыр жүкке арқа тосып зор сенімге адал болуға ұмтылдым. Күні кеше партиямыздың XXVI съезі жүріп жатқанда біз сияқты аға ұрпақтар жүріп өткен жолдардың салтанатына тебірене көз жіберіп отырдым. Съезге қаншама қыз-келіншек делегат болып қатысты. «Әйел ана, еңбеккер, ғалым және қайраткер» деген сөздің шындығын осының өзі де дәлелдеп бергендей. Біз оларды аға ұрпақтар дәстүрін жалғастырушылар деп мақтан тұтамыз. Ал күні ертең олардың да ісін жалғастырушылар көбейе түсетіні сөзсіз» деп жазыпты.
1971 жылы жарық көрген «Путешествие в Жер-уюк» кітабынан мына бір оқиғаны оқыдым. Ақмырза деген бай манап «не үшін әйел ауылды басқарады» деп дау шығарады. Жұмагүл Әділованы іздеп көзін құртпақ ниетте ауылға келеді. Сонда ауылдастары Жұмагүл әжені қолдағаны, қорғағаны соншалық тамақ пісіретін тайқазанның астына жасырып қойған екен. Әлгі бай таппай кеткен соң «Жұмагүл, ерлігіңді көрсет, біз саған сенеміз» деп ұрандапты.
Әділ әкеміз бен Жұмагүл шешеміздің жалғыз баласы Сыдық 24-інде жер жастаныпты. Артында 1 жастағы тұяғы Мұрат қалған екен. Жұмагүл әже немересі Мұратты өзі өсіріп, оқытып, үйлендіріп, аудан орталығы Жосалыға жібереді. Кейін өзі Мұраттың қолына келіп, 1989 жылы 90 жасында дүние салады. Мұрат ағамыздың жары Нәзігүл апа енесінің ерлігін, 7 шөбересі әжесінің ақыл-парасатын әлі күнге айтып отырады.
«Газеттің әр нөмірін асыға күтіп, тігіп жинайтын, жаңалықты жібермей тыңдайтын мәдениеті жоғары жан еді. Атамыз өте қызғаншақ кісі болыпты. Үйге кірерде есік алдындағы ізді тексеретін көрінеді. Дей тұрғанмен зайыбының алаңсыз қызмет етуіне кедергі болмаған. Астындағы атын беріп, жиналыстан қалдырмай жібереді екен. Жосалы кентінде әжеміздің атында көше бар. Мен сондай текті тұлғаның тәрбиесін алғаныма, келін боп қызмет еткеніме мақтанамын, – дейді ақтық сапарға арулап шығарып салып, тірісінде батасын алған 71 жастағы келіні Нәзігүл апа.
Барлық салада жетістікке ұмтылып, жаны нәзік бола тұра қоғамдағы ауыр жүкті ерлерден кем қалыспай көтере білген қазақ әйелдерінің болмысын «Нардың жүгін ерлерше арқалаған» деген сөз дәл танытуда. Тарихқа таңба қалдырған тұңғыш қазақ әйелдерінің қатарына Жүмагүл Әділованы қосуға толық негіз бар.
Тарихи кітаптар мен газет қиындыларын парақтап отырып әжесінің өмірін баяндаған жан, шөбересі Фарида Әділованың жасы бүгінде 50-ден асқан. «Аққайың» балабақшасында тәрбиеші.
– Ширек ғасыр өтсе де ерлігін, тәрбиесін жадымнан бір сәт шығарған емеспін. Аудан айнасы арқылы жас ұрпаққа, қазақ қыздарына әжемнің болмысын насихаттасам, жарыққа шығарсам деген арманым бар-тын. Бүгін сол арманымды орындап, жеңілдеп қалдым. Жүрегім енді тынышталғандай. Біздің қолымыздан келетіні анамыздың тәрбиесіне сызат түсірмей, жақсы адам деген атты лайықты ұстап жүру ғой, – деп көзіне жас алды ол.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
13 наурыз 2021 ж. 869 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031