Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы: білуіңіз керек маңызды ақпарат
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – жұқтырудың трансмиссивті механизмі арқылы таралатын, табиғи-ошақтық вирустық инфекция. Бұл ауру адам өміріне қауіп төндіретін аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына жатады және көбіне кенелер арқылы таралады.
КҚГҚ қоздырғышы табиғи жағдайда кенелердің организмінде сақталып, олар арқылы таралады. Кенелер вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпағына бере алады. Олар ірі және ұсақ малдардың, кеміргіштердің, құстардың қанымен қоректену арқылы вирусты айналымда ұстап тұрады. Ауру жағдайлары көбінесе көктем-жаз айларында, яғни мамыр мен тамыз аралығында, кенелердің белсенді кезеңінде тіркеледі.
Қазақстан аумағында бұл аурудың табиғи ошақтары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында кездеседі. Соңғы мәліметтер бойынша, Қызылорда облысында – 8 жағдай, Түркістан облысында – 4 жағдай, ал Шымкент қаласында – 6 жағдай тіркелген. Бұл деректер КҚГҚ-ның еліміздің оңтүстік өңірлерінде өзекті мәселе екенін көрсетеді.
Адам КҚГҚ вирусын көбінесе кенелер мекендейтін аумақтарда болған кезде жұқтырады. Мұндай орындарға жайылымдар, егістіктер, саяжайлар және орман алқаптары жатады. Сонымен қатар, кенелер жұққан жануарларды күту кезінде немесе олардан кенелерді қолмен алып, жаншу кезінде жұқтыру қаупі жоғары. Үй жануарлары, әсіресе иттер, кенелерді тасымалдаушы болуы мүмкін. Кей жағдайларда жабайы жануарлар, мысалы, кірпілер де инфекция көзі бола алады.
Аурудың инкубациялық кезеңі 1 күннен 14 күнге дейін созылады, көбінесе 4–6 күн аралығында байқалады. Алғашқы белгілері көптеген вирустық инфекцияларға ұқсас: дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауруы, жалпы әлсіздік. Аурудың ерекшелігі – қызбаның екі толқынды өтуі. Бірінші кезеңде температура жоғарылайды, кейін уақытша төмендеп, адам өзін жақсы сезінуі мүмкін. Алайда кейіннен геморрагиялық синдром дамып, қан кету белгілері пайда болады. Бұл кезең өте қауіпті, себебі ішкі және сыртқы қан кетулер өмірге қауіп төндіреді.
КҚГҚ адамнан адамға да жұғуы мүмкін. Бұл көбінесе науқастың қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс кезінде орын алады. Медициналық мекемелерде инфекция құрал-жабдықтарды дұрыс залалсыздандырмау немесе қауіпсіздік талаптарын сақтамау нәтижесінде таралуы мүмкін. Сондықтан медицина қызметкерлері үшін инфекциялық бақылау шараларын сақтау аса маңызды.
Жануарлар мен кенелер арасында бұл аурумен күресу күрделі. Себебі «кене–жануар–кене» циклі табиғи түрде жүреді және жануарларда ауру белгілері байқалмауы мүмкін. Сондықтан негізгі күрес әдісі – кенелерге қарсы акарицидтік өңдеу жүргізу болып табылады.
Жеке қауіпсіздік шаралары КҚГҚ-ның алдын алуда шешуші рөл атқарады. Табиғатқа шыққанда жабық, қорғаныш киімдерін киіп, денені жиі тексеріп отыру қажет. Киімді кенеге қарсы арнайы құралдармен өңдеу ұсынылады. Жануарлардан кенелерді жалаң қолмен алуға болмайды. Егер жануарда кене анықталса, ветеринариялық мамандарға жүгіну қажет. Сонымен қатар, мал сою кезінде міндетті түрде қорғаныш құралдарын пайдалану керек.
Медицина ұйымдарында инфекцияның алдын алу үшін стандартты қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Оларға қол гигиенасы, жеке қорғаныс құралдарын қолдану және қауіпсіз медициналық процедуралар жүргізу жатады.
Қорытындылай келе, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – алдын алуға болатын, бірақ асқынған жағдайда ауыр салдарға әкелетін қауіпті инфекция. Сондықтан әрбір азамат қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
С.Саймбетова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы















