» » ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІГІМЕН ҮЛГІЛІ АУЫЛ

ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІГІМЕН ҮЛГІЛІ АУЫЛ

Күнделікті әдетіммен жұмысқа келіп отырған бетім. Жұмыс компьютерімді қосып, енді бірнәрсені шимайламақ едім. Ұжымдас ағайдың есік ашып, «Ақнұр, дайындал кеттік» деген дауысы жарқын шықты. Көп бөгелмедім. Жұмыс дәптерім мен қаламымды сөмкеге сала беріп, соңына ілестім. Біздің жұмыс осы. «Қашан, қайда?» деп мезгіл мен мекен, уақыт пен жер талғамайды. Оған үйреніскелі де қашан.
Жұмыс көлігінің артқы жағына жайғаса кеттік. Көлік тізгіншісінің де өзіне тән стилі бар-ды. «Ал кеттік пе?» деп сұрағын қояды да жүйітки жөнеледі. Трасса бойымен көп жүре қоймадық. Ауылға қарай ті­згінді бұрдық. Алда ұзын сонар жол. Же­тіп болмайсың. Бұл трассаға 24 шақырымда орналасқан Төребай би ауылы еді.
Әр ауылға кіре берісте жазулы тұрған аркасы болады. Ол бұл ауылда да бар. Бір қызығы, ауылға кіреберіс оң жақ қапталда үлкен бейіт бар. Бейітке былтыр мектеп бітіргеніне 25 жыл толған түлектер «Тағзым аялдамасын» орнатқан екен. Енді мұнда ауылға енген әрбір жан кірер алдына осы аялдамада аруақтарға Құран бағыштап, дұға етеді.
Ал кіре беріс сол жақ қапталда алыс жерде мұнара орналасқан. Бәріміз бір-бірімізге қарап, «бұл неғылған мұнара болды екен» деп ойлап келеміз. Ауылға кірген соң тұрғындарынан әлгі мұнараның тарихын сұрармыз деп ары қарай жөнелдік.  Алдымыздан кезіккен бірінші тұрғыннан әлгі мұнараның тарихын да сұрай кеттік:
– Мұнара 18-19 ғасырда қойылған. Жау­гершілік кезеңде түтін түтетіп, жау келе жатқанын білдіріп белгі берген. Мұнарада күн­діз түтін түтетіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі берген, – дейді Руслан есімді ауыл тұрғыны. 
Қазірде әйел заты үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүреді. Сондай жанның бірі – Жосалы ауылдық округінің әкімі Сәрсенкүл Есқалиева. Ол бізді жылы шыраймен қарсы алды. Келген жайымызды баяндаған соң, тиісті адамға жөн сілтеуін өтіндік. Ауыл әкімі елді мекеннің тыныс-тіршілігін өзі таныс­тырып, барлық нысандарды көрсететінін айтты. Біз де көп кідірмедік. Алғашқы бағытымыз ауылдағы жалғыз дүкенге қарай ойысты.
Көлік тізгінінде ауыл әкімі Сәрсенкүл Әлімжанқызы. Ақжарқын жүзді ауыл әкімі бірден әңгімесін бастап кетті.
– Кезінде трактор да айдап едік. Қазір кө­лікті де жүргізе береміз. Бір күн көлік жүргізбесем ауырып қалатын әдетім бар. Бірақ көлік тізгіндегелі жаяу жүруді ұмыттық, – деп әзілдейді. 

АУЫЛДАҒЫ
ЖАЛҒЫЗ ДҮКЕН

Иә, бұл расымен шағын ғана ауыл. Мұнда тек жалғыз дүкен бар. Оған Шынар Ідірісова иелік жасайды. Ауыл адамдары керек-жарағын осы жерден табады.
– Осы дүкен ісімен айналысып жат­қаныма 20 жылдай болып қалыпты. Бастапқыда ауылда 2 дүкен болды. Кейіннен біреуі жабылды. Ал біз күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеміз. Азық-түлікті аудан орталығынан алып келіп сатамыз. Бұрын  ауылға 1 сағатта әзер жететінбіз. Жол да нашар еді. Ал қазір жол жөнделді. Жүйткіп ауданға 20 минутта жете қоямыз. Затты да дер кезінде әкелеміз. Жолды қалыпқа келтіріп, тұрғындарға жағдай жасап, кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік беріп жатқан әкімдікке, басшылыққа үлкен ризашылығымды білдіремін, – дейді кәсіп­кер.
Рас, дүкенде керектің бәрі бар. Ауыл тұрғы­ны қажетті затын дүкеннен таба алады. Оны дүкенге кіргенімізде көзбен көріп байқадық. Енді кәсіпкер дүкенін кеңейту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына құжатын әзірлеп жатыр. Дүкеннің жанынан үлкен етіп киім-кешек, ыдыс-аяқ  сататын сауда орнын ашпақ ниетте.
Дүкен иесімен әңгімелесіп тұрғанымызда қарсы беттегі үйден қаздың дауысы естілді. «Мұнда қаз өсіретін жан тұра ма?» деп бірден сол үйге қарай бет алдық. Ауылда құс шаруашылығымен айналысып отырған жанның бірі – Қолқанат Кәжденбекұлы. Ол биыл 8-сыныпты бітіріп жатыр.

ҚОЛҚАНАТТЫҢ
ҚҰСТАРЫ
Қолқанат есік алдында 5 қаз өсіріп отыр. Сонымен бірге инкубатордан балапан шығарып, оған да күтім жасайды.
– Балапандардың жұмыртқаны жарып шығуы үшін 21 күн уақыт кетеді. Әлі күнге дейін есімде. Ол кезде 3 жастағы баламын. Ата-анам бізге тауық әкеліп берді. Сонда оларға жем шашып, жұмыртқасын жинап алатынбыз. Қарап отырсам, әке-шешеміз бізді сол бала күнімізден өздігінен еңбектенуге үйреткен екен. Қазір еш қиындықсыз кез келген шаруаны істейміз, – дейді ол.
Қолқанаттың қатарластары ойынға, қы­дыруға асықса, ол сабақ біткен бойда үйге асығады. Қызығы, сол құстарды өсіріп, көбейту. Мұнан бөлек азын аулақ қояны да бар.
Рас, «Қолқанат» деп атын да текке қоймапты. Ол үйдегілердің жәрдемшісі, көмекшісі десе де болғандай. Құстарынан бөлек есік алдында көкөністің көшеті де бар. Қарап жату жоқ. Енді сол қызанақтың көшетінегін алқабына орналас­тырып, оны мезгілімен суарып, жеміс бергенше баптап күтеді.
– Әрине, біз ата-анаға қарап бой түзейміз, үлгі аламыз. Олар бізді еңбекке ерте үйретті. Дала жұмысын көзбен көріп жүргеннен болар, үй тірлігінен гөрі қора жұмысына қарай бейімделсем керек, – дейді Қолқанат.
Кіп-кішкентай Қолқанаттың еңбек­қорлығына тәнті болдық. Бала күнгі санасында қалған тәрбиесінің жемісін ол бүгінде ата-анасына көрсетіп жатыр. Оларға көмегін беріп, қолқабыс тигізіп жүргені көңілімізге қуаныш ұялатты.

МЕКТЕП ЖАНЫНДАҒЫ
ЖЫЛЫЖАЙ
Мұнан соң ауылдағы мектепке қарай жөнелдік. Мақсатымыз – мектеп жанындағы жылыжайды көру. №199 мектептің жанында шағын ғана жылыжай бар. Ауыл үшін тың шаруаны қолға алған мектеп директоры Света Жалғасбаевамен тілдескенімізде, бұл бастаманың құп­тарлық іс екенін ұғындық.
Жылыжай салып, одан өнім жинаудың мектеп үшін маңызы зор. Біріншіден, мектеп асханасының ас мәзірі адам денсаулығына пайдалы дәрумені мол көкөніспен толығады. Екіншіден, оқушылардың көкөніс өсіру дағдысы қалыптасып, еңбек етуге үйренеді. Сондай-ақ, мұғалімдерге  де сабақты тәжірибемен ұш­тастырып өткізуге мүмкіндік туып отыр.
– Білім ордамыздың жанындағы жылыжайдан қияр өнімін алып отырмыз. Алғашқы жылы қияр мен қызанақты қатар ектік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Дей тұра әр көкөністі жеке еккен дұрысырақ екен. Қазірде қиярды мектеп бүлдіршіндерінің тамағына қосып береміз. Биыл үшінші жыл өнім алып жатырмыз. Алғашқы өнімді 15 мамырда жинап алдық. Оны мектеп оқушыларының ас мәзіріне қосып береміз. Ал қазір мектепте тынығу лагері болып жатыр. Осындағы балақайлар күнделікті тамаққа дәрумені мол көкөністі қосып жеп жүр, – дейді директор.
Шағын жылыжайда әзірше тек қияр өнімін ғана алып отыр. Алғашқы жылдары қызанақ, қияр, шалғам, аскөк өнімдерін алған. Дегенмен өнімді мол беретін қияр егуді мықтап қолға алса керек.
– Қиярды егуде тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Жылыжайға 2017 жылдың нау­рызында алғашқы дән септік. Мамыр айында жемісін берді. Былтыр қияр мен қызанақ ектік. 15 мамырда қиярларды жинап алдық. Күзде қайта егіп, ол да жемісін берді. Биыл, міне өздеріңіз көріп тұрғандай қияр жақсы өнім беріп отыр. 3-4 күнде  15-20 келі қияр алып отырған жайымыз бар, – дейді мектеп директорының орынбасары Мұрат Есетов. 
Иә, жылыжайдағы көкөністер жақсы өнім беріп отыр. Онда жылына екі рет өнім алынады. Күзге қарай іші салқын болғандықтан арнайы пеш те орнатылған. Жылыжай өнімі бірінші кезекте мектеп асханасына жіберіліп, артылғаны арзан бағамен ауыл дүкенінде сатылады. Әлгіндегі біз барған ауылдағы «Нұржігіт» дүкеніндегі қияр осы жылыжайдікі екен. 

ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІ

Жылыжайдан шығып, мектепке қайта оралдық. Мектепте 84 оқушы бар. Оның 20-сы бүгінде мектеп жанындағы тынығу лагерінде. Жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында оларға түрлі қызықты сабақтар өткізілуде. Бізмектепке кіргенде балақайларға Гүлмира Сатымова ағылшын тілі сабағын өтіп жатыр екен. 
– Оқушылар ағылшын тілі сабағын асыға күтеді. Себебі мұнда интербелсенді тақтаның көмегімен қызықты ойын ойнап ән шырқаймыз. Оқушылар заман талабына сәйкес үштілділікті үйреніп келеді. Олар бүгін дене мүшелері мен жемістердің атын ағылшын тілде айта алады, – дейді ағылшын тілі мұғалімі.
Тынығу лагерінде аулалық клуб, дебат үйірмесі, еңбек бригадасы сынды түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың білімді, белсенді, жан-жақты болуына септігін тигізеді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғыны Темірбек Бұқпанов 4 млн. теңгеге ауыл техникасын алды. Ауыл шаруашылығы бойынша шаруаларға бақшалық жер беріп отыр.
– Қазір ауыл бойынша 30 гектар жерге бақша өнімдерін егуді қолға алып жатырмыз. Онда картоп, асқабақ, қауын, қарбыз секілді көкөністерді ектік. Аяқ су келіп тұр. Қазір суару, арамшөптерді тазалау сынды жұмысты істеп жатырмыз, – дейді Темірбек.

БОЛАШАҚ БАЛАДАН
БАСТАЛАДЫ

Балалардың білімі мен тәрбиесі басты орында. Елді мекендердегі білім беру ошақтары мен балабақшалар заман талабына сай етіп ашылуда. Соның бірі – ауылда былтыр заман талабына сай ашылған «Ақкөгершін» балабақшасы. Шағын ауылда екі қабатты зәулім балабақша алыстан «менмұндалап» тұр.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысын бастаған балабақшаға Сара Жұмабаева басшылық етеді. Балабақша 50 балаға арналған. Бүгінде онда 40 бала тәрбиеленуде. «Балапан» кіші тобында 15 бала, ал «Жұлдыз» ересектер тобында 25 бала білім алып жатыр. Бүгінде мұнда 2 тәрбиеші, 2 тәрбиешінің көмекшісі, әдіскер,  психолог, музыкант, дене шы­нықтыру мұғалімі қызмет атқарады.
– Биыл балабақша алдына жеміс ағаш­тарын отырғыздық. Қазір 300-ге тарта жеміс ағашы өсіп тұр. 15 түрлі гүл де бар. Жемісінбүлдіршіндердің алдағы уақытта ас мәзіріне қосып беретін боламыз. Қазіргі жазғы сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. 14 бүлдіршінімізді мектепке жіберіп, жаңа оқу жылында тағы бала қабылдайтын боламыз, – дейді балабақша меңгерушісі.
Ауылға барсақ шаруа қожалық із­дейміз. Себебі ауыл адамдары шаруасыз болмайды. Ебін тапса бір іспен айналысқанды құп көреді. Жоқ болса қолда барымен еңбек етіп күнелтеді. Ауылда «Әмила» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оған Алтынкүл Айекенова иелік етеді.
– Жалпы шаруа қожалығымызда 50-ге жуық сиыр бар. Оның 12-сін сауып отырмыз. Сүттің литрін 130 теңгеден сатамыз. Ауыл тұрғындары, қала берді аудан орталығындағы базарға апарып өткіземіз, – дейді Алтынкүл.

ТҮЙІН.
Иә, мұнда осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл халқы ауданға, қалаға көшуге асыққан көрінеді. Ал қазір жол жақсарып, тұрмыс түзеліп,  ауылға қайта көшіп келушілердің қарасы күн санап көбейіп келеді. Әрине, бұл ауылдағы тұрмыстың жақсарғаны. Қаймағы бұзылмаған ауыл өмірінен ажырамай кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырғандарға қарап қызығасыз. Бұл біздің кезекті сапарымыздан аңғарғанымыз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 шілде 2019 ж. 1 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031