» » Досына алып қашқан қызға өзі үйленуге мәжбүр болды...

Досына алып қашқан қызға өзі үйленуге мәжбүр болды...

80-жылдарды біздің өңірде қызды құда түсіп алу деген атымен болмайтын. Жігіт біткеннің бәрі алып қашып үйленетін. Алып қашу салтқа айналған еді. Бірі жүріп жүрген қызын алып қашса, енді бірі бір-екі рет тілдескен соң-ақ алып қашатын. Кейде сырттай ғашық болған қызын сөйлеспей-ақ көшеден ұстап, машинаға басып алып кететін жағдайлар да кезігіп тұратын.
Тіпті танымайтын қызды да алып қашқан жағдайлар болған. Алайда, қызды еркінен тыс күштеп алып қашқандардың үстінен құқық қорғау органдарына шағымданып, жігітті соттату деген болған емес. Кейде шу шығып жатса да, кейіннен ақсақалдар араға түсіп, дау басты-басты болатын. Сол кезде біздің ауылда болған бір оқиғаны «Алаш айнасы» оқырмандарының назарына ұсынып отырмын.
Кеңес үкіметі тұсында ауылға жолдамамен жас мамандар келетін. Жолдамамен келген жас маман қыз болса, ауыл жігіттерінің құдайы берді дей беріңіз. Ауылдағы жігіт біткен күндіз сол қыздың жұмыс істейтін мекемесін, түнде тұратын үйін ториды. Ауылға жолдамамен келген қыздар келін болып сол ауылда қалатын. Әйтеуір сол ауылдың бір жігітінің торына түсетін.
Біз 10 сыныпты бітірген жылы, ауылға техникум бітірген екі қыз жолдамамен жұмысқа келді. Бірі сұңғақ бойлы аққұба келген әдеміше, екіншісі орта бойлы, өңсіздеу қара қыз болатын. Жігіттігіміз ұстап кешке біз де сол қыздар тұратын үй маңына барсақ, бізден үш-төрт жас үлкен жігіттер маңайлатпайтын. Үлкен жігіттердің арасында менің немере ағам Асқар мен сыныптас досымның ағасы Әбді де жүретін. Сыныптас досымның әкесі ертерек қайтыс болған. Тұрмыс жағдайлары да нашарлау болатын. Анасы қара реңді кісі еді. Балаларының реңі анасына тартқан болу керек, бәрі шойын қара болатын. Үйінің кенжесі болғаннан соң ба, сыныптас досым сөзге қонақ бермейтін сотқарлау болды. Домбырада ойнайды, гитара тартып ән салады. Қыз-қырқынға қырғидай тиетін. Ал ағасы Әбді болса, аузынан сөзі түсіп қалған жігіт еді. Түр тұлғасы да онша емес. Ауылдың қыздары оны менсінбейтін. Сондықтан достары оны жолдамамен келген қыздың қараторысы - Сәрсенгүлмен табыстырмақ болады. Жиі-жиі кеш ұйымдастырады. Ондағы ойлары Әбді мен Сәрсенгүлді жақындастыру. Алайда Сәрсенгүл Әбдіні ұната қоймайды. Достары жеңгетайлық жасап, Әбдіні қанша мақтаса да, қыз ыңғай танытпайды. Сонан соң достар өзара ақылдасып, Сәрсенгүлді алып қашуды ұйғарады.
Кешке үйде теледидар қарап отырғам. Ентігіп, есіктен сыныптас досым кірді. Екі езуі құлақта. «Ағам келіншек алып келді» деді. Әдетте келіншек алып келген үйге қыз-жігіттер жиналып, кеш өтеді. Жылдам киініп, досымның үйіне қарай жүгірдік. Олардың үйі мен біздің үйдің арасында 5-6 үй болатын. Барсақ айғай-шу. Қыз көнбей жатыр екен. Үлкен апалар мен әжелер бірінен соң бірі кіріп ақылға шақырғанмен қыз көнбеді. «Егер қазір қайтып үйге апарып тастасаңдар жабулы қазан, жабулы күйде қалады, әйтпесе, сотқа беріп бәріңді қаматамын» деп қыз айтқанынан қайтпайды. Қыздың көнбейтініне көзі жеткен үлкендер қызды қайтып үйіне апарып тастаңдар деді. Сонан соң жігіттер қызды үйіне апарып салды.
Ертеңінде таңертең милиция келіп Әбдіні алып кетеді. Содан соң менің немере ағам Асқар мен тағы екі досын апарып қамап қойды. Милиция бастығы «егер қыз жазбаша түрде кешірім бермесе, онда балаларыңыз 10-15 жылға сотталады» дейді. Қамалып жатқан төрт жігіттің әке-шешесі күнде барып қызға жалынады. Қыз көнбейді. Ақша да ұсынады. Көнбейді. Істің насырға шабатын түрі бар. Не істеу керек? Ауыл ақсақалдары кеңесіп, қыздың тұратын ауылына барып, сол ауылдың ақсақалдарын ертіп, әке-шешесінің алдынан өтпек болады. Сәрсенгүлден әке-шешесінің аты жөнін, қай ауылда тұратынын, ауыл ақсақалы кім екенін сұрайды. Бірақ Сәрсенгүл бұл жағдайдан әке-шешесінің хабарсыз екенін айтып, «оларды араластырмаңдар егер менің талабымды орындасаңыздар кешірім жасаймын» дейді. Қыздың беті бері қарағанын байқап, ақсақалдар қуанып қалады. «Қарағым қандай талабың болса да орындаймыз» деседі.
Алайда Сәрсенгүлдің талабын естігенде, ақсақалдар тілден қалады, не дерге білмей. Қалай болса да тығырықтан шығу керек. Содан үлкендердің бірі, төрт жігіттің ата-аналарын жинап, мәселені шешіп, кешке хабарын айтатынын жеткізіп, кері қайтады. Сәрсенгүлдің талабы бойынша оған Әбді емес Асқар үйленуі керек (өйткені Асқар көрікті жігіт болатын). Олай болмаған жағдайда кешірім бермейтінін айтады.
Ақсақалдар Сәрсенгүлдің талабын жігіттердің ата-аналарына жеткізеді. Үш ата-ана бұл талапқа бірден келіседі. Бірақ, Асқардың ата-анасы не айтарға білмей дал болады. Келіспейін десе баласы қамалғалы тұр, келіссе, баласының болашағы қалай болмақ?! Екі оттың ортасында қалған ата-ана, ақырында «бала келіссе, біз келісімімізді бердік» дейді.
Сәрсенгүлдің талабы қамалып жатқан жігіттерге де жетеді. Өзара бір күн ақылдасқан жігіттер ертеңіне қыздың талабымен келіскендерін айтады. Сол күні қамаудан босап, кешке жігіттер Сәрсенгүлді екінші рет алып қашып, бұл жолы Асқардың үйіне әкелді. Кешке кеш болды. Бірақ жиналған қыз-жігіт аз еді. Бәрі көңілсіз. Би де биленбеді. Кеш тез тарқады.
Елдің бәрі «көп ұзамай Асқар Сәрсенгүлді жібереді, ажырасып кетеді» деп күтті. Бірақ олай болмады. Олар қазір де бір шаңырақ астында тіршілік етіп келеді. Екі ұл, екі қыздары бар. Немере де сүйіп отыр. Бірақ, үйленген соң көп ұзамай, Асқар ішімдікке құмарта бастады. Мас емес күні болмайтын. Бәлкім оның ішімдікке әуестенуіне сол бір жағдай себеп болды ма екен? Асқардың жан дүниесі не күйде екені алдымен Аллаға сосын өзіне ғана аян.
Асқар мен Сәрсенгүлді бақытты ғұмыр кешті деп айта алмаймын. Араққа мас болып келетін Асқардың үйінде күнде ұрыс болатын. Бәлкім сол кезде Асқар Сәрсенгүлдің талабын қабыл алмау керек пе еді? Сонда екеуі де өз бақыттарын табар ма еді? Онда Асқар маскүнемдікке салынбас па еді?
Автор: Еркін, Жетісай қаласы


02 қыркүйек 2019 ж. 1 601 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031