» » ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Әр ұлттың болашағы – білімді ұрпақ. Ал білімнің бастауы – мектеп. Осы жолда шәкіртке шапағатын төгіп, санасына сәуле құятын, болашағына бағдар беретін қасиетті шаңырақтың бірі – ауданымыздағы №277 мектеп-лицейі.
Бұл мектеп – жай ғана оқу орны емес, арман мен мақсаттың тоғысқан мекені. Мұнда әр сабақ үміт пен сенімге толы болады. Ұстаздарының жүзі жылы, сөзі нұрлы. Әр шәкірттің жүрегіне білім шуағын сеуіп, өмір жолындағы тұңғыш қадамдарын сеніммен бастататын – осы ұжымның еңбегі ерен.
Биылғы оқу жылының соңында еліміздегі Үздік 100 мектептің тізімі жарияланды. Топ-100 құрамына әр облыстан бес білім беру ұйымы және үш мегаполис кірді. Тізімге Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі де кіріп отыр. Бұл мектеп – сапалы білім мен саналы тәрбие ордасы. Мектепте оқушыны тұлға ретінде дамытуға баса мән беріледі. Тек пәндік біліммен шектелмей, рухани бай, мәдениетті, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында мектеп ұжымы аянбай еңбек етіп келеді.
– Биылғы оқу жылы біз үшін тарихи әрі ерекше сәт – мектебіміз республикалық «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Бұл – тек сандар мен рейтингтің көрсеткіші ғана емес, бұл – жылдар бойы төгілген тердің, ізденіспен келген жүйелі еңбектің, ынтымақ пен жауапкершіліктің жеңісі.
Бұл жетістік – ең алдымен ұстаздардың қажырлы еңбегі мен жоғары кәсіби деңгейінің нәтижесі. Біздің мұғалімдер – білім беруде де, тәрбиеде де тың идеяларды батыл енгізіп жүрген жаңашыл жандар. Мұнан өзге оқушылардың да үлесі бар. Бүгінде мектебімізде олимпиада жеңімпаздары, ғылыми жоба мен дебат алаңының белсенділері, өнер мен спортта топ жарып жүрген шәкірттер жетерлік. Сонымен қатар бұл жеңісте техникалық қызметкерлердің де еңбегі орасан. Таза, қауіпсіз, жайлы орта – оқушы үшін де, мұғалім үшін де үлкен маңызға ие. Мектептегі тәртіп, тазалық, ұқыптылық – білім сапасының іргетасы, – дейді мектеп директоры Ғалымжан Ұзақбаев.
Үздік болу – кездейсоқтық емес, күнделікті қажырлы еңбектің, ұжымдық ынтымақтың, биік мақсат пен асыл мұраттың нәтижесі. Осындай биік белестерді бағындырған №277 мектеп-лицейі – нағыз білімнің шамшырағы.
Үздік 100 мектеп қатарына ену – барша ұжым мен оқушылардың ортақ жеңісі.
Мектептің жетістігі санмен емес, шәкірттің шын биігімен өлшенеді. Бұл білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің бірі – республикалық, бірі – халықаралық деңгейде ел атын асқақтатып жүр. Ал олардың әр жетістігі – осы мектеп қабырғасында егілген білім мен тәрбиенің жемісі.
– Әрбір жетістіктің артында оны дер кезінде байқап, бағалап, қолдаған білім саласы басшыларының қырағылығы бар. Осы тұста ерекше алғысымызды ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа білдіреміз. Ұстаздың еңбегін бағалайтын, мектептер арасындағы сапалы өзгерістерге әділ баға беретін министрдің қолдауы біз үшін – үлкен серпіліс, әрі жаңа жауапкершілік.
Сондай-ақ облыстық, аудандық білім бөлімдері мен әдістемелік орталықтардың әдістемелік көмегі мен сенім білдіруі де біз үшін маңызды тірек болды. Біз бұл жетістікті межеге жету емес, жаңа белестерге бастар алғашқы қадам деп қабылдаймыз. Алдымызда атқарар жұмыс көп. Бірақ бізде мықты ұжым, үздік оқушылар, сапалы орта және ел ертеңіне сенетін жүрек бар, – дейді мектеп директоры.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 шілде 2025 ж. 98 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

№54 (10422)

22 шілде 2025 ж.

№53 (10421)

19 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 141
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031