ҮЗДІК МЕКТЕП - ҮЗДІК БІЛІМ КЕПІЛІ
Шәкіртті ілім-ғылымға үйрету мақсатында еңбек етіп жатқан №277 мектеп-лицейі 2024-2025 оқу жылының қортындысы аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министірлігінің шешімімен «ҮЗДІК 100 МЕКТЕП» қатарына енді.
Осы орайда Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Даулетова Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейінің ұжымымен арнайы кездесіп, еліміздегі «Үздік 100 мектеп» қатарына енулерімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы Дипломын табыстады.
Өз сөзінде Департамент басшысы ұжымның мазмұнды да нәтижелі еңбегіне, ұстаздардың кәсіби шеберлігіне тоқталып, №277 мектеп- лицейі мемлекеттік аттестаттаудан өту барысында жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.
Білім беру саласының дамуы үшін бәсекеге қабілетті болып, оқушылардың білім алуына бар жағдай жасауды басты миссия еткен білім ордасы тек қана ілгері қадамдап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат санайды. Ел ертеңіне бейжай қарамайтын ұстаздар қауымы, жарқын болашаққа нық қадаммен баруды көздейтін шәкірттер бұл үшін аянбай еңбек ете бермек.
Айта кетейік, білім беру ұйымы 2019 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы. Мектеп оқушылары пәндік олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері. Биылғы жылы мектепті 58 түлек бітіріп шықты. 3 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік» аттестатқа үміткер. Наурыз айындағы ҰБТ-ден «Алтын белгіге» үміткер Жанибеков Мәди 137 балл жинаған.
Үздік 100 мектеп» қатарына ену үшін оқушылардың білім сапасы, сыртқы бағалау қорытындылары, олимпиада мен ғылыми жоба көрсеткіштері, педагогтердің біліктілігі, материалдық-техникалық база, білім алушыларға қауіпсіз орта құру, мектепте қалыптасқан дәстүрлерді сақтау бағыттағы жұмыстар сараланған.