КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫНАН САҚТАНАЙЫҚ!
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – табиғи ошақты, аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Аурудың негізгі тасымалдаушылары – иксодты кенелер. Инфекция адам ағзасына вирус жұқтырған кененің шағуы арқылы, сондай-ақ ауру малдың қанымен және тіндерімен тікелей байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Аталған аурудың ауыр асқынуларға әкелу қаупі жоғары болғандықтан, оның алдын алу және алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау ерекше маңызға ие.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы көбінесе көктем-жаз айларында, кенелердің белсенділігі артқан кезеңде тіркеледі. Ауруды жұқтыру қаупі мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, мал дәрігерлері және табиғат аясында жиі болатын адамдар арасында жоғары. Сонымен қатар мал сою, жүн қырқу және мал күтімі кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдаланбау инфекция жұқтыру қаупін арттырады.
Аурудың жасырын кезеңі кененің шағуынан кейін көбіне 1–3 күнді құрайды, кейде 9 күнге дейін созылуы мүмкін. Ал инфекция жұқтырған малдың қанымен немесе тіндерімен байланысқан жағдайда жасырын кезең 13 күнге дейін созылуы ықтимал.
Ауру кенеттен басталып, дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардың сырқырауы, әлсіздік, жүрек айну және құсу сияқты белгілермен сипатталады. Ауыр жағдайларда теріде қанталаулар пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен және басқа да ағзалардан қан кетуі мүмкін. Мұндай белгілер байқалған жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін кенелерден қорғану шараларын қатаң сақтау қажет. Табиғат аясына, егістікке немесе мал жайылымына шыққанда денені толық жабатын ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салған жөн. Киімге және терінің ашық бөліктеріне қолдануға рұқсат етілген кенеге қарсы репелленттерді пайдалану ұсынылады.
Табиғаттан оралғаннан кейін денені және киімді мұқият қарап, кененің бар-жоғын тексеру маңызды. Әсіресе құлақтың арты, қолтық асты, мойын, шап аймағы және тізенің бүгілісіне ерекше назар аудару қажет.
Денеге жабысқан кенені байқаған жағдайда оны мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз алып тастау керек. Кенені жалаң қолмен жаншуға, үстіне май немесе басқа да сұйықтық құюға, отпен күйдіруге болмайды. Кенені теріге жақын жерінен жіңішке ұшты пинцетпен ұстап, бірқалыпты жоғары тарту арқылы алуға болады. Кене алынғаннан кейін шаққан орынды антисептикпен өңдеп, қолды сабынмен жуу қажет. Медициналық ұйымға жүгініп, кененің шаққанын міндетті түрде хабарлаған жөн.
Всемирная организация здравоохранения
Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар мал қораларын тазалау, малды күтіп-бағу және мал сою кезінде арнайы жұмыс киімін, қолғап және басқа да жеке қорғаныш құралдарын пайдалануы тиіс. Үй жануарларын кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын ветеринариялық мамандардың ұсынымдарына сәйкес уақытылы жүргізу маңызды.
Кене шаққаннан кейін немесе малдың қанымен байланыста болған соң дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы және басқа да күмәнді белгілер пайда болса, өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Дереу медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерге кененің шаққаны немесе малмен байланыста болғаны туралы толық ақпарат беру қажет. Ауруды ерте анықтау және уақытылы медициналық көмек көрсету ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Құрметті аудан тұрғындары! Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу – әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады. Кенелерден қорғану, жеке бас гигиенасын сақтау, мал қоралары мен аулалардың санитариялық жағдайына көңіл бөлу және медициналық көмекке дер кезінде жүгіну арқылы қауіпті инфекцияның таралу қаупін төмендетуге болады.
Есіңізде болсын, кенеден қорғану – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудың маңызды жолы!
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
















