» » Жалау Мыңбаев кім болған?

Жалау Мыңбаев кім болған?


Тарихтың өзекті арнасы жеке тұлға, олардың жиынтығы халық болып табылады. Халықтың есінде, тарихтың бетінде атты да, қызметі де сақталған, мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отырған қазақ жерінің абзал азаматтары аз емес. Солардың бірі – еліміздің көрнекті қоғам қайраткері, Маңғыстау өлкесінде дүниеге келіп, Қызылорда да қызмет еткен Жалау Мыңбаев еді.
Сыр бойында қарапайым жұмысшыдан бастап, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағалығына дейін абыройлы лауазымға көтерілген Жалау Мыңбаев туралы бірі білсе, бірі білмейді.
Ж.Мыңбаев 1892 жылы Маңғыстау өлкесінде дүниеге келген. Небәрі 37 жыл өмір сүрді. 2000 жылдарға дейін оның өмірі мен қызметі ғылыми тұрғыдан жеткілікті зерттелген жоқ. ХХ ғасырдың басында күрделі тарихи оқиғаларға белсенді түрде тікелей араласып, Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде терең із қалдырған Жалау Мыңбаев сияқты ірі қайраткерлердің қызметі арқылы, біз отандық тарихымызды терең түсінуге жол ашамыз. Жалау Мыңбаевтың ерен еңбегіне обьективті баға беру, ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, еліміздің жас ұрпағын рухани тұрғыдан тәрбиелеу үшін де керек. Жалау Мыңбаев қызмет атқарған Атырау, Ақтау, Қызылорда, Алматы қалаларының мұрағаттарында болып, көптеген құжаттармен танысып, 1925-1927 жылдары Қызылорда қаласында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз екенін байқаймыз.
1925 жылы 5-19 сәуірде Ақмешіт қаласында болған Қазақ АКСР 5 съезі еліміздің өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Ақмешіт қаласы Қызылорда болып өзгертілді. Сонымен қатар, қырғыз атауы қазақ болып өзгертіліп, халық ерте ғасырдан бергі төл атауын қайтарып алды. Осы кезеңде еліміздің астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгеннен кейін, қалада қарқынды құрылыстар салу жоспарланды. Халық комиссарлар кеңесі жанынан құрылған құрылыс комитеті болашақ астананың жобасын жасауға кірісті. Негізінен екі жоба ұсыныс ретінде қаралды, бірі – Ресейдің ірі қалаларының үлгісіне сәйкестендірілсе, екіншіден – Ташкент, Самарқанд секілді шығыс қалаларының негізінде қарастырылды. Қала құрылысының бас сәулетшісі Мұхамеджан Тынышбаев, құрылыс бюросының бастығы Италия ұлтының өкілі Будасси мен Львовтар уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етті. Құрылыс комитетінің құжаттарына сәйкес екі жылда Қызылорда қаласында 150-ге жуық ғимарат салу жоспарланған. Басты назарда тұрған ғимарат екі қабатты үкімет үйі болды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұрағатында Халық Комиссарлар Кеңесінің іс басқарушысы Ақаевтың 1926 жылы ақпанында Мәскеудегі Архитекторлар қоғамына жолдаған қатынас хатында ғимараттың сметасы шығарылып, төрт жүз мың сом ақша бөлінгені туралы анықтама сақталған. 1925 – 1929 жылдары үкімет үйінде Қазақ АКСР Өлкелік Партия Комитеті, Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі, Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті орналасқан еді. Бұрынғы К.Маркс, №2 көшесіндегі (қазіргі Әйтеке би) аталған ғимарат болатын. Өкінішке орай, алғашқы астана Қызылорда қаласындағы үкімет үйін кейінгі ұрпақ көре алмайды. Бұл біздің тарихи мәдени ескерткіштерге жататын ғимараттарға салғырт қарайтынымызды көрсетеді.
1927-1928 жылдары Қызылорда қаласының дамуына 1 млн 313 мың сом қаржы бөлді. Қаланың бас жоспарына сәйкес бөлінген қаржыға қалалық аурухана, су құбырларын жүргізу, биологиялық станция, 11 мектеп, 13 екі қабатты үй салынуы тиіс болды. Бұл жұмыстарды атқаруға 1200-ге жуық жергілікті жұмысшылар тартылып, олардың 40 проценті арнайы мамандықпен қамтылды. Ғимараттарды салу үшін арнайы күйдірілген кірпіштерге тапсырыстар берілді, себебі мұндай кірпіштер жыл сайын күрделі жөндеуді қажет етпейтін. Күйдірілген кірпіштерді алыстан тасымау үшін қалаға жақын орналасқан Бірқазан станциясында кірпіш зауыты салынды. Құрылыстарға осы зауыттан 8 млн кірпіш тасымалданды. Мұрағат құжаттарынан құрылыс комитетінің өте іскерлікпен айналысқанын көруге болады. Келесі өзекті мәселенің бірі – қала көшелерін аяқсумен қамтамасыз ету болды. Осы күрделі мәселемен айналысу Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Ө.Бекімбетовке міндеттелді. Себебі оның 1921 жылы Шымбай ауданында суландыру жөнінде қызмет атқарған тәжірибесіде мол болатын. Ө.Бекімбетов су тарту құрылысын жүргізу жұмыстарында табысты еңбектер жасады. Осы сала бойынша тиімді зерттеу жұмыстары қарастырылып қала іргесіндегі Бидайкөл, Көксу көлдерінен аяқсу тартылды. Қызылорда қаласы құрылыстарының дамуына арналған бес жылдық жоспар жасалып, оған 8 млн сом ақша жұмсау жоспарланды. Қаржының босатылуына бақылау жасау Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев пен финанс халық комиссары Мырзағалиевке тапсырылды. Қаржы мәселесін ол кезде орталықтан Мәскеуде шешілетінін ескерсек, оны алуда қазақ қайраткерлері қаншама қыруар жұмыс жасағанын білеміз. Сонымен қатар, үкімет тарапынан Қызылорда қаласының құрылысын жасаған мамандарға жеңілдіктер беруілуі де назардан тыс қалмаған. 1927 жылдың мамырында Орталық Атқару Комитетінің мәжілісінде құрылысшы мамандарға мемлекет есебінен демалыс орындарына баруға жолдамалар бөлінген. Олардың балалары да мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктерді пайдаланған.
Тарихтан белгілі сол жылдары елімізді индустрияландыру науқаныда қызу жүріп жатты. Индустрияландыру құрылысы экономикалық дамуы артта қалған шет аймақтарды өнеркәсіп өндірісі дамыған орталық аудандармен теңестіру ұранын көтерді. Осы ұранның астарында Қазақстанда темірдің, көмірдің, түсті металдың, мұнайдың мол қоры бар екенін ескеріп, болашақ республикаға шикізат қорының отанына айналдыру саясаты жатты. Соған қарамастан қол жеткен табыстар да аз болған жоқ. Қызылорда өңірінің өнеркәсіптерін дамытуға жаңа бетбұрыстар жасалды. Арал балық зауытын құру мақсатында Ж.Мыңбаев 524 мың сом қаржы бөлу туралы КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетіне құжат дайындап, Мәскеу тарапынан Пятаков, Сокольниковтармен келісім- шарт жасасқан құжаттар бар. Сонымен бірге, олардан Қазақ балық тресін қаржыландыру үшін 200 мың сомның затын сұраған. Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арналып, қосалқы мұздатқыш ғимараттар орнату қолға алынды. Арал теңізінен ауланған балықтарды вагонмен Ресейдің қалаларына жөнелтіп отырған. КСРО мемлекеттік жоспарлау комитеті секциясында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев пен ресейлік қызметкер Н.Лежовтың осы мәселеге қатысты келісім құжаттары сақталған. Қазақстанда тұңғыш рет Аралсульфат комбинатының құрылысы іске қосылды. Қызылорда қаласында тері өңдеу кәсіпорынның жобасы жасалып, оның құрылысына 200 мың сом күрделі қаржы берілді
Қаланың демографиялық құрылымы өзгеріп, халық саны 9 мыңнан 20 мыңға дейін өсті.
Қызылордада атқарылған жұмыстармен қатар республиканы басқарған қызметкерлердің арасында Ф.Голощекиннің ұсынылған бағытына ашық қарсы болып, өз пікірлерін тайсалмай батыл айтып, ақырында партия ұйымының қолдан жасалған «оңшыл ағымға» жатқызылып, жазықсыз жәбірленген қайраткерлер көп болды. Солардың бірі Жалау Мыңбаев болатын.
Ф.Голощекин Қазақстанға келген алғашқы күннен өзінің қате тұжырымдарын И. Сталинге түсіндіріп, мақұлдатып алды. Ұлттық интелегенция өкілдері Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ы.Мұстамбаев, Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков т.б. Қазақстанда жүргізілген ірі байлардың мал - мүлкін тәркілеу, ұжымдастыру мен индустрияландыру кезіндегі асыра сілтеушіліктерге қарсы тұрды. Сталинге арқа сүйген Ф.Голощекин ұлттық зиялы қауым өкілдерін жаппай қуғындауға кірісті. Түрлі сылтаумен оларды Қазақстаннан өзге аймақтарға жіберуге тырысты, 1926 жылы Сұлтанбек Кожанов қызметтен шеттетілді. 1927 жылы Смағұл Сәдуақасов қызметтен босатылып, Ташкентте жаңадан ашылған Қазақ педагогикалық институттының ректорлық қызметіне жіберілді. Нығмет Нұрмақов 1929 жылы Мәскеуге партиялық оқуға жіберіліп, сонда қызметте қалдырылды. Жалау Мыңбаевтың Гурьев округінің атқару комитетінің төрағасы болып қызметі төмендетілді. Әділдікке келгенде ұлттық қайраткерлердің алдына қойған мақсаттары: ұлттың мүддесін көздеу, еліміздің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету, халықтың сауатын ашып, ұлттың мәртебесін көтеру еді.
ХХ дың 20-30 жылдарындағы саяси аласапыран кезінде қазақ халқының даму ерекшеліктері өзі өмірге әкелген озық-ой пікірлері болған еді. Өкінішке орай, көп ұзамай мұндай алдыңғы қатарлы пікірлердің бәрі қате де қатерлі саясаттың құрбанына айналды. Алаштың алғашқы астанасы Қызылордада өткен тарихи оқиғалар сан алуан. Олардың бәрін жіпке тізіп, санап шығу мүмкін емес, алайда Кеңес дәуіріндегі Қызылорданың кейбір тарихының қалтарысын және одан Ж.Мыңбаевтың қолтаңбасын көріп отырмыз. Сонымен бірге осы аз уақытта еліміз біршама табыстарға жетіп, алғашқы астана кезеңінде Қызылорда қаласы қаншама қазақ зиялыларын тәрбиелеп шығарды.
С.СЕРІКБАЕВ,
«тарих ғылымдарының кандидаты
30 мамыр 2020 ж. 6 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031