СОЛ ЖАҒАЛАУ: АЛҒАШҚЫ НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

– Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріле бастағалы алғаш салынып біткен орталық ғимараты болды. Мемлекеттік комиссия ғимаратты қабылдап алды. Қазақ орталық атқару комитетінің ғимаратының сызбасымен салынған нысан астана болған Ақмешітте халыққа қызмет еткен Жалау Мыңбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Әлихан Бөкейханов секілді Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы еңбегіне құрмет іспетті, – дейді орталық директоры Нұрлыбек Мыңжасов.
«Промстройсервис» ЖШС бас директоры Манарбек Еспембетовтің айтуынша, құрылыс жұмысы төрт айға созылды. Енді тек ішкі шаруасы қалып тұр.
– Кірпішті Ресейдің Белгород қаласынан алып келдік. Бұрын пайдаланылған Николай кірпіші табылмады. Ал есік-терезелері, басқа да жабдықтары осы заманғы дүниелер, – дейді мердігер компания директоры.
Жаңа нысанды аралап көрген аймақ басшысы қалған жұмыстың сапалы атқарылуын тапсырып, сол жағалаудағы құрылыс барысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».