БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ – МЕКТЕПТІҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
Бүгінгі білім беру жүйесінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын маңызды ортаға айналды. Заманауи талаптарға сай білім мен тәрбие үдерісін қатар дамыту – әрбір білім ордасының басты міндеті. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан оқу орындарының бірі – №277 мектеп-лицейі. Соңғы жылдары мектептің материалдықтехникалық базасы жаңарып, оқушыларға арналған жаңа білім кеңістіктері қалыптасты. Бұл өзгерістер шәкірттердің ғылыми ізденісі мен шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік беруде. Мектеп ұжымы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз әрі қолайлы білім ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Осы орайда біз №277 мектеп-лицейінің директоры Ғалымжан Әлімұлымен мектептің бүгінгі тынысы, білім беру үдерісіндегі жаңашылдықтар мен алдағы жоспарлар туралы сұхбат құрған едік.
– Ғалымжан Әлімұлы, бүгінде сіз басқарып отырған мектептің басты ерекшелігі қандай?
– №277 мектеп-лицейі – білім мен тәрбиені қатар өрбіткен, заманауи талапқа толық жауап беретін оқу ордасы. Биыл «Қазақстан халқына» қоры тарапынан бөлінген қаржының арқасында мектеп материалдық-техникалық тұрғыдан түбегейлі жаңарды. Жаңартылған оқу кеңістіктері, соның ішінде зертханалық бағыттағы кабинеттер мен телестудия оқушының таным көкжиегін кеңейтуде. Арт-студия мен обсерватория балалардың шығармашылық және ғылыми ізденісіне жол ашып отыр. Мектептің басты ерекшелігі – «Білімді ұрпақ – елдің тірегі» деген қағиданы нақты іспен дәлелдеуі.
– Қазіргі шәкірттердің білім алуға деген көзқарасы бұрынғы буыннан несімен ерекшеленеді?
– Қазіргі буын бұрынғыдай емес. Олар ақпаратты тез қабылдайтын, өз ойын ашық айтуға бейім буын. Сондай-ақ білімді тек меңгеріп қана қоймай, оны өмірде қолдануға ұмтылады. Зертханалық сабақтар мен STEM бағытындағы жұмыстар оқушылардың ізденімпаздығын арттырды. Телестудияда оқушылар пікірін дәлелдеп сөйлеуге, арт-студияда шығармашылық ойлауға үйреніп келеді. Бұл – «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деген халық даналығының бүгінгі көрінісі.
– Мектепте оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Орынды сұрақ. Себебі функционалдық сауаттылықты дамыту – мектептің басым бағыттарының бірі. Сабақтарда өмірмен байланысты тапсырмалар, жобалық және зерттеу жұмыстары жүйелі енгізілген. STEM зертханасында тәжірибеге негізделген жұмыстар жүргізіліп, оқушының ойлау қабілеті дамытылады. Сонымен қатар телестудияда ақпараттық жобалар, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға дайындық тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар «оқығаның – өміріңе азық болсын» деген ұстанымға негізделген.
– Ата-ана мен мектеп байланысын нығайту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс – тәрбиенің алтын көпірі. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген терең мағыналы сөз бар. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, атааналармен жүйелі кездесулер, ашық есік күндері, бірлескен тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Мектеп өміріне ата-аналарды белсенді тарту арқылы балаға ортақ жауапкершілік қалыптастырылады. Мұндай ынтымақтастық тәрбиенің нәтижелі болуына негіз қалайды.
– Қазір көптің назарын аударып, қоғамды алаңдатып отырған буллинг мәселесі мектептерде қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?
– Буллинг – бүгінгі таңда ерекше назарды қажет ететін мәселе. Мектепте бұл бағытта алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Телестудияда тәрбиелік мазмұндағы бейнематериалдар әзірленіп, арт-студияда адамгершілікке, мейірім мен сыйластыққа үндейтін шығармашылық жұмыстар жасалады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидасын оқушы санасына сіңіру басты мақсат. Әр бала өзін мектепте қауіпсіз әрі қадірлі сезінуі тиіс.
– Қазір көз ілеспес жылдам дамудың ғасырында өмір сүріп жатырмыз ғой. Сандық технологиялар өміріміздің барлық саласына енді. Ал осы үдеріс оқу процесін қаншалықты өзгертті?
– Сандық технологиялар оқу үдерісіне тың серпін әкелді. STEM бағытындағы заманауи құрылғылар мен цифрлық ресурстар сабақтың мазмұнын байытып отыр. Телестудия оқушылардың медиасауаттылығын қалыптастыруға үлкен ықпал етуде. Мұғалімдер жаңа технологияларды пайдалана отырып, сабақтың тиімділігін арттыруда. Дегенмен, құрал – қолда, тәрбие – жолда екенін естен шығармаймыз.
– Алдағы жылдарға арналған мектептің негізгі жоспары қандай?
– Жоспар білім саласында ең қажетті дүние. Себебі жоспар жүйелі болса, нәтиже де көңіл қуантады. Біздің жоспар білім мен тәрбиені тең ұстауға бағытталған. Оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жетістігін арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. STEM бағытын жүйелі дамыту арқылы зерттеушілік мәдениет қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар тәрбие жұмысын күшейтіп, ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шараларды көбейту жоспарлануда. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген нақыл біздің бар жоспарымыздың өзегі.
– Сіз үшін мектеп директоры болудың ең қиын тұсы қандай?
– Мектеп директоры болу – үлкен сенім мен жауапкершілік. Әр баланың тағдырына бейжай қарамау ең күрделі міндет. Ұжымдағы бірлікті сақтай отырып, білім сапасы мен тәрбие жұмысын қатар алып жүру де үздіксіз еңбекті талап етеді. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Сондықтан мектеп директоры үшін тәрбие мәселесі әрдайым алдыңғы орында тұрады. Жас мұғалімдерге айтарым: ұстаздық жолда сабыр мен ізденіс қатар жүрсе, нәтиже міндетті түрде болады. – Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















