» » Абай мұрасы – руханияттың алтын діңгегі

Абай мұрасы – руханияттың алтын діңгегі

Абай әлемі – қазақтың әлемі. Алаштың алыбына айналған тұғырлы тұлғаның рухани келбеті бүгінде тұтас ұлт болмысын айшықтауда. Осы ретте, Абайды тану – рухани жаңғырудың маңызды тірегі болмақ. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп, өзінің жыл басында жариялаған «Абай және ХХІ» ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген болатын. Ол ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойының жоғары дәрежеде аталып өтілу қажеттігіне де басымдық берді.
Сондай-ақ «Қазіргі өркениетті мемлекеттің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз» дейді ол айтулы мақаласында. Президент Абай жылын тек мемлекет қана емес, әлемдік деңгейде тойлауды жоспарлады. Атаулы жылды ерекше өткізуге арналған ауқымды шаралар да қарастырылған еді, алайда адамзаттың өміріне үлкен өзгеріс әкелген пандемия жоспарланған жұмыстың біршамасын ғана орындауға мүмкіндік берді. Дерт өкпеден қысып, төтенше жағдай жарияланған уақытта әлеуметтік желілерде Абай мұрасын насихаттауға арналған жұмыстар көрініс тапты. Бұл жаңа дәуірдің бір жақсылығы десек те болар, қалтафонның көмегімен көп нәрсеге қол жеткіздік. Ұлы ойшылдың мол мұрасы челлендж арқылы әлемге тарады. Біздің мекенде де бұл үрдіс жалғасын тауып, аудан әкімі Мұса Қалдарбековтен бастап үлес қосқан 2278 челлендж Абайдың сарқылмас қазынасын ұрпақ санасында жаңғыртты. Аудан көлемінде мерейтойға арналған бірқатар көлемді іс-шара өткізілді. Солардың бір парасына тоқталып өтсек.
Жыл басында орталық кітапханада мерейлі датаға орай «Абай залы» ашылды. Мәдениет саласының ардагері Бибайша Жанахаева мен кітапхананың тұрақты оқырманы Әлім Ұзақбаев лентасын қиған залдың оқырманға берері мол. Кеш қонақтары кітапханада ашылған бұл орынның кітапсүйер қауым үшін ұлағатты мекенге айналарына сенім білдірген еді. Расымен, жыл көлемінде бұл жерде түрлі сала мамандары ұлы ойшылдың жаңа мұраларымен танысу үшін де арнайы келіп, біршама сайыс ұйымдастырылды. Ал кітапхананың қызметкерлері әлеуметтік желідегі парақшаны Абай мұрасын насихаттаудан әсте жалыққан емес. Аудан көлеміндегі кітапханалар желісі 36 тарта әр бағыттағы іс-шара өткізді. Уақыт талабына сай аталған шараның басым көпшілігі онлайн форматта жүзеге асты. Кенттегі №26 мектептің оқушыларымен бірге дайындалған Абай мен Тоғжан жайындағы «Қош махаббат» атты көрініс көптің көңілінен шықты. Мұнан бөлек, Абай бейнесін салуға арналған сурет байқауы, «Оқитын кез келді» тақырыбында Абай жайлы жаңа туындылар таныстырылса, «Абай мұрасы» айдарымен дана ақынға арналған жыр шумақтары оқырман назарына ұсынылды.
Білім бекетіне айналған кітапхана оқырманымен құнды. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләйла Сыздықова биыл кітапқұмарлардың саны артқанын атап өтті. Абай мерейтойына орай, оның әлеміне терең бойлауға ұмтылған оқырмандарды мақтан етті. Солардың бірегейі, «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 томын қайта оқып, ұлы ойшылдың тағылымды өмір жолын өнеге еткен Абдолла Алтынбасов, Болат Бисенов, Нұрбол Мырзабаев секілді – ел перзенттері. Мерейтой қарсаңында адамзаттың асыл қазығына айналған Абай мұрасын қайта қолға алған Нұрбол Мырзабаев мынадай пікір білдірді.
¬– Әр ұлттың өмірінде сол халықтың кешегісін бүгінмен байланыстырып, бүгінгі күнін ертеңге жалғайтын, әр ұрпақты ойландырып, біріне-бірін рухани ұштастыратын тұлғалар болады. Біз үшін сондай ұлы тұлға – Абай. Ол қазақтың барлық сыр-сипатын, тағдырын ертеңімен қоса суреттеген ұлы кемеңгер. Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршаға рухани азық өмір жолы өнеге болып отыр. Заманның заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» бұрын да оқығанмын. Әр жастың өзіндік берері мен тағылымы бар емес пе? Соған орай бұл кітапты қайта қолыма алдым. Абай әлемінің бұрынғыдан да өзге қырлары ашылып, даналыққа толы іс-әрекеттері санамда қайта жаңғырды. Қазақтың әр баласына осы кітапты оқуға кеңес берер едім, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
Ал білім нәрімен сусындатушы құтты ордалар мерейтойды барынша мерейлі етіп өткізуге тырысты. Аудандық білім бөлімі түрлі форматта үлкенді-кішілі 1500-ге тарта іс-шара өткізді. Әрбір мектептің фейзбук парақшасында Абай өлеңі мен қара сөзін жатқа оқыған оқушы мен ұстаздар, кемеңгердің сан қырын сөйлеткен байқаулар мен онлайн сайыстар жүргізілді. «Абайтану» орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, «Абай» төсбелгісінің иегері Абат Жолдасовамен кездесу ұйымдастырылып, 120-ға жуық бала қамтылған аудандық «Абай оқулары» өткізілді. Болашақ ұрпақ осы жұмыстардың арқасында Абайдың сарқылмас қазынасынан нәр алып, өміріне азық болар керегін жинақтап, санасында жатталар ой-толғамдарды бойына сіңірді. Абайша жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуда. Білуге, көруге, ізденуге ниет етуде. Абай жылын атап өтудегі басты мақсат та осы болған еді.
Тарихымыздан сыр шертер аудандық музей ұжымы да ұлы Абайдың 175 жылдығына орай арнайы сөре дайындап, онлайн-лекциялар жүргізсе, мекеме қызметкері Бекзат Жанәбілов сырлы бояумен ойшыл бейнесін айшықтады. Ал К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде 13 онлайн, 4 офлайн іс-шара Абай тағылымына арналды. Танымдық дәрістер мен жыр фестивальдары, жыр кеші мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. «Абай және Сыр шайырлары» жыр концерті санитарлық талаптар шеңберіне сай өткізілді. Онда Сыр сүлейлерінің Абай жайында жазған шығармалары мен ұлы ақынның әндерін Сыр мақамына салып орындалды. Жыраулар үйіне қарасты үйірмелерден тәлім алып жүрген жырсүйер шәкірттер ақын шығармашылығына арналған челленджге белсене қатысты.
Ел көңілін алаң қылған індет таралғанда халықтың ойын жақсы арнаға бұрып, демалыс сыйлай білген мәдениет ұжымы мерейтойға ерекше дайындық жүргізген. Дегенмен уақыт талабына сай 446 іс-шара онлайн түрде жүргізілсе, 49-ы қатаң талапты сақтай отыра ұйымдастырылған. Әлеуметтік желі арқылы тағылымды кеш жасап, құнды мұраның құнын арттыруды мақсат еткен ұжымның жұмысы көрермен назарына ұсынылды. Әрбір бейнежазбаның, көріністің астарында қанша жанның еңбегі мен уақыты, өнері бар. Мұны көрермен қауым да жоғары бағалап, мәдениет майталмандарына деген ақжарма тілегін пікірлер топтамасына қалдыруды әдетке айналдырды. Сахнадағы көрермен қошеметінің орнын, әлемжелідегі лебіздер легі алмастырып, мәдени ошақтың еңбегі осылайша бағаланды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық театры» ақын өмірін театр тілінде бейнеледі.
– ¬Драматург Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясын онлайн ел назарына ұсындық. Оның негізгі мақсаты – Абай әлемін халыққа таныту. Көріністе ақынның есейген шағындағы қиын кезеңдері, өзіндік ішкі әлем мен күйзелісі, достарының сатқындығы сомдалады. Дайындық күрделі кезеңдерден тұрды. Әсіресе, актерлік құрамды жинақтауда. Себебі бізде кәсіби актерлар жоқ. Сондықтан да мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп осындай дүние шығардық. Кейіннен осы спектакльмен «Театр көктемі – 2020» атты облыстық Халық театрларының фестиваліне қатыстық. Жүлделі екінші орынды қанжығамызға байладық. Бұл біз үшін – үлкен жеңіс. Алдағы уақытта мұндай фестивальдерге қорықпай қатыса беруге болатынына көзім жетті. Себебі өңірдің өнерлі перзенттерінің әртістік шеберлігі кәсібилерден кем емес. Біздің репертуарымыздағы бұл спектакль індет іргемізден алыстағанда көрермен назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар, Абай әлемінің тереңіне бойлап, ойлы ой орамдарына толы көріністер тек мерейтойда ғана емес, келесы жыл бедерлерінде де дәріптеле берері сөзсіз, – дейді аудандық Халық театрының режиссері Мадияр Махамбетұлы.
Аудан айнасына айналған газет бетінде де тұрақты түрде мақалалар жарияланды. Мерейтойға арналған іс-шаралар ақпараттандырылып, өнегелі өсиеті сараланды. Жыл көлемінде 40-қа жуық мақала жарыққа шықты.
Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетін берік ұстансақ, ел ретінде еңселене түсеріміз анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» дегеніндей, Абай мұрасы ешқашан ескірмек емес.
Абайды дәріптеу, оның қайнар бұлағынан нәр алу әлі де жалғасын таба береді. Індетпен күресе жүріп тойланған мерейтой Абай жирендірген даңғаза, ысырапшылдықпен емес, береке-бірлікпен, ынтымақпен өткені көпті қуантады. Бұл жылдағы шаралар да соның айқын дәлелі. Президент айтқандай, басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екенін қаперден шығармадық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 желтоқсан 2020 ж. 1 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 995

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031