ХИМИЯЛЫҚ УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Химиялық улану – адам ағзасына улы химиялық заттардың түсуі салдарынан туындайтын, денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін қауіпті жағдай. Мұндай улану тұрмыстық химия өнімдерін, дәрілік заттарды, пестицидтерді дұрыс пайдаланбау, сондай-ақ химиялық заттарды сақтау және қолдану талаптарын бұзу салдарынан орын алуы мүмкін. Сондықтан химиялық уланудың алдын алу – әрбір азаматтың денсаулығын қорғаудағы маңызды міндеттердің бірі.
Химиялық заттар адам ағзасына тыныс алу жолдары, асқорыту жүйесі немесе тері арқылы түсуі мүмкін. Уланудың белгілері заттың түріне, мөлшеріне және ағзаға түсу жолына байланысты әртүрлі болады. Жиі кездесетін белгілерге бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, құсу, әлсіздік, тыныс алудың қиындауы, көздің ашуы және терінің тітіркенуі жатады. Ауыр жағдайларда адамның есінен тануы немесе өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Химиялық уланудың алдын алу үшін қандай талаптарды сақтау қажет?
Ең алдымен, тұрмыстық химия өнімдерін, тазартқыш құралдарды, бояуларды, еріткіштерді және басқа да химиялық заттарды қолдану кезінде олардың жапсырмасында көрсетілген нұсқаулықтарды қатаң сақтау қажет. Қауіпсіздік талаптарымен таныспай тұрып, белгісіз химиялық заттарды пайдалануға болмайды.
Химиялық өнімдерді тағамдық өнімдерден бөлек, балалардың қолы жетпейтін жерде, түпнұсқалық қаптамасында сақтау маңызды. Оларды сусын немесе тағам сақтауға арналған бөтелкелерге құюға жол берілмейді. Себебі мұндай жағдайлар заттарды шатастырып, кездейсоқ улануға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар әртүрлі тазартқыш құралдарды өзара араластыруға болмайды. Кейбір химиялық өнімдер араласқан кезде улы газдар бөлініп, тыныс алу жолдарына қауіпті әсер етуі ықтимал. Химиялық заттарды пайдаланғанда бөлменің желдетілуін қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда қолғап, қорғаныш көзілдірігі және басқа да жеке қорғаныш құралдарын қолдану керек.
Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын пестицидтер мен басқа да химиялық препараттарды қолдану кезінде белгіленген мөлшер мен қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Оларды арнайы бөлінген орында сақтау, жұмыс кезінде қорғаныш құралдарын пайдалану және өңдеу жүргізілген аумаққа қатысты шектеулерді орындау маңызды.
Улану белгілері байқалған жағдайда не істеу керек?
Егер адам химиялық заттан уланды деген күдік туындаса, ең алдымен оның қауіпті затпен байланысын тоқтату қажет. Бұл ретте өз қауіпсіздігіңізді де ескерген жөн. Улы газ немесе бу таралған бөлмеге тиісті қорғаныш құралдарынсыз қайта кіруге болмайды.
Зардап шеккен адамды қауіпсіз жерге шығарып, дереу 103 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет. Егер химиялық зат теріге немесе көзге тисе, жедел медициналық көмек диспетчерінің нұсқауын орындау керек. Заттың қаптамасын немесе атауы туралы ақпаратты медицина қызметкерлеріне көрсету пайдалы.
Маманның нұсқауынсыз құстыруға, өз бетінше дәрі беруге немесе химиялық затты бейтараптандыру мақсатында басқа заттарды қолдануға болмайды. Мұндай әрекеттер жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Қорытындылай келе, химиялық уланудың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау, химиялық өнімдерді дұрыс пайдалану және оларды балалардан алыс жерде сақтау қажет. Қауіпті жағдай туындаған кезде уақытылы әрекет ету де адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Есіңізде болсын: химиялық заттармен жұмыс істеу кезіндегі сақтық – өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігінің кепілі.
З.Атабаева,
Қармақшы аудандық санитариялық эпидемиологиялық
басқармасы басшысының міндетін атқарушы
















