» » КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ: АЛДЫН АЛУ – САҚТАНУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ: АЛДЫН АЛУ – САҚТАНУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ


Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – кенелер арқылы жұғатын, ауыр ағымды вирустық инфекциялық ауру. Бұл ауру адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді және кейбір жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын, дала жұмыстарын жүргізетін және кенелер кездесетін аумақтарда тұратын адамдар сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет.

Ауру қалай жұғады?

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы негізінен инфекция жұқтырған кененің шағуы арқылы таралады. Сонымен қатар кенені жалаң қолмен жаншу немесе алу кезінде, сондай-ақ ауру малдың қаны мен биологиялық сұйықтықтарымен қорғаныш құралдарынсыз байланыс жасағанда жұғуы мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, жүрек айну және құсу жатады. Ауыр жағдайларда теріде, қызыл иекте және басқа да жерлерде қан кету белгілері байқалуы мүмкін.

Аурудың алдын алу шаралары

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін келесі сақтық шараларын сақтау маңызды:

- Далаға шыққанда ашық түсті, денені толық жабатын киім киіп, ұзын қонышты аяқкиім пайдалану.
- Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, кененің денеге жабысуына жол бермеу.
- Кене көп кездесетін жерлерде абай болу және денені, киімді жүйелі түрде тексеру.
- Кенені жалаң қолмен ұстамау, жаншып тастамау және өз бетінше қауіпті әдістермен алуға тырыспау.
- Мал күтімі кезінде қолғап пен арнайы қорғаныш киімдерін пайдалану.
- Үй жануарлары мен малдарды кенеге қарсы уақтылы өңдеп, қора-жайларды таза ұстау.
- Малдың қаны және биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыстан сақтану.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

Егер денеден кене табылса немесе кене шаққан болса, мүмкіндігінше тез медициналық ұйымға жүгіну қажет. Кенені жалаң қолмен жаншуға немесе оны май, керосин сияқты заттармен өңдеуге болмайды. Кене шаққаннан кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауыруы немесе әлсіздік байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге кене шаққанын міндетті түрде хабарлау керек.

Қорытындылай келе, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – алдын алу шараларын сақтауды талап ететін қауіпті инфекция. Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, кенеден сақтану және ауру белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Есіңізде болсын: сақтық шараларын сақтау – өз денсаулығыңызды және жақындарыңызды қорғаудың ең тиімді жолы!
З.Атабаева,
Қармақшы аудандық санитариялық эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшы м. а. 
23 қазан 2026 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (10549)

24 қазан 2026 ж.

№80 (10548)

20 қазан 2026 ж.

№79 (10547)

16 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 138
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 334

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031