Қалам аға
Біздің елдің жігіттерінің осалы жоқ еді...
Бұйығы ауылдың тіршілігін бұзуға кішкентай жаңалықтың өзі жетіп жататын. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институттың 1979 жылғы түлегі – Әбдіғалым Қойшыбаев ағамыз «Кекірелідегі» мектепке мұғалім болып келгенде мен төртінші кластың оқушысы едім. Айналасын төбелер қоршаған шағын ауылдың бұйығы тірлігі Ғалым ағамның келуімен өзге әлемге байланыс орнатқан космос айлағындай жанданып сала берген. Бейне бір ертегіден топ етіп біздің әлемге келген кейіпкердей Ғалекең де ауылдың ұйытқысына айнала кетті.
Бойы сырықтай көркем жігіттің біздің ауылда жүргенінің өзі жаңалық еді. Бастауышты аяқтап, «үлкендікке» қадам бастаған біздер бойымызды түзеп, Ғалекеңе ұқсамаққа талпындық. Сыңғыры бөлек ауыл-елдің бойжеткендері де бір күнде есейіп сала берген. Қысқасы Ғалекеңмен бірге «Кекіреліге» жаңа дәурен келді. Ол – жастықтың дәурені еді. Бала да, ел де «Қалам аға» атап кеткен жайсаң жігіт біздің ауылдың темірқазығына айналып сала берген.
Елдің бәрі Қалам ағай деп атап кеткен балаң жігіт біздің ауылда бар-жоғы бір жыл ғана еңбек етті де, «асатаяғын» Серік Ыдырысов ағама ұстатып тайып отырды. Бірақ алысқа ұзаған жоқ. «Жаңақала» совхозының орталығындағы № 185 орта мектепке орналасқан Қалам ағам енді «орталықтың» көркіне айналды. Елге сыйлы Тәжмахан әкеміздің шаңырағына Гүлнардай келін түсірген ағам бақыттың баспалдағымен жоғары өрлеген алпинистердей ағалықтың шыңына беттеп кетті. Алдындағы үлкенін ұлықтады, ізіне ерген інілерге қара болды. Қысқасы қазағына тән ғұмыр кешті. Енді бір қырдан соң ақсақалдықтың да ауылы жақындап қалған еді...
Сойырғас-Кетенің азаматы Әбдіғалым Тәжмаханұлы ата-бабасының атына, ауылының атына да кір келтірмеді. Үнемі жымиып тұратын, Шөмекейдің Жанғабыл-Сарғасқасы Гүлнар Көптілеуқызы Тоқсанова жеңгей де ағама тән «еркеліктерді» қатепті нардай көтере білді. Елдің азаматына айналған ағаларымды ұлықтаған Гүлнардай жеңгелерімнің ғұмыры ұзақ болсын деймін.
Мынау жалған әлемнен Қалам ағам да өтіпті деген хабарды естігенде жанымның жарқыраған бір моншағын жоғалтқандай күйде болдым. Балалық шағымнан бой түзеген бағдаршамдай ағамның жердегі жұлдызы өшкенмен көктегі жұлдызының мәңгілік екеніне малданып отырмын.
Қалам ағам салған әндер сол ауылды әлі күнге дейін тербеп жатыр. Домбырадан басқа музыкалық аспапты елемеген елдің түндігін Қалам ағамның қолындағы қалақтай гармон желпілдететін болды. Қалам ағам салған Шәмшінің әндері той-думанның сәнін келтіріп, алақандай ауылдың тірлігіне нәр бергенін қазір бағамдайтын секілдімін. Менің көзіме қысы қытымыр, көктемі жауынсыз, жазы ыстық, күзі сүреңсіздеу көрінетін елдің «олқылығын» Қалам ағам салған әндердің әуезі өзгерткендей болып көрінеді.
Екі жүзден астам әнді мүдірмей, әрі кідірмей айтатын ағам әннің ырғағынан жаңылып көрген емес. Біздің ел үшін жастықтың гимніне айналған Мұратбек Жиенбаевтың «Тойға тілек» әнін Қалам ағам өле-өлгенше насихаттап өтті. Қызылорда облысына таратты. Алматы қаласында тұратын талантты азамат Құрманбек (Құрмаш) Жүгінісов інісі сол әннің таралым шекарасын республикалық деңгейге көтерді. Елден шыққан өнерлі жігіттер өнердің өрісін де, сыйластықтың өрісін де тарылтқан емес.
Кітап біткенді елден бұрын оқитын, түйгені терең Қалам ағам елдің де қимасына айналды. Түрлі ән байқауларынан оза шауып, бәйгенің алдын бермейтін шәкірттері Қалам ағамның атын өшірмейтін сияқты.
Бақұл болыңыз, Аға!
Бекжан СҮЛЕЙМЕНОВ