» » ІЛКІМДІ ТІРЛІГІМЕ ҮЛГІ БОЛА АУЫЛ

ІЛКІМДІ ТІРЛІГІМЕ ҮЛГІ БОЛА АУЫЛ

Күнделікті әдетіммен жұмысқа келіп отырған бетім. Жұмыс компьютерімді қосып енді бірнәрсені шимайламақ едім. Ұжымдас ағайдың есік ашып «Ақнұр, дайындал кеттік» деген дауысы жарқын шықты. Көп бөгелгем жоқ. Жұмыс дәптерім мен қаламымды сөмкеге сала беріп, соңына ілестім. Біздің жұмыс осы. «Қашан, қайда?» деп мезгіл мен мекен, уақыт пен жер талғамайды. Оған үйреніскелі де қашан.
Жұмыс көлігінің арты жағына бірден орналаса кеттік. «Елге шығамыз» деп әріптестер жайғасып алған. Көлік тізгіншісінің де өзіне тән стилі бар-ды. «Ал кеттік пе?» деп сұрағын қояды да жүйітки жөнеледі. Трасса бойымен көп жүре қоймадық. Ауылға қарай тізгінді бұрдық. Алда ұзын сонар жол. Жетіп болмайсың. Бұл трассаға 24 км шақырымда орналасқан Төребай би ауылы еді.
Әр ауылға кіре берісте жазулы тұрған аркасы болады. Ол бұл ауылда да бар. Бір қызығы, ауылға кіреберіс оң жақ қапталда үлкен бейіт бар. Бейітке былтыр мектеп бітіргеніне 25 жыл толған түлектер «Тағзым аялдамасын» орнатқан екен. Енді мұнда ауылға енген әрбір жан кірер алдына осы аялдамада аруақтарға Құран бағыштап, дұға етеді.
Ал кіреберіс сол жақ қапталда алыс жерде мұнара орналасқан. Бәріміз бір-бірімізге қарап, «бұл неғылған мұнара болды екен» деп ойлап келеміз. Ауылға кірген соң тұрғындарынан әлгі мұнараның тарихын сұрармыз деп ары қарай жөнелдік. Алдымыздан кезіккен бірінші тұрғыннан әлгі мұнараның тарихын да сұрай кеттік:
–Мұнара 18-19 ғасырда қойылған. Жаугершілік кезеңде осыған түтін түтетіп оның жақын келе жатқанын білдіріп белгі берген. Мұнарада күндіз түтін түтетіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі беріп отыратын болған, – дейді Руслан есімді ауыл тұрғыны.
Қазірде әйел заты үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүреді. Сондай жанның бірі – Жосалы ауылдық округінің әкімі Сәрсенкүл Есқалиева. Ол бізді жылы шыраймен қарсы алды. Келген жайымызды баяндаған соң, тиісті адамға жөн сілтеуін өтіндік. Ауыл әкімі елді мекеннің тыныс-тіршілігін өзі танысытырып, барлық нысандарды көрсететінін айтты. Біз де көп кідірмедік. Алғашқы бағытымыз ауылдағы жалғыз дүкенге қарай ойысты.
Көлік тізгінінде ауыл әкімі Сәрсенкүл Әлімжанқызы. Ақжарқын жүзді ауыл әкімі бірден әңгімесін бастап кетті.
–Кезінде трактор да айдап едік. Қазір көлікті де жүргізе береміз. Бір күн көлік жүргізбесем ауырып қалатын әдетім де бар. Бірақ көлік тізгіндегелі жаяу жүруді ұмыттық, – деп әзілдейді.
АУЫЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ДҮКЕН
Иә, бұл расымен шағын ғана ауыл. Мұнда тек жалғыз дүкен бар. Оған Шынар Ідірісова иелік жасайды. Ауыл адамдары керек-жарағын осынан табады.
–Осы дүкен ісімен айналысып жатқаныма 20 жылдай болып қалыпты. Бастапқыда ауылда 2 дүкен болды. Кейіннен біреуі жабылды. Ал біз күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеміз. Азық-түлікті аудан орталығынан алып келіп сатамыз. Бұрындары ауылға 1 сағатта әзер жететінбіз. Жол да нашар еді. Ал қазір жол жөнделді. Жүйткіп ауданға 20 минутта жете қоямыз. Затты да дер кезінде әкелеміз. Жолды қалыпқа келтіріп тұрғындарға жағдай жасап, кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік беріп жатқан әкімдікке, басшылыққа үлкен ризашылығымды білдіремін, – дейді кәсіпкер.
Рас, дүкенде керектің бәрі табылады. Ауыл тұрғыны қажетті затын дүкеннен таба алады. Оны дүкенге кіргенімізде көзбен көріп байқадық. Енді кәсіпкер дүкенін кеңейту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына құжатын әзірлеп жатыр. Дүкеннің жанынан үлкен етіп киім-кешек, ыдыс-аяқ сататын сауда орнын ашпақ ниетте.
Дүкен иесімен әңгімелесіп тұрғанымызда қарсы беттегі үйден қаздың дауысы естілді. «Мұнда қаз өсіретін жан тұра ма?» деп бірден сол үйде қарай бет алдық. Ауылда құс шаруашылығымен айналысып отырған жанның бірі – Қолқанат Кәжденбекұлы. Ол биыл 8-сыныпты бітіріп жатыр.
ҚОЛҚАНАТТЫҢ ҚҰСТАРЫ
Қолқанат есік алдында 5 қазды өсіріп отыр. Сонымен бірге инкубатордан балапан шығарып оған да күтіп жасайды.
–Балапандардың жұмыртқаны жарып шығуы үшін 21 күн уақыт кетеді. Әлі күнге дейін есімде. Ол кезде 3 жастағы баламын. Ата-анам бізге тауық әкеліп берді. Сонда оларға жем шашып, жұмыртқасын жинап алатынбыз. Қарап отырсам, әке-шешеміз бізді сол бала күнімізден өздігінен еңбектенуге үйреткен екен. Қазір еш қиындықсыз кез келген шаруаны істейміз, – дейді ол.
Қолқанаттың қатарластары ойынға, қыдыруға асықса, ол сабақ біткен бойда үйге асығады. Қызығы сол құстарды өсіріп, көбейту. Мұнан бөлек азын аулақ қояны да бар.
Рас, «Қолқанат» деп атын да текке қоймапты. Ол үйдегілердің жәрдемшісі, көмекшісі десе де болғандай. Құстарынан бөлек есік алдында көкөністің көшеті де бар. Қарап жату жоқ. Енді сол қызанақтың көшетін егін алқабына орналастырып, оны мезгілімен суарып, жеміс бергенше баптап күтеді.
–Әрине, біз ата-анаға қарап бой түзейміз, үлгі аламыз. Олар бізді еңбекке ерте үйретті. Дала жұмысын көзбен көріп жүргеннен болар, үй тірлігінен гөрі қора жұмысына қарай бейімделсем керек, – дейді Қолқанат.
Кіп-кішкентай Қолқанаттың еңбекқорлығына тәнті болдық. Бала күнгі санасында қалған тәрбиесінің жемісін ол бүгінде ата-анасына көрсетіп жатыр. Оларға көмегін, қолқабыс тигізіп жүргені көңілімізге қуаныш ұялатты.
МЕКТЕП ЖАНЫНДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙ
Мұнан соң ауылдағы мектепке қарай жөнелдік. Мақсатымыз – мектеп жанындағы жылыжайды көру. №199 мектептің жанында шағын ғана жылыжай бар. Ауыл үшін тың шаруаны қолға алған мектеп директоры Света Жалғасбаевамен тілдескенмізде, бұл бастаманың құптарлық іс екенін ұғындық.
Жылыжай салып, одан өнім жинаудың мектептер үшін маңызы зор. Біріншіден, мектеп асханасының ас мәзірі адам денсаулығына пайдалы дәрумені мол көкөніспен толығады. Екіншіден, оқушылардың көкөніс өсіру дағдысы қалыптасып, еңбек етуге үйренеді. Сондай-ақ, мұғалімдерге де сабақты практикамен ұштастырып өткізуге мүмкіндік туып отыр.
–Білім ордамыздың жанындағы жылыжайдан қияр өнімін алып отырмыз. Алғашқы жылы қияр мен қызанақты қатар ектік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Дей тұра әр көкөненісті жеке еккен дұрысырақ екен. Қазірде қиярды мектеп бүлдіршіндерінің тамағына қосып береміз. Биыл үшінші жыл өнім алып жатырмыз. Алғашқы өнімді 15 мамырда жинап алдық. Оны мектеп оқушыларының ас мәзіріне қосып береміз. Ал қазір мектепте тынығу лагері болып жатыр. Осындағы балақайлар күнделікті тамаққа дәрумені мол көкөністі қосып жеп жүр, – дейді директор.
Шағын жылыжайда әзірше тек қияр өнімін ғана алып отыр. Алғашқы жылдары қызанақ, қияр, шалғам, аскөк өнімдерін алған. Дегенмен өнімді мол беретін қияр егуді мықтап қолға алса керек.
–Қиярды егуде тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Жылыжайға 2017 жылдың наурызында алғашқы дән септік. Мамыр айында жемісін берді. Былтыр қияр мен қызанақ ектік. 15 мамырда қиярларды жинап алдық. Күзде қайта егіп, ол да жемісін берді. Биыл, міне өздеріңіз көріп тұрғандай қияр жақсы өнім беріп отыр. 3-4 күнде 15-20 келі қияр алып отырған жайымыз бар, – дейді мектеп директорының орынбасары Мұрат Есетов.
Иә, жылыжайдағы көкөністер жақсы өнім беріп отыр. Онда жылына екі рет өнім алынады. Күзге қарай жылыжай іші салқын болғандықтан ішке арнайы пеш те орнатылған. Жылыжай өнімі бірінші кезекте мектеп асханасына жіберіліп, артылғаны арзан бағамен ауыл дүкеніне сатылады. Әлгіндегі біз барған ауылдағы «Нұржігіт» дүкеніндегі қияр осы жылыжайдыкі екен.

ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІ
Жылыжайдан шығып, мектепке қайта оралдық. Мектепте 84 оқушы бар. Оның 20-сы бүгінде мектеп жанындағы тынығу лагерінде. Жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында оларға түрлі қызықты сабақтар өткізілуде. Біз мектепке кіргенде балақайларға Гүлмира Сатымова ағылшын тілі сабағын өтіп жатыр екен.
–Оқушылар ағылшын тілі сабағын асыға күтеді. Себебі мұнда интербелсенді тақтаның көмегімен қызықты ойын мен ән шырқаймыз. Оқушылар заман талабына сәйкес үштілділікті үйреніп келеді. Олар бүгін дене мүүшелері мен жемістердің атын ағылшын тілде айта алады,– дейді ағылшын тілі мұғалімі.
Тынығу лагерінде аулалық клуб, дебат үйірмесі, еңбек бригадасы сынды түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың білімді, белсенді, жан-жақты болуына септігін тигізеді.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғыны Темірбек Бұқпанов 4 млн. теңге қаржы алып ауыл техникасын алды. Ауыл шаруашылығы бойынша шаруаларға бақшалық жер беріп отыр.
–Қазір ауыл бойынша 30 гектар жерге бақша өнімдерін егуді қолға алып жатырмыз. Онда картоп, асқабақ, қауын, қарбыз секілді көкөністерді ектік. Аяқ су келіп тұр. Қазір суару, арамшөптерді тазалау сынды жұмысты істеп жатырмыз, – дейді Темірбек.

БОЛАШАҚ БАЛАДАН БАСТАЛАДЫ
Балалардың білімі мен тәрбиесі басты орында. Елді мекендердегі білім беру ошақтары мен балабақшалар заман талабына сай етіп ашылуда. Соның бірі – ауылда былтыр заман талабына сай ашылған «Ақкөгершін» балабақшасы. Шағын ауылда екі қабатты зәулім балабақша алыстан «менмұндалап» тұр.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысын бастаған балабақшаға Сара Жұмабаева басшылық етеді. Балабақша 50 балаға арналған. Бүгінде онда 40 бала тәрбиеленуде. «Балапан» кіші тобында 15 бала, ал «Жұлдыз» ересектер тобында 25 бала білім алып жатыр. Бүгінде мұнда 2 тәрбиеші, 2 тәрбиешінің көмекшісі, әдіскер, психолог, музыкант, дене шынықтыру мұғалімі қызмет атқарады.
–Биыл балабақша алдына жеміс ағаштарын отырғыздық. Қазір 300-ге тарта жеміс ағашы өсіп тұр. 15 түрлі гүл де бар. Жемісін бүлдіршіндер алдағы уақытта ас мәзіріне қосып беретін боламыз. Қазіргі жазғы сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. 14 бүлдіршінімізді мектепке жіберіп, жаңа оқу жылында тағы бүлдіршіндер қабылдайтын боламыз, – дейді балабақша меңгерушісі.
Ауылға барсақ шаруа қожалық іздейміз. Себебі, ауыл адамдары шаруасыз болмайды. Ебін тапса бір іспен айналысқанды құп көреді. Жоқ болса қолда барымен еңбек етіп, күнелтеді. Ауылда «Әмила» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оған Алтынкүл Айекенова иелік етеді.
–Жалпы шаруа қожалымызда 50-е жуық сиыр бар. Оның 12-сін сауып отырмыз. Сүттің литрі 130 теңгеден сатамыз. Ауыл тұрғындары, қала берді аудан орталығындағы базарға апарып өткіземіз, – дейді Алтынкүл.
ТҮЙІН.
Иә, мұнда осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл халқы ауданға, қалаға көшуге асыққан көрінеді. Ал қазір жол жақсарып, тұрмыс түзеліп ауылға қайта көшіп келушілердің қарасы күн санап көбейіп келеді. Әрине, бұл ауылдағы тұрмыстың жақсарғаны. Қаймағы бұзылмаған ауыл өмірінен ажырамай кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырғандарға қарап қызығасыз. Бұл біздің кезекті сапарымыздан аңғарғанымыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы»


29 маусым 2019 ж. 816 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031