Абай – мәңгілік тақырып
Абай – ұлы ақын, жазба әдебиетінің негізін қалаған ойшыл. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат оның қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады.

Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Онда бүгінгі заман үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екені жөнінде жұртшылықпен ой бөліседі.
Сондай-ақ 1 шілдеге дейін мемлекеттік комиссия құрылады. Ал 1 қазанға дейін мерейтойды дайындау және өткізуге арналған жалпыреспубликалық жоспар бекітілуі шарт. Бұдан бөлек, "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.
Абай – мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр.
Күлжауһар Раева,
аудандық мәслихат депутаты.
аудандық мәслихат депутаты.