» » Жалындап өткен ғұмыр

Жалындап өткен ғұмыр

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жалғасбай Тұяқбаев 1908 жылы Қармақшы ауданы, Ақбел елді мекенінде (қазіргі Ақжар ауылы) дүниеге келген. Әкесі Тұяқбай жетім-жесірге, басқа да тұрмысы төмен жандарға қайыр-көмегі мол тиген кісі болған. Әйелі Мария ақжарқын, мейірімді жан еді. Алғашқы көрген сәбилері тұрмай, шетіней беріпті. Кейін ұлы Жалғасбай мен қызы Ажаркүл дүниеге келген соң, күйлері де, тұрмыстары да түзеліп кетіпті.
Жалғасбай жасынан ширақ, пысық бала болып өседі. Сауатын ерте ашып, арабша, латынша жазуды меңгереді. Үйлеріне жырау-жыршы келе қалса, әкесінің тізесіне сүйеніп отырып, жыр-қисса тыңдауды ұнататын. Біздің қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой. Өнерге ерте талпынып, домбырамен жыр-терме айтуға машықтанған ол ел ішінде «Жырау бала» атанып кетеді.
Қармақшы ауданы – жыраулық өнердің туын жоғары ұстап, «Жыраулар отаны» атанған қасиетті мекен. Мұнда Сыр сүлейлерінің бір үлкен шоғыры қалыптасқан. Айтар болсақ, Ешнияз салдан бастап Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Жүсіп, Баспан Жиенбай Тұрымбет, Шегебай, Тасберген, тағы басқа дүлділ жыраулар осы аудан аумағында өмір сүрген. Ал бұлардан кейінгі орта буын Мұзарап, Рүстембек, Сәрсенбай, Әлібек, Әбзали секілді ақын-жыраулардың да көптеп шыққаны белгілі. Жалғасбай жырау осы топтың өкілі еді.
Дастарқаны бай, ал көңілі даладай кең белгілі ел азаматы Тұяқбайдың үйіне алыс-жақыннан жыраулар, басқа да құрметті меймандар келетін. Мұндайда өнерге құштар Жалғасбай баланың қуанышы қойнына сыймаушы еді. Әр жыраудың жырлау мақамы, машығы мүлдем бөлек болатынын қолға су құйып, кесе алып беріп жүріп те зерек бала жиі аңғарып та қалатын-ды. Бұған, әрине, көзі қарақты әкенің де септігі анық еді. Өйткені ұлағатты әке қайда барса да, жалғыз ұлын жанынан тастамай ертіп жүретін.
1928 жыл. Қызыл өкіметтің байлардың мал-мүліктерін тәркілеу саясатының әсерінен орта дәулетті Тұяқбай да қағыс қалған жоқ. Қызылдар оның дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 3 жылға соттайды. Қатыгез үкім мен қапас түрме азабынан Тұяқбай қатты ауырып қайтыс болады. Бұл қайғылы ауыр жағдай отбасына өте ауыр тиеді. Бірақ, қызыл өкіметтің жендеттері енді марқұмның әйелі Мария мен қызы Ажаркүлді қудалауға көшеді. Соның салдарынан отбасы мүшелері Өзбекстанға жер ауып, сонда паналайды. Алайда, ол жақта да жағдайы болмай, бір жылдан соң елге қайтып оралады.
Жалғасбай етінің тірілігі және арабша, латынша жазуға оң қол болғандықтан, елді жаппай сауаттандыру науқанына атсалысады. Тұрмыстың қиындығына қарамастан, ол жыраулық өнерін одан әрі ұштай түседі Шығыстың «Шаһнама», «Мұңлық-Зарлық», «Көрұғылы», басқа да қызық сюжетті қисса-дастандарын, сондай-ақ, қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды» батырлар жырын, «Қыз Жібек» эпосын көп оқып, жаттайды. Сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің терме, толғауларын жиі орындайды. Аудандық, облыстық ақындар айтыстарына да жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болады.
1939 жылы Жалғасбай Қармақшыдағы жүргізушілер даярлайтын мектепте оқиды. Оны бітірген соң, туған ауылы Ақжарға оралып шаруашылық өндірісінде жүк автокөлігінің тізгінін ұстайды. Еңбек екпіндісі атанады.
... Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы басталғанда Жалғасбай Тұяқбаев өзі жүргізетін автокөлігімен алғашқылардың бірі болып, майданға аттанады. Бір қызығы, ол майданға бірге оқыған жан досы Мәлік Таңсықбаевпен бірге аттанып, бір майдан, бір ротада жауға қарсы шайқасады. Балтық теңізі жағалауындағы елдерді азат ету жорықтарының бел ортасында болып, зұлым жауға өлім оғын жаудырады.
Жауынгер Ж.Тұяқбаев неміс фашистеріне қарсы кескілескен сан шайқастар кезінде қайсар ерліктің үлгісін сан рет көрсетеді. Досы Мәлік те зұлым жауға есесін жіберген жоқ. Бірақ, майданда түрлі жағдай болады ғой. Бірде – жауды жеңесің, енді бірде – жеңілесің. Шайқас заңы солай...
Балтық теңізі жағалауындағы бір үлкен ұрыс кезінде Жалғасбайларды бір үлкен сәтсіздік күтіп тұрған еді. Неше күнгі ауыр шайқастың да әсері болар, бұлардың ротасының бір бөлігі жау қоршауында қалып қояды. Жан алып, жан беріскен ұрыста қатары сиреп, оқ-дәрінің де таусылуға жақын қалған кезі. Орталықпен байланыс әлдеқашан үзілген. Жау қоршауын бұзып шығуға бұлар қанша әрекет жасағанымен. күші басым жау жан алқымға ала түскен. Сөйтіп, ішінде бес қазағы бар бұлардың роталарының тірі қалған жауынгерлері жау қолына еріксіз берілуге мәжбүр болған еді.
...Неміс фашистерінің тікенек сыммен айнала түсі суық концлагері – бір қара түнек ажал апанындай тым үрейлі көрінуші еді. Осында Жалғасбай мен Мәлік өздерімен бірге тұтқынға түскен жауынгерлермен бірге талай азапты күн мен түнді бастарынан кешіреді. Тек 9 айдан соң жаудың бұл азап лагерінен Мәлік екеуі бірде түн қараңғылығын жамылып, әрең дегенде қашып шығады. Сөйтіп олар бұқпантайлап, Балтық теңізі жағалауындағы Филау деген қалаға зорға жетеді. Сәтін салғанда сол қаланың түбінде жауға қарсы үлкен шабуылға шыққалы жатқан кеңес әскерлеріне келіп қосылады.
Жауынгер жырау Жалғасбай Тұяқбаевтың соғыс кезіндегі майдан эпизодтарын кейін:
«..Үш, үш түн алысып,
Қиямет-қайым орнады.
Бір қадам кейін жылжуға,
Ешбір бұйрық болмады.
Төртінші күн дегенде,
Қауқар тағы қалмады.
Аспан мен жер арасын,
Қызыл жалын орады», – деп жырлағаны бар.
Бірақ, соғыс заңы қатаң. Жау қолына түскенде тордағы арыстандай аласұрған Жалғасбай өзі айтқандай, «пленге» еріксіздіктен түскен сол бір жантүршігерлік сәтті қинала еске алып:
«Есеңгіреп есіміз,
Жауға кетті есеміз,
Амалы жоқ, әттең-ай,
Қияметке көнеміз.
Көп немісті өлтіріп,
Пленге түскен бес қазақ,
Кәлимаға тілді келтіріп,
Көрдік енді күнде азап», – деп қинала жырлаған еді.
Жалғасбай қандыкөйлек досы Мәлік Таңсықбаевпен бірге концлагерьден қашып шығып, өздеріне қосылғаннан кейін ерекше қайраттанып, басқыншы жаудан кек алу үшін алдағы шайқастарға белсене қатысып, жауға кеткен есенің орнын сан мәрте толтырады.
Ұлы Жеңістің жүректі дүрсілдеткен қуанышты сәтін жауынгер жау ордасы – Берлин қаласында қарсы алады. Соғыстан кейінгі екі жылды Мәскеуде, тергеуде өткізеді. Елге тек 1947 жылы оралады. Бірақ, амал не, келесі жылы қайта қамауға алынады.
Бір салынған қара таңба қалмайды екен. «Неміс концлагерінде тұтқында болған» деген айып қайта тағылып, 10 жылға жер аударылу жазасына кесіледі. Сөйтіп, ол Қостанай облысындағы «Жетіқара» алтын кенішіндегі ауыр қара жұмысқа жегіледі. Мұндағы жағдай да адам төзгісіз екен. Тынымсыз ауыр жұмыс, нашар тамақ, суық төсек онсыз да тұтқыннан титықтап келген Жалғасбайға оңай тимейді. Бәрінен де бұрын туған жерге, елге деген сарғайған сағыныш одан сайын меңдеп, жүректі мүлдем сыздатқан еді. Соның белгісі –төмендегі жыр шумақтарын тебіренбей оқу мүмкін емес.
«...Туған жер атамекен, амансың ба?
Құты бар қарт атаның батасында.
Оралсам Жосалының жусанына,
«Балам» деп бауырға басың ба?!

Мекенім жүріп жатқан Жетіқара,
Жан анам, мені ойлап, алаңдама,
«Еркек тоқты құрбандық» деген осы,
Көнермін, көнбесіме амал бар ма?!» деп тебіренеді жанкешті тағдыр, өршіл жүрек иесі.
Өзінің Отанына адал және арының тазалығына сенімді Жалғасбай ақын одан әрі:
«Отанға болды арым таза,
Пленге түскеніме етті жаза.
Тағдыр жазуына не шара бар,
Барған жерім – Қостанай, Жетіқара» деп тағы да ағынан жарылған еді.
Жалғасбай Тұяқбаев 1955 жылы Жетіқарадан Сыр еліндегі туған ауылы Ақжарға аман-есен оралады. Шаруашылық өндірісінде әртүрлі жұмысты атқарады. Адал еңбегімен ел көзіне түседі. Егіс бригадирі болып мол өнімге қол жеткізеді. Кеңшар орталығынан жаңадан наубайхана ашып, елді мекендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Наубайхананы әйелі Ақбұрыш басқарады. Бала кезінен жансерігі болған қоңыр домбырасымен қайта қауышып, терме-жыр, қисса-дастандарды халық арасында кеңінен жырлап, насихаттайды. Әсіресе, оның жыраулық және ақындық шабыты ХХ ғасырдың 60-шы жылдары кемелдене түскен еді.
Әкеден алған тәрбие және жақсы үрдіс болар. Жалғасбай жыраудың үйінен мейман арылмайтын. Тіпті, Алматыдан қонцерттік сапармен келген еліміздің әйгілі әншілері Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова сынды құрметті меймандар үй иесінің кең пейілі мен көне әңгімелерді майдан қыл суырғандай етіп айтатын шешендігіне, кәтекі жыраулық өнеріне де аса риза болған Ғарекең Жалғасбайды сол үшін де бірнеше рет Алматыға мейман болуға шақырған да еді. Қайран, бұрынғының адамдарының бауырмалдық қасиеті-ай десеңші!
Жыраудың тағы бір жақсы қасиеті: ел ауызындағы шешендік сөздерді, ертегі, мысал әңгімелерді жинап, олардың көбісін арабша, латынша жазып келген екен. Кезінде өзі сол қолжазбаларын ауыл мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, көне тілді жетік білетін Таян Жүсіповке қазіргі әріпке аударуды өтініш етіп қолымен табыстаған. Алайда, қазір ол қолжазбаның кімде, қайда екені белгісіз. Үміт дүниесі ғой алда-жалда табылып жатса құба-құп.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жалғасбай Тұяқбаевтың жыраулық өнерінің шарықтаған тұсы еді бұл. 1967 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданының Энгельс атындағы (қазіргі Дүр Оңғар ауылы) ұжымшары және «Октябрь» (Иіркөл ауылы) әскери кеңшары аралығындағы кең жазықта Қазақстан Республикасының құрылғанына 50 жыл толу салтанатты тойына «Ақжар» кеңшары атынан Жалғасбай жырау сегіз қанатты қос ақбоз үйді жасау- жабдықтарын әкеліп тігіп, тойға келуші құрметті меймандарды иіліп қарсы алады. Өзі де сонда ерекше жарқын көңілмен шабыттанып, облыстық жыршы-жыраулар сайысында өзінің кең тынысты, әрі әсем жыр мақамдары арқылы байқаудың бас бәйгесін жеңіп алады.
Осылайша тойды көтеріңкі көніл-күйде тарқатып, қос үйдің жүктерін көліктеріне тиеп алып, Ақжарға қарай бет алған бойлары еді. Бірақ, жолай аяқ-астынан тосын жағдай болатынын ешкім де ойлаған жоқ еді.
– Мен бұл сұмдық оқиғаны үйге үрейлері ұшып келген жақын туыстарымнан естідім. Ол кезде ауылдағы №28 орта мектептің оныншы сыныбында оқитынмын. Сол сәтте не болғанымды өзім білмеймін, есімнен танып құлап түсіппін... Кейін толық естігенім: апаттан әкем, Ақбұрыш шешем және Ақтөбеден келген құда үшеуі қайтыс болған екен, – дейді сол бір қаралы оқиғаны кейін қинала еске алған қызы Базаркүл.
Бүгінде Базаркүл Жалғасбаева Қызылорда қаласында тұрады. Балалы-шағалы, бірнеше немере сүйіп отырған бақытты жан. Мамандығы – мұғалім. Әлі қызмет істейді. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Қанша жыл өтсе де, ол әкесін өте жақсы көретінін жасырмайды. 9 мамыр – Жеңіс күні Базаркүл үшін ең қасиетті мереке. Қолынан келгенше көздері тірі соғыс және еңбек ардагерлерін және өлі аруақтарды еске алатын түрлі шараның ұйытқысы болып, басы-қасында жүгіріп жүреді.
Базаркүл жырау әкесінің жыр мұрасына да иелік етіп, жыр-толғаулары мен айтыстарын жинап-теріп, жарық көруіне де атсалысып жүреді. Бұл – оның перзенттік ғана емес, азаматтық белсенділігін танытады. Майдангер әке жайлы баспасөзде жарияланған көп мақаладан басқа да, 1915 жылы майдангер әкесі жайлы «Ұрпағыңмен мәңгі тірісің!» атты қысқаметражді фильм түсіріпті. 2019 жылы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қызылордада «Жақұт жырдың жампозы» атты жыршы-жыраулардың облыстық фестивалі өткен. Алда жоспарланған танымдық-тағылымдық шаралар да жоқ емес.
Небары 56 жыл жасап, жалындап өткен ғұмыр жайлы айтылар сөз, ғибратты сырдың көп екені көңілді ерекше қуантады. Бұл да ұрпақ парызының бір өтелгені шығар!
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

23 маусым 2020 ж. 935 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031