» » «Одер операциясы» немесе ерлік ескерусіз қалмайды

«Одер операциясы» немесе ерлік ескерусіз қалмайды

Бірер айды артқа тастасақ Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толғанын тойлаймыз. Жеңістің жерімізге әсте оңай келмегенін еңкейген кәрі ғана емес еңбектеген балаға дейін ұғынады. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосқан талай жауынгер мерт болды. Кейбірі хабар-ошарсыз кетті. Десе де ел үшін ерлік көрсеткен батырларды іздеу, оларға тағзым ету ешқашан ұмыт қалған жоқ. Естеріңізде болса газетіміздің 29 қазандағы №84 санында «Соғыс ардагері Ернияз Сәтовті білетіндер бар ма екен?» деген тақырыпта мақала жарияладық. Оның жазылу барысы былай еді.

Жұмыс күнінің бірінде редакцияға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкері Еділ Қабақов ағамыз келді. Қолында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің 2019 жылғы 16 қыркүйектегі №0101-19/4431 жедел хатының негізінде жазылған тапсырма қағаз бар. Онда Қызылорда облысынан шыққан 4 азаматтың 1944-1945 жылдары «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, аталған атақ алынбай қалғандығы жөнінде жазылған. Майдангерлердің әрқайсысы туралы мерзімді басылымда очерктер әзірленуі тиіс.
Сол 4 азаматтың бірі – Ернияз Сәтов Жаңақазалы кентінде 1918 жылы дүниеге келген. Қармақшы аудандық әскери комиссариат арқылы майданға аттанып, 1368 атқыштар ротасында бөлімше командирі шенінде соғысқа қатысқан. Еділ ағаның қолыма ұстатқан «Боздақтар» кітабындағы қысқаша өмірбаянында осылай жазылған. Мұрағаттағы «Қара қағазда» 1945 жылдың 29 наурызында Германияда қаза тапқандығы жазылған. Қолдағы бар дерекпен танитындар табылар деп сол шағын мақаланы дайындаған едім.
Көп ұзамай жалағаштық әріптестерден сүйінші хабар жетті. Іле шала «Жалағаш жаршысы» газетінде Азиз Батырбековтың «Жалағаштан шыққан Кеңес Одағының батыры немесе 75 жыл кешіккен атақ» деген тақырыпта зерттеу мақаласы жарық көрді. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген осы болар. Батыр жайлы толық мағлұматқа оқырманды қанықтыру үшін аталған автор мен Ернияз Сәтов туралы көп білетін ардагер журналист Ахат Жанаевтың жазбасынан үзінді келтірдім.
– Журналист болғанның бір пайдасы, адамдардың жоғын тауып беріп, бір-бірімен қауышуына себепші болады екенсің. Соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың туыстарына олар туралы ақпарат алып беріп те талай көмектестім. Ең қызығы, қырық алты жыл бойы шаң басқан архивте сақталып келген награда иесіне оралған, – дейді А.Жанаев. Ол награда иесі мақаланың басты кейіпкері.
Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында егіз қозыдай тел өскен Шернияз және Ернияз Сәтов соғыс басталардан дәл бір жыл бұрын әскерге аттанад¬ы. Үлкені алғашқы шайқаста-ақ хабарсыз кетеді. Ернияз болса, 1945 жылдың сәуір айына дейін үйіндегілерге үзбей хат жазып, амандығын білдіріп тұрған. Кейін архив құжаттарынан оның ұрыс басталған бойда алдыңғы шепте шайқасып, өшпес ерлігі үшін бірнеше әскери наградалармен марапатталғаны белгілі болады. 1945 жылдың көктемін¬де Одер операциясы кезіндегі жанқияр¬лық ерлігі үшін жоғары командование оны «Қызыл ту» орденіне ұсынған екен. Өкінішке орай тағдыр оған бұл награданы иеленуге мұрсат бермей, есіл ер көз жұмған.
Ахат ағамыз 1991 жылы Мәскеу¬ден шығатын «Ветеран» атты бүкіл¬одақтық апталық газеттің бетінен «Наградалар өз иелерін күтеді» деген¬ айдармен кезінде әскери наградаларға ұсынылып, әртүрлі себептермен соларды ала алмаған жауынгерлердің тізімін оқиды. Орта тұсындағы «Ернияз Сәтов, Жалағаш ауданы...» деген сөздер көзіне оттай басылып, әуе тол¬қыны арқыл¬ы туыстарына іздеу салады. Ақыр соңында марқұм майдангер аталас келінінің ағасы боп шығады. Осылайша туған-туыстары бір-бірінен сүйінші сұраған. Мұндай жағ¬дайлар журналистің тәжірибесінде бір емес, бірнеше рет кездескен. Ал «Жалағаш жаршысы» газетіндегі мақалада Азиз Батырбеков Ернияз Сәтовтың ерлігі мен өрлігін әдемі суреттеп, әңгімені әсерлі өрбіткен. Ол батырдың қарындасы Айжан апамызбен сұқбаттасқанын айтады.
– Бұл кісі менің әкемнің туған інісі. Негізі әкеміз атадан үш ағайынды болған. Үш ұлдың үлкені Тәжібай дағы, ортаншысы Шернияз, кішісі Ернияз. Осы Шернияз бен Ернияз ағаларым майданға кетіп, хат-хабарсыз оралмаған. Әкем Тәжібай оқу-ағарту саласында, ұзақ жыл партия қызметінде жемісті еңбек етті.
Елге сыйлы азамат болды, – деп отбасы, майданнан оралмаған ағалары жайлы әңгіме қозғаған апамыздан Ернияз ағасы жайлы мол мағлұмат алуға тырысқан. Бір ғана туысының дерегімен шектелмей «Подвиг народа” және “Память народа” деп аталатын ресейлік сайттардан аталған есім туралы ақпарат алыпты. Бізді де кейіпкер жайлы тың дүниелер қызықтырып, әлгі сайттарға кіргенімізде бұл кісінің тегі Сятов деп көрсетілген. Ол неміс басқыншыларына қарсы ұрыста алдыңғы шепте болыпты. Жау жақтағы пулемет орналасқан үйді анықтап, білдірмей барып, небәрі бірер сағатта екі граната арқылы жарып жіберген. Одан соң ғимаратқа кіріп, автоматпен 14 неміс сарбазы мен бір офицерінің көзін жойған. Осы шайқаста Ернияз ағамыз взвод командирінің міндеттерін атқарып, жауынгер достарын майдан даласына өзі бастап алып кірген. Жау тылында соғыса отырып, 90 неміс сарбазын қоршауға алады. Қан майданда олардың 50-ін тұтқындаған. Осы құнды мәліметтің бәрі аталған сайтта тұр.
Бір өкініштісі әріптесім айтпақшы батырдың түп-әлпетін бедерлейтін тым болмаса бір суретінің жоқтығы.
Ернияз атамыздың қарындасы Айжан Жалағаштың тұрғыны. Жасы жетпістен асқан ардақты ана. Оның айтуынша: Бала күнінде Ернияз ағамыз жездесімен бірге қауын егіпті. Егін басынан өтіп бара жатқан бір кісі ағамыздан қауын сұраса керек. Сол кісіге:
“Еккеніміз түйнек,
Бере алмаймын билеп.
Ал егесін сұрасаң,
Анау тұрған Имек”, – деп жездесін нұсқапты. Бұл кезде Ернияз аға 8-10 жасар болса керек. Айжанның әжесі Үмітай да өлең-сөзге шебер екен. Шернияз бен Ернияздай қос құлынын өмір бойы жоқтап өтіпті. 1977 жылы 90 жасқа келіп қайтыс болған ананың көзі тірісінде айтқан өлеңінің мәтіні мынадай.
– Дарияның солқылдайды баспалдағы,
Аузыма сөз түспейді сассам дағы.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Сендерден бұлт жақын-ау аспандағы.
Аспаннан күн шығады шырайланып,
Қойшылар қойын бағар құрайланып.
Қос қалқам, сендер еске түскен кезде,
Кетеді менің басым шыр айналып.
Мен өзім жағалаймын дария бойын,
Қарайғанға бұзылар менің ойым.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Қай жақтан болсын менің ақыл-ойым.
Дүниенің енді білдім жалғанын-ай,
Қос ботамды көп айтып зарладым-ай.
Бүлінді бұл дүние астаң-кестең,
Қай жерде ұшып кетті жандарың-ай.
Бір түп тал терегіме асыламын,
Шүкір деп таң намазға бас ұрамын.
Күн шығып, торғай даусы шыққан кезде,
Көз жасым кермек татып ашынамын.
Сұм соғыс көп жыл болды біткеніңе,
Қос қалқам қайтпай солай кеткені ме?
Күтуге жетер емес қысқа өмірім,
Тосармын Махшар күннің өткелінде.
Бұл өлеңді Айжан апаның өз аузынан естігенде жалағаштық әріптестер қандай күйде болды екен? Біз тыңдап емес, оқығаннан-ақ сол жылдағы қиын-қыстау кезең бейнебаяндай көрініп, тұла бойымыз шымырлап кетті. Ернияз батырдың анасы соғыста хат-хабарсыз кеткен қос құлынын жоқтап жылап, екі көзден қалған екен. Өмірінің соңғы алты жылын соқыр болып өткізіпті.
Иә, жаужүрек жауынгерге көзі тірісінде «Кеңес Одағының батыры» деген жоғарғы награда бұйырмады. Бұл 75 жыл өткеннен кейін айтылып отыр. Өзі өмірден өткенімен артында іздеушісі бар батырға қанша жыл өтсе де тиісті наградасы берілуі қажет. Сонда ғана ерліктің ескерусіз қалмайтынына күллі қазақ жұрты тағы бір мәрте куә болады. Сол атақ «Сыр еліне келді» деп сүйіншілейтін күнге жеткізсе екен...
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
26 қараша 2019 ж. 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031